ЖЫЛ БАСЫ – МҰХАРРАМ МҮБӘРАК БОЛҒАЙ!

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти. 

Құрметті мұсылман бауырлар!

Мұсылман жыл санауының бастауы болған алғашқы қасиетті ай – мұхаррамға барша­мызды аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын!

Мұхаррам деген сөз «қасиетті», «тыйым салынған» деген мағыналарды білдіреді. Бұл – Құранда айтылған қасиетті айлардың бірі. Жаратушы Иеміз Құран Кәрімнің «Тәубе» сүресінде: «Расында Алланың құзырында айлардың саны – он екі. Жер мен көк жара­тылған күннен бастап, Алла солай белгілеп қойды. Оның төртеуі – соғысуға тыйым салын­ған айлар (зүлқағда, зүлхиджә, мұхаррам, ережеп)…» деп баяндаған.

Ал хадис-шәрифте: «(Рамазаннан кейінгі) Айлардың ең абзалы – мұхаррам», – делінген.

Мұхаррам айының қасиеті мен қадірі мол. Ислам – бейбітшілік пен мейірімділдік діні. Бұл – соғысуға тыйым салынған ай. «Ораза үшін Рамазаннан кейінгі ең қайырлы ай – Алланың айы Мұхаррам», – деп пайғам­барымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) айтқандай, осы айда ауыз бекіткен адам мол сауапқа кенеледі. Мұқтаж жандарға, жетім мен жесірлерге, қараусыз қалған қарттарға, мүгедектер мен зағиптарға көңіл бөліп, оларға қайырымдылық көмек көрсету де – игілікті іс.

Алла Елшісінің (с.ғ.с.) бір өсиетін­де: «Адамдардың жақсысы – елге пайдасы тигендері», – деген. Жабыққанды жарылқау, қамыққанға қамқор болу, Аллаға ұнамды істердің бәрі – құлшылық. Мұсылманға кедергі келтірген жолдағы затты алып тастау да – садақа. Көршімен тату тұру, имандылыққа шақыру, кешірімді болу, халықты бірлік пен ынтымаққа ұйыту, қанағатшыл болу, бүлікке жол бермеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, көркем мінезді болу, т.б. бұл – Исламның асыл құндылықтары. Біз асыл дініміздің осынау ұлы қағидаттарын қоғамға көбірек паш етуіміз қажет. Иманды қоғам құру үшін баршамыз осындай ізгі, қайырлы қадамдарға бастамашыл болуымыз тиіс.

Қадірменді ағайын!

Алла Тағала қасиетті мұхаррам айында жасаған қайырлы амалдарымызды, игі іс-шараларымызды, тұтқан оразаларымызды қабыл еткей! Жыл басы – Мұхаррам айы құтты болсын!

Жаратушы Иеміз бүгінгідей берекелі де бейбіт заманымызды мәңгілік етсін. Мәңгілік елге мәңгілік татулық тұрақтасын деп тілеймін!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *