«ЖЫҒЫЛҒАН ҮСТІНЕ ЖҰДЫРЫҚ» БОЛМАСЫН…

Ураина – Венгрия қатынасындағы қайшылық

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысыУкраина мен Ресей арасында Қырымға, Донецк пен Луганскіге байланысты  қырғиқабақ қатынас орнап, бұл мәселеде АҚШ  пен Еуроодақтың  Киевті қолдап,  Мәс­кеуге саяси қысым мен  экономикалық санкциялар жариялауынан  халықаралық қатынастың ушығып тұрғаны жұртқа мәлім.Украинаның бастан кешіп отырған  ауыртпалығы мен дағдарысы  аз болғандай, ендігі жерде оның Венгрия арасындағы  қайшылығы қосылып отыр. Бұл қайшы­лықтың басқадай мәселе емес, Украинаның Карпат өңірінде тұратын венгр диаспорасына  қатысты екенін айта кеткен жөн.Тарихшы мамандар білетіндей, Украинадағы  венгрлерді ғайыптан тайып басқа жақтан ауып келген келімсектер не босқындар деуге әсте  болмайды. Олар сонау  ІХ ғасырдан бері осында тұрып, тұрмыс кешіп келе жатқан венгр-мадьярлардың ұрпақтары.Көне деректерге көз жүгіртсек ІХ-Х ғ.ғ. Карпат  өңірінің жазық бөлігі, ал ХІІІ-ХІV ғ.ғ. таулы аймағы  Венгр корольдігіне қараған. Бұл аймақ  кешегі 1919 жылға дейін Чехословакияның  құрамында болып, онда венгрлер  басым этнос болған. 1910 жылғы санақта Карпат өңірінің  отыз пайызын венгр ұлты құраған. Демек, украин венгрлері  аласапыранды аумалы-төкпелі заман, әр қилы тарихи  оқиғалардың салдарынан өз­дерінің тарихи Отаны  Венргиядан  ажырап,  шекараның бергі бетінде қалып қойғандар.Кеңес Одағы тұсында, 1959 жылы жүргізілген санақта венгрлер  Карпат облысы тұрғындарының 14 пайызын иеленген. Бүгінгі  мәліметтерге қарағанда, Украинадағы  венгрлердің  жалпы саны 150 мыңнан асады. Олар негізінен Карпат облысының Берегов, Виноградов  аудандарында көбірек, ал Ужгород пен Мукачев аудандарында азырақ қоныстанған. 2001 жылғы санақта  Береговтегі  венгрлер 48 пайыз, ал украиндар  38 пайыз болып шыққан.  2012 жылы  жергілікті билік  іс қағаздарын венгр тілінде жүргізу жөнінде шешім қабылдаған.Әрбір ұлт-диаспора секілді  Украинаның  Карпат облысында  тұратын венгрлердің  өздерінің тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтап қалуға тырысатыны табиғи нәрсе. Сол себепті де күні кешеге  дейін  аталған өңірде венгр тілінде білім беретін 71 орта мектеп жұмыс істеп келді. Оны бітіргендер шама-шарқына қарай әрі Украинаның  немесе  Венгрияның  колледж бен университеттерінде  оқуын жалғастырып жатты.Әйтсе де,  Украина Білім министрлігі  2016 жылғы тексеріс жүргізіп,  бір ғана Берегов ауданында мектеп бітірушілердің 75 пайызы  мемлекеттік украин тілін нашар білгендігін анықтаған.Осындай олқылықты жою үшін бе, әлде басқадай мақсатпен бе, 2017 жылдың  қыркүйегінде Украина президенті  Петр Порошенко ұлттық азшылық мектеп­терінде білім беру тәртібін өзгерту жөнінде заң шығарды. Ол заңда:

  • 2018 жылдан 5-сыныптан бастап, 2020 жылдан толықтай ұлттық азшылық мектептерде оқытуды тоқтату;
  • Бірқатар сыныптарда Украинаның жергілікті ұлттары: қырымшақтар, қырым татарлары мен қарайым тілдерінде  білім беруге рұқсат ету;
  • Орта мектептерде бір не бірнеше пәндерді Еуроодақ  тілдерінде оқытуға рұқсат етілетіндігі көрсетілді.

Сондай-ақ, 2020 жылдан  бастап кейбір пәндердің ғана венгр тілінде оқытылатындығы  айтылды.Қазіргі күнге дейін жоғарыда айтылған Берегов педагогикалық институтында, Ужгород ұлттық уни­верситетінде  және Мукачев педагогикалық инсити­тутында  венгр тілінде оқып, білім алуға  мүмкіндік бар.Украин билігінің білім беру саласындағы әлгіндей заңнамалық шектеу шарасы  жергілікті венгрлерге «отқа май құйып», намысын таптағандай әсер етті. Сөйтіп, олар өздерін ұлттық кемсітушілік пен қысымға ұшырап отырмыз деп есептеп, түрлі халықаралық ұйымдарға шағымдануға көшті. Қандастарының  мұндай жағдайына  Венгрия үкіметі де алаңдаушылық білдіре бастады.Осыған байланысты кейінгі үш-төрт жылдың көлемінде Украина мен Венгрия  бір-біріне бірнеше нота жолдады.  Будапешттегі Украина елшілігінің алдында  ұлтшылдық және патриоттық ұстанымдағы қозғалыстар мен партиялардың ұйымдастырумен «Карпатия өзін-өзі билесін!»  деген тәрізді ұран көтерген наразылық акциялары өткізілді. Шеруге шыққандар  венгрлерге қоса, Украинада «поляк, болгар, орыс және армян сияқты аз ұлттар өкілдеріне де бостандық берілсін!» дегендей талаптар қойды.Осының бәрін Украина билігі  Мәскеуден көреді. Солардың қолдап-қуаттауымен, әдейі айдап салуымен болып жатқан арандатушылық әрекеттер деп пайым­дайды.Өткен қыркүйек айында  «Укринформ» ақпараттық агенттігі  Карпат облысының  Берегов ауданында  консулдықтың жергілікті  венгр ұлтының өкілдеріне  Вен­грияның төлқұжаттар таратқанын және де ондай құжатқа ие болғандардың  Венгрия  мемлекетіне адал қызмет ету жөнінде ант бергенін хабарлады. Консулдық оларға  венгр төлқұжат алғандарын  құпия ұстауды мұқият тапсырған көрінеді.Мұндай  факті белгілі болысымен Украинаның Сыртқы істер министрлігі  Венгрия үкіметіне нота жолдап, шұғыл шара  қолдануды  талап етті. Өйтпеген жағдайда Береговтегі венгр консулының  елден  шығарылатынын  ескертті. Будапешт бұған құлақ аспай, өз консулын кері шақырып алудан бас тартты. Тіпті, «Украинадағы венгрлер ұдайы қысымшылық пен кемсітушілікті бастан кешіруде» деген наразылығын  да  жеткізді. Осыдан кейін Украина үкіметі  венгриялық консулын «персона нон грата» деп жариялап, елден кету талабын қойды. Өз кезегінде  Венгрия да  украин дипломатына  сондай шара қолданды.Бұл ретте Венгрия өзінің 1961 жылы Венада дипло­матиялық қатынастар және 1963 жылы қабылданған консулдық  қатынастар туралы  конвенция талаптарын  бұзбағанын, онда  дипломатиялық және консулдық мекемелердің азаматтық пен төлқұжаттар беру мәселе­сімен  шұғылданатыны  көрсетілгенін  айтады.  Дипломат мамандардың  айтуларынша, расында да  солай. Бірақ  дипломаттар мен консулдар  жергілікті жердің, жұмыс істеп жатқан  елдің заңдарына қайшы әрекеттер жасамауы тиіс.Екі ел арасындағы осындай  түсініспеушілік пен келіспеушіліктің кесірінен 2017 жылдың қазанынан Венгрия  Украина мен НАТО-ның саммит өткізілуіне вето қойды.Бүгінгідей қиын кезеңде  Украина-Венгрия  қатына­сының  ушығып тұрғанына  саясаткерлер мен сарапшы­лар, дипломаттар  әрқилы  пікір мен көзқарас білдіруде.Мәселен, Украина-Венгрия қатынастары жөніндегі сарапшы, саясаттанушы  Дмитрий Тужанскийдің айтуынша,  Карпатиядағы венгрлік төлқұжаттар беру байланысты туындаған  дау-жанжалдың нәтижесі  екі елдің  қатынасын басқаша  құруға  мұрындық болады.  «Әліптің артын бағайық. Қос тарап  консулдарды қуып шыққаннан кейін  сабаларына түсіп, қалыпты келіс­сөздер  жүргізе ме, әлде текетіресті одан әрі жалғастыра  бере ме?» – дейді. Осы сияқты Украина ғылыми-зерттеу институ­тындағы халықаралық және ішкі саясат бағдарла­масының сарапшысы  Игорь Тышкевичтің түсінігінше,  сонау 1991 жылы  екі ел арасында достық пен ынтымақтастық туралы  келісімге қол қойылғанда қателік жіберілген.  Әу  бастағы  венгрлер тұратын өңірде  «өз тілінде дінге сену-нану еркіндігі және ана тілінде діни білім алу» деген нұсқа өзгертіліп, жалпы «білім» деп жазылған. Венгрия  үкіметі осы  шалалықты пайдаланып, Карпат өңірінде тұратын венгрлерге  оқулықтар мен оқу құралдарын  жіберіп,  венгр тілінің жандануына  ықпал етуде. Осының нәтижесінде  венгр диаспорасының  ұлттық сана-сезімі  күшейе түскен.Ал  Украинаның уақытша басып алынған терри­ториялары жөніндегі  министрі  Геогрий Тука «Обозре­ватель» порталына берген сұхбатында «мұның бәрі  ресей­шіл ұстанымдағы  Венгрияның  әдейі жүргізіп отырған  «арнайы операциясы»,  дей отырып, – Жағдай осылай жалғасып, кете беретін болса, Украинаның  Қырым мен Донецкі сияқты Карпат өңірінен де айырылуы әбден мүмкін», – деген қаупін жасырмаған. Тіпті  ол:  «егер де мен Павел Климкиннің орнында болсам мәселені екі аптаға созбай  венгр консулын келесі күні-ақ қуып шығар едім», – деп қатқыл пікір білдірген. Оның ойынша, Украина  мұндай жағдайда  қатаң амал-шараларға баруы керек. Елдің қазіргі кезде алатайдай бүлініп, жік-жік болып отырғаны  орталық биліктің  әлсіздігі мен босаңдығынан.Дипломатияның  тарихынан білетініміздей   ел мен елдің, мемлекет пен мемлекеттің  қарым-қатынасында мұндай  келіспеушілік пен қарама-қайшылық бола береді. Дейтұрғанмен, қазіргідей  ел басына күн туып отырған қиын-қыстау кезеңде  Украинаның  сыртқы саясатта ұстамдылық танытып,  басқа елдермен дау-дамайға бармағаны жөн.Басқаша айтқанда, шекаралас, іргелес  жатқан  екі ел: Украина мен Венгрияның  қатынасы  ушығып күр­деленетін болса, «Жығылған үстіне жұдырық» болмақ.Ерегес пен дау-дамай ешбір елге опа бермеген. Осыдан бір жылдай бұрын ғана, яғни  2017 жылдың сәуірінде  Венгрияның  Кишварда қалашығында   екі елдің Ауыл шаруашылығы министрліктерінің өкілдері  кездесіп,  «аграрлық секторда, әсіресе, шарап жасау мен органикалық  тыңайтқыштар өндіру және ветеренария саласында ынтымақтастығымызды дамытудың мүмкін­діктері  зор» деп  талай кәсіпкерлердің  көңіліне  жылылық ұялатқан еді.Жалпы,  адамзат қоғамында  мемлекеттер қатына­сында  дау-жанжал, текетірес емес, екі жақты  тиімді қарым-қатынас  даму мен өркендеуге жеткізген.Украина мен Ресей қатынасына байланысты соңғы  бір жайсыздау жаңалық – Ресей үкіметі қараша айының  1 күні  украиналық 322 азаматқа және 68 компанияға  санкция жариялау жөнінде қаулы қабылдады.Санкция жарияланған жеке тұлғалардың ішінде:  Украина Ішкі істер министрі Арсен Аваков, Қауіпсіздік қызметінің басшысы Василий Грицак, Бас прокурор Юрий Луценко, Бас әскери прокурор Анатолий Матиос, Қорғаныс министрі Степан Полторак, Жоғарғы Рада төрағасы  Андрей Парубий, Ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс кеңесінің хатшысы Александр Турчинов, ел президентінің баспасөз хатшысы Святослав Цеголко, «Батькивщина» партиясының жетекшісі  Юлия Тимошенко сияқты лауазымды адамдар, бірқатар кәсіпкерлер мен саясаткерлер және депутаттар бар. Ол тізімге  Украина президенті  Петр Порошенконың үлкен ұлы,  парламент депутаты Алексей де ілінді.Ресей үкіметінің санкциялық қаулысына  қатысты  Петр Порошенко  Мәскеудің мұндай қадамға баруы  күтпеген, тосын жаңалық емес екенін айта отырып, «ондай тізімге ену біз үшін  мемлекеттік марапат секілді, біз оны солай қабылдап отырмыз» деген пікір білдірді.Ақиқат пен әділдігін айтар болсақ, Украинаны да  «сүттен – ақ, судан – таза» деп ақтау қиын. Бұлар тарапынан да  кейбір асыра сілтеу мен өзімшілдік кетіп жатқан  болуы керек.Өткен аптада Өзбекстан парламенті үкіметке Украинадан тасымалданатын кейбір тауарларға, атап айтқанда: кондитерлік және май өнімдеріне, қантқа  шектеу қою туралы ұсыныс  жасады. Бұл  Киевтің  УзДЭУ  автокәсіпорнының жеңіл көліктерін  импорт­тауды азайту  әрекетіне жауап болмақ.  Өйткені 2015–2017 ж.ж. аралығында Өзбекстан автокөліктерін  сатып алу 760,7 пайызға, яғни тоғыз есеге өскен. Осыған таңданған  Украинаның  сыртқы сауда ведомствосының сарап­шылары  өзбекстандық автокөлік жасаушылар  үкі­меттен субсидия  алып және  басқа да жеңілдіктерді  пай­даланып жатуы мүмкін  деген күдік келтірген.Осы сияқты, қазақстандық  Kursіv.kz  басылымы  кейінгі кездері  Ресей басшыларының бізге  жиі келгіш­теуіне қарап, Мәскеу  Қазақстанға  Украина, Грузия және Батыс елдеріне қарсы санкция жариялау жөнінде  талап  қоюы ықтимал  дегендей болжам айтуда.Әйтеуір   бір-бірімен  байланысып, шатасып, шиеле­нісіп  жатқан дүние. Әңгіме  Украина мен Венгрияның  текетіресінен туып кетті ғой.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *