Жырақта жүрген Жәмила

(Эссе)

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

 

Сәті түскен сұхбат

 

Аңсаған жүз жыл жүз жүрек,

Болмай-ақ қойшы Қыз Жібек!

Теңемен гүлдің гүліне,

Тағдырын шешкен күзгі леп!

Асқар Егеубай, «Қазақ қызы».

 

Мен оны Стамбұл қаласында кездейсоқ жолықтырдым. Жәмила Стехликова Түркі тілдес халықтардың дүниежүзілік бірінші форумына Чехиядан делегат болып келді. Өзге елдің білдей бір министрі болған қазақ қызын кім білмейді?! Көргенімізге қатты қуандық. Тілдесіп қалуға тырыс­тық. Қандай қарапайым! Неткен кішіпейіл! Күні кеше министр болып едім деп шіреніп тұрған жоқ. Жүріс-тұрысынан, іс-қимылынан еуропалық үрдістерге әбден бейімделгені байқалады. Жөн сұрастық. Бір жылдың төлі екенбіз. Бұл кезде менің құрдасым баршаға танылған мәртебелі министр қызметі­нен босаған еді. Сол елдің СПИД-ке қарсы күрес орталығын басқаратын көрінеді. Ол өз жұр­тынан келген журналиске сұхбат беруге бірден келісті. Жалпы, әңгімені өте жақсы айтады екен. Сөзінен де, ісінен де арғы атасынан келе жатқан зиялылықтың белгісі анық аңғарылып тұрады.

Ол сөйлеп кетті. Саясатта әбден ысылғаны, мінберде жұртты аузына қаратуға үйренгені көрініп тұр. Қай қырына үңілсең де қамшы салдырмайды, қандай қитұрқы сұрақ қойсаң да ұстатпайды. Соған қарамастан, өрекпіген өркеу­делігі сезілмейді. Кейбір шешендер секілді жыл­тыр сөзге әуестігі де жоқ. Айтпағын жүйелі баян­дайды, мәселенің мән-жайына үңіледі. Түйдек-түйдек ой қозғап, ауық-ауық түйіндеп тастайды.

Өз басым бүгінде әлемге танымал болған қазақтың қайсар қызына разы болып отырмын. Чехияның саясат сахнасы оны шарболаттай шыңдап шығарыпты. Жат жұртқа барып, білдей бір саланың басшысы дәрежесін иелену екінің бірінің қолынан келе бермес. Сонда оны осындай биікке бастаған ненің құдіреті өзі?

Жәмила қыз ару Алматыда туып-өсті. «Есімі­ңіз қандай мағына беретінін білесіз бе? Атыңызды кім қойған?», – деп сұрадым. «Кім қойғанын сұрамаппын. Сірә, ата-әжем шығар деп ойлаймын. Бірақ «келбетті», «бәденді» деген мағынаны білдіретінін білемін. Араб тілінен енген сөз ғой», – деді ол. Әкесі Алмас Баймұқанұлы Ордабаев өмір бойы қазақтың ою-өрнектерін зерттеумен айналысыпты. Өнегелі өнертанушы ұлттық құндылықтарымыздың бастау көздеріне үңілген. Мамандығы архитектор болған соң сән мен сәулетті барынша бағалай білген. Соның бәрін кішкентай қызының санасына сіңіре беріпті. Үнемі жанына ертіп жүріпті. Алматының маңайындағы Қаракемер ауылына жиі барып тұрады екен. Бұл ауылда Жәмиланың аталары тұрған. Сондықтан келешектегі сұңғыла сая­саткер қыз титімдей күнінен қала мен ауылдың айырмашылығын көріп-біліп, талдап-таразылап өсіпті. Қазақты жалпақ жұртқа таныстыратын қастерлі құндылықтардың бірі осы Қаракемер екенін ол жастай ұқты.

Алмас аға қызына тарихы тереңнен тамыр тартатын көне ғимараттарды көбірек көрсетті. «Жәмила, міне, қарашы, біздің бабаларымыз қандай шебер болған? Қандай ескерткіштер тұрғызған!», – деп қызының санасын серпілтетін, қиялын қозғайтын. Оған Қорқыт туралы аңыздарды көп оқытты. Ұлы даланың өзге де тұғырлы тұлғалары туралы мәліметке қанық­тырды. Білмекке құштар парасатты перзентін бабалар даналығынан ғибрат алуға баулыды. Оқу орнында өнер, архитектура тарихынан сабақ беретін Алмас Баймұқанұлы қазақтардың бейнелеу өнерін дәріптеу, құрылыс саласындағы ою-өрнектерді жаңғыртуды мақсат етті. Ашық аспан астындағы мұражай сынды Маңғыстау даласындағы ескерткіштерге ықыласы ауып, теңдесі жоқ өнердің тылсым сырларын саралауға ден қойды. Ежелгі дәуірдің тарихына терең бойлап, бағзы замандағы бабаларымыздың қалай жерленгені туралы мәлімет жинады. Қызын ауылға ертіп барып, ағайын-туыстарды бірге аралаған кезінде айналаның бәрін суретке түсіріп жүретін. Ойға түйгенін қойын дәптеріне дереу жазып отыратын. Ол қызына: «Жәмила, міне, біздің туыстарымыз қазір осылай өмір сүріп жатыр. Енді бір жиырма-отыз жылдан кейін бүкіл тіршілік өзгереді», – дейтін. Сөйтіп, әкесі оның ауылға деген махаббатын оятты.

Кейде Жәмилаға сол бала кезінде естіген әңгімелерінің әсері осы күнге дейін тарқамаған тәрізді көрінеді де тұрады. Сондықтан о бастан біздің кейіпкеріміздің танымы кең, түйсігі жоғары болды. Өзінің де, өз ұлтының да түп-негіздерін зерттеп-зерделеуге құмартты.

Өз жұрты осындай өнегелі болса, нағашы жағы да осал емес еді. Анасы Рауза Сембаева – кезінде Қазақстанның Оқу-ағарту министрі болған Әбдіхамит Сембаевтың қызы. Бұл бірта­лай танымал тұлғалар шыққан берекелі әулет еді. Рауза Әбдіхамитқызы Мәскеу мемлекеттік уни­вер­ситетінің аспирантурасында оқыды. Кейін сонда қалып, қызмет істеді. Химия ғылымының кандидаты. Нағашы ағасы, әйгілі қаржыгер Дәулет Сембаевты барша қазақ жақсы біледі. Бұл кісінің де Жәмиланың жетістікке жетуіне, өсіп-жетілуіне ықпалы мол болды.

Екі сағаттан бері емін-еркін сөйлесіп отырмыз. Алматы қаласында  №25 орта мектепте орыс тілінде білім алған Жәмила қазақшаға онша жүйрік емес. Бірақ ана тілінде сөйлесуге өте ықыласты. «Енді қайтейін, ол кезде таңдау болмады. Заман солай еді. Әйтпесе ата-анамыз бізді әдейі орысша оқытқан жоқ қой. Әке-шешем орысша сөйлейтін. Ал ата-әжелеріміз қазақша әңгімелесетін. Үлкендер үйге келгенде ғана әңгіме қазақша өрбитін. Балалармен ана тілінде сөйлесу керектігін атам мен әжем үнемі еске салатын», – дейді Жәмила.

Қазақ қызы қазақшасы қатып тұрмаса да, қазақ деген халықты күллі Еуропаға танытты. Ол миллиондардың арасынан суырылып шығып, саясат әлемінде жарқырай көрінгенде алыс-жақын елдің бәрі назар аударды. Оның барлық қадамын бақылап отырды. Бірі үмітпен көз тікті, енді бірі күдікпен зер салды. Осыған орай Жәмила: «Менің министр болғанымның арқасында чехтар Қазақстанды бұрынғыдан да жақсы білді», – деп ой қорытады.

Чехияның экс-министрі Түркі тілдес халық­тардың дүниежүзілік форумындағы басты тұлға­лардың бірі ретінде құрметтелді. Оның сөйлеген сөзіне, пайымды пікірлеріне, оралымды ойлары­на түбі бір түркілер түгел құлақ қойды. Сол жолы форум делегаттары туыс халықтардың мақ­­танышына айналған қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің төңірегінде қалай шырқ үйірілсе, жүзінен жылылық есетін Жәмиланың да жанында біраз үйірсектеді. Күллі түркі жұрты оны да аялап-әлпештеді. Біз соны көрдік.

 

«Армысың, Чехия!»

 

Әдемі ғана күлесің,

Әдеппен қалқып жүресің.

Әдебі қазақ қызының –

Әсемдігі, сен білесің.

Асқар Егеубай, «Қазақ қызы».

 

«Енді бір жиырма-отыз жылдан кейін бүкіл тіршілік өзгереді», – деп Алмас ағамыз өте дұрыс айтыпты. Жиырмасыншы ғасырдың аяғына таман күллі дүниенің келбеті түрленді де кетті. Алматыда бұлаңдап өскен бойжеткен әуелі Мәскеуден, кейін Чехиядан бір-ақ шықты. Сол елдің шағын қаласынан бастап астанасына дейін мекен етіп, бүгінде Еуропаның еркін ойлы саңлақ саясаткеріне айналды.

Осының бәрі қалай басталып еді өзі? Алматы Медицина институтының Емдеу факультетінде оқып жүрген Жәмила қыз 3-курста Мәскеудегі И.М.Сеченов атындағы Бірінші медицина инсти­тутына ауысты. Чех жігіті Милослав Стех­ликпен сонда танысты. МГУ-дің Психо­логия факультетін бітіріп, жүйкесі ауыра­тындардың мінез-құлқын зерттеуге маманданған ол мед­институттың психиатрия кафедрасында жұмыс істейтін еді. Оқу орнын қызыл диплом­мен аяқта­ған Жәмила да осы кафедраға ғылы­ми қызмет­кер болып орналасқан-ды. Сөйтіп жүріп, көңіл­дері жарасты. Бұл кезде болашақ министр кан­дидаттық диссертациясының тақы­рыбын бекітіп, ғылыми еңбегін жаза бастаған. Бірақ аяқтауға мүмкіндігі болмады. Милославқа тұрмысқа шығып, көп ұзамай Чехияға көшіп кетті. Әуелден-ақ сүйіктісінің қойған шарты да солай болатын. Бастапқыда екеуі кездесіп жүргенде күйеу жігіт «Кеңес Одағында қалмай­мын» деп ашық айтты. Милослав әйтеуір Мәскеуде кандидаттық диссертациясын қорғап үлгерді.

Сөйтіп, әйгілі Карловые Вары қаласына келді. Жәмиланың бөгде елге қоныс ауда­ратынын естігенде ата-анасы кәдімгідей абдырап қалды. Әсіресе, әкесі қатты уайымдады. Олар қыздарының басқа мемлекеттің өкіліне күйеуге шыққанына қарсы болған жоқ-ты. Баласы біреуді жақсы көрсе, неге көлденең тұруы керек? Тек сыртқа кеткеніне қиналды. Ақырғы тоқ­тамды анасы айтты: «Әйелі қашанда күйеуімен бірге болуы керек. Жәмиланың бұл шешімі дұрыс шығар, барсын», – деді.

Есесіне жалғыз ұлдың жат жұртта қалып қоймай, елге екеу болып оралғанына Милослав­тың әке-шешесі есі шыға қуанды. «Жалғыздың жары –  құдай» деген нақыл сөздің чехтарға да жаттығы жоқ болуы керек. Олар жас келінді барын­ша өбектеп бақты. Оның үстіне Милос­лавтың Жәмиладан оншақты жас үлкендігі бар еді. Сондықтан жастары ұлғайған кемпір-шал алғашқы немерелерін асыға күтті. Ұзамай өмірге тұңғышы Кәмила келді. Жәмила, сөйтіп, Чехия­дағы тіршілігін таза қазақы дәстүрмен бастады. Әдепкіде ата-енесінің қолында тұрды. Олар мұны өз қызынан кем көрмеді. Содан соң енші алып, бөлек шықты. Солтүстік Чехияның Хому­тов қаласына көшіп келді. Мамандығына сәйкес дәрігер болып жұмыс істеді.

Хомутовта біраз жыл тіршіліктің қамытын киген соң бұлар Прагаға қоныс аударды. Осы сәттен бастап Жәмила СПИД ауруының алдын алу мәселесімен айналысты. Бұлай болатын жөні де бар еді. Ескі жүйе ыдырап, жаңа жүйе орнық­қан сәтте саяси режімнің өзгерісіне, шекараның ашылуына байла­нысты барыс-келіс жиілейді, қарым-қатынас көбейеді. Мұндай кезде түрлі аурулардың таралуына жол беріледі. Бүкіл әлемге қауіп төндіретін нашақорлық белең алады. Чехия бастапқыда бұл індетке қарсы күресуге сонша­лықты дайын болған жоқ. Абырой бол­ған­да, қауіпті дерт ел ішіне кең жайылмады. Бәрібір оның етек алмауы үшін жүйелі жұмыс жүргізу керек еді. Жәмила осы шаруамен шындап айналысты. Ғылыми жұмы­сын осы тақырыпқа бейімдеді. Ғаламдық пробле­маны шешу жол­дарын көрсететін бірнеше мақала жазды. Тіпті, ағылшын тілінде кітабы да басылып шықты. Сөйтіп, біз жолыққан сәт Жәмиланың сонау тоқсаныншы жыл­дарда бастаған кәсібіне қайтып оралып, көңілі тоғайып жүрген кезі екен.

Жалпы, чехтар біздің кейіпкерімізге салғаннан ұнады. Олардың бұған ынта-ықыласы ерекше болды. Жәмила да оларға әбден сіңді. Чехтар ұлттық мінез-құлқы жағынан қазаққа қатты ұқсайды. Сол елде ұзақ жыл тұрған соң мұны анық байқайды екенсің. Оның пайымдауынша, чехтар – төзімді, бейбітсүйгіш, сабырлы халық. «Мысалы, қазақты қонақжай, шыдамды, мәселені шиеленістірмей, қайғы-қасіретке апармай, қайырымдылықпен, бітісу жолы­мен шешетін халық дейміз ғой. Чехтар да осындай тыныш­тықты қалайтын, өте ұстамды жұрт, – дейді ол. – Көршіле­ріне қарағанда әлдеқайда салқынқанды. Бұларды поляк­тар­мен мүлде салыстыра алмайсың. Мінез-құлқы словак­тарға да, немістерге де ұқсамайды. Чехтар жүрегінің жылы­лығы жағынан да қазаққа келеді. Қазақтар секілді мәселені бейбіт жолмен реттеуге ұмтылады. Мінездері жұмсақ. Лып ете қалмайды. Әп-сәтте қаны басына шауып, тепсініп шыға келмейді. Қызуқанды емес, байсалды. Әрине, адам болған соң аласы да, құласы да кездеседі. Бірақ көпшілігінің болмыс-бітімі сондай». Сондықтан Жәмила Чехияға тағдырын табыстады. Тұрақтылықтың қадірін білетін қазақ жұртында туған қыз тыныштығы бұзылмаған елде өзін онша жатсына қоймады.

Қазақтың қызы адал еңбек арқы­лы өзге елде де адам айтқысыз табыс­қа жетуге болатынын өз ісімен дәлелдеп көрсетті. Ол ұзақ уақыт атқарған дәрігерлік қызме­тінде жұртқа пайдасы тиетін білік­ті маман екенін танытты. Чехтар оның адами қасиеттеріне де көңіл аударды. Жоғары жауапкершілік, уәдеге беріктік, тұрақты сыйлас­тық, салмақтылық пен сабырлылық оны биік белестерге жетеледі. Сөйтіп, барды баға­лай білетін бұл елде жырақта жүрген Жәмиланың жағым­ды бейнесі қалыптасты. Жұрт­шы­лық­тың сеніміне ие бола біле­тінін ертерек аңғарған қазақ қызы бір­те-бірте сая­сат­қа бет бұр­ды.

Ақыры, бабын тап­қанға бақ, шаңын қап­қан­ға сор болатын сан қырлы саясаттың сарбазынан сардарына дейінгі жемісті жолдан өтті.

 

Мәртебесі биік министр

 

Болғанмен сабыр қамал-тау,

Болмайды сезім самарқау.

Биязы мінез астары,

Булығып жанған жанартау!

Асқар Егеубай, «Қазақ қызы».

 

Жәмила билікке парламент сай­ла­уын­дағы жеңіс ар­қылы келді. Бұл тұста ол елдегі Жасылдар пар­тиясы төраға­сының орын­басары еді. Мерейі үстем болған пар­тияның төр­ағасы Мартин Бурсик Че­хия Пре­мьер-Министрінің орынбасары болып тағайын­далды. Оның партия бойынша екі орынбасары бар-ды. Қызмет бөлісі кезінде екеуіне де министрдің портфелі бұйырды. Әріптесі, педагог Дана Кухтова Білім және ғылым министрінің орынтағына жайғасты да, Жәмила Адам құқы және аз ұлттар мәселесі жөніндегі министр болды. Осы сала бұған етене жақын еді. «Мен чех тілін акцентпен сөйлейтін адаммын ғой», – деп өзі айтатындай, аз халықтың өкілі болған соң, өзге ұлттардың жағдайын жақсы түсінеді. Олардың мұң-мұқтажын жан-тәнімен сезінеді.

Біздің кейіпкеріміз министр қызметіне оп-оңай жетті деп айту қиын. Ол алдымен саясат баспалдақтарымен пар­тия­ның өз ішінде өрледі. Саяси карьерасын Солтүстік Чехия Жасылдар партиясының төрайымы болып бастады. Жергілікті жерде тәжірибе жинап, әбден ысылды. Он жыл бойғы тынымсыз еңбегінің арқасында өз партиясының республикалық деңгейдегі басшысының орынбасарлығына дейін көтерілді. Партия жұмысында көп жыл қызмет істе­сең де, саяси карьераң үшін бәрібір аздық етеді. Өзіңді өзің өрге сүйрегенің жеткіліксіз. Ең бастысы, сені ел таңдауы керек. Сондықтан ілгеріде Хомутов қаласында тұрған кезінде жергілікті кеңестің мүшесі (депутат) болды. Саяси дебаттарға белсене қатысты. Жұрт алдында еркін сөз сөйлеп, аудиторияны тез игеруге машықтанды. Парла­мент­те болу құқын иеленген партияның қатардағы мүше­сінен сол партияның басшылығына, одан үкімет мүшелігіне дейін­­гі тағылымды жол оны әрі есейтті, әрі танымын кеңейтті.

Жәмила әрі Парламент депутаты әрі министр болып жүре беруіне болатын еді. Аз ғана уақыттан соң Білім және ғылым министрі болған әріптесі екеуі ақылдаса келіп, депутат мандатын тапсыруды ұйғарды. Себебі, екі кеменің құйрығын ұстауға уақыт жетпейтін еді. «Сізді неге Денсаулық сақтау министрі етіп қойма­ды?», – деймін мен тақымдап. Ол іркілген жоқ: «Біз бұл мәселені бірнеше пар­тияның өкілдерімен бірге отырып талқыладық. Соның нәтижесінде адам құқын қорғау және аз ұлттар мәселе­сімен айналысамыз деп шештік. Жасылдар партиясының бағдарламасында да аз ұлттарды қорғау жөнінде жеткілікті жазылған-ды. Үкіметке келген соң бәрібір жұрт бізден алдымен осыны сұрар еді. «Сендер аз ұлттар мәселесін, жалпы, азшылық мәселесін жолға қоямыз деп уәде бердіңдер. Сол уәделерің қайда, неғып денсаулық сақтау сала­сымен айналысып жүрсіңдер?» деп кінәлар еді».

Жаңа министр бәрібір Денсаулық сақтау министрлі­гімен тығыз байланыста жұмыс істеді. Бұл саланың жұмысын да жақсы біледі. Сон­дықтан елдің бас дәрігері қызметін емін-еркін атқара алатын еді. Соған қарамастан, сайлаушы­ларға уәде берген салаға арнайы барып, мойнына алған шаруаларды шешу­мен айналысты. Партия жетекшісі үкімет басшысының орынбасары әрі Қоршаған ортаны қорғау министрі болды. Ал Жәмила аз ұлттар мәселесіне ғана емес, азшы­лыққа жататын балалар, қарттар және әйелдер проблемасына да ден қойды.

Чехияның Президенті Вацлав Клаус Жәми­ланы салтанатты сарайда қабылдап, қызметіне бекітті. Қазақ қызы Чехияның тарихында министр қызметіне тағайын­далған сырт елдің тұңғыш өкілі еді. Ол өсіп-өнген жеріне адал қызмет етті. Жақсы жұмыс істеген адамның қай топы­рақта да биікке жете алатынын дәлелдеп шықты. Чехияда ресми түрде аз ұлттар деп елдің тари­хымен бірге жасасып келе жатқан ұлттарды айтады. Жәмиланың айтуын­ша, мұндай этнос дәрежесін иелену үшін чехтың төл тарихымен байланысты болуың керек. Немістер, цыгандар, словактар, поляктар, гректер, орыстар аз ұлттарға жатады. Бұл елде біраз вьетнамдықтар да бар. Олар да аз ұлт болып санал­майды. Себебі, саны әлі де жеткі­ліксіз. Оның үстіне,  олардың Чехияда тұрақ­таған мерзімі соншалықты ұзақ емес. Қазақтар ресми мойындалған аз ұлттардың қатарына кірмейді… Оларды чехтар тарихи этнос деп санамайды. Соған қарамастан санаулы ғана қазақтың арасынан шыққан қайсар қызға министр қызметін қиған Чехияға қалайша құрмет көрсетпейсің?!

Жәмила үкімет мүшесі болған кезде Чех Республикасы Еуропа одағының төрағасы еді. Төрағалық кезіндегі талапқа сәйкес, әрбір министр сол сала бойынша тұтас Еуро­одақтың да министрі болып саналады. Үкімет сол ұйымды басқарады. Қазақтың қарапайым қызы өз саласы бойынша әйгілі халықаралық ұйымға мүше мемлекеттердің барлық министрлерінің басшысы болды. Ұйымның Брюссельдегі аппаратында біздің Жәмиланың да кеңсесі бар еді. Міне, осындай бақ-береке мен абырой-беделдің бәрін аспай-таспай көтере білді.

Ол Чехияның Адам құқы және аз ұлттар мәселесі жөніндегі министрі лауазымында екі жыл қызмет істеді. Екі жылдан соң парламенттің сенім білдірмеуіне байланысты үкімет орнынан түсті. Демократтары дуылдасып жататын аумалы-төкпелі Еуропада мұндай жағдай ара-тұра болып тұрады. Себеп көп. Үкіметте бірнеше партия болған соң, ықпал­дылық үшін бәсекелеседі. Үкіметке қолы жетпеген партиялар парламент ішінде өзара жанталасады. Сол ахуалды оппозиция тиімді пайдаланып, араларына іріткі сала­ды. Ақыры, олар дегеніне жетті. Жұртқа Чехияның саяси сахнасында жер сілкінгендей әсер еткен осынау өзгеріс Жәмиланың әдемі басталған саяси карьерасына ауыр­лау соқты. Бірақ «Көппен көрген ұлы той» деп, тез көндікті.

Білікті дәрігер, саңлақ саясаткер қызметтен кетсе де, қоғамдық шаруадан шеттемей, сүйікті ісін жалғастыра берді.

 

Саясат сахнасының саңлағы

 

Ешкімге сені теңемен,

Ешкімді басқа елемен.

Қазақтың қызын басқаға,

Теңеуім керек неге мен!

Асқар Егеубай, «Қазақ қызы».

 

Жәмила саясаткер ретінде бірқатар танымал тұлғалар­ды өзіне үлгі тұтады. Әсіресе, Чехославакияның соңғы, Чехияның тұңғыш президенті Вацлав Гавелдің ұстанымы оған көбірек ұнайды. Өйткені, қоғамдық іске араласқалы жақыннан танығаны сол кісі. Шығармашылық ортаға белгілі жазушы-драматург Гавел Чехияның президенті болып тұрған кезінде үнемі қарапайым адамдардың қамын ойлап, жұртқа жақты. Сол тұрғыдан олардың көзқарасы орайлас болды. Ол елді билеген тұста Жәмила үлкен қызметке әлі келе қоймаған-ды. Бірақ Мемлекет басшысы бір күні денсаулық сақтау мекемесіне арнайы келіп, СПИД кеселімен күрес жөніндегі жұмыстардың барысымен танысты. Сол жолы қазақ қызын Гавелдің өте қарапа­йымдылығы тәнті етті. Осыдан бастап оның ешкімге ұқсамай­тын болмыс-бітімінен өнеге алуға тырысты. Бұл да қоғамның әлсіз тобына жәрдемдесуге, өздерін өздері қорғай алмайтындарға қамқоршы болуға бел буды. Өмірде әділетсіздікті көп көретін, құқығы жоқ, құқығы бар болған күннің өзінде жеткіліксіз жандардың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Саңлақ саясаткер Вацлав Гавелдің басқару мектебінің қағидаттары да осыған үйлесетін еді. Ол барлық мәселеге адами тұрғыдан қарайтын.

Бұл елде қалыптасқан үрдістер бойынша әрбір саясат­кер өзіне елдің қалай қарайтынын үнемі зерттеп-зерделеп отырады. Жәмила да теледидардан әр көрінген сайын жақын араласатын құрбыларының пікіріне құлақ қояды.  Құрбыларының ішінде танымал саясаткерлер де бар. Олардың пікірін ой елегінен өткізіп барып, қорытады. Себе­бі, саясатта жүрген қыз-келіншектер ақыл-кеңесін айтып, ағынан жарылғанымен, ептеп өз мүддесін ойлап тұрады. Бүйрегі бұрғанымен, бір бармағы бүгулі тұратын сияқ­танады. Сондықтан Жәмила бәрін де елеп-екшейді. Ал дәрігерлік мекемелерде қызметтес болған құрбылары шынайы көңілден сырын ақтарады. «Кеше қабағың қатулы болды, күліп жүрсеңші», – деп ескертеді. «Эфирде томсырайып тұрған соң сөзіңе ешкім құлақ аспайды», – деп наз айтады. «Әне бір жолы анау еркекпен сөз таластырып жатқаныңда, дауысың қаттырақ шықты», – деп кейістік білдіреді. Соның бәрі Жәмила үшін өте пайдалы.

Жәмила Стехликова үкімет құрамынан шыққан соң да, саясаттан мүлде аулақтап қалған жоқ. Өзінің мамандығы мен ұстанымы тұрғысынан келіп, қоғамдық іске тынымсыз араласты. Сайлауда жолы болмағанымен партиялық жұмыстарын атқара берді. Алайда, өзі айтқандай, парламентке өтпеген соң, сенің қоғамдық жұмысыңның мәліметтерін көпшілік біле бермейді. Жұртқа соншалықты қызықты емес.

Кез-келген саяси мәселе бойынша табан астында күрделі дебатқа түсіп үйренген Жәмиланың «Жалпы, саясат әйел адамның қолы ма екен? Әйелдің негізгі бол­мысы екінші кезекте қалып қоймай ма?» деген сауал­дарға да жауабы әркез дайын. Әрине, ол төмен етектілердің саясатпен тұрақты айналысуы қай жерде де аса мақұлдана қоймайтынын мойындайды. Чехияда да, көрші елдерде де солай. Осыған орай кейіпкеріміз былайша ағынан жарылады: «Мысалы, Германияда бір танысым бар. Өзі депутат, бес баланың анасы. Сол айтады: «Мені депутат етіп сайлаған кезде жұрттың бәрі шошып кетті. «Сен парла­ментте қалай жүресің? Сен өзі қандай әйелсің? Бес балаң бар. Соған қарамастан күні бойы жиналыста отырасың. Үйіңе кім қарайды?», – деп сансыз сұрақтың астына алды». Міне, саясатта жүрген әйелдің отбасы болса, ел оны осылай кінәлайды. Ал тағы бір құрбым бар. Жасы да сол шамалас. Бірақ оның күйеуі де, баласы да жоқ. Оған жұрт былайша мін тағады: «Енді оның одан өзге не қызығы бар? Басқа ешқандай міндеті жоқ қой. Таңертеңнен кешке дейін саясатпен айналысса, қайдағы бала-шаға?». Демек, он балаң болса да, балаң болмаса да күстәналайды сені».

Бала демекші, Жәмила бала тәрбиесін де назардан тыс қалдырмады. Қызы Кәмила Амстердамдағы көркемсурет академиясында оқыды. Көркем фотомен айналысады. Бұл жағынан Кәмила өнертанушы, архитектор Алмас атасының жолын жалғады деуге келер. Ұлы Алан да бүгінде ат жалын тартып азамат болды.

Саясаттың сағасында тұрса да, о баста қалап алған дәрігерлік мамандығына жете мән береді. Үлкен ұлттық орталықтың басшысы екенмін деп, еңселі кеңсенің ішінде менеджерлік қызметпен айналысып қана отырмайды. Соңғы жылдарда ғасыр дерті көбейіңкіреп кеткен аймақ­тарға арнайы барып, гейтмандық жұмыс жүргізеді. Науқас­тармен тікелей сөйлеседі, олардың мұң-мұқтажын өз ауыздарынан естиді. Жұмысты жүйелеудің мын-сан тәсілін іздейді. Дербес лабораторияның қызметін қадағалайды. Төркіндес медициналық орталықтармен тығыз байланыс орнатады.

Алыста жүрген соң алтын бастауынан, тарихи тамы­рынан ажырап қалмауды ойлайды. Қолына түскен қазақ тіліндегі газетті үтір-нүктесіне дейін оқып шығуға тыры­сады. Ана тілінде көсіліп тұрмаса да сөйтеді. Тілін жаттық­тырады. Елге келгенде түрлі жиындарда қазақша сөйлеуге талпынады. Қолынан сөздігі түспейді. Орыс, чех, ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді. Немісшесі де жаман емес.

Ару Алматы түсіне жиі кіреді. Әсіресе, бала кезін көп көреді. Көрген-білгені туралы естелік жазғысы келеді. Бірақ оған қолы тие бермейді. Шаруасы шаш-етектен. Аздап өлең жазатыны да бар. Тек өзі үшін ғана.

Қоғамдық қызметпен айналыспағанда білікті ғалым болатын еді. Ел тағдырына араласқан соң ғылымы қалып қойды. Өмір­ге, адамға, халыққа жақын саясат оны көбі­рек қызықтырды. Ойлап қараса, осының өзі де бір ғылым секілді. Қаншама мақалалар жазды, қаншама жиындарда сөз алды. Тек ғылыми мекемелерде емес, ел ішінде көп жүреді.

Жәмиламен екі жарым сағатқа созылған сұхбатым аяқталды. Ол ағыл-тегіл сыр ақтар­ды. Шешіліп сөйледі. Микрофон көрсе арқасы қозатын саясаткерге сұхбат деген не, тәйірі?!  Бірақ біз елден келген соң ба, бүкіл әңгімесін ерекше сағыныш сазымен өрген­дей болды. Бәлкім, атамекенін аңсаған шығар…

Форум біткен соң ол апыл-ғұпыл жина­лып, өзінің Чехиясына асығыс аттанып кетті. «Аман жүр, Еуропаны елеңдеткен қазақ қызы!», – деп қимай қош айтыстық.

…Бұған да біраз уақыт өтіпті. Осынау кезеңде Жәмиланың саясат сахнасының саңлағы ретіндегі беделді бейнесі одан әрі жарқырай түсті.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *