Жылына Алматыда қырықтан астам адам эхинококкоз жұқтырады

Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті қалада жыл сайын ішкі ағзалардың эхинококкозы бойынша ота жасатқан 10-нан 44-ке дейін  науқастардың тіркелетініне назар аударады. Аурудың 100 мың адамға шаққандағы  көрсеткіші 1,3-тен 3,0-ге дейінгі аралықта, 14 жасқа дейінгі балалардың үлесі 24 пайызды құрайды.

Науқастанғандар өздерінің ауруларын ертеректе ауылдық жерлерде тұрып, үй жануарларын күту­мен, сонымен қатар иттен жұқтырып алғандарын айтады.

Эхинококкоздың эпидемиологиялық маңызды­лығы оның кең аумақта таралуымен, клиникалық белгілері ауыр түрде өтетін әр түрлі ағзалардың зақым­дануымен,  еңбекке жарамсыз болуға, мүгедектікке және өлім-жітімге әкеліп соғуымен тығыз байланысты.

Эхинококкоз – созылмалы түрде өтетін, ағзада түрлі аллергиялық реакцияларды туғызып, паразиттік құрттары бар өсінділердің бауырды, өкпені және басқа да ағзаларды зақымдайтын ауыр түрде өтетін паразиттік ауру. Сонымен қатар, іріңдеу, жарықшақтар, сарғаю сияқты асқынулар болуы мүмкін.  Ағзаның зақым­данған кезден бастап диагнозы анықталғанға дейінгі уақыт 5 жылдан 20 жылға немесе одан көп уақытқа созылуы мүмкін.

Адамдар жұқпаны ауырған жануарлармен (ит, ірі қара және ұсақ малдар, жабайы жануарлар) қарым-қатынас жасағанда, жабайы жидектер мен шөптерді жинау және жеген кезде, ауырған жануарлардың нәжісімен ластанған суды пайдаланғанда, жануар­лардың терілерін сыдырған кезде жұқтырып алуы мүмкін. Иттер эхинококкоз ауруын құрт өсінділерімен зақымданған жануарлардың ішкі мүшелерін жегенде жұқтырып алады.

Қала тұрғындары арасында эхинококкоз құрттарын жұқтырып алу қаупін үй жағдайында ит ұстаумен байланыстыруға болады. Эхинококкозбен зақымдану үй ауласында серуендеу кезінде ауру иттердің  жүндеріндегі эхинококкоз құрттарын жұқтырып алған сау иттер арқылы болатынын да әрқашан есте ұстаған жөн. Адамдармен бір үй-жайда тұратын ит эхино­коккоз қоздырғыштарын бүкіл бөлме ішінде таратады (жиһаз, есік тұтқасы, ойыншықтар және т.б.). Жеке бас гигиенасы ережесін сақтамаудан паразит жұмыртқасы тағаммен немесе сумен ішке өтеді. Бала итпен немесе эхинококкоз қоздырғыштарымен ластанған ойын­шықтармен ойнаған кезде осы паразиттің жұмыртқасы аузына түсуі мүмкін. Егерде бір бөлмеде итпен бірге мысық болса, оның жүні де гельминт жұмыртқасымен зақымдануы мүмкін. Жайлы жабдықталған бөлмеде тарақандар, тышқандар және шыбындар эхинококкоз жұмыртқаларын тасымал­даушылар болып табылады.

Ет комбинатының, мал соятын орындардың  жұмысшылары, аңшылар, мал шаруашылығымен айналысатындар, ит үйрететіндер және олардың жанұяларының мүшелері жыл сайын эхинококкозға тексеріліп тұрулары қажет. Аурудың алдын алудың тиімді шарасы – иттерді күту кезінде жеке бас гигие­насын қатаң сақтау.

 

Мұрат БІРЖАНОВ,

Алматы қаласы бойынша қоғамдық денсаулық департаменті басшысының орынбасары.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *