Журналистік мамандық туралы дәріс

Балнұр АХМЕТ

 

Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында «Вечерний Алматы» газетінің тілшісі, өнертанушы Юрий Каш­телюк «Өнер туралы жазу өнері» атты дәріс өткізді. 

Мұражай жанындағы «Әсем әлем» өнер академиясы аясында өткен дәріске жоғары оқу орындарындағы Журналистика және өнертану факультетінің студенттері қатысты. Дәріс барысында өзінің 20 жылдық жұмыс тәжірибесімен ой бөліскен белгілі тілші жастарды журналистика мамандығы­ның қыр-сырымен жан-жақты таныстырды. Екі сағатқа жалғасқан дәрісте жастар өнертанушылар мен қылқалам шеберлерінен сұхбат алудың, сондай-ақ, бейнелеу өнері туралы рецензия мен очерк жазудың әдіс-тәсілдерін үйренуге ұмтылды.

Кезінде «Хабар» агенттігінде, «REGNUM» ақпараттық агенттігінде, «Литер» қоғамдық-саяси газетінде жұмыс істеген Юрий Каштелюк мұндай дәрістердің шығармашылық жолын таңдаған жастар үшін маңызы зор екендігін атап өтті.

– Қызығы мен қиындығы қатар жүретін журналистика мамандығы терең білім мен біліктілікті, үздіксіз ізденісті, тынымсыз еңбекті талап етеді. Әр журналист өзінің жан-дүниесін рухани азықпен – кітап оқумен, білім­мен байытып отыруы  қажет. Журна­лист білімімен ғана биік шыңдарды бағын­дыра алады, шығармашылық табысқа қол жеткізе алады. Қазіргі қоғам өмірінде журна­листика мамандығының маңызы ерекше. Біз де студент кезімізде ұлағатты ұстаздардан, таудай тұлғалардан тағылым алғанбыз.  Енді олар арқылы ділімізге дарыған үлгі-өнегемізді еліміздің ертеңін жалғайтын жастармен бөлісу біз үшін үлкен парыз. Әрине, бір реттік дәріспен ғана бұл маман­дықтың қыр-сырымен танысу мүмкін емес қой, алайда, жан-дүниені біліммен азықтан­дыратын мұндай дәрістер болашақта журна­лист болуды армандаған жастарды қанаттан­дырады деген үміттемін, – дейді әріптесіміз Юрий Каштелюк.

Шәкірттерімен бірге тілші дәрісін тыңда­ған В.Селезнев атындағы Алматы хореогра­фия училищесінің ұстазы Мара Нұрмұхам­медова мұндай сабақтар жастардың рухани қоржынын байытатынын айтты.

– Хореография – әсемдігімен адамды таңғалдыра әрі тамсандыра түсетін өнер түрі. Би мен музыка әдемі үйлесім табатын бұл өнермен драматургия да астасып жатады. Бірнеше өнердің түрі үйлесім табуы биді өте мағыналы әрі әсерлі етеді, бидің табиғатын байыта түседі. Егер шәкірттеріміз кітап оқымаса, мұражайларға бармаса, әдемі ән тыңдамаса, олардың сахнадағы биі солғындау болып көрінетіні анық. Мұндай жағдайда би тек әр түрлі қимыл-қозғалыстың жиынтығы ғана болып қалады. Білім ордамызда бүгінгі тәрбиелеп жүрген шәкірттеріміз кітап оқу керек, көркем фильм көріп, мұражайлардағы қылқалам шеберлерінің суреттерін, мүсін өнерінің туындыларын тамашалап, табиғаттың таңғажайып көріністерін көңіл көзімен көре білгені абзал. Ерекше ықыласпен тыңдаған шәкірттеріміз үшін кәсіби журналистің бұл сабағы өте қызықты болды. Мұндай дәрістер жастардың рухани қоржынын байытады. Оқушыларымыз болашақ әртістер болғандықтан, олар енді өнер адамдары туралы мақаланың қалай жазылатындығы туралы біліп жүретін болады, – дейді Мара Нұрмұхаммедова.

Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер мұражайының баспасөз қызметінің жетекшісі Клара Исабаева өнер тақыры­бында қалам тербейтін газет тілшісі Юрий Каштелюк өз мамандығының нағыз кәсіби шебері екендігін атап өтті.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *