ӨЗІМІЗДІ ЖАС ЖІГІТТЕЙ СЕЗІНЕМІЗ

Дүниедегі ең қымбат нәрсе — адамның өмірі. Сондықтан да бабала­рымыз «мың күнгі жұмақтан бір күнгі өмір артық» деп, атар таң, шығар күннің қасиетін айрықша бағалаған.

Батырды батыр қылған маңдай дейді,

Шешенді шешен қылған таңдай дейді.

Қадірі мен қасиетіне баға жетпес,

Жайнаған жарық дүние қандай дейді, — деп тебіренген.

Дұрыс өмір сүру үшін денсаулық керек. «Әуелгі байлық — денсаулық». «Дені саудың — жаны сау» деп тегін айтыл­маған. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген де тәмсіл бар. Сайып келгенде, адамдарының дені сау, өмірге деген құлшыныс-талпынысы зор мемлекет бақуатты елдер санатына жатады.

Тәуелсіздік алған жиырма жеті жыл­ға жетер-жетпес уақыт ішінде қазақ­стандықтардың орташа жасы шамамен 10-12 жылға ұлғайды. Мұның өзі мем­лекетіміздің әлеуметтік салаға басым­дық беруінің, халықтың әл-ауқа­тын жақ­сартуға бағытталған игі істердің нәтижесі.

Жер жаннаты Жетісудың киелі топы­рағында, асқар Алатаудың бау­райында бой көтерген арман қала – Алматыда адамдардың, оның ішінде қариялардың қалыпты ғұмыр кешуіне бағытталған ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда.

 Осыдан бірер ай бұрын шаһар бас­шысы Бауыржан Байбектің қалалық, аудандық Ардагерлер кеңестерінің басшыларымен кездесуінде аса бір игі бастама көтерілді. Ол – «Белсенді ұзақ өмір сүру» жол картасын қолға алу.

Осы игі шараның аясында қаладағы ең үлкен аудан: — 440 мыңға жуық адам, оның ішінде 41 мың зейнеткер мекен­дейтін Бостандық ауданында ауқымды жоспар-кесте жасалды. Аудан әкімі Бекқали Торғаев бастаған игі істі аудан жұртшылығы, ардагерлер кеңесі бір кісідей жұмыла қостады.

Соның нәтижесінде ауданда қарт адам­дарға арналған 7 әлеуметтік клуб­тың есіктері айқара ашылып, 1065 зей­неткер олардың қызметін пайдалануға мүмкіндік алды. Оған қоса,  №14 кітап­хана жанындағы ардагерлерге арналған клуб та 200 адамды қамтиды. «Орбита» ықшамауданындағы клубта 150 зейнет­кер шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойын­дарымен шұғылданады.

Мұның сыртында №4, №12, №17 емха­­наларының және Студенттер емха­на­сының жанында ұйымдас­тырылған «Денсаулық мектептерінде» 600-ге тарта егде адамдар жалынды жастық шақта­рын еске түсіріп, сан алуан спорт түрле­рімен айналысады.

Аудан аумағында орналасқан сая­бақтар мен гүлзарлар төңірегінде, сон­дай-ақ бірнеше тұрғын үй аулаларында 20-дан астам спорт алаңы жұмыс істейді, олар да зейнеткерлердің сүйікті орындары. Гагарин даңғылындағы саябақта сол маңда тұратын 50-ге тарта қария таңертеңгілік және кешкі сал­қында теннис ойнап, мәре-сәре болады.

— Соңғы уақытта ауданымызда көп­теген спорт алаңдары жұмысқа кірісіп, біздің де екінші тынысымыз ашыл­ғандай болды, — дейді тыл майталманы тоқсанның тоғайына аяң басқан Дүйсен Мұстақым, — қазір бойымыз сергек, өзімізді жас жігіттей сезінеміз, – деп әзіл-қалжыңның көркін қыздырғыш ақсақал қазақ, татар, орыс тілдерінде тамылжытып ән де шырқап жібереді.

Ардагерлер дене шынықтырумен, спортпен әуестенумен қатар, бүгінде компьютер үйренуге жұмыла кірісуде. Халықаралық ақпараттық техноло­гиялар университетінде осы жоғары оқу орнының басшысы Алматы қалалық мәслихатының депутаты Дамир Шыны­беков компьютерлік курс ұйымдас­тыруға қолұшын берді. 300 зейнеткер оны тәмамдап, сертификат алды. Сол сияқты, «Қайнар», Алматы энергетика және байланыс, «Нұр-Мүбәрәк» уни­верситеттерінде 250 ардагер компью­термен жұмыс істеуге машықтануда.

Бостандық ауданынң ардагерлері қалалық іс шараларға да белсене қаты­суда. Мәселен, биылғы жылдың 22 маусы­мында өткен қалалық велошеруге ауданның 30 зейнеткері қатысып, бақ сынады.

Алдағы уақытта да осындай игі істер жалғасын тауып, қарияларды қуанта беретініне кәміл сенеміз.

 

Х.Біржанов,

Бостандық аудандық

Ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *