Жылы шуақ сыйлаған әз-Наурыз

559Қаламыздағы өзге аудандармен иық тірестіріп, өзіне ғана тән сән-сал­танатпен өсіп, өр­кен­деп келе жатқан Алатау ауданының тұр­ғындары Наурыз мерекесін той­лауды жалғастыруда. Сәуірдің мың құ­былған ауарайында жұртшы­лыққа жылы шуақ сыйлаған Наурыз мерекесі жақында «Ұлжан» ықшамауданында орналасқан №23 қала­лық емхана шаңырағында аталып өтті. Бір ауысымда 500-ге жуық адам­ды қабылдап, халық денсаулығын жақсартуға дәнекер болып отырған емхананы білікті де білгір дәрігер Сәуле Әшен басқарады. Сәуле Ахатқызы білікті дәрігер ғана емес, шебер ұйымдастырушы, жұртына жақын жан екендігін осы мерекеде тағы танытты. Мерекеге емхана қызметкер­лерімен қатар, ауыл тұрғындары да қатысып, Наурыз мерекесінің шырайын аша түсті.  «Ұлжандағы» Наурыз мерекесінің тізгінін ұстауға белгілі спорт шолушысы Аманкелді Сейітханның келуі, «Гүлдер» ән-би ансам­блінің келіп өнер көрсетуі ұлжандықтардың көңілін көкке көтеріп тастады. Бас дәрігер өзінің құттықтау сөзінде ықшамаудан тұр­ғын­дарына ауызбірлік пен ынтымақ, Елбасы айтып жүрген зор ден­саулық пен салауатты да саламатты өмір тіледі. Ақжаулықты әжелер мен аталар бата­лары мен ақ тілектерін жолдап, Наурыз тойын шырайландыра түсті. «Ұлжан» ауылының тұрғындары шетінен өнерлі екендіктерін танытса, өздеріне өнерлерімен той шашуын ала келген әншілер Дәлел Уәш, Тілеубек Қожанұлы, Жарқын Қанафияұлы, А.Асар­баева, Нұргүл Әкімғо­жина басқаратын «Арнау» балалар фольк­лорлық ансамблінің өнерлеріне ризашы­лықпен қол соқты. Мереке соңында ауыл тұрғындары емхананың бас дәрігері Сәуле Әшенге денсаулықтарын ғана жақсартып қоймай, көктемгі көтеріңкі көңіл күй, жылы шуақ сыйлағаны үшін де алғыс­тарын білдіріп, ақ баталарын берді. Тұрғындар айтса айтқан­дай-ақ, қазіргі таңда «Ұлжан» ықшамауда­нының тұрғындары бұрынғыдай УЗИ, рент­ген, зертхана іздеп сабылмайды. Ауру­дың алдын алуға қажетті жағдайлардың барлығы емха­нада жеткілікті. Бүгінде емхана дәрігер­лері скринингтік тексеру­лердің бағдар­ламасы мен жас ерекшеліктері бойынша тек­серу жұ­мыстарын жүргізуде. Бас дәрігердің емхана дәрігерлерінің алдына қойып отырған басты мақсаты – тұрғындарға ауырып ем ізде­геннен гөрі, ауырмайтын жол іздеуге дағды­ландыру болып отыр. Атқары­лып жатқан игі­лікті істердің ол жетістікке де жеткізетіні айқын.

Жадыра ҚҰРМАНҒАЛИЕВА.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *