ӨЗІМІЗДІҢ ЕРЕКЕҢ – ЕМІН-ЕРКІН ҒОЙ!..

1088Шіркін, уақыт! Дес бермей зулайды-ау, ә?! Әйтпесе кеше ғана дерлік сәт емес пе еді бұл. Әр­қайсысымыз әр қиырдан келіп, қабілет-қарым сайы­сы, білім додасына білек сыбана қойып кетіп едік.

Әуелгі сынақ – шығар­ма­шылықтан. Бір орынға бес кісіден келіппіз. Соның бестен бірі ә дегенде-ақ бәсекеден шеттеп қалды. Одан кейін шығарма жазу сынағы, пәндер бойынша ауызша емтихандар тапсыру дүрмегі тағы да біразы­мызды сиретіп, әйтеуір конкурсқа ілдалдалап әзер ілігіп едік. Медалистеріміз, өмір мектебінен өтіп, пәлен жыл еңбек өтілін жинап келген Өтеген, Самат пен әскери борышын енді ғана өтеп оралған Шархан сынды сақа солдаттарымыз бар; айтуларынша, темір тұлпар тізгіндеген, ақтылы қой қайырып, оның санын елу миллионға жеткізу үшін елеулі үлес қосқан Қайнар және мен секілді мектепте қызмет еткендері де ұшырасады. Бірақ, Еркін сияқты бір мекемеде бастық болып келген біріміз жоқ екенбіз. Өзі менімен түйдей құрдас. Мектеп бітіргеніне бес жыл болған. Осы аралықта қолына қару ұстап, Отан шебін қорғапты. Музыка мектебінде сабақ берген, одан кейін Ақсуат аудандық Пионерлер үйінде директор болған. Қысқасы, «Абитуриент-76» атанып, сын-сынақтардың бәрінен сүрінбей өтіп, бағы жанғандардың осалы жоқ!.. Қай-қайсысы да шетінен алқынып-жұлқынып, алып-ұшып тұр. Оқуға құжат тапсырып жүріп, одан кейін емтихан кезіндегі «жағдайымыз қалай болар екен?» деп, толқып, тебіреніп, бір ысып, бір суынған қысылтаяң шақта бір-біріміз жөнінде үзіп-жұлқып біліссек, енді Алматы әуежайының іргесіндегі «Луч Востока» колхозының алқабында еш кедергісіз жақындаса түстік.

– Әй, Өтегенов, мен саған сеніп, мына курстастарыңа бас болады деп староста қойдым. Әйтпесе, Жаппасов та тұр жұтынып, бұл да староста бола алады, – деді жай-күйімізді көзімен көріп, жағдайымызды біліп кетуге әдейілеп ат басын бұрған деканымыз Темірбек Қожакеев.

Сол сәт бірер күн қызанақ теріп, күнге қақталып, түрлері қоңырқай тарта бастаған қыз-жігіттердің бәрінің назары Еркінге ауды. «Иә, неге бола алмайды? Үлкен бір ауданның орталығындағы Пионерлер үйінде директорлық еткен азаматқа староста болу деген не тәйірі?!» дейтін сияқты бәрі де. Шындығында, ол осал емес көрінді. Ә деп араласқан екі-үш күннің әлетінде-ақ айнала-маңына Өтеген, Коммунар, Мырзағали, Ғазиз сынды сақа жігіттердің біразын үйіріп үлгерді. Сөзі мығым, көріп-білгені, ойға түйгені баршылық. Күлдіріп те, «бүлдіріп» те сөйлейді. Сондай кездері төңірегіне дөңгелене жиналып, әңгімесіне ауыздарын аша ұйыған курстастарым мұнда не үшін келгендерін ұмытып кеткендей көрінеді. Сол-сол-ақ, менің түрім бұзылып, дегбірім қаша бастайды. Әуелгіде өзімді әзер тежесем, әлгі көрініс қайталана бергеннен кейін еріксіз бірдеңе деп қоятынды шығардым. Өйткені, бәріне жауап беретін бастық мен ғой. Факультеттен бас-көз болады деп жіберген мұғалім Юрий Константинович Редкин орыс топтарымен бола ма, әлде қайда жүреді, ол жағынан бейхабармыз. Әредік бір келе қалса, ешкім жайбасарлыққа салынбасын, жұмысты бұдан да қатты істесін дей ме, онысын кім біледі, әйтеуір, аузынан көңілі толған кісінің сөзі шықпайды. Сонда езуі темекіден бір босағанын көрмеппіз. Темкең ағамыз артқан сенімді ақтауым керек қой. Жан аямай жұмысқа жұмылған қыз-жігіттер алқапта қызарып піскен бір қызанақты да қалдырмай терсе екен, күтпеген жерден жағдайымызды көруге келе қалған Редкиннің көзіне түсіп қалмаса екен деймін. «Бос тұрмаңдар, жігіттер! Қане, жұмыс істейік, жұмыс!» – дегенді жиі айтып, үсті-үстіне қамшылаймын. Мұндайда өзің өнеге көрсетпесең бола ма? Сондықтан, ең әуелі еңбекқор, тынымсыздығымды таныту үшін көкөніс алқабында жанығып жұмыс істеймін деп жүрген аз күнде жағым суалып, қыр мұрным қылыштай қырланып шыға келді. Күнге қақталған бет-жүзім де тандырлана түскен.

– Әй, Талғат, – деді бір күні Еркін, мен жұмысты ғана айтып қыт-қыттай берген соң, түйіле қарап. – Сен өзі қандай бастықсың? Бір мезет елмен санассаң қайтеді? Жұрттың жағдайына қарауды білмейсің. Біз тырылдап жүре беретін алдымыздағы трактор емеспіз ғой, шаршаймыз, шалдығамыз… Ал, сен тек қана жұмыс істе, жұмыс істе дейсің. Тіпті, аяйтын түрің жоқ, мына қалпыңмен енді қалған жиырма күнде ешқайсымызды тірі қоймайтын шығарсың…

Тағы не деді-ау? «Әскерде де «перекур» деген болушы еді» деді. Одан кейін… иә-иә, «бастық адам халықпен санасу керек, түсінісіп жұмыс істеу керек» дегенді де айтты-ау. «Бастық – халықпен ғана бастық болады!». Әсіресе, оның аузынан шыққан осы сөзі санама сарт ете қалды. Енді-енді ғана таныс-біліс бола бастаған курстастарым да колхоздың қызанағын жанығып термесе, бейне коммунизмге жете алмай қалатындай көріппін-ау мен бейбақ. Ол маған өстіп ой салды.

Сол күннен бастап алқапта бас алмай еңбек еткен бір сағаттан соң он-он бес минуттық үзіліс жариялайтын болдым. Темекі шегетіндері темекі шегеді. Сапарәлі дірілдеген даусымен қыздардың сезім қылын шертіп ән салады, Самат пен Қайнар жарысып өлең оқиды, Гүлбану «Витчикданасын» айтып билейді. Бәрінен де ғажабы – Ғазиздың жағымды қоңыр даусымен салған әндері. Сондайда Ерболат Еркіннің музыка мектебінде сабақ бергенін, аздап ән шығаратынын еске салады.

– Әй, композитор, сені де тыңдайық та. Домбыраңды қолға алшы, – дейді.

Еркін мен Қайнар бір-біріне жезде-балдыз болып әзілдесіп жүретін еді. «Жездеке, қане, не тұрыс?!» деп Қайнар да қолқалауын күшейтеді. Ондайда «жездесі» көп жалындыра бермей, жұмысқа ала барған домбыраны қолына ала салып шертіп-шертіп жібереді де:

Айтшы, жаным, неге тайдың сертіңнен?

Айтшы, жаным, от шығады бетімнен.

Айтшы, жаным, өліп қана кетейін,

Өлсемдағы сенің салған дертіңнен, – деп, бізді ғана емес, аспанында самолет қалықтаған қызанақ алқабын махаббат әнімен мұңға батырады.

– Қандай керемет ән! Бұл өзі кімнің әні? – дейді Балқия білуге асығып. Ерекең кідірмейді.

– Кімдікі болушы еді? Сөзі де, әні де менікі! – деп іле жауап береді. – Бұдан басқа «Кім кінәлі?» деген және бір әнім бар.

«Кім кінәліні» үйрене алмадық-ау деймін, ал «Айтшы, жаным» баршамызға ұнап, күнде оны Ерекеңмен бірге қосылып шырқайтынды шығардық.

Содан… Иә, содан оның бізге қуланып айта салған өтірігін білгенге дейін «Еркіннің әні» деп шырқап жүрдік. Сөйтіп жүрген күндердің бірінде жатақханамыздағы «5 сомдық» радиомыздан таныс әуен төгіле жөнелсін.

– Еркіннің әнін айтып жатыр. Әндіржан, даусын қаттырақ ашшы, – деп бөлмелестер оқып жатқан кітабымыз бен жазуымызды ысыра-ысыра салып, радиоқабылдағышқа таяу отырған оған жан-жақтан жамыраса үн қаттық. Радионың құлағы бұралды, әуезді ән кең бөлмені кернеп кетті. Қыбыр етпей, беріле тыңдап отырмыз. Ән аяқталған кезде диктордың «Сіздердің тыңдағандарыңыз Қасым Аманжоловтың сөзіне жазылған Советжан Түсіповтың «Айтшы, жаным» әні» деген сөзін естіген кезде, оған сенер-сенбесімізді білмей, бір-бірімізге қарап отырып қалыппыз. Содан, ал келіп күлейік.

«Ерекең бәрімізді «ақымақ» қылған екен ғой», – дейміз…

Сөйткен Ерекеңнің өзіне теліп, «менікілеп» жүрген «Кім кінәлі?» әні де бөтендікі боп шықты. Ол әннің авторы Мейрамғазы Нұржақыповты да, әлгінде ауызға алған Советжан Түсіповты да жақсы біледі екен. Бірақ, біз олай екенін қайдан білейік, авторы өзіміздің курстасымыз Еркін Жаппасов екеніне «өлердей» сеніп, жұртқа жайып жүріппіз…

Иә, қалай десек те, ол – өнерлі азамат. Сондықтан сабақ басталысымен факультеттегі өнерпаздардың басын біріктірген оркестрге бірден мүше болып қабылданды. Баянда, мандолинде ойнады. Арада бірер ай өткенде университеттің оркестрі құрамында жүрді. Сазгерлік өнердің бұрынырақ иектегенінің дәлелі, біраз әндері нотасымен «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері» журналдарында жарияланды. Алайда, Ерекеңнің бүйрегі сатираға қарай қатты бұрыпты. Мектепте оқып жүргенде-ақ аудандық, облыстық газеттер мен республикалық «Ара-Шмель» журналына сықақ өлеңдері, әзіл әңгімелері жарияланып тұрады екен. Қызанақ теріп жүргенімізде қалтасында «Араның» штаттан тыс тілшісі деген қызыл тысты әдемі куәлігі жүретін. Келе-келе әзіл-сықақ ауылына біржола мойын бұрды. Жазғандары «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» және басқа да басылымдарда жиі басылып, олар «Кімге күлкі, кімге түрпі?» деген атпен жеке жинақ болып жарық көрді. Одан кейін «Ой, қытығым келеді…» жинағы қолға тиді. 2003 жылы шыққан «Қымсынбашы, қылықтым» кітабы Халықаралық Алаш сыйлығына ие болды. Араға бес жыл салып «Мыңқетпес мыңқ етер емес» деген тағы бір әзіл-сықақ әңгімелер жинағын оқырманға ұсынды. Аударылған дүниелері орыс, қытай тілдерінде жарық көрді.

Осылайша Ерекең – Еркін Жаппасұлы сазгерлігімен әнсүйер қауымға жөндеп танылмағанымен, сатирик жазушы ретінде есімі елге әйгілі болды. Ол бүгінде мүйізі қарағайдай қаламгер ағаларымыздың талай толқыны қызмет еткен «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактордың бірінші орынбасары. Бұл, әрине, үлкен лауазым, жауапкершілігі атан түйеге ауыр жүк болатын айтулы шығармашылық қызмет. Ерекең осының сыртында талай жылдан бері әдеби газеттің «Қалжыңқалта» деп аталатын әзіл-оспақ отауын табандылықпен талмай жүргізіп келеді.

– Біздің Еркін «бай» ғой, он алтыншы бетті бір өзі меншіктеп алған, – деп күледі әзілі жарасатын жігіттер. – Бірақ, ол бүгінгінің байшыкештеріндей емес, байлығын еш жаққа жытырмайды да жасырмайды…

Расында, беттің дәл маңдай тұсына «Қалжыңқалтаның» егесі – Еркін, жаттықтырушысы – Жаппасұлы» деп жарқыратып жазып қойған. Онда әзіл-сықақ ауылына қарай «қисайып» тұратын қауымның, оқысаң – күлдірмей қоймайтын үлкенді-кішілі материалдары апта сайын жарық көріп жатады. Арасында өзінің де дүниелері жүреді. Кейде солардың кейбірінің астына «Емін-Еркін» деп қол қоятыны бар.

Ендеше, сіздер де біле жүріңіздер: бұл бүгінде асқаралы алпысқа толып жатқан біздің Ерекең – Еркін, Емін-Еркін Жаппасұлы!..

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ, публицист-жазушы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *