Жылысбаевтың жақсылығы

Жеңіс ШЫНЫБЕКОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі 

 

 Үрей

«Правда», «Известия» газеттерінде: «Қазақстанның астанасы Алматы қаласында бір топ маскүнем мен нашақор жастар қоғамдық тәртіпті бұзып көшеге шығып, шектен шыққан бұзақылықтар жасады. Темір таяқпен, ағаш шоқпармен қаруланған студенттер көшедегі көліктерді аударып, өртеп, дүкендерді тонады. Тәртіпке шақырған ішкі істер қызметкерлерін аяусыз таяққа жығып,  үй қоршауларын талқандады. Сөйтіп, ұлтшыл жастар қала ішінде бүлік салып, халық арасында үрей, берекесіздік туғызды.

Бұзақыларды тәртіпке салу жұмыстары жүргізіліп жатыр» деген мазмұндағы қысқа да зілді хабарлар бүкіл қазақ елі, шалғайдағы біздің ауданның да адамдарын дүр сілкіндіріп, аяғынан тік тұрғызды. Ел ішін бұрын болмаған үрей биледі.

Осының артынша «көшеге шыққан жастарды бақайшағына дейін қаруланған әскерилер танкімен таптап, сойылға жығып, адамжегіш иттерге талатты. Көшеде кездескендердің барлығын қойдай көгендеп, топырлатып түрмеге тоғытып жатыр. Қаза болған жастардың денесін жабық машинаға салып алып, таудың қуыстарына апарып, төгіп жатыр» деген қара жерді қақыратқан ажалдан да суық хабар желдей есіп, халық құлағына жетті. Не болып жатқанын түсінбеген ел қасқыр қамаған қойдай дүрлікті. Шубайдың кемпірінің жүрегі жарылып, қайтыс болыпты.

Алматыда балалары, немерелері оқитын, жұмыс істейтін ата-аналардың, туыстардың естері кіресілі-шығасылы. Қандары тасыған бірнеше әйел ауруханаға түсті. Халық сеңдей соғылысып, көше кезіп кетті. «Балаларыңнан не хабар?» деп бірінің есігін бірі қақты. Бәрі де қаңқу сөзден басқа мардымды жаңалық ести алмай, одан сайын үрейленді. Қазақтың қасиетті салты бұзылып, сол күні түскен келіндердің беті ашылмай қалды.

Аудандық байланыс торабының алды қаптаған қарақұрым халық. Олардың:

– Алматымен байланыс бар ма? Бұл не сұмдық, неге телефондарды қиып астаған? – деген жанайқайлары жер жарады.

Екі күннен бері біздің үйде де береке жоқ. Менің үлкен ұлым Алматыдағы энергетика институтында оқиды. Әйеліміз екеуміз қара телефонды құшақтап, ана жақтан хабар ала алмай, зарығып отырмыз. Қалада тұратын достарымызға, таныстарымызға қайта-қайта қоңырау шаламыз. Жауап жоқ, өлі тыныштық.

 

Күләйша кемпірдің қарғысы

– Сұмдық-ай, ақырзаманның келгені ме? Алматыда не болып жатқанын біле алмай, өміріміз тозаққа айналды, – деді түн ортасында үйге келген көрші Сүлейменнің анасы Күләйша кемпір құмыға сөйлеп, – балам, сен жорналшысың ғой, бәлкім сен сөйлесіп қаларсың, анау Амангелдіге ызбандашы, Айсұлудың хабарын біліп берсін.

Айсұлу – кемпірдің Алматыда институтта оқитын кенже немересі. Амангелді деп отырғаны – кәдімгі атақты әнші Амангелді Сембин. Ол – кемпірдің жалғыз келіні Төкеннің туған інісі. Амангелді ауылға келген сайын әпкесінің үйінде қона, түстеніп жатады. Күләйша кемпір боз марқасын сойғызып, көршілерін жинап, құда баласына «Шапибай-ау», «Ақ бақай» әндерін қайта-қайта айтқызып, рахаттанып, мақтанып отырар еді. Кемпірдің көңілі үшін бірнеше рет қоңырау шалдым. Телефон жағы қарысқандай үнсіз. Кемпір дауыс салып жылауға айналды.

– Бұл не сұмдық, анау қарғыс атқыр соғыс кезінде де үкімет тілипонды қиған жоқ еді. Балапаным-ай, Айсұлуым-ай, не халдесің, басыңа не күн туды екен? – деп төбе құйқаны шымырлата зар қақты. Әлдекімге арнаған қарғыс сөздерін ақтарып жатыр.

Әліміз жеткенше басу айтып жатырмыз. Бірақ кемпірдің тоқталар түрі жоқ.

– Ана қауыншы Көлбайдың баласы бастық болып келіпті ғой, бәрі соның істеп отырғаны дейді Тұрар қу. Сол рас па? Әкесі де нағыз жауыз еді. Талайдың үстінен арыз жазып айдатып, талай үйдің шаңырағын ортасына түсіріп еді. Мынау да әкесінен аумаған нағыз жеңдет екен ғой. Тірідей жерге кіріп, үстіңе шеңгел шығып, басыңа ит сарысын сенің де, – деп қарғап-сілеп жатыр.

Тұрар – үлкенді-кішімен жөнді-жөнсіз әзілдесе беретін «шыжың ауыз» атанып кеткен жеңілтек жігіт. Сол Күләйшаға жаңа басшы Колбин дегенді өзгертіп, «атақты арызқой болған қауыншы Көлбайдың баласы екен», – депті. Қауыншы Көлбайдың талай қитұрқысын көрген Күләйша оған имандай сенген.

 

Партияның қатаң тапсырмасы

Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысының кең кабинеті адамдарға лық толы. Төтенше шақырылған бюроға оның мүшелерімен қатар аудан мекемелерінің басшылары, совхоз директорлары мен партия ұйымдарының хатшылары түгел келіпті. Хатшының сөзі қысқа болды.

– Халықтың ортасына барыңдар. Бәрің де елге сөзі өтетін, салмағы бар азаматсыңдар. Алматыда бір топ маскүнем, нашақор жастардың тәртіп бұзғаны рас. Бірақ алыпқашты сөздерде айтылғандай алып бара жатқан апат, қырғын жоқ. Бұзақыларды тәртіпке шақырып жатқаны да рас. Олар жоғары жақтың шешіміне қарсы шыққан аз ғана ұлтшылдар. Кейбір топтар болмаса, жалпы халық олардың ісін айыптайды деңдер. Ел босқа дүрлікпесін, басу айтыңдар. Апат, қырғын деп өсек таратушылар, халық арасында іріткі салушылар қатаң жазаға ұшырайды, осыны түсіндіріңдер! Бұл – партияның тапсырмасы, – деді хатшы «айттым бітті, кестім үзілді» деген сыңаймен қатал сөйлеп, – партияның дана саясаты мен басшылығын аудандық газет айшықтап жазатын болсын!

Сол жерде партия өкілдерінің әрқайсысына қай мекемеге, қай мектепке, алыстағы мал фермаларына баратындары шегеленіп, тапсырылды. Маған редакцияның қарсы алдына орналасқан Гагарин атындағы орыс мектебіне барып, үгіт-насихат жүргізу жүктелді. Бұл мектепте менің екі балам оқиды. «Орыс тілін білмесең, өмірден құралақан қаласың» деген қағиданы «басшылыққа алып», кішкентай екі қызымды осы мектепке беріп едім. Енді қаршадай қыздарымның алдына барып, сыраның да дәмін татып көрмеген өз баламды маскүнем, нашақор деп жариялауым керек. Бұдан өткен қасірет бар ма? Бұл насихатшылардың бірде-біреуі үлкен басылымдардың таратып жатқан жалған хабарына, барлық студент-жастардың бір күнде, бір-ақ сәтте маскүнем, нашақор болып кеткеніне сенген жоқ. Мұның астарында өзін-өзі ақтау, үлкен пәле жатқанын білді. Шынын айту керек, ол кезде бүкіл қазақ арасында «нашақор» деген сөз қолданыста жоқ болатын. Бұл атау «су жаңа термин» еді.

Бірақ қайтерсің, партия айтты бітті, өл-тіріл орындайсың! Барлық насихатшылардың жүндері жығылып, мойындарына су кетіп, өздеріне бекітіліп берілген аймақтарға құлықсыз көңілмен аттанды.

 

«Мен қалай соқырішек болдым»

Маған жүктелген жұмыс «нар көтермес» ауыр еді. Басқа үгітшілер партия тапсырмасын айтады да кетеді. Оны біреу естіп, біреу естімейді. Ал мен «маскүнемдер мен нашақорлардың» ісін айыптап, боқтап, балағаттап, газет бетінде жариялауым керек. Ол кезде 28 мың халқы бар ауданымызға аудандық газет 7 мың данамен тарайтын. Яғни әрбір отбасы түгелімен газет алады. Балалары, немерелері жазықсыз жапа шеккен мыңдаған Күләйшалардың мені қарғап-сілейтіні айдан анық. Қарғыс арқалағаннан ауыр не бар?

Ойым онға бөлінді, сансырап сүлдерім құрыды. Басқа төніп тұрған ауыр азаптан құтылатын жол бар ма? Ақыры тәуекел етіп, аудандық ауруханаға бас хирург Әбікен Жылысбаевқа бардым. Жылысбаев халыққа қадірлі, өз мамандығын жете меңгерген, облысқа аты мәшһүр дәрігер еді. «Осылай да осылай, басыма іс түсіп тұр. Мені осы пәледен құтқаратын жалғыз сіз ғана» деп жалындым. Әбекеңнің де үлкен ұлы Нұрқат университеттің Заң факультетінде оқиды. Одан өзі де хабар ала алмай, пұшайман болып отыр екен. Ол кісі партияның сөзін сөйлей бермейтін, өзіндік көзқарасы бар қатал мінезді, қыңырлау адам. Меркіде, Луговойда (қазіргі Құлан) үлкен ауруханаларды басқарып жүргенде де партия қатарына өтпеген. Туған еліне оралғанда, атақты хирург аудан басшылары «партия қатарына өт, ауруханаға бас дәрігер етіп тағайындаймыз» дегенде үзілді-кесілді бас тартқан. «Менің партиям – скальпель» деп қырсық жауап берген.

Әбекең мені түсінді, жаны ашыды. Көмекшісі, хирургиялық медбике Вера Павловнаны шақырып алып: «Мына кісі соқырішектің ауыр түрімен келіп отыр. Дереу бөлімге апарып, операцияға дайындаңыз» деп тапсырды. Мына сөздерді естігенде шынымен қарнымды жарып тастайды екен деп зәрем қалмады. Ол кісі басқа дәрігерлерге байқатпай маған көзін қысып қалды да, «Кешіктіруге болмайды, тездетіңіз» деді.

«Операция» өте сәтті өтті. Ең жақсысы сол, операция бөлмесіне ешкімнің кіруге құқығы жоқ екен. Үшеуміз оңаша бір сағаттай әңгімелесіп отырдық. Әңгіменің тақырыбы – Алматыдағы оқиға. «Операция» аяқталғаннан кейін шешіндіріп, жылжымалы арбаға жатқызып, үстіме ақ жайма жапты. Вера Павловнаға:

– Жансақтау бөлмесіне апарыңыз. Бұл кісіге ұйықтататын дәрі беріңіз. Үстіне басқа адамдар, тіпті, әйелі де кірмейтін болсын, – деп тапсырды, – ертең таңертеңге дейін ұйықтасын.

Ұйқының дәрісі әсер етті ме, әлде басқа төніп тұрған пәледен құтылғаныма қуанып жаным жай тапты ма, он сағат тұяқ серіппей ұйықтаппын.

Бірінші хатшы көмекшісі Райымқұлды шақырып алып:

– Әлгі журналист қайда, неге газетке мақала жазбайды? Мұндай да бассыздық бола ма екен, дереу маған шақыр, – депті.

Түктен хабары жоқ Райымқұл:

– Ол кісі кеше соқырішектің ауыр түрімен ауруханаға түсіп, операция жасатты. Қазір «жансақтау» бөлімінде жатыр, орнынан тұра алмайды, – депті.

– Ит-ай, ә! «Бір ішек» журналист қой, іссапарға барғанда кемшілігімізді жазып кете ме деп қорыққан жағымпаз ферма бастықтары алдына тартқан тағамды талғамай жей берген ғой. Оларда, алыстағы ауылдарда не тазалық бар дейсің? Сөйтіп кеселге ұшырап қалған, – депті хатшы, – Гагарин мектебіне осындағы қаламы ұшқыр нұсқаушылардың бірін жібер!

Мен өзімді бір ажалдан қалғандай сезіндім. «Жаса, Жылысбаев, рахмет, Жылысбаев!» дедім іштей. Бұл «операцияның» құпиясын Жылысбаев, Вера Павловна және мен ғана білдім. Қашан кеңес үкіметі құлағанша бұл оқиға туралы ешкімге жақ ашқан жоқпыз.

Кейде «өтіріктің де өрге басатын» кезі бар екен-ау…

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *