ЖЫРБҰЛАҚ

Эссе

Жақау ДӘУРЕНБЕКОВ,

жазушы,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

1.

Күз айы еді, дәлірек айтқанда 1997 жылдың бесінші қыркүйегі.

Республика Сарайында болған бір салтанатты жиыннан шығып, Абай ескерткішіне жақындай бере алдымнан Жарасқан ұшырасты.

Аман-саулық, аз-кем әңгімелескеннен кейін «Ал, жақсы», – деп қоштаса бергенде, Жарасқан кілт тоқтай қалып:

– Менің саған тапсырмам бар, – деді тісін ақсита күліп тұрып. – Үш томдығым бар, соны шығарып бер, – деді. Жай айтқан жоқ, ақындық арыны бұрқырап тұр, – бұйырып айтты.

%d0%b6%d0%b0%d1%80%d0%b0%d1%81%d0%ba%d0%b0%d0%bd

Үш томдық дегенде, шошып кеттім. Ол кезде томдық шығаруға жүрек дауала­майды. Өйткені, томдық шығару үлкен ақсақалдарымызға тиесілі, шығару жайы жоғары жақтың шешімімен бекітіледі. Мемлекеттік баспа комитеті (Госкомиздат) соған сәйкес жоспарға өздері енгізеді, онда да өте сирек болатын ұйғарым.

Оның бәрін Жарасқанның өзі де білетіні даусыз, бірақ ақынды  айтқызып тұрған Мені екенін аңдап:

– Бұл қиын шаруа ғой, – деп күмілжи түстім де, іле үміт жібін үзбеу ниетімен:

– Бірақ бір кітабыңды  шығарып берейін, – дедім.

– Жақсы. Онда бір кітабымды сен, бір кітабымды Бексұлтан ағама берем, Жарылқасын ағама да ылайығы бар, – деп көңілденіп күліп жіберді.

Мынадай үлестіруді естіп, сол арада баспагерлік бір қисынның сап етіп келе қалғанын қайтерсің.

– Мынау үмітті үрлейтін идея екен, былай жасайық, – дедім кәдімгідей жол тапқанына өзім де қоса қуанып, – том­дығыңның бірінші кітабын біз шығарайық. Ал екінші, үшінші томдарды ағаларың шығарады. Үш кітап та томдық боп көрінуі үшін пішімі, көлемі, бояуы, безендірілуі бірдей болады тек мұқабалық түбіне 1 (бір), 2 (екі), 3 (үш) дегенді безендіру іспетті етіп көр­сетейік, үшеуін де бір суретшінің қолынан шығарамыз.

Осылай табанда туған ойымыздың жолы табыла кетті. Іске сәт тіледік. Жарас­қанның да әзілі даяр екен. «Балықшы балықшыны алыстан таниды» деген осы», – деп алыстағы Аралды еске түсіріп, бір күліп алдық.

Ертеңіне-ақ Жарасқан қолжазбасын әкеліп берді.

Бәрі рет-ретімен (өлең, баллада, поэма, аударма) жинақталған екен. Тіпті, кітап­тың форзацына лайықтап өз қолымен (почеркімен) жазған түп-нұсқа өлеңі – атақты «Ақ бұлақтарын» да әкеліпті:

«…Ақ бұлақтар!

Алқынған ақ бұлақтар!

Қазір – Көктем,

алдың – Жаз,

шапқылап қал!

Көкжиектен күн аунап барады әні,

Қызарғаны – қоштасып қарағаны…

Осылайша өтеді қайран уақыт,

Сені мәңгі қоймайды сайрандатып.

Күз де  келер

кем-кемдеп тартыларсың,

Қыс та келер

біржола сарқыларсың…

Ақ бұлақтар!

Алқынған Ақ бұлақтар!

Қазір – Көктем,

алдың – Жаз

шапқылап қал!..

Ж.Әбдірашев.

1965-1966 ж.

Алматы. Гор.Гигант».

 

Қаз-қалпында берілген Жарасқанның бұл өлеңінің калиграфиялық жазуы кітап­тың беташарындай – бетажарындай боп айқара берілді. Суретші Александр Тілен­шиевтің қолынан шыққан үш кітаптың безендірілуі ақынның поэзиялық пайымы мен парасатын кітап бетін ашқан сәттен аңғартатын аңдатпа шеберліктен-ақ көре­міз.

Кітаптың кіріспе іспетті сөзі кемел ойдың кенен қайырымымен басталады. Әп дегеннен:

«Біздің ҚазМУ-дың филология факуль­теті журналистика бөлімінде, – Мұқаңның дәрісін тыңдауға үлгіре алмаған болар, – менің дәрісімді тыңдап өскен», – деп алып, тебірене толғаған абыз-ұстазы Зейнолла Қабдоловтың жырларын шын жүрегімен қабылдауы, оның табиғатын шәкірт кезінен тани біліп, шын ақын екенін мойындауы Жарасқан поэзиясының бар болмысын таныта түскендей болады.

Бұған қоса, қазақ поэзиясының клас­сигі Қадыр Мырза-Әлінің түйген ойы тіпті терең де тағылымды: «Жарасқан – болмы­сынан ақылды қазақ. Мен «ақылды» деген сөзді әдейі айтып отырмын. Жалпы, әде­биетшіге «ақылды» деген сөзді көп айт­пайды. Әдебиетшілерге, көбіне «қабілетті», «дарынды», «талантты» деген сөздерді айтады. «Ақылды» деген сөзді мен ең бірін­ші рет Белинскийдің мақаласынан оқы­дым. Ол өзінің Герцен туралы сөзінде: «Бұл – ақылды талант!» дейді. Содан кейін бірде-бір орыс жазушысы жөнінде Белинский бұл сөзін қайталамайды», – деуіне қосыла отырып, Қадекеңнің «Жарасқанды ақылды қазақ» деп тегіннен-тегін айтып отырма­ғанына кәміл сенімдіміз.

Осындай ағаларының алғысөзімен өріл­ген Жарасқанның поэзиясының бірінші томы «Көңіл көкпары» деген атпен «Ана тілі» баспасынан (3000 данамен) 1998 жылы шілде айында жарыққа шықты, ілелетіп «Жалын» баспасынан екінші томы «Сана соқпағы» (өлең, баллада, эпиграмма, аударма) кітабы, ал «Рауан» баспасынан үшінші томы «Шежірелі шаңырақ» (өлең, тақпақ, ертегі, санамақ, жұмбақ) деген атпен шықты.

Бір жылда осылай Жарасқанның үш томдығы үш кітап боп қалай шыққанын еске алудың өзі ерекше сезімге бөлейді екен. Оның бәрі уақыт өткен сайын ақынның әр күні, әр сөзі, әр өлеңі қастерлі бола түсетінін пайымдаудың әсері болса керек.

Ақынның жаны  поэзиясында дейміз. Оның жырлары – алдымыздан шығар ақиқаты болар, бәлкім.

Оның бір ақиқаты – ақынның күндері оралмайтын болса да, өмірге өлеңімен оралып тұратыны болар.

Иә, Жарасқан да солай…

– Ақ бұлақтар!

Алдың — Жаз,

шалкылап  қал! – деп тұрғандай.

Еске түседі: әні, дауысы саңқылдап, жүрегі аңқылдап тұма жыры төгілді де кетті.

Осы сәтте Жарасқан жыр пырағының тізгінін қоя бергендей боп елестейді, еске түседі, ортамызға оралады.

Оралуы – өмірмен бірге жаралуы, өмірмен бірге жаңғыруы.

Тіпті, өмірмен бірге жасаруы десек те болады.

 

2.

Өлеңнің өз философиясы болады. Онсыз жыр жолдары жалаң ұйқас, сылдыр сөз, құрғақ қайырма боп қалады.

Осы пайым параметрімен қарасақ Жарасқанның әр өлеңі өз философия­сымен ерекшеленіп тұратынына тәнті боламыз. Өйткені, нені жырласа да өмірге сөзімен емес, жүрек көзімен қарайтын ақынның талғамы тынысты, толғамы тосын, түйіні тағалы боп келеді. Ойды жүрек дірілі – тілі деп түсінеді, буырқанған сезімді бұлақ көзіне балайды. Айналасына асқан іңқәр­лікпен қарайды, танып-білуінен тамсанысы асып түсіп жатады. Өмір, табиғат, адам, қоғам, адалдық, адамдық… тіпті гүлге дейін, теңіздің тамшысына дейін жан әлемін тербейді. Өркенді ойларын көркемді образдарға айналдырады. Соның бәрі қарапайым сияқты боп көрінеді, бірақ оның шындықпен көмкерілген құнды­лықтарын көресің, сол арқылы поэзияға деген парасатын танисың, айнымас адалдығын бағалайсың.

Оның перзенттік философиясы Адам – Өмір – Пешене философиясына айна­лады. Сәттік сезімнің өзі ұрпаққа ортақ ұлағаттыққа ұласады, өмір жайлы өлең- жапы­рағын жайып тастайды, кейде көңі­ліңе нұр сепкізіп, шым еткізеді. Қараңыз:

 

Ауылда арманшыл бір бала болды,

Ол кейін алыс кетті,

қала көрді.

Сол бала сағынады кей уақытта,

Шаңдағы бұрқыраған қара жолды.

…..

Жо-жо-жоқ!

Зауласа да заман қанша,

Сүреді адам өмір – адамдарша,

Ешқашан қара жолды шөп баспайды,

Інілер ізіне ерген аман болса!..

 

(«Қара жол»).

Шумақтардағы осы бір сезім бұрқа­ны­сы әркімнің өз басында болған қастерлі де қимас сәттей боп әсер етуі әрі таныс әрі табиғи.

Заман да, өмір де өзгереді – бұл бүгіннің шындығы. Ал адам өзгерді ме? Ақын үшін оның сыры бөлек, қыры құбылмалы, көкжиегі шексіз.

Бұған әрине әркім өзінше жауап беруге, безбендеуге, бағалауға хақылы. Мұндай өзге­рістерге ақынның адам болмысына қарап ой пішуі заңдылық. Адам – табиғат­пен бірге жаралған, табиғаттан ажыра­май­тын жаратылыс. Оның қоғамның ың­ғайына қарай пенделік-психологиялық тоқырауларға ұшырай бастауына куә болу сәтінде туған жырларында ол табиғи поэ­тикалық талабынан танбайды, тайқымайды да. Қайта ашық айтып, айқын позиция ұста­нады. Оны «Өмірбаян туралы ғиб­рат­нама» атты өткір ойлы өлеңінің темірқазық түйіні астарлы пайымымен айғақтай алады:

«Ойлан!

Ойлан!

Орынсыз қақпа «дабыл!»

Оңған емес – қазғандар «аққа» қабір!

Келешектің алдында күмілжімей,

Өткеніңмен алғаусыз ақтала біл!

Атағы бар, аты бар өңірге аян,

Ойлануда бүгінде небір ноян.

Өзгертуге болады өзіңді де,

Өзгертуге келмейді Өмірбаян!».

Жарасқан үшін туған жер, туған даланы толғай жырлау – талмай жырлау жан қалауы еді.

Жарасқан туған жер туралы алғашқы жырын 17 жасында 1965 жылы жазыпты. «Қош бол, Арал!» деп аталады.

 

Қош бол, Арал!

Қоштасарда қыстығып жылап алдым,

ермін деуші ем,

еріксіз егілді ішім.

Сен де бір сәт туламай,

тына қалдың…

Теңіз емес –

Толқыған көңілмісің?..

 

Алшақ тартып арамыз айдан-айға,

ауыр соқты-ау саған да,

маған-дағы…

Толқындарың тұншыға аймалай ма?

жалаңаяқ ізімді жағаңдағы?..

 

Ағат қылсам,

қайтейін,

ақтайды арман!

Арпалысқан ақындық тірлік үшін

Оңтүстікті паналап,

қайтпай қалған

шағалаңмын…

Мен де бір жыл құсымын!..

 

Жойқын дауыл мүлгиді жас жанымда,

сол оянса –

түгелдей сарқылар мұң!

Саған ұқсас сан Теңіз аспанында

сен туралы сыр шертіп,

шарқ ұрармын!..

 

Туған жердің мұңын жырлап шарқ ұрар шабытты сәттері әлі талай толқын жыр боп туарын сезгендей-ақ екен. Оған уақыт куә­гер болды. «Дала, сенің ұлыңмын» кітабы шығармашылық таңы, туған жеріне тілектес бір тамшы қаны (жаны дегенім) болды. Туған жерге деген өжеттігі сондай, оқтын-оқтын оралып отырады. Оралған сайын өркен­ді ойлары желкенді жырларға айна­лып, толқыннан соңғы толқындай бірінен-бірі асып түсіп жатар еді.

 

……..

Туған дала,

талайлардың от қанын

лапылдатты тентек күйің,

текті әнің. Сөз сөйлесем –

Сенсің биік тұғырым!..

Сенсің менің абыройым,

Мақтаным! –

деп төгіле тасынып;

 

Туған дала,

тыным алмас жастамын,

тер төгуден,

өртенуден қашпадым!..

Шаршағанда шалғыныңды жастанып,

шалқаласам,

Шаңырағым – Аспаның! –

деп сөгіле шашылып;

Туған дала,

енді бір сыр толғайын:

Бір аруың болды күнім,

болды айым!

Ол үшін де –

сен үшін де –

қиналмай

қыршынымнан қиылуға мен дайын! –

деп қырандай құйылып;

 

Туған дала,

жаным сенен от алды,

сен деп білем:

анам,

әкем,

атамды…

Екеу болып аттанбақпын ертеңге,

батаңды бер,

батаңды бер,

батаңды! –

деп ұрандай иіліп;

Туған дала,

тынысымды кең алып,

көңілімнен көп іздедім даналық…

Мүмкін емес –

менің тексіз болуым,

ұлы Абайды туған болсаң сен анық! –

деп ағынан жарылып;

 

 

Туған дала,

атыңның,

атағыңның

аспандатар тұғырын қатарым мың!..

Сәніңмін мен!

Серіңмін!

Сеніміңмін!

Арыңмын мен!

Ақынмын!

Ақаныңмын! –

деп арынан табылып; – буырқанған жолдармен басталатын өлеңдер циклі от пен шоқтан жаралғандай жарқыл салады, төкпе арыны ауыздығымен алыс­қан арғымақты елестетеді, бұрқ-сарқ қайнауы кезек-кезек оянған жанартау­лардай жар­қыл салады. Қызуы қандай, қайрауы қандай десеңші?! Шынына жүгінсек, мұндай жырлардың шабыт – энергиясын сезіну де бір ғанибет.

 

Шымырлаған сезімдермен тасып төгілген жырларына оқырманның, әсіресе, жас қауымның қоғадай жапырылып қол соғуы соның мысалы. Өйткені, өлеңдерінің әр жолынан жан әлемі көрінетін Жарас­қанды ойы азат, ары таза ақынға балайды. Өйткені, оның поэзиясынан парасат пер­нелері үн қатады, бітімі бөлек шабытынан еркіндіктің биотогы еседі, жан рухының жақындығын сезінеді. Бұл ақынның ұлт ұрпағына жар салған – дабылы, ақ бұлақ­тары мен жас құрақтарына (жастарына дегенім) керуен келешегіне ұстатқан қам­шысы іспетті еді. Ашығын айтар болсақ, туған жерге деген мұндай мінажат – перзенттік парасат тағзымы Жарасқанға туа біткен табиғи қасиет дер едік.

 

3.

Енді осындай өрісті жырлары мен оқырманның сүйікті ақыны (қазіргіше кумирі) болып жүрген кезінде Жарасқан­ның менің қолжазбама пікір (рецензия) жазған жайына келейін. Сол 1977 жылы «Жалын» баспасының жоспарына «Жол­дас, комсомол!» атты очерктер жинағым кірген еді. Соның қолжазбасы бірнеше адамға рецензияға ұсынылыпты. Бірі – Жарасқан екен.

Жарасқанның пікірі (кейін білдім, әрине) мынадай болыпты (қысқаша үзігі):

«…Жақау Дәуренбеков республи­ка­мызға «Лениншіл жас» газеті арқылы жақсы танылып қалған жас журналис­теріміздің, талантты журналистеріміздің бірі. Оның комсомол өмірінен жазылған проблемалық мақалалары, очерктері, публицистикалық толғаулары көпшілік қауым көңілінен шығып келеді.

Ә дегенннен-ақ публицистикалық асқақ пафоспен әдемі басталыпты. Анық­тағанымыз: кітап – республика комсомо­лы­ның ерлік даңқы музейіндегі мұралар хақында екен. Қуанып қалдық. Жақсы табылған тақырып, көп нәрсені, көп нәрсе болғанда, комсомол тарихын, оның ерлік жолын баяндауға сәтімен табылған кілт.

Енді біз қолжазбаны оқуды доғара тұрып, музейдегі қандай мұраларға, қай кезеңнің мұраларына нендей себеппен, нендей жүйемен тоқталды екен деген оймен очерктер тақырыбына назар аударып шығуды жөн көрдік.

Бірінші очерк – «Комсомол билеті – №28». Түсіне қойдық. Алғашқы комсо­молдар туралы, республика комсомолының алғашқы қарылғаштары туралы әңгімені 1918 жылдан комсомол мүшесі Хамид Чуриинің өміріне сүйене отырып, әрі нақ­тылы, әрі көркем түрде баяндамақ болған. Неге бұлай дей алмайсың. Дұрыс, орынды.

Екінші очерк – «Браунинг». Тақырып­тың өзінен-ақ 20-шы жылдардың лебі, 20-шы жылдардың исі келеді. Бандылар  мен контрреволюцияға қарсы күрес жылдарын­дағы комсомолдар ерлігін автор сол бір сұрапыл кезеңнің комсомолец, қазір атал­мыш музейдің директоры Павел Михай­лович Зеленцов ғұмырнамасын арқау ету арқылы айтып беруді алға қойған. Бұл ретте де қателеспеген. Комсомол тарихын таны­туға қажетті мұраны таңдай білген.

Үшінші очерк – «Вожатый». Түркістан комсомолының тұңғыш пионер вожатый­ларының бірі, 1927 жылы қазақ пионер­лерін Артекке алып барушы Сады Хадыр­баев туралы. Бұған да дауласа алмайсың. Жазылуға, айтылуға керек жай.

Төртінші, бесінші, алтыншы очерктер де осындай ретпен, яғни байтақ еліміз басынан кешкен тарихи кезеңдер тұсын­дағы республика комсомолы атқарған ерлік істерді жүйелі түрде шертеді. Қай-қайсысы да жалпылама баяндау, жалаң сөзбен емес, нақтылы адамдар, нақтылы оқиғалар негізінде нанымды сипатталған.

Біз әуелі кітаптың жалпы құрылымы­мен үстірт танысып шыққанда осындай жақсылық нышандарын, жетісті жақтарын бірден байқадық. Бұл – пікір авторының емес, кітап авторының, кітаптың артық­шылығы болса керек.

Ал енді қолға қалам алып дегендей, шұқшия оқи келе аңғарған ақау, көрген кемшіліктерімізге келейік.

Жалпы, Жақау Дәуренбеков қаламы төселіп қалған, сөз қасиетін, тіл қадірін біле­тін журналист. Сонда да болса арагідік жіберіп алатын ақаулары жоқ емес. Солардың біразын келтірсек, автор мен редактор нұсқалған бағытта жұмыс істесе түседі ғой дейміз. Мысалға, Жақау «біздің бейқұт өмір», «бейқұт дүние» деген сөзді жиі қолданады және де жақсы мағыналы сөз деп ұғатын тәрізді. Бұл – қырғыз тілінде «тыныш», «мәмірежай» деген сөз. Ал қазақ тілінде «бей» кері мағына беретіні белгілі. Мазасызды – беймаза, мезгілсізді – бей­мезгіл ауыстыратынын білеміз. Демек, бейқұт – құтсыз деген ұғымда қолданы­лады. Тағы бір байқағанымыз: «леп лекиді» секілді тіркес қайталанып отырады. Біздіңше, «леп лекімейді», леп соғады, леп еседі. 92-ші бетте: «Балалар қуанып айран-асыр» деген сөйлем бар. Бұл да дұрыс емес. Қуанған адам «айран-асыр» емес, таңдан­ған адам «айран-асыр» қалады. 57 бетте: «Ал атаманның айтқанына келер болсақ, әлгісінің бәрі «бос шатпақ» деген сөйлем бар. Айтылған сөзді «бос шатпақ» емес, «бос былшыл»  дейді, «бос шатпақ» жазыл­ған сөзді сипаттаса жөн.

Жоғарыда айтылған ыңғайдағы аздаған олқылықтардан арылтса, «Жолдас, комсомол» республика комсомолының ерлік жолын баяндайтын жақсы кітаптың бірі болғалы тұрғанына күмәніміз жоқ.

Мұндай танымдық та, тәрбиелік те, тарихи да мәні бар кітапты шығарудан баспа да, басқа да ұтылмайды деп ойлаймыз.

11.07.1977 жыл».

Осы пікірінде Жарасқанның тазалығы мен туралығы көрініп тұр.

Бұл пікір мен үшін әлі күнге дейін ыстық әрі қымбат. Ондағы қолтаңбасы Жарасқанның ойтаңбасы, ізгі ниет – игі тілегіндей боп көрінеді.

Өзім солай қабылдадым.

 

4.

Бір ойым айтады: ақынның төлқұжа­тындай боп кететін төлтұлпар туындысы болады.

Жарасқанның аты аталғанда «Ақ бұлақ­тарының» тіл ұшына орала кететіні соның айғағы. Бұл — Жарасқанның жыр­бұ­лағына деген оқырманның іңкәр ықыласы, баға бейілі.

Бұған сенімім кәміл.

 

5.

Тағы да күз келіпті.

Жапырақтар жауып тұр…

Жап-жасыл жапырақтар сарала түске боянып көз тартады.

Еске түседі: кезінде Жарасқанның жыр­лары да жап-жасыл еді-ау. Енді ол да көңілімізде сағыныштың сарала жапырақ­тарына айналып, сыр шертіп жатқандай…

 

21-25 қазан, 2017 ж.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *