«ӨЗІМЕ ТАРТЫП ТУДЫ КӨЛЕҢКЕМ ДЕ…»

немесе Жұмекенмен жүздескен бір сәт

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

 

Осыдан біраз бұрын бір жас жігітпен поэзия туралы пікірлесудің орайы келді. Ол жастыққа тән албырттықпен бар білгенін айтып қалуға ұмтылып отырды. Кенет мына бір жыр жолдарын шабыттана оқыды.

Білмеймін мықтымын ба, осалмын ба,

Барым сол – бір жүректі тосам мыңға.

Оңаша тергесем де, терлесем де

Өзімді жыққаным жоқ дос алдында.

 

Айтқан соң нелер ақыл нелер пенде,

Туған жер, әзір аман келем сенде.

Секілді қуанғаным – шуақ жағым,

Өзіме тартып туды көлеңкем де…

 

– Бұл кімнің өлеңі деп ойласыз? – деді маған сұраулы жүзбен. Мен сәл кідіріп тұрып:

– Жұмекеннің өлеңі емес пе? – дедім.

– Дәл таптыңыз! – деді ол «жерден жеті қоян тапқандай» қуанып, – Ақын Жұмекен Нәжімеденовтің «Білмеймін мықтымын ба, осалмын ба?!» деп аталатын өлеңі. Бұл өлеңді Жұмекен небәрі 26 жасында жазған. Қараңыз, осыдан-ақ ақынның қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңба қалдырғаны көрініп тұр.

– Солай шығар…

– Қалай дегенмен әдебиетпен, өлеңмен сусындап өскен сіздің буын, сіздің замандастарыңыз бақытты ұрпақ. Сөздің қадірін біледі, поэзияның құдіретін түсінеді. Туған тілін білген, бағалаған адам, түп-тамырынан ажырамайды… Қазіргі жастардың көбі компьютерден бас алмайды, одан қалса ұялы телефонды шұқылап отырады. Оларға сенің әдебиетің, поэзияң көк тиын. Ертең тілді, ділді жоғалтып аламыз ба деп қорқам. – Ол осылай қызына-қызына сөйледі. Мен іштей құндылықтар өзгерген, әдебиеттің бағасы бәсеңсіген қазіргі заманда бірен-саран болса да осындай өлең оқитын азаматтың барына қуандым.

– Айтқаныңның бәрі рас, – дедім мен оған. – Біз бала күнімізден аса тереңдеп түсіне алмасақ та, Жұмекеннің өлеңдерін оқып өстік. Абай атамыз айтқандай, «тілге жұмсақ, жүреке жылы тиетін»:

Бала біткен шаттанды,

Төменде – олар, төрде – біз,

Кебежені ақтарды

Табақ алып жеңгеміз.

Есік алдында жазық бар,

Жазықта екен киіз үй.

Жағал теке қазыққа,

Қасып тұрды мүйізін, –

деп келетін жыр жолдарын тақпақ тәрізді оп-оңай жаттап алып:

Анау келген кім болды екен, біліп келші кім екен?

Батырлық па?– Өз төрімде күтіп алам, түнетем.

Байлық болса қулау болар, тура қара көзіне.

Кім де болса алдамасын, алданбасын өзі де.

Қайғы болса артында оның қуанышы бар шығар,

бірі кірлеп, бірі жуып кеудем менің аршылар.

Бақыт болса, денем әлсіз көтере алман (өз ойым)

арман болса өмір-бақи арқалайын, төзейін… –

деген өлеңіне келгенде кәдімгідей қиналып қалатынбыз. Сөйтсек, Жұмекеннің жырлары иірімі терең өзен, ұғынуға қиын, тұнып тұрған философия екен.

Кейіннен білгеніміз Жұмекен ақын ғана емес, қара сөздің қиюы мен қисынын келтіріп, шырайын шығара жаза білетін талғампаз прозаик та болып шықты. Әдебиетшіл қауым жазушы Жұмекеннің: «Ақ шағыл», «Кішкентай» және «Даңқ пен дақпырт» секілді үш роман, бірнеше әңгімелер мен повестер, хикаяттар жазып қалдырғанын жақсы біледі. Шығармаларының қайсысы да кезінде оқырман жұртшылықтың көңілінен шығып, сыншылар тарапынан жоғары баға алған.

Басқаны қайдам, мен өзім Жұмекен ағамыздың: «Кемпір құлаштап салып-салып қалады. Сабаудың бұтақ тұстарында ғана қоңырайған қабығын тырнағымен әлсін-әлсін сыдырып тастайды. Тал бойындағы жарқыншақ, қабық, буын біткен түгел іліп, шашып бітті: үйдің іші түте-түте. Сандық қыры, кереге көктеріне жабысқан жүн шөкімдері бозғылдана үлбірейді. Содан шығар, екі қанат керегені итарқалай салған көне қос жел үп етсе ұшып кетердей жеңіл сезіледі» деп басталатын «Солай, ұлым!» дейтін әңгімесін оқып, көз алдыма күншуақта жүн түтіп, сабау сабап отыратын Тәжігүл әжемді елестеткенмін.

Сондағы ата салттан аттамайтын, ар-ұятты бәрінен биік қоятын кемпір мен өзінен мүшел жас үлкен, соғыстан бір қолынан айырылып келген жарымжан еркекке қосылған оның қызы, жас келіншектің арасындағы мына бір диалог мені терең ойға қалдырған:

«– А-а-а-л,– деді бір кезде қария сабауды қайта ұстап,– а-а-а-л, жарайды, біреу саған қарап күледі екен, сен де жымидың, солай ма? Сол үшін еркек кінәлі ме? Еркек деген итте кінә бола ма осы? Өзің ойламайсың ба? Жә, жә, тыржыңдама, саған ақыл үйретіп әуреге түспен. Асылы, азаматыңның көңілін мықтап қалдырғанға ұқсайсың, сақ бол, қызым.

– Әдіра ғасын, азамат, азамат. Ол азамат та, өңге жұрт қазанат па, ал мен әйелмін, басқада шаруам шамалы.

– Еркек емессің, әрине.

– Жігіттің не сүлейі жүр қазір. Тым құрыса, қолы бүтін еркек те бұйырмады. Құдық қазып, қауға да тарта алмайды. Анада аплатқа тиген алты баспағының үшеуін бұрынғы қатын-баласына берді, әлементке. Сондай еркек бола ма! – Келіншек бұ тұста ерек ыдырынып, екіленіп кетті. Қайқаң-қайқаң басып, қабынып сөйлейді. Аракідік шешесінің көзіне сұқ саусағын оңтайлап, бағжаң қағады; қария шүңгіл, ін түбінде жатқан, әрі кішкене көзге саусақтан қауіп келмесін сезетіндей, сабырлы, салқын. Ол сыздаған сайын мынаның дегбірі қашады. Қазір шап-шап ұрсысатын біреу шықса, шіркін, жұлып жер еді!

– Ой, дүние-ой,– деді кемпір немересінің тостаған қарынын жартылай жауып тұрған кір-кір атылас көйлекті созғылай отырып,– Сенің атаң, ұлым, ат баптап, ән салғаннан бөтен ештеңе тындырмаған кісі еді, ел қыдырып, жұмалап жоғалып жүрді, сонда да үйі орнында, шаруасы шалқақ-тұғын. Азамат деген атының өзі асырайтын. Ойбой, дүние-ай, соның алдынан шығып, атының аяғын тұсаудың өзі бір ғанибет боп, ауыл-үй, абысын-ажынға қыр көрсетіп, бір жасап қалушы едік. Бөрікті байғұс, бағың тайған екен, сенің күнің не болар, ұлы-ы-м.

– О заман басқа, бұ заман…

– Заманда жұмысың болмасын, қызым. Қит етсе заман, заман дейсің, түге, заманды қайтесің, ошағыңды қазып, отыңды жақсаң, қай заманның да шаңырағынан түтін шығады…

– Түсіндім. Қара қазанның төрт құлағына құр байлап, қамыт қып ки де тарта бер. Айтпағың осы ғой. Солай ма? Ол уақыт өткен. О кезде әйелді ер асырайтын, қазір еркектің еркегі…

– Қазір де солай, қызым».

Өмірі көрмесек те, білмесек те, біз Жұмекенді осылай сырттай жақсы көріп кеттік. Оның өлеңдерін іздеп жүріп оқитын болдық.

Менің бұл айтқандарымды өлеңге ынтық, Жұмекенді пір тұтатын жігіт селт етпей, ұйып тыңдады. Оның осындай ынта-ықыласына риза болған мен:

– Бір жолы Жұмекен ақынмен кездесіп сөйлескенім бар, – деп бір оқиғаның шетін шығардым. Ол:

– Сіз шынымен Жұмекен ақынды көзі тірісінде көрдіңіз бе? – деді жүзі балбұл жанып.

– Жаңылмасам, 1979 жылдың жазы еді… Өйткені, Жұмекен ағамыздың үстінде ақ көйлек пен ақ шалбар болды. Сол көрініс әлі күнге көз алдымда. Ол уақытта Алматы өгейсіп қабылдап, әрең сыйғызатын қазақ жастарының, жас семьялардың дені орыстың пәтерлерін жалдап тұрады. Жаңадан үйлеген біз де келіншегіміз екеуміз «Малая станица» жақта бір орыс шалының үйінде тұрдық. Онда әлі балалы бола қоймағанбыз. Былайша айт­қанда, «салт басты, сабау қамшылымыз». Кешке жұмыстан келгенде үйге сыймай зерігеміз. Әрі десең, жаз маусымы күн ұзақ. Сондай көңіл-күйде бірде «Горный гигант» жақта тұратын ҚазМУ-дың журфагында бірге оқыған курстасым және досым Сейітқұлды іздеп бардық. Біздің барғанымызға Сейітқұлдың келіншегі Данагүл қуанып қалды.

– Менің де зерігіп, ішім пысып отыр еді,– деп дереу дас­тарханның қамына кірісті. Алдымызға шәй келіп, ананы-мынаны сөз етіп отырғанымызда Сейітқұлдың өзі де келді. Қасында бір кісі бар. Екеуі де көңілді. Бірден танымасам да шырамытқандай болдым. Сөйткенше болған жоқ, Сейітқұл:

– Мына кісі Жұмекен Нәжімеденов дейтін ақын аға­мыз, – деді. Отырған үшеу орындарымыздан тұра бас изеп, сәлемнің ишарасын жасадық. Келген қонаққа біздерді таныстырды. Жұмекен ағамыз:

– Біз де сіздердей бір кездері пәтер жалдап тұрған­быз, – деп көңілімізді аулап қойды. – Әлі-ақ қатарға қосылып кетесіңдер. Осындай өмір де қызық. Сонан соң маған бұрылып:

– Бұл жігіт мені біле ме екен өзі? – деді. Мен «білемін» демей:

– Ей, жастық шақ, күйіңді әкел, үйіп-төк,

Ән мен күйді тұр ғой анау сүйіп көк.

Алатауға тағы… тағы қарайын,

Көңіл, шіркін, қалсыншы бір биіктеп!..

 

Бір өзіңнің маңдайшаңа қонып Ай,

Жұлдыздарды қалдың кейде танымай.

Кейбір көздің күлкісіне сенесің,

Сенгішсің ғой, сенгішсің ғой, көңіл-ай!

 

Қызығым көп, басым жалғыз болса да;

(Жалғыз болсаң екеуді де мол сана?)

Аппақсың-ау, тым аппақсың, көңілім,

Өйткені сен кірлегішсің соншама, –

деген өлең жолдарын оқи жөнелдім.

– Әп-бәрекелді! – деп Жұмекен ақын қуанып қалды. – Бұл менің сонау 1963 жылы жазған «Көңіл» дейтін өлеңім ғой. Ол бір «менен басқа ақын жоқ!» деп өлеңнің сәйгүлігіне мініп, шабыттың шалқар биігінде жүрген кезіміз ғой… Жалпы, ақын деген адам бақ өсіретін бағбан секілді. Еккен ағашы жайқалып өсіп, жеміс-мәуе берсе, оның дәмін жұрт татып, ләззат алып, рахаттанса одан артық бақыт болмас. Мына інімнің менің өлеңімді оқығанына қарап, сондай күй кешіп отырмын.

Менің поэзиялық таным-талғамымды білгісі келді ме?

– Тағы қандай ақындарды оқисың?  – деді.

– Абайды қайталап оқып тұрамын. Сонан соң маған Қуандық Шаңғытбаевтың, Мұқағали Мақатаевтың, Сағи Жиенбаевтың, Қадыр Мырзалиевтің, Тұманбай Молда­ғалиевтың, Фариза Оңғарсынованың өлеңдері ұнайды, – дедім.

– Қуандық ағаның бір өлеңін оқышы?

– Төрт өрме қамшы сарт етті,

Жанары қыздың жалт етті!

Топылдап тиген тұяқтан,

Тозаңы жердің өрілді.

Дүйім ел тұрып, бұл жақтан,

Күледі гулеп көңілді.

– Қараңыз, өлеңмен өрілген сурет емес пе? – дедім.

– Иә, бұл Қуандық ағаның «Қыз қуу» деген өлеңі… Өзің де өлең жазасың ба?

– Жоқ.

– Неге? Ақынжанды сияқтысың ғой.

– Бала күнімде жазғанмын. Бірақ сіз секілді мықты ақындардың өлең-жырларын оқығаннан кейін қойып кеттім.

– Расында да, әлгі айтқан ақындарың – кіл мықтылар. Мен солардың көшіне ілесе алсам жақсы. Негізі өлең-жырды таңдап және талғап оқу керек. Әйтпесе босқа уақытың кетеді.

Өзімнің сол кездегі деңгей мен шама-шарқыма қарай Жұмекеңе бір-екі сауал қойған болдым. Басқа сұрақтар қоюға өрем жетпеді. Оның біреуі:

– Өлеңді және прозалық шығармаларды қай кезде жазасыз? – деген еді. Оған:

– Қайсысының шабыты қай мезгілде келеді. Сонысын жазамын, – деп жауап бергені есімде. Ал:

– Ауылыңыздың сыртындағы саз балшықта әкеңіздің ізі әлі сақтаулы ма? – дегенімде қатты толқып:

– Ол кезде қазіргідей жалаңдап тұрған фотосуретшілер жоқ. Атам Нәжімеден соғысқа бара жатқан әкем Сабыржанның аяғының ізін сазға түсіріп алып, үстіне қазан төңкеріп қойған ғой, – деді. – Баласынан қалған сол ізді өле-өлгенше көңіліне медеу тұтып өтті.

Тағы да біраз әңгімелер айтылды. Жұмекен ақынмен болған аз-кем отырыстан әжептеуір ғибрат алдық. Көп ұзамай ол орнынан тұрып:

– Жассыңдар ғой. Енді өздерің отыра беріңдер, – деп кетуге ыңғайланды. Сейітқұл екеуміз ол кісіні бер жақтағы әл-Фараби көшесіне дейін шығарып салдық. «Ал аман болыңдар!» деп сары таксиге отырып кетіп бара жатты.

Сол кезде Жұмекен ағамыз маған үл-ке-е-н кісі көрін­ген. Сөйтсем, небәрі 44 жаста екен. «Мектеп» баспасында бөлім меңгерушісі болып қызмет жасап жүрмін деген-тін. Содан үш-төрт жыл өткеннен кейін-ақ мәңгілік мекеніне аттанды.

Мен кейде: «Мектеп» баспасына Жұмекен ақынды арнайы іздеп барып, неге кеңірек сөйлеспедім екен?» деп өкінемін. Таланттың қадірін көзі тірісінде білмейтініміз бар…

Меніңше, Жұмекен поэзиядағы тума талант, дара тұлға. Сенбесеңіз, өмірінің соңғы (1983) жылында жазған «Мизам» дейтін мына бір өлеңін тұшына оқып, ой жүгіртіп көріңіз:

Күні кеше көктем еді, япыр-ау,

ұзақ күндер өтпеп еді, япыр-ау.

Мұнша жылдам жапырақ қалай сарғайды,

Соған түскен секілді –

айтуға ауыз бармайды –

дүниедегі барлық азап, бар қайғы.

Кеше ғана жасыл талдар

бір індет  ұрған сынды дірілдеп тұр, дірілдеп…

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *