Жылдың үздiк оқушылары марапатталды

ҚАЛАДАҒЫ ҚОҢЫР КЕШТЕР

12Роза ӘРЕН

1 желтоқсан күнi Республика сарайында ҚР Тұңғыш Президентi күнiне арналған салтанатты жиын өттi. Алдымен, үлкен экраннан «Хабар» арнасы Елбасы туралы түсiрген «Быть первым» атты деректi фильмi көрсетiлдi. Шараға қала әкiмi Ахметжан Есiмов арнайы қатысты. Шаһар басшысы алматылықтар мен мегаполис қонақтарын айтулы мерекемен құттықтады. Өз сөзiнде қала әкiмi: «Бiз бүгiн елiмiз үшiн ерекше мереке – ҚР Тұңғыш Президентi күнiнде бас қосып отырмыз. Әлемдiк өркениеттiң шыңына ұмтылған Қазақстан тәуелсiз мемлекет ретiнде тарихи, жасампаз жаңа дәуiрге қадам басқанына биыл 22 жыл толады. Осынау сындарлы кезеңде тар жол, тайғақ кешуден аман-есен алып шыққан Елбасымыздың аз ғана уақыт iшiнде мемлекеттiң қарыштап дамуына, Тәуелсiздiк тұғырының нығаюына, халықтың әл-ауқатының артуына сiңiрген еңбегi зор. Бүгiнде Қазақстанның шаңырағы берiк, мерейi үстем, беделi асқақ. Тәуелсiздiк тарихының алғашқы бетi – 1991 жылдың 1 желтоқсанында сайлаушылардың 98,7 пайыз даусын алған Мемлекет басшысын ұлықтау рәсiмi әрбiр азаматтың жүрегiнде қалды. Бұл жаңа мемлекет қалыптасуының өтпелi кезеңiнде сенiмдi басшыға өз тағдырын тапсырған Қазақстан халқының жауапты таңдауы едi. Осы орайда ерекше айта кететiн жағдай, Қазақстан халқы өзiнiң жаңа көшбасшысын қарапайым адамдар ортасынан шыққан, Қарағанды металлургиялық комбинатында ауыр еңбекте шыңдалып, партия, өкiмет қызметтерiнде сыннан өткенiн жақсы бiлетiн. Бұл да болса, ел тағдырын президентке сенiп тапсыруда үлкен рөл атқарды. 1991 жылы 21 желтоқсанда Елбасымыздың бастамасымен тәуелсiз мемлекеттер достастығын құру туралы Алматы Декларациясы қабылданды. Содан берi мемлекетiмiз өзiнiң iшкi-сыртқы саясатында бүкiл әлем назарын өзiне аударып, халықаралық қауымдастықтың сенiмiне ие болды. Елiмiз шын мәнiнде нарықтық экономикаға көшiп, демократиялық даму жолына түстi. Өз Елтаңбамыз бен Туымыз, Гимнiмiз бен Ата Заңымыз қабылданды. Қазақпен бiрге өзге де этностардың мәдениетiн, туған тiлiн, салт-дәстүрi мен әдет-ғұрыптарын сақтауға тең құқылы жағдай жасауға кең жол ашылды. Қазiргi елiмiздiң мақтанышы, әлемдегi әсем қаланың бiрiне айналған Астана – Нұрсұлтан Әбiшұлының Сарыарқа төсiне орнатқан алтын бәйтерегi деп айтсақ толық жарасады», — дедi.

Сондай-ақ, Ахметжан Смағұлұлы Елбасының тiкелей қолдауымен «Тәуелсiздiктiң алтын бесiгi» атанған Алматы да жаңарып, жасарып келе жатқандығын ерекше атап өттi. «Өткен жылы Қазақстан астанасы халықаралық «ЕХРО-2017» көрмесiн өткiзуге таңдап алынды. Ал, Алматыда 2017 жылғы әлемдiк Универсиада өтедi. Бұл – әлемдiк спорт қауымдастығының бiзге артып отырған зор сенiмi», – дедi шаһар басшысы.

Сөз соңында қала әкiмi Алматының жастар қаласы және ғылым мен бiлiм орталығы екендiгiн де жеткiздi. Бүгiнде Алматы қаласында жастардың инновациялық бастамалары қолдау тауып, бiлiмдi де дарынды оқушыларға жыл сайын арнайы грант ұсынылып келедi. Салтанатты жиында «Жылдың үздiк оқушысы» атты қалалық байқаудың жеңiмпаздары марапатталды. Өнер, ғылым, спорт саласында жетiстiкке жеткен 26 оқушы Ахметжан Есiмовтiң қолынан марапат қағазы мен бағалы сыйлықтар алды. №159 мектепгимназиясының оқушысы Бағдат Лесбаева шаһар басшысына барлық оқушылар атынан алғыс айтты. Одан кейiн жиналған жұртшылық режиссер Рүстем Әбдiраштың «Балалық шағымның аспаны» фильмiн тамашалады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *