ЖЫЛДАМДЫҚ. ТАЗАЛЫҚ. ЖАЙЛЫЛЫҚ

Алматыда электрлі самокаттарды жалға беретін қалалық сервис ашылады

Алматыда өздігінен жүретін электрлі самокаттарды жалға беретін «OZІM SCOOTERS» сервисі іске қосылады. Шаһар басшысы Бауыржан Байбек кезекті жұмыс сапары барысында жеке инвесторлардың күшімен, Қазақстан бойынша алғаш рет қолға алынып отырған осы бір ерекше жобаның жұмыс істеу тетіктерімен танысты.

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Арнайы қорғаныс құралымен және GPS трекерімен жабдықталған 300 электрлі самокаты бар 35 станция алдымыздағы шілде айының ішінде ашылмақ. Сервиске мобильді қосымша арқылы қосылуға болады. Бұл мобильді қосымша сізге стан­циядағы бос тұрған самокаттар жөнінде мәлімет беріп отырады және өзіңіздің де қай бағытта кетіп бара жатқаныңызды көрсетіп тұрады.

Алматылық жас стартаперлердің пікі­рінше, өздігінен жүретін электрлі само­каттар өте қолайлы. Әрі қаланың эколо­гиясына да кері әсерін тигізбейді.

Бұл пікірге мен де қосыламын. Мәсе­лен, өзім күнде таңертең жұмысқа шық­қанда, Абай мен Сейфуллин даңғыл­дарының қиылысынан автобустан түсемін. Сонда күнде жанымнан зу етіп осындай самокаттармен жастар өтіп бара жатады. Қызығамын. Дыбысы да білінбейді. Шап-шағын. Ауаны да ластамайды. Электрлі самокаттың үстінде тіп-тік болып кетіп бара жатқан адам өзгеге де ешбір кедергісін келтірмейді, түп-түзу ғана өз алдына зырылдап барады. Кешке жұмыстан қайтқанымда да дәл сол көрініс, самокат тізгіндеген қыз-жігіттер велосипедтерге арналған жасыл жолақпен атқан оқтай ұшып барады. Жастарға сондай жара­сымды!

Иә, Алматы соңғы кездері түрленіп келеді. Әсіресе, шаһар көшелері кеңейіп, жүргіншілерге және велосипедпен жүргенді қолай көретін алматылықтарға көше жолдары ашық бола бастады. Мұндай жетістіктердің қалаға инновациялық бизнесті тартуға септігін тигізері сөзсіз.

«Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жалға алынған электрлі самокатпен жүру ұзақ­тығы 5-7 минутты құрайды екен. Оны тым асығыс болсаңыз, метроға немесе автобус аялдамасына жетіп алу үшін де пайдала­нуға болады. Жалға алу ақысын «Androіd» және «ІOS» қосымшалары арқылы банк картасымен де өтеуге болады. Алдағы уақытта «ОҢАЙ» картасымен де төлем жасау жолын енгіземіз деп отырмыз. Жыл аяғына дейін тағы 500 самокат алатын боламыз», – дейді компания директоры Асылбек Есенов.

Тақырыпқа орай айта кетсек, қазіргі таңда қалада велосипедпен жүруге арнал­ған 100 шақырымды құрайтын жасыл жолақтар бар. Велосипедтерді жалға беретін «AlmatyBіke» автоматты жүйесі де енгі­зілген. Сондай-ақ, итальяндық инвестиция есебінен еліміздегі ірі жоба болып саналатын «Anytіme» каршеринг-сервисі іске қосылған.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *