Жыр жауһарымен жүздесті

Жұма күні Шиелінің кеші өлеңмен батып, теріскейден соққан салқын самал сол өлеңмен тербеліп тұрды. Мәдениет үйінде оқылған жыр, шырқалған ән, шертілген күйдің құдіретті үні Шиелінің көгінде шалқып, тіршілік біткенге рухани күш-қуат, жігер беріп тұрды.

Бұл сиқырдың себепшісі – Шиелі ауда­нының түлегі, Қазақстанның Құрметті журна­лисі, Қазақстан  Жазушылары мен Журналистер одақтарының мүшесі, Сыр елінің сыршыл ақыны Сәрсенбек Бекмұ­ратұлының шығармашылығына арналған «Сағындарған поэзия» атты кеш еді.

Аудандық әкімдік пен мәдениет бөлімі ұйымдастырған поэзия кешіне жинал­ғандар Сәрсенбек ақынмен сұқбаттасып, жергілікті сазгерлер Әлмырза Ноғайбаев пен Өркен Исмаиловтың ақын сөзіне жазылған  әндерді тыңдап, өлеңдеріне қаны­ғып оны мүлде басқа қырынан танып, қайтты. Әуелден сөз құдіретін түсініп, ақын-жазушыларын төбесіне көтеріп, құрметтің ең үлкенін жасай білетін аудан халқы үшін, оның ішінде өлең сүйер қауым­ға бұл кеш ерекше көңіл-күй сыйлады.

Жерлесіміз Сәрсенбек Бекмұратұлы жалындай жанған, жұлдыздай жарқыраған жауһар жырларымен елге танылып, оқырманнан оң бағасын алып жүрген ақын. 1949 жылы Шиелі ауданының Еңбекші ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 1967-1984 жылдары аудандық «Өскен өңір» газетінде әдеби қызметкер, жауапты хатшы, бас редактор­дың орынбасары болып еңбек еткен. 1984 жылдан Алматыда тұрады. Алматы облыс­тық «Жетісу» газетінде, республикалық Қазақ радиосында өз мамандығы бойынша түрлі жауапты  қызметтер атқарды. Бүгінде Алматы қаласының бас басылымы – «Алматы ақшамы» газетінің тілшісі.

Ақын ағамыз бұқаралық ақпарат құралдарында ұзақ жылдар қызмет атқара жүріп, өлең жазуды да жанына серік етеді. «Жалын» баспасынан әр жылдары жарық көрген «Балауса», «Дария жыры» және «Қарлығаш» жыр жинақтарына топтама өлеңдері енген. 1986 жылы «Қайнар» баспасынан «Малды ауылдың өрендері» атты деректі повесі, көркем очерктерінің басын құрап «Ел перзенттері» атты қос кітабы басылып шықты. 1991 жылдан бері «Жан жұпары», «Мұхаммедтің мөрі», «Мизам шуақ», «Айтқыштар», «Сүмбіле жұлдыз туғанда» деген жыр жинақтары жарық көрді. Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Әсерлі кеште, ағынан жарылған Сәр­сен­бек ақын өзінің туған жерге деген сағынышы мен құрметін өлеңмен өріп, сөз арасында осында өткен күндерін сағы­нышпен есіне алып жүретінін жеткізді.  Көп­шілік көкейіндегі сауалдарға жауап берді.

Аудан халқының күнделікті күйбең тірліктен бір мезгіл ажырап, поэзия әлеміне саяхат жасауына мүмкіндік берген «Сағын­дырған поэзия» кешін ақын шығармашылығына етене жақын, бірнеше өлеңіне ән жазған өмірде де, өнерде де досы, «Өскен өңір» газетінің ардагері, сазгер, Шиелі ауданының Құрметті азаматы Өркен Исмаил жүргізіп отырды. Поэзия кеші  аудан халқының рухани жаңғыруымен ұштасып,олардың танымын бұрынғыдан да кеңейте түскендей болды.

Иә, ақынын құрметтеген ел азбайды, шара барысында аудан әкімі Әшім Оразбекұлы ақынның иығына шапан жауып, ізгі құрметін білдірді.

 

Елдос ЖҮСІП.

Шиелі кенті.

Қызылорда облысы.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *