ЖЫЛУДЫҢ БЕРIЛМЕУIНЕ ПИК-ТЕР КIНӘЛI

  • РЕДАКЦИЯҒА СОҒЫЛҒАН ҚОҢЫРАУ

3Әйгерiм САУЫТБЕК

Қалаға жылу 15 қазаннан бастап берiлiп жатыр. Алайда, бiр үйге жылу барса, екiншi үйде  жоқ.  Бұл нелiк­тен?  Жылу қашан берiледi? Осы мә­селе төңiрегiнде  редакциямызға  қоңырау  шалып жатқан  оқырманда­рымыз аз емес. Алматы қаласы Энер­­гетика және коммуналдық шаруашы­лық басқармасы басшысының орын­басары  Ғанибек Оразбаев қалаға жылу кестеге сай берiлiп жатқанын айтады. «Жылу, әуелгi кезекте, әлеуметтiк нысандарға, одан кейiн тұрғын үйлерге берiледi» дейдi ол. Бұл жөнiнде басқарма басшысының орынбасары  жылу беру маусы­мының басталуы және шаһардағы жылу құбырларын жөндеу жұмыс­тарының аяқталуына қатысты жур­налистерге берген сұхбатында мәлiм еттi.

400-ге жуық үй жылусыз отыр

Биыл жылу беру маусымы әдеттегiден ерте басталды. Бұл жолы қала басшылығы ауа температура­сының межелi +8 градустан төмен­деуiн күтпей, тұрғын үйлерге  жылу қуатын 15 қазаннан бастап бере бастады. Алайда, жылу барлық үйлерге бiрдей барған жоқ. Бүгiнде  қаладағы 7 мыңға жуық тұрғын үйдiң  370-i  жылусыз отыр.

– Бүгiнгi таңда  қаладағы ден­сау­­лық сақтау және бiлiм беру меке­мелерi сияқты әлеуметтiк нысан­дардың 100 пайызы жылу энергиясы­мен қамтамасыз етiлдi. Ал, тұрғын үйлердiң 95 пайызы жылуға қосылса, қалған 5 пайызы жылуға қосыл­маған. Себебi, бұл үйлер жылу беру маусымына дайын  емес,  – дейдi Ал­маты қаласы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқар­масы басшысының орынбасары Ғанибек Оразбаев.

Айта кетейiк, бұл күндерi «Көршi үйге жылу берiлдi, неге бiздiң үй жылусыз отыр?» деп,  редакциямызға  қоңырау  шалған оқырмандарымыз  көп болды. Мәселен, бүгiнде Қонаев көшесi, №51 үйге жылу берiлмептi. Бұл үйдiң тұрғындарының айтуын­ша, жақын маңайдағы үйлердiң барлығына жылу берiлген екен. Тек №51 үй жылусыз отыруға мәжбүр.

 – Үйде қарт адамдар көп тұрады, жас сәбилерi бар жас отбасылары да бар. Бәрi жылусыз отыр. Обал ғой. Жылу орталығына хабарлассақ, үйдiң жылу құбырлары жылу қабыл­дауға дайын емес дейдi. Не iстеймiз бұл жағдайда? – дейдi №51 үйдiң тұрғындары.

ПИК-тердiң салғырттығынан халық неге тоңуы тиiс?

Мамандардың айтуынша, жылу­дың шаһарға бiркелкi берiлмеуiне пәтер иелерi кооперативтерi кiнәлi көрiнедi. «Алматы жылу жүйелерi» ЖШС бас директорының орынбасары Марина Яковлеваның  айтуынша, биыл Алматыда көпқабатты үйлердiң жартысынан көбi қысқы маусымға тиiстi деңгейде дайындалмапты. Қыс­қы маусым қарсаңында жылу жүйе­лерi мүлде жөнделмеген. Көп жағдайда, жөндеу жұмыстары ағымдағы жөндеу жұмыстарымен  шектелген көрiнедi. Мұның барлығы да ПИК төраға­лары­ның өз қызметтерiне салғыртты­ғын аң­ғартып отыр. ПИК-тердiң жылу жүйе­лерiн қысқа дайындамай, өзде­рiне жүктелген мiндеттi дұрыс атқар­ма­уының салдарынан, пәтерлерге жылу мезгiлiнде берiлмей, тұрғындар суық пәтерде отыруға мәжбүр болып отыр.

– ПИК-тiң басты мiндеттерiнiң бiрi – көпқабатты тұрғын үйлердiң қыс мерзiмiне толық дайындықпен келуiн қамтамасыз ету.  Атап айтқанда, олар, құбырларды тазалап, желiн шығарып,  ақаулары болса жойып, жүйелердi жылу беру маусымына дайындауды қамтамасыз етедi.  Биыл көпқабатты үйлердiң жартысынан көбi қысқы маусымға тиiстi деңгейде дайындал­мады. Сондықтан, «Алматы жылу жүйелерi» оларға жылыту маусымына дайындық актiсiн бермедi. Жалпы, бiз бүгiн қалаға жылуды 100 пайыз берiп, өз мiндетiмiздi толық атқарып отырмыз. Сондықтан, егер үйiңiзде жылу болмаса, ПИК-ке барыңыз,– дейдi «Алматы жылу жүйелерi» ЖШС бас директорының орынбасары Марина ЯКОВЛЕВА.

Шынымен-ақ, күн суытып, қыс­қы маусым басталғанда пәтерге тиiстi мөлшерде жылу берiлмесе, халық үйреншiктi әдетiмен жылу орталық­тарына шағымданатыны бар. Алайда, пәтердiң жылы болуына тек комму­налдық кәсiпорын ғана  емес, ПИК-тер де жауапты екенiн бiрi бiлсе, бiрi бiлмейдi.

– ПИК-терге көп нәрсе байла­нысты. Олардың қарызы болса, үйге жылу берiлмейдi. Сондай-ақ, олардың жылу жүйелерiнен ауаны шығарып,  дайындауы бөлек мәселе. Жылу жүйелерi дайын болмаса да, жылу берiлмейдi. Демек, стансада жылу жiберiлсе болды, жылу өз бетiмен келе бередi деген пiкiр дұрыс емес. Әрбiр үй жеке қосылады. Әрқайсысының өзiндiк ерекшелiгi бар, – дейдi ол.

Синоптиктер аптаның соңына дейiн ауа-райы жылы болады деп болжап отыр. Аудан әкiмдiктерi  ауа райының қолайлығын пайдаланып, ауа температурасы межелi +8 градус­тан төмендеп, күн қатты суытқанға дейiн ПИК-термен бiрлесе жұмыс iс­теп, барлық үйлердi жылуға қосу мақ­сатында тынбай жұмыс iстеп жатыр. «Тiптi, үйлер қысқы маусымға мүлде дайын болмаса да, ПИК-терден кепiл­деме хат алып, үйлерге жылу бере беремiз. Себебi, ПИК-тердiң салғырт­тығына халық кiнәлi емес қой» дейдi Ғанибек Оразбаев.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *