«ӘЗІРГЕ ЖЫЛУ МЕН ЫСТЫҚ СУДЫҢ БАҒАСЫ КӨТЕРІЛМЕЙДІ»

2138Қыстың көзі қырауда, қыс жақындағанда қыза бастайтын әңгіменің бірі – жылу мәселесі екені бәрімізге белгілі. Бұл ретте «Алматы ақшамы» газетінің редакциясына «қаланың қысқы жылу маусымына дайындығы қандай?», «Жылыту қазандықтары мен жылыту құбырларының жай-күйі қай деңгейде?», «Ертең қылышын сүйретіп қыс келіп, қаһарына мінгенде, қысылып қалмаймыз ба?» деген сұрақтармен оқырман қауым жиі хабарласады. Сонымен қатар, ыстық су мен жылуға айлап-жылдап ақы төлемеген азаматтар бар. Қарызға белшесінен батқан азаматтармен тиісті мекеме өкілдері қандай күрес жүргізуде?

Бұрнағы күні «Алматы жылу жүйелері» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Арсен Қалибекұлы ХАСЕНОВ қала тұрғындарының сұрақтарына жауап берді.

 

«ТҮБІРТЕКТЕГІ МӘЛІМЕТПЕН КЕЛІСПЕГЕН ТҰРҒЫНДАР БІЗДІҢ МЕКЕМЕГЕ ХАБАРЛАССЫН»

 – Сәлеметсіздер. Әйтеке би, 53 мекен-жайынан хабарласып тұрмын. Өткен жылы біздің көпқабатты үйіміздің жылу жүйесіне жалпыүйлік есептеу құралы орнатылды. Басында бұл құрылғылар тегін орнатылады делінген. Шамамен тамыз айынан бастап коммуналдық түбіртектерде есеп құралын орнату және алу ақысы деген жол пайда болды. Бұл неге байланысты? Рахмет.

– Сұрағыңызға рахмет. Жалпы, бүгінде әрбір көпқабатты тұрғын үйде жалпы үйлік жылу есептеу құрал­дарының болуы міндетті екені ҚР заңнамаларында көрсетілген. Жылу есептеу құралы қаржылық лизинг бойынша орнатылса, ақысы «ТКШ дамыту қоры» ЖШС есебінен төленіп, жылумен жабдықтау ұйымдары арқылы қайтарылмақ. Мұндағы орнатылған жылу есептеу құралдарының құны тұрғындардың коммуналдық қызмет ақысын төлеу есепшотына 3 жылға бөлінбек. Айта кету керек, ортақ жылу есептеу құралын орнату тұрғындардың келісімімен жүзеге асады. Ал, құрал-жабдықты сатып алу, орнату құнын өтеу және басқа да шығындар толығымен тұрғындарға жүктеледі.

Жалпы, бір үйдегі барлық пәтерге ортақ жылу энергиясын есептеу құралын пайдалану өте тиімді. Тек қана жеке пәтерге емес, тұтас үйге немесе ортақ нысанға есептеу құралдарын орнату – тұтынушылардың міндеті. Бұл заң жүзінде қарастырылған. Сондықтан, осыны халықтың түсінгені жөн. Жалпы, қала бойынша ауыз су мен электр энергиясын есептеу құралдарын орнату барысы жақсы. Ал, жылу энергиясының есептеу құралдарын орнату өте сылбыр жүруде. Әзірге оның көрсеткіші 35-40 пайыздан аспай тұр. Рас, ол біраз қаржы жұмсауды қажет етеді. Әйтсе де, осындай жабдықпен жарақтандырылған тұтынушы төлемақысын нақты қызметке ғана төлеп, артық шығынға бармайды. Сонымен қатар есептеу аспаптары тек пайдаланған қызметтің нақты көлемін көрсететінін ескеру қажет, ал шығындардың төмендеуі тұтынушылардың өзіне тікелей байланысты.

2139Қорытындылай келе айтарым, тұтынушыларға жалпыүйлік жылу есептеу құралдарын орнату мемле­кетке, кәсіпорындарға және ең бастысы, тұтынушыларға қажетті шара болып табылады.

– Қайырлы күн. Бізге келетін ком­муналдық түбір­тектердегі ыстық судың көрсеткіші бір бөлек, ал үйіміздегі есептеу құралдарында мүлдем басқа сандар көрсетілген. Мұндай айыр­ма­шылықтар қайдан болады?

Алмалы ауданының тұрғыны, зейнеткер.

– Сұрағыңыз орынды. Түбіртектегі ыстық судың көрсеткіші мен тұрғындардың үйлеріндегі есептеу құралындағы мәліметтердің сәйкес келмеуі – жиі кезде­сетін мәселенің бірі. Соның салдарынан тұрғындардың түбіртектерінде қарыздар мен артық төлемдер пайда болады. Енді бұл мәселенің мән-жайын түсіндіріп кетейін.

Тек қана жеке пәтеріне емес, тұтас үйге немесе ортақ нысанға есептеу құралдарын орнатқан тұтынушылар төлемақысын нақты қызметке ғана төлеп отыр. Оларда артық шығын жоқ. Бұл ретте бақылаушылар мұндай үйлердегі ыстың судың бір текше метрінің көрсеткішін жалпыүйлік есептегіш құралдарындағы мәліметтен алады. Ал, тұрғындардың пәтерінде орналасқан ыстық су есептеуіш құралдарындағы мәліметті алу – бақылаушылар үшін қиямет-қайым деуге әбден болады. Өйткені, бақылаушылар кез келген қызметкер секілді жұмыс күндері және күндізгі уақытта жұмыс істейді. Ал, бұл уақытта тұрғындарды үйлерінен ұстау мүмкін емес. Десек те, үйлерінде бола тұра есіктерін ашпайтын тұрғындар бар. Сондықтан тұрғынның тұтынған ыстық суының көрсеткіші алынбаған соң, өткен айдағы есептік көрсеткіш қайта жазылады. Кейде бақылаушылар айлап есігін ашпаған үйдің ыстық су есептегіш құралындағы көрсеткішті жазып алуға мүмкіндіктері туады. Сол кезде қайта есептеу жүргізіледі.

Тұрғындар өздеріне қолайлы уақытта үйіндегі есептеуіш құралындағы көрсеткіштерді жазып алып, сол бойынша төлей береді. Бұл ретте олар түбіртектің төменгі жағындағы есептік кезеңге назар аудармайды. ЖҮЕҚ жабдықталған үйлерде бұған жол берілмейді. Өйткені, есептеу қызмет ұсыну фактісі бойынша жасалады. Басқаша айтсақ, егер түбіртек мамыр айы үшін келсе, онда әдетте есептеу сәуір айы үшін жасалғанын ескерте кету керек. Және мұнда тек сәуірдің есептік көрсеткіштері ескерілген. Ал, тұрғындар әдет бойынша түбіртекті ала отырып, маусымның есептік кезеңіне кіруі тиіс ағымдық көрсеткіштерді жазып алады.

Сондықтан мұндай түсінбеушіліктердің болмауы үшін әркім өз үйіндегі есептеуіш құралындағы көрсеткішті тиісті мекемеге дер кезінде хабарлауы тиіс. Мәселен, әркім өз көрсеткіштерін «Алсеко» АҚ-дағы жеке кабинет арқылы біздің мекеменің поштасына салып жіберулеріне болады. Сонымен қатар, біздің мекемеге телефон арқылы хабарласып немесе СМС хабарлама жіберуге мүмкіндіктер жасалған. Және әркім өз үйінің бақылаушысы жөніндегі мәліметті де (телефоны) біздің қызметкерлерден ала алады.

Шешілмейтін мәселе жоқ, егер тұрғындар түбіртекте көрсетілген есептік көрсеткіштерімен келіспесе, энергиямен қамтамасыз етуші ұйымға хабарласқандары жөн. Мұны мекемеміздің «www.alts.kz» сайты арқылы шешуге болады.

– Жылу жүйесіне жалпыүйлік есептегіш құралдарын орнату кімнің есебінен жүргізіледі? Мұндай құрал біздің үйде әлі орнатылмаған.

Жақсылық ӨМІРБЕКОВ,

Тимирязев көшесі, 57-үйдің тұрғыны.

– Жасыратыны жоқ, жыл санап коммуналдық қызмет құны көтеріліп келеді. Әрине, жұртшылық қымбатшы­лықты құптай қоймайды. Осы орайда үнемділік мәселесі алға шығады. Демек, энергияны үнемдеу және пайдалану тиімділігін арттыру керек. Бұл ретте еліміздегі бүгінгі күннің негізі талабы – әркім өзі күнделікті тұтынып жүрген ауыз суды, электр және жылу энергиялары мен табиғи газды барынша үнемді пайдаланғаны абзал. Энергияны үнемдеу үшін оған бақылау жүргізу керек. Ал бақылауды ортақ есептеу құралдарынсыз жүргізу мүмкін емес. Жалпы, бүгінде әрбір көпқабатты тұрғын үйде үйлік жылу есептеу құралдарының болуы міндетті екені ҚР заңнамаларында көрсетілген. Дәлірек айтқанда, «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» заңда жазылған. Ал, өзіңіз білесіз, заң орындалу керек.

Бастапқыда жалпыүйлік есептегіш құралдар (ЖҮЕҚ) Табиғи монополия субъектілері делініп, бұл құрылғыларды «Алматы жылу жүйесі» ЖШС («АлЖЖ») есебінен орнатуды ұсынды. Алайда, бұл мәселені жүзеге асыру мүмкін емес. Өйткені, біздің кәсіпорындардың қаражаты шектеулі. Бұл мақсатта қаржыландыру көздері жоқ. «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» заңына сәйкес, құрал-жабдықты сатып алу, орнату құнын өтеу және басқа да шығындар толығымен тұрғындарға жүктеледі.

ЖҮЕҚ бағаларын әрбір тұтынушының қалтасы көтермейді. Кезінде Елбасының жылу қуаты есебі құралдарын тұрғын үй қорында орнату туралы тапсыр­масын орындаған Аймақтық даму министрлігі «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту қоры» АҚ арқылы қаржылық лизингті 3 жыл мерзімге ұсынды.

Жылу энергиясын есептеу құралы көппәтерлі үйдің ортақ меншігіне жатады. Олай болса, жарақтандыру, мамандандырылған ұйымды таңдау, қаржыландыру тәртібі туралы мәселелерді де меншік иелері өздері жалпы жиналыста шешулері керек. Ал, құрал-жабдықты сатып алу мен орнатып, құнын өтеу – тұрғындардарға жүктелетін міндет. Жалпыүйлік есептету құралын алу және орнату құны шамамен 695 мың теңгенің көлемінде болмақ. Келісім берген тұрғындар пәтер иелер кооперативі арқылы жылу беруші ұйыммен келісім-шарт жасасады. Өз кезегінде жылу беруші ұйым есептеу құралын алуға және орнатуға міндетті. Ал, тұрғындар бұл қызмет үшін белгіленген уақыт аралығында төлемақы жасайтын болады.

Жалпыүйлік есептеу құралдары тұрғын үйдің жертөлесіне орнатылады. Қондырғының көмегімен тұрғын үйдің қанша жылу жоғалтқанын білуге және тұрғын үйдің жылу жүйесіндегі кемшілігін анықтауға болады екен. Тұрғын үйге ортақ жылу энергиясын есептейтін жалпы­үйлік есептегіш орнату арқылы жылуды үнемді пайда­ланып, ұқыпты жұмсап, ол үшін төлемді де соншалықты аз төлеуге болады.

ЖҮЕҚ-ны орнатудың тағы бір жолы, тұтынушы біздің қызметімізге жүгінбей, құрал типін таңдап алып, өзі орната алады. Бұл да заңда көрсетілген. Тек ескеру керек, есеп құралының типі өлшем құралының мемлекеттік тізіліміне кіруі тиіс. Тұтынушы бұл жағдайда ЖҮЕҚ жұмыстық жай-күйін қамтамасыз етумен шұғылданып, сәйкестікті растауды тиісті қызмет арқылы атқарады. Айта кету керек, бұл құрылғылардың бағасы қымбат. Сондықтан құрылғылар тек құрғақ үйасты, бүргесіз жертөлелерде ғана орнатылады. Бұдан бөлек электр сымы керек, өйткені, «ЖҮЕҚ» энергияға тәуелсіз.

Сонымен қатар, толық мәліметті 341-07-77 (ішкі 2151) телефоны арқылы алуға болады.

 

«ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫНДА ҮЗДІКСІЗ ӘРІ ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ ТОЛЫҚ ДАЙЫНБЫЗ»

– Қайырлы күн. Биыл қаладағы жылу жүйе­лерінде ауқымды жұмыстар жүр­гізілді. Соған қарағанда шаһардағы жылу орталықтары қыстың қаһарына тас-түйін дайын шығар. Айтыңыздаршы, жылу жүйелерін қайта жөндеуден өткізу кімнің есебінен жүргізіледі?

 «Тастақ» ықшамауданының тұрғыны.

– Қыс жылы болады деп қамсыз қалғаннан, ауыр қысты күтіп, жеңіл шыққан әлдеқайда пайдалы да жағымды екені анық. Міне, күздің жауынды-шашынды күндері басталды. Ал, содан соң қылышын сүйретіп, кәрі құда – қыс та келіп қалады. Жалпы алғанда, біздің мекеме жылу беру маусымында үздіксіз әрі тұрақты жұмыс істеуге толық дайын.

Ал, енді сұрағыңызға келетін болсақ, Алматы қаласы жылу жүйелеріндегі жөндеу жұмыстары республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінетін қаржы есебінен және «Алматы жылу жүйесі» ЖШС-нің өз қаржысы есебінен жүргізіледі. Мегаполисте төрт жылдың ішінде 75,4 шақырым магистральды және таратушы жылу жүйелері қайта құрылды. Айта кету керек, бұл шығыстар тұтынушылардың тарифіне кіргізілмейді.

Бүгінгі таңда Алматы қаласындағы жылу жүйелерінің тозуы 63 пайызды құрап отыр.

– Сәлеметсіздер ме. Естуімше, жылыту мен ыстық судың бағасы қымбаттайды. Бұл рас па?

Қала тұрғыны.

– Жылу мен ыстық судың бағасы жуырда көтеріл­мейді. Алайда, өмір өз әмірін жүргізеді, оны ескермеуге болмайды. Тарифтің қалыптасуына көптеген факторлар әсер етеді. Жылу қуатын өндіру және тарату үшін су, газ, бұдан бөлек қазандықтарға, сорғы стансаларына және жылу кешенінің басқа да нысандарына арналған электр энергиясы қажет. Ал, біз оларды басқа өндірушілерден аламыз. Біз жылу өндіру құнын ұлғайтпаймыз. Дегенмен, электр энергиясы немесе газдың бағасы өссе, ертелі-кеш біздің де бағамыз көтеріледі.

– Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына қандай жеңілдіктер бар?

Күлзипа апа, Жетісу ауданының тұрғыны.

– Алматы қаласында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері және тәртібі туралы» ережелерге сәйкес, тұрғын үй иесі болып табылатын, бірақ, әлеуметтік жағынан аз қамтылған деп табылған азаматтарға тұрғын үй-коммуналдық қызметке ақы төлеуде аз-кем көмек көрсетіледі. Бірақ, коммуналдық қызметті тұтыну нормативтері мен тұрғын үй алаңы әлеуметтік нормасы шегінде, коммуналдық қызмет тұтыну және тұрғын үйді ұстауға ақы төлеу шығыстары отбасының жалпы жиынтық кірісінің 10 пайызынан асқан жағдайда ғана көрсетіледі.

– Сәлеметсіздер. Менің жылуға төлен­беген қарыз­дарым бар. Әзірге жұмыс­сызбын. Маған не істеуге болады?

Бостандық ауданының тұрғыны.

– Сұрағыңызға рахмет. Егер қарызыңызды бірден жауып тастауға мүмкіндігіңіз болмаса, біздің мекемеге келіп, қарызды бөліп төлеу туралы рұқсат сұрап, хат жазуыңыз керек.

Бүгінде қызметке төлем жасамайтындардың ішінде көпқабатты үйлер мен жеке үйлердің тұрғындарынан бөлек, бірқатар заңды мекемелер де бар. Осы орайда «Алматы жылу жүйелері» мекемесінің өкілдері кәсіпорындардың алдындағы қарыздарын қайтарып алу үшін барлық заңды әдістерді жүзеге асырып жүр. Оның ішінде, борышкерге хат жіберу, телефон арқылы хабарлама жасау, тіпті, сот арқылы да талап етілетін жағдайлар аз кездеспейді. Бірақ, тұтынушыларды тәртіпке «бағындыру» оңай жұмыс емес. Мекемеде құрыл­ған комму­налдық бригада бар. Олар алдын-ала ескертуге құлақ аспай, ыстық су мен жылу беру жүйесіне ақша төлемеген­дермен күрес жүргіз­еді. Яғни, тұрғын үй кешенінің борыш­керлерін ыстық су мен жылудан ажыратады. Жалпы, «Алматы жылу жүйелері» мекемесіне қарыз жандардың саны 70 мыңнан асады. Десек те, уақ­тылы төлем жасаудан жалтар­ғандар ақыры бәленбай есе айыппұл төлеп жатады. Оның үстіне ыстық су жүйесіне қайта қосылу үшін борышкер өзінің қарызын толығымен өтеу керек. Және жүйеге қайта қосылу үшін тағы төлейді. Борыш­кер­лермен күрестің тағы бір жолы – олардың мүлкіне тыйым са­лынады және шет елге сапарға шығуына шектеу қойылады.

 Тікелей желіні жүргізген – Мәншүк БЕКБОСЫН.

КЕРЕК ДЕРЕК

* Алматы қаласы бойынша ортақ жылу есептеу құрылғыларымен 1804 үй жабдықталған.
* Алматы қаласы бойынша жылу жүйелерiнiң ұзындыѕы – 1134,7 шақырымға жетедi.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *