ӨЗІНЕН БҰРЫН ӨЗГЕНІҢ ҚАМЫН ОЙЛАҒАН

ӨМІР-Өнеге

 

Жетпіс жас, Аз ба, көп пе?

Қазір Қазақстан статистикасы  бойынша өмір сүру жасының ұзақтығы ерлер үшін 73, әйелдер үшін 81 деп айтылып жүр. Бұл елімізде адамға жасалып жатқан әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың жақсарғандығының белгісі. Мәселе өмірдің ұзақтығында ғана ма, сол саналы ғұмырында адам ел игілігі үшін, мемлекет дәулетінің артуы мақсатында қандай келелі істер атқарды, нендей өрелі іске мұрындық болды, ғұмырдың мән-мазмұны осында емес пе? «Санаулы күн, санаулы ай, санаулы жыл,

Санауменен ағарды-ау самайлар кіл.

Уақытты не пайда санағаннан,

Алатұғын өмірден бағаңды біл…», – деп жырлағанда ойшыл ақын Мұқағали да осыны айтып отырғ,ан жоқ па?

Қиындығы да, қызығы да мол өмір соқпағынан өтіп, жетпістің желкенін керіп отырған азамат Есіркеп Шәдібекұлының өмірбаяны байыппен үңілген адамға көп жәйттен хабар бергендей.

Азамат деген сөзді бекер қолданып отырғанымыз жоқ. Халқымыздың арғы-бергі тарихына көз жүгіртсек, бұл атауды кім болса соған қолдана бермеген. Өзі  тұрған мекеннің, өмір сүрген қоғамның кемелдігіне көп үлесін қосқан, еңбегімен өзгелерге үлгі болған ерен жанды ғана азамат деп танып, орынды бағалаған. Қазір азамат деген сөз ол қасиетінен айырылып бара жатыр… Ол әрине, басқа бір әңгіменің желісі. Сонымен тақырыбымызға қайта оралсақ, Есіркеп Шәдібекұлын шын мәнінде азамат деп атауға толық негіз бар. Оның ұзақ жылғы еңбек жолын тізбелеп жатпай, адам бойында тым жиі ұшыраса бермейтін кейбір қасиеттеріне тоқталғым келіп отыр.

 

«Дүниеде екі ақиқат бар:

біреуі – діни, екіншісі – ғылыми»

 

Кеңес дәуірінде бірыңғай саяси күн деген саяси шара болатын. Аптаның белгі­ленген бір күнінде өтіп тұратын. Оны саяси сабақ деп те атайтын.

 

Есіркеп Шәдібекұлы «Еңбекші» кеңша­рында партком хатшысы болып жүргенде осындағы бір саяси сабаққа Қазақстан компартиясы орталық комитетінің сектор меңгерушісі Ж. Беспаев қатысады. Жанын­да аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы бар. Күн тәртібінде – тұрғын­дарға атеистік тәрбие беру мәселесі. Қанға сіңген ұқыптылығына басып, оның үстіне жоғарыдан лауазымды кісілер келетін болғандықтан, баяндамаға әбден дайында­лады. Ауылдың Мәдениет үйіне халық көп жиналыпты. Партком хатшысы залды ризашылық кейіппен бір шолып өтеді де, бір жөткірініп алып баяндамаға кіріседі. Сол кездегі тәртіппен «Жолдастарө» дей бергенде Орталық комитеттен келген мәртебелі қонақ оның сөзін бөліп:

– Жолдас партком хатшысы, сен алдымен құдай бар ма, жоқ па, соны айт­шы? – деп төтесінен сұрақ қояды. Тосын сұрақты естіген кезде Шәдібеков үнсіз тұрып қалады. Бейнебір есінен айырылған жандай мең-зең. «Құдай бар» дейін десе, партиядан қорқады, «Жоқ» дейін десе, ертең елдің бетіне қалай қарайды. Не істерін білмей залға қараса, шыбынның ызыңы естілмейді, бәрі не айтады дегендей саяси жетекшілеріне қадалып қалыпты. Ол алдында тұрған судан бір ұрттап, есін жияды. Институтта оқыған ғылыми атеизм пәнінің тұжырымы есіне сап етіп түседі:

– Жолдас лектор, дүние жүзінде Ави­ценнадан (Ибн Сина) асқан ғалым жоқ қой. Сол кісі дүниеде екі ақиқат бар: «біреуі – діни, екіншісі – ғылыми» деген екен, осы сөзге тоқтасақ қалай болады? – дегенде лектор: «Тауып кеттің, әрі қарай оқи бер», – дейді.

 

Қазақ үйіне құлып  салмаған

 

1997 жылдың сәуірінде Түркияның Анкара қаласында өтетін кәсіподақ активтерінің дүниежүзілік форумы өтеді. Оған республикадан 22 адам қатысады. Солардың бірі Есіркеп Шәдібеков еді. Ол бұл уақытта Қызылорда аймағындағы «Харрикейн-Құмкөл» мұнай құрылысы мекемесі кәсіподақ комитетінің төрағасы болатын.

 

Стамбулдан ұшақтан түскесін Анкара­ға дейінгі 440 шақырымды 6 сағатта жүріп, Анкараға жетеді. Стамбулға қайтып келіп семинар жұмысын қорытындылайды. Басқосу мәжілісін жүргізуші «Туркиш металл» кәсіподақ комитетінің төрағасы «Біздің елде дүкендерде, үйлерде құлып деген болмайды. Ұрлық деген атымен жоқ» деп біраз бөседі. Бір сөзді әрі-бері тыңдап жалыққан қатысушылар әбден ығыр болады. Шыдай алмаған Есіркеп ағамыз: «Біздің қазақта сіз айтып тұрған жағдай бұдан бірнеше жүздеген жылдар бұрын қалыптасқан. Айдалада отырған қазақ үйіне құлып салмаған. Келген жолаушы сусынын ішіп, тамағын жеп, аттанып кететін болған» – деген кезде қазақстан­дықтар риза болып, ду қол соғыпты.

 

Партбилетін ұлына айырбастаған

 

Есіркептің әкесі Шәдібек ұзақ жыл перзент көрмейді. Бәйбішесі 7 құрсақ көтереді, бірақ жетеуі де шетінеп кетіп отырады. Перзенттің тақсіретін тарт­қан, соңында ізбасар қалдыруға тырыс­қан әке ауылдың бір бойжеткенімен қөңіл жарастырады.

 

Кешікпей қуаныштың да нышаны сезіле бастайды. Пенденің арасында қаскөйлік қалған ба? Әкесінің үстінен ауылдастары «екі әйел алған» деп жоғарыға арыз жазып жібереді. Сол арыз бойынша мәселесі аудандық партия комитетінің бюросында қаралып, «көп әйел алғаны үшін» деген желеумен партия қатарынан шығарылып, қызметінен босатылады. Әкесі ұжымшар басқармасының төрағасы екен.

– Кейін өндіріс бригадирі болып жүрген кезінде бел омыртқа туберкулезі болып, орнынан тұра алмай төсек тартып жатты. Мені кеудесіне отырғызып қойып, «бұл ме­нің партбилетім ғой, мен бұл баламды парт­билетке ауыстырып алғанмын» деп отырады екен. Әкем сол науқастан 1950 жылы 21 қаңтарда 54 жасында қайтыс болды, – деп күйзеле есіне алады ағамыз. Осылайша  Есіркеп әкеден 4 жасында қалады. Бірақ әкесінің інісі мен үлкен анасының (бәйбіше) арқасында жетімдікті сезінбейді.

 

«Адырна» ауылға келгенде…

 

Мәдинаның өзі тосып тұрған шиедей  үлбіреген ернінен неге сүйе  алмай қалды?

 

Есіркеп ағамыз сөз арасында басынан өткен бір қызық оқиғаны өзі бастады: «Ол кезде қазіргідей той басқаратын асаба деген болмайды. Ауылдағы тойларды көбінесе өзіміз (партия, кеңес, комсомол, кәсіподақ қызметкерлері) басқарамыз. Той болғасын құдашалар, құдағилар келеді. Кейде тәуір құдаша, құдағилар болса сылтаумен бетінен сүйетініміз де рас.

 

Бірде ауылға аты кеңінен тарай бастаған Мәдина Ералиева келіп, концерт қоятын болды. Мәдинаны «Адырна» ан­самблі алып жүретін. Келіншегім Ардақ сол күні аяқ астынан: «Есіркеп, осы той-томалақта құдашаларға  сөз бергенде кейде сүйіп алатын кездерің болады. Жұрттың бәрі менің бетіме қарайды. Үлкен өтініш, осы жолы Мәдинаны сүймей-ақ қойшы», – деді. «Мақұл» – дедім. Концерт біткеннен кейін совхоздың атынан сый-сыяпат жасау керек қой. Сахнаға шыққан кезде:

«Кім білмейді бұл күнде «Адырнаны»,

Биіктерге көтерді Мәдинаны.

Үлбіреген ерніңнен бір сүйейін,

Мәдинажан, бері қарай жақындашы», – деген өлең жолдарын қалай оқығанымды білмеймін. Қалай оқымайсың? Сценарийде солай жазылып тұрса. Мәдина маған қарай ернін тосып, жақындай бергені. Ардақтың бағанағы сөзі есіме сап ете түсті де, Мәди­наның ернінен емес, бетінен сүйдім. Мәдина біртүрлі ренжігендей болды.

Концерттен кейін қалыптасқан дәстүр бойынша Мәдинаны ауылдағы Маржан деген сыныптас құрбысының үйінде күттік. Отырысқа аупарткомның бірінші хатшысы Бәйімбетов те келді. Тамақ үстінде Мәдина бірінші хатшыға қаратып: «Ореке, мына жігітті партком хатшылығынан ертең боса­тыңыз. Мен ернімді тосып едім, ернімнен сүймей, бетімнен сүйді. Менің ернімнен сүю талай жігіттерге арман болып жүр­ген­де, тосқан ернімнен сүюге жарамаған жігіт қалай ел басқарады», – деді. Бәйімбетов не айтарын білмей сасып қалды. Сол кезде мен: «Мәдинажан, сенің ерніңнен сүю кез келген жігіттің арманы екенін білемін. Мен бүгін сайтан түрткендей, үйдегі жеңгеңе сенің ерніңнен сүймеуге сөз беріп едім. Ерніңе жақындай бергенде сол уәдем есіме түсіп кетіп, қалай жалт бұрылғанымды өзім де білмей қалдым.  Міне, қылша мойным талша, не істесең де өзің біл», – деп едім, Мәдина «Бәсе-ау, себебі бар екен ғой», – деп күліп жіберді. Мұнысы райынан қайтқаны болса керек.

Есіркеп Шәдібекұлы 1946 жылдың 1 тамызында атақты диқан Ыбырай Жа­қа­ев­­тың мекені – «Қызылту» (қазір Ыбырай Жақаев атындағы) ұжымшарында өмірге келді. 1963 жылы №47 Ломоносов атында­ғы орта мектепті, 1970 жылы Қызылорда қаласында Н.В.Гоголь атындағы педин­ститут­тың химбиология факультетін бітірді. Еңбек жолын «Гигант» орта мектебінен бастады. Жалыны мол, ойы ұшқыр Есіркеп көп ұзамай-ақ аудан басшыларының кө­зіне түседі. Сөйтіп сол орденді шаруа­шы­лықтың бастауыш комсомол ұйымына же­текшілік етті. Артынша аудандық комсо­мол комитетінің хатшылығына сайланады. Осылайша еңбек жолы өріліп жүре береді.

Аудан орталығы – Шиелі кенті кеңесі атқару комитетінің хатшысы, №31 жылжы­малы мехколонна кәсіподақ комитетінің төрағасы, «Еңбекші» кеңшары партия комитетінің хатшысы, сауда мекемесінің директоры, ауылдық кеңес төрағасы, совхоз директорының орынбасары қызметтерін бірінен соң бірін рет-ретімен әрі абыроймен атқарды. Соңғы жылдары «Харрикейн-Құмкөл» мұнай құрылысы мекемесінің кәсіподақ комитетін басқарып, шетелдік әріптестерімен де қоян-қолтық жұмыс жасай білді.

Есағаңның жастарға  айтары мол

 

Қазір ел ағасына айналған Есағаңның жастарға айтары мол. Тәуелсіз елімізді, оның тарихын, ұлттық тіліміз бен дәстүрлі дініміздің белді насихатшысы. Елдің ынтымағы, бірлігі, қазақы әдет-ғұрпымыз туралы аудандық, облыстық баспасөз беттерінде ой саларлық толғамдарымен, пайымды пікірлерімен жиі-жиі көрініп тұрады. Сонау шалғайда тұрғанына қара­мас­тан «Алматы ақшамы» газетін жаздырып алып оқиды.

 

Автордың мәңгілік жар таңдауы да әдеттегіден өзгешелеу.

– Балалықтың бал дәурені өткесін жігіт болып, қыз іздеп, жанжағыма қарай бас­тағанда мен өмір бақи өзімнің жеке ба­сымды ойлаған емеспін. Мені асырап өсірген, жетім қылып жұртқа жалтақтат­паған, бір үзім нан болса да алдымен менің аузыма салған, бүкіл өмірін маған арнаған, шекемнен шертпеген, адалдыққа, адам­дыққа тәрбиелеген, өтірік айтып көрмеген, дүниенің қызығын, жақсылығын тек қана маған тілеген, мені қанағат тұтып перзентім болмады деп армандамаған Ақкөкем (Қазыбек) үшін, дүниеге 7 перзент әкеліп, бәрі шетінеп кетсе де, солар тірі болмады-ау деп күйінбей сабыр сақтап, құдайдан тек менің  тілеуімді тілеген Қалбибі шешем үшін, солардың жағдайын жасайтын, екеуінің қабағына мұң шалдырмайтын, сол екеуінің ойын, арманын жүзінен ұғатын ақылды,  парасатты жар іздедім, – дейді әңгімені тағы да өзі сабақтап. Сөйтіп жүріп ең соңында өмірлік серігін тапқан.

Бұл күнде асыл жары Ардақ екеуі ұлы мен қызын заман талабына сай тәрбиелеп, біліммен жарақтандырған. Бәрі өмірден өз орындарын тауып, үйлі-жайлы болып отыр. Үлкен ұлы Смайыл мұнай инженері, Исаханы заңгер әрі шаруа қожалығының төрағасы, үлкен қызы Анар кардиолог-дәрігер – Алматыдағы диагностикалық орталықтың белді маманы, екінші кызы Руман – Қызылордада Қорқыт Ата атындағы Мемлекеттік университетте оқытушы, Айгүл мен Динара атты қыздары да осы жоғары оқу орнында оқытушы. Аталмыш перзенттерінен 10-нан аса немере сүйіп отыр. Бұл күнде жетпістің шыңынан сүрінбей асқан азамат жас кезінде жаңсақ баспағанын, ақ сүтін бермесе де, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген ата-анасының айтқанына көніп, ығына жүргенін, өзі қанша ұнатып тұрса да, әке-шешесіне ұнамаған бойжеткеннен бойын аулақ сала білгенін кейінгілерге үлгі етеді.

 

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі,

Қазақстан Жазушылар одағының

мүшесі.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close