ӨЗІМІЗ ӨНДІРІП, ӨЗІМІЗ ТҰТЫНУҒА МҮМКІНДІК МОЛ

Фарида МЕРХАМИТҚЫЗЫ, Алматы қалалық мәслихатының депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Ерке-Нұр» сән орталығының президенті, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

Биылғы Президент Жолдауын қарапайым қарашадан бастап, жоғары қызметте отырғандарға дейін ықыласпен қабылдауда. Оның себебі, биылғы Жолдаудың жөні бөлектігі болар. Елбасының халыққа арнаған сөзінде атқарылу керек жұмыстар да, оның жасалу жолдары мен қаржы көздеріне дейін көрсетіліп отыр. Бұндай жерде талап пен сұраныс та болатыны сөзсіз. Президент бағдарламалардың орындалуына жауаптылардан да «жауап» алып жатты. Аймақ, яғни облыс, мегаполис басшылықтары да көп нәрсені жергілікті жерлерде, өз билігімен шешуі қажеттігін де айтты Елбасы. Осыған орай, біз Алматы қалалық мәслихатының депутаты, ҚХА мүшесі, кәсіпкер Фарида МЕРХАМИТҚЫЗЫНАН Жолдауға қатысты пікір сұраған едік.   

– Фарида ханым, Сіз қазақ халқы­ның егемендігін ғасырлар бойы аңсаған сырттағы қандастардың өкілісіз. Және Тәуелсіздік таңы атқанда Атамекенге оралып, сол тәуелсіздікті тұғырлы етуге атсалысып жүрсіз. Тәуелсіздік тұсында өз біліміңіз бен еңбегіңіздің арқасында біраз жетістікке жеттіңіз, халық қалаулысы атандыңыз. Осы тұрғыда Елбасы Жолдауына байланыс­ты ой-пікіріңіз?

– Рахмет! Иә, мен расында да ата-бабаларымның сан жылдар бойы аңсаған, еліміздің бүгінгі бақытты жылдарының куәсімін. Сондықтан да болар, біз үшін ел егемендігі тым ыстық, тым қадірлі. Және бір қуанта­тыны, тәуелсіздікке қол жеткізген туған халқының алға ұмтылған көші­нің басында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұруы. Біздің Елбасы ширек ғасырдан астам уақыт егемен­дікті баянды ету жолында еңбек етіп келеді. Биылғы Жолдауы да ерек­шелеу болып, бәріміздің ойымыздан шығып отыр. Әсіресе, тәуелсіз мемле­кеттің ішкі қаржы айналымының төмендеуі, әлеуметке арналған бағдар­ла­малардың (тұрғын үй, зейнетақы, т.б.) баяу іске асуының себептері, бюджеттік қызмет­тегілердің мәртебесі, кәсіпкерлікті қолдау, т.б. мәселелерді саралап айтып берді.

– Фарида ханым, Сіз Алматыдағы биліктің бір тармағы – мәслихат депутатысыз, халықпен етене араласа­сыз. Өндірістік бизнес өкілісіз. Осы жағынан келгенде, Жолдауда сіздің ойыңызда жүрген нәрселердің жауабы бар ма?

– Әрине. Менің айтпағым да сол еді. Жолдауды барша халық тыңдады, қабылдады. Ендігі жерде Елбасы олай айтты, былай айтты деп талқылай берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Бұл жолы Президент әр салаға қатысты нақты жұмыстарды, олардың жасалу жолдарына дейін көрсетіп берді ғой. Бағдар жасады. Мен осы себепті қолында мүмкіндігі бар әрбір Қазақ­стан азаматы өз саласы бойынша үлес қосуы керек деп ойлаймын.

Жалпы, Елбасы Н.Ә.На­зар­баевтың биылғы Жолдауы жариялану уақыты­ның өте сәтті мезгілде болып отырға­нымен ерекшеленеді. Жолдауда нақтыланып көрсетілген тапсырма­ларды жаңа 2019 жылдың басынан бастап орындауға қажетті қаржылай мүмкіндіктерді бюджетке өзгерістер енгізу арқылы шешуге болады.

Алматы қалалық мәслиxаты депу­таты ретінде қарапайым тұрғындармен етене араласып жүргендіктен тұрмысы төмен адамдардың әл-ауқатын артты­руға жалақының ең төменгі мөлшері 1,5 есеге өсіп бюджет мекемелерінің жал­ақысы 35 пайызға өсірілетінінің арқа­сында еліміздің көптеген азамат­тары тұрмыс жағдайларын жақсарта ала­тын­дығын ризашылықпен қабылдадық.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында xалық тұтынатын тауарлардың өзімізде өндіріліп «қарапайым заттар эконо­микасын» дамытуға билік орындары­ның барынша көмектесулері қажет екендігін ескертуі бұл салаларды дамы­туға жаңа серпін беретіндігі сөзсіз.

Шындығында да өзімізде шығаруға толық мүмкіндік бола тұра, ол тауар­ларды «көк қағаздарға» шет елдерден сатып әкелуіміз билікке, ел кәсіпкер­леріне үлкен сын.

Өзім жылдар бойы айналысып келе жатқан тігін өндірісі кәсібімдегі тәжіри­беме сүйеніп айтар болсам, біз өз xалқымызды толық киіндіріп қана қоймай, дамыған әлем елдеріне де сұранысқа ие тауарлар шығаруға қабілеттіміз.

Елбасы айтқандай, «шетелдік киім­дерімізді шешсе жалаңаш қалатын» жағдайда жүргеніміз бәрімізге де сын.

Кең байтақ елімізде адами, мате­риал­дық ресурстар кез-келген салада өндірісті дамытуға жеткілікті, қажетті теxнологияны игеріп алуға әбден   мүмкіндігіміз бар.

Ендігі мәселе билік орындары мен іскер азаматтардың Елбасы тапсыр­масын орындауға бірлесе ел абыройы үшін ынтымақтаса жұмыс істей білу қабілетіне байланысты.

Біздің «Ерке-Нұр» сән орталығы билік орындарымен, кәсіпкерлермен  бірлесе ізденістер жасап, жаңа сапалық даму деңгейіне жетуге әрқашан дайын.

– Рахмет!

 

Сұхбаттасқан – Нұрлан СҮЙІН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *