Өзін-өзі тану бағдарламасы

ұлттық білім беру жүйесінің рухани кәусар бұлағына айналуы тиіс

«Бөбек» Ұлттық ғылыми-практика­лық, білім беру және сауықтыру орталығында «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарла­масының авторы Сара Алпысқызы Назарбаевамен кездесу өтті. Басқосуға еліміздің әр аймағынан келіп, «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы бойынша біліктілікті арттыру курсында тәлім алып жүрген білім саласындағы басқарушы органдар­дың қызметкерлері мен білім беру ұйымдарының басшылары қатысты.

Жиын барысында «Өзін-өзі тану» бағдарламасы негізінде басшы қызмет­керлердің адамдық және кәсіби парыз­дарын қайта пайымдау арқылы олардың рухани-адамгершілік әлеуетін ашудың және ұйымдастырушылық-басқару мәдениетін жетілдірудің маңыздылығы талқыланып, қоғамға риясыз қызмет етудің қажеттілігі тілге тиек етілді.

Кездесуге жиылған көпшілікті жылы лебізімен қарсы алған Сара Алпысқызы кеш барысында өнегелі өсиет айтып, өміріндегі айшықты оқи­ғаларды еске алып, адамзат тарихын­дағы ұлы ойшылдардың еңбектерінен үзінділер келтіріп, мағыналы ғұмыр кешудің сырымен бөлісті.

Сара Алпысқызының пайымдауын­ша, өмірде армансыз адам болмайды, алайда сол арман-тілектердің адамгер­шілік сипатта болуы өте маңызды. Отбасыңның, ел-жұртыңның, қасиетті Отаныңның мерейі үшін ұлы мұрат­тарды аңсау және олардың игілігі үшін аянбай тер төгу нағыз бақыттың кілті екен.

Ғылым мен техника, интеллек­туал­дық білімдер мен ақпараттық техно­логиялар қарыштап дамыған бүгінгі заманда рухани құндылық­тардың бір саты төмен тұрғандығы белгілі. Бұл турасында Сара Алпыс­қызы: «Ақыл-ойдың дамуы нәти­жесінде адамзат баласы ғарышты игерсе де, өзінің рухани әлеміне бойлай алған жоқ. Қарапайым халық жоғары білім мен мәдениеттілікке қол жеткізіп, өркениет­ті қоғам құра алса да, өмір сүрудің қарапайым әдебін меңгере алмай келеді. Адамдар қиянат жасамауға, адалдықтан аттамауға, ар-ұжданмен өмір сүруге, тәкаппарлық пен іштарлықтан арылуға, қоғамға риясыз қызмет етуге және жаны мен тәнінің үйлесімділігін табуға ұмтылуы тиіс. Ол үшін рухани білім қажет», – деді.

Жалпыадамзаттық рухани құнды­лық­тарды басшылыққа алып, ойдың, сөз бен істің бірлігінде өмір сүруге қабілетті кемел мінезді тұлғаны тәрбиелеуді мақсат тұтқан «Өзін-өзі тану» бағдар­ламасы ұлттық білім беру жүйесінің рухани кәусар бұлағына айналуы тиіс деп тұжырымдаған Сара Алпысқызы білім саласының тізгінін ұстаған басшыларға үлкен үміт пен жауап­кершілік артатынын жеткізді.

«Өзіңді-өзің сыйласаң, жат жанынан түңілер» деген халық даналығын естен шығармау керек. Өзін-өзі сыйлаған адам өзін біліммен және көркем мінез-құлық­пен қаруландырады. Сенің бойыңдағы сабырлықты, таза ниет пен адалдықты көрген жұрт өз бойындағы кемшілік­терді түзетуге асығады. Сондықтан біреуге сыйлы болу үшін, алдымен өзіңді сыйла!», – деп сөзін қорытындылады.

Өз кезегінде басқосуға жиылған білім саласының басшылары Сара Алпысқы­зына түрлі сауалдар қойып, балаға рухани-адамгершілік білім мен тәрбие беру ісіндегі тәжірибелерімен бөлісіп, білім беру жүйесіндегі «Өзін-өзі тану» пәнінің маңызына тоқталып, осындай пәннің дүниеге келуіне себепкер болғаны үшін алғыстарын білдірді.

Бақыт ӘЛИЕВ,

«Бөбек» ҰҒПББСО

Адамның үйлесімді дамуы

институтының қызметкері.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *