Жығылғанға демеу, сүрінгенге сүйеу болған

Отыз бірінші мамыр «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» күнін Таулы қыраттағы «Омар ибн әл Хаттаб» мешітінде жамағаттар еске алып, жазықсыз жазаға ұшырағандардың «жандары жәннатта болсын» деп дұға айтып, аят оқыды. Осы мешіттің бас имамы Асан Тілеубердиев бұл игілікті шара бас мүфти Серікбай қажы Ораздың бастамасымен өтіп жатқанын айтты.
«Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейді халқымыз, біз осы орайда сол мәслихатқа қатысқан жандардың өз бауырларын аза тұтып, қандастарына қабырғасы қайысып, соншама аяушылық білдіріп тұрғандарын жәудіреген көздерінен, аянышты сөздерінен анық біліп тұрғандаймыз. Әрине, саяси қуғын-сүргіннің біздің халқымызға тигізген зобалаңын айтып жеткізу мүмкін емес. Президент Н.Назарбаевтың аталған тақырыпқа арнаған Үндеуінде: «1929–1933 жылдары екі миллионға жуық адам қаза болып, тағы миллиондай адам жан сауғалап, елден босып кетті.
Одан кейінгі саяси репрессияда қазақ қоғамының элитасын жаппай қырғынға ұшыратты. Саяси себеппен 103 мың адам сотталып, оның 25 мыңы ату жазасына кесілді.
Қазақстан аумағында он бір жазалау лагері құрылып, онда сотталғандар мен олардың отбасылары адам төзгісіз қиын жағдайда күн кешті», – делінген.
Қаншама зиялы қауымның сотталғаны, қаншасының айдауға, абақтыға жабылғаны туралы деректер қабырғаңды қайыстырады.
Халқымыздың алғашқы басылымдарының бірі «Айқап» журналында ел арасындағы келеңсіз жағдайлар жан-жақты жазылып тұрған, олардың ішінде бір үзім нанға, бір жұтым суға зар болып, ашаршылық пен жоқтықты басынан кешкен жұрттың ауыр жағдайы көрсетілген. Әсіресе, жер мәселесі жан-жақты талқыға түскен. Он бес десятина жерді аламыз ба, жоқ көшпенді қалпымызда отыра береміз бе деген ой халықты үрейлендіріп, ішкені ірің, жегені желімге айналған. Әсіресе, ел-жұрт аштан бұралып, барар жер, басар тау таппай ауыр күйге түскен. «Айқаптың» бетінде халықтың мұндай ауыр тағдыры үнемі жазылып, хабарландырылып отырған.
«Айқап» журналының «Әй, қап» деп аталуының себебі туралы редакторы М.Сералин: «Біздің қазақтың әй, қап демейтұғын қай ісі бар, газет шығармақшы болдық, қолымыздан келмеді, «Әй, қап» дедік. Жақсы жерлерімізді қолда сақтау үшін қала салмақ болдық, басымыз қосылмады. Қолайлы жерлер қолдан кетті, «Әй, қап» дедік. Қап дегізген, қапыда өткен істеріміз көп болған соң журналымыз өкінішімізге лайық «Айқап» болды дейді.
Осы Айқаптың идеясын әрі қарай жалғастырып, «Қазақ» атты газет шығарып, халқына аянбай еңбек еткен алаш көсемдерінің бірі, осы газеттің Бас редакторы Ахмет Байтұрсынов: «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың әруақты аты деп, газетіміздің есімін «Қазақ» қойдық», – деді.
Газеттің ең басты жұмысы халқына аянбай еңбек еткендігі, қаншама тепкі көріп, қайта-қайта ауыр салық төлеп тұрса да қайыспай-қаймықпай ел үшін тер төгуі еді. Бұл турасында Мұхтар Әуезов: «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына дейін түгелімен ой түсіріп, өлі ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» деген газеті болатын», – деген еді.
«Қазақ» газеті халқымыздың барлық ішкі-сыртқы жағдайын ешқандай боямасыз қаз-қалпында елге жеткізіп тұрды. Ол 1913 жылдан бастап, бес жыл бойы екі жүз алпыс бес саны жарық көрген.
Әрине, Әлихан Бөкейханов бастаған ел зиялыларының басын бір арнаға тоғыстырып, бір мақсат, бір мүддеде дамылсыз іс атқарған «Қазақ» газетінің халқына жанашырлықпен жасап жатқан асыл мұратын шын жанымен сезінген Шәкәрім Құдайбердіұлы «Қазақ құтты болсын» атты өлеңінде:
Дүниеге келді бізден бір
талантты ұл,
Ер жетсе бар қазақтың
басшысы бұл.
Бөгеттен, ауру-сырқау
аман сақтап,
А, Құдай! Құтты, өмірлі,
бақытты қыл.
Ойлама, газет бізге
не керек деп,
Газетсіз ел жаны
жоқ өлгенге есеп.
Көл болар көп түкірсе
деген кәні,
Кетпей ме бір тоқтыны
қасқыр да жеп, –
дейді кемеңгер ақын.
Біз бірнеше ұлт қайраткерлерінің «Айқап» пен «Қазақ» газетіне арнап жазған жанашырлық жылы лебізін білеміз. Осы жолда бар күшін сарқып жұмсап, қажырлы қайрат танытқан Ахмет пен Міржақыптың жолы да, жөні де бөлек, дара. Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейханов: «Шырағым, Ахмет, шырағым Мир-Якуб! Ертең-ақ Алла қаласа, күнді көре алатын ұрпақ келеді. Еңбектеріңді бағалап, құрмет көрсетіп жатса, онда бейнеттеріңнің ақталғаны емес пе?», – десе, ол ғұлама жанның айтқаны айнымай келді. Бүгінде Ахмет пен Міржақыпты білмейтін қазақ баласы жоқ.
«Айқап» пен «Қазақта» көтерілмеген мәселе болған емес, халықтың әлеуметтік жағдайын, тұрмыс-салтын, ауыз әдебиетін, тарихын, этнографиясын, қолөнерін, ауыл шаруашылығын, қарапайым қара шаруасын, биін, болысын да жан-жақты сөз еткен.
Әсіресе, халық жанын бейнелейтін әдебиетке ыждағаттылықпен көңіл бөлген. «Қазақ» газеті «қазақтың бас ақыны» деп Абай өлеңдеріне салиқалы талдау жасаса, «Қара қыпшақ Қобыланды» жырына енген артық шумақтардың бар екенін де әділ көрсеткен. «Айқап» журналы да романға бәйге жариялап, көптеген ақын-жыраулардың өлең-жырларын басқан.
«Айқап» та, «Қазақ» та ел жұрттың қиын хәлін ашынып жазған. Жығылғанға демеу, сүрінгенге сүйеу болған. Халайық қауымды сабырға, төзімділікке шақырған. Бұл екі басылым да өз кезінде ел-жұрттың іздеп жүріп оқитын асыл мұрасына айналған. Егемендік алған соң бұлар жеке-жеке кітап болып басылып шықты. Сол кездің қаражатының қиындығына байланысты толыққанды болып, тұтас сандары жарық көре алмады. Біз осы басылып шыққан екі дүниені қайта қарап, салиқалы алғы сөз, салмақты түсінігі мен кітап етіп бастыруды қалар едік.
Сәрсенбі ДӘУІТҰЛЫ.