ЖУРНАЛИСТІҢ ЖҮРЕГІ

Қали СӘРСЕНБАЙ

 

Ұлт баспасөзінің баһадүрлері туралы айтқанда, әріге бармай-ақ ұлы ұстазымыз Шерағаңдардан қайтсақ та кеудеңді бір мақтаныш сезімі кернеп өмір сүріп келеміз деуге болады. Алдымызда осындай ағаларымыз болмағанда біз кім болар едік, бүгінде өзімізді қайдан іздер едік деп те ойлаймын. Өйткені, осы жолдар авторының өзі бір заманда көшеден киоскі ашып күн көруге шешім қабылдағанда соңғы үмітімді үкілеп, қатарға қайта қосқан Шерағаң мен Қадыр Мырза Әли еді.

Біз білгенде журналист кім еді?

Әзілхан Нұршайықовты кім білмейді? Окопта жатып «Абай жолын» оқыған адам. 1976 жылы журфактың табалдырығын алғаш аттағанда оқ тескен қырық дәптерін арқалап келіп өткізген кездесуі естен кете ме? Бұл қатардағы ардагер журналистерді көп айтуға болады. Онда ұзап кетеміз.

Нури Муфтахты ұмыта қойған жоқ шығарсыз. Шерағаң «Егемен Қазақстанның» бас редакторы, Жоғарғы кеңестің депутаты. Атағы жер жарып тұр. Қолы босай бермейді. Есесіне, Нури ағамыздың кабинетінің алды босамайтын. Қазақстанның әр түкпірінен арыз-мұңын арқалаған адамдар тоқтамайтын. Және солардың мәселесі бір телефондаумен немесе газетке шыққан жарияланыммен шешіліп жататын.

Айтпағым, сол журналистердің рухани мұратқа адалдығы, елге қызмет етуден басқа ештеңенің қаперіне кіріп шықпайтыны.

Ал қазір біз кімбіз? Әлдекімдердің түсінігіне салсақ, тек тапсырыс орындап күн көретін тойымсызбыз ба? Жоқ, олай емес, бар екенбіз? Бірақ оның бірі де таяуда өзегімізді өртеп өмірден өтті. Алғашқыда көппен бірге қайғы кешіп байқамағандай екенмін, Бейсен Құранбектің соңғы сөзін оқып аласапыран күй кештім. Былай деп кетіпті жарықтық.

«Құдайым мені қай кезде аламын десе дайынмын. Алланың маған нәсіп еткен өміріне де, сынағына да разымын. Мен жақсы өмір сүрдім. Маған Алла Тағала жақсы ата-ана, жанашыр бауыр, адал жар, сүйкімді бала сыйлады. Он екі мүшемді сау қылып, бойыма қуат берді, миыма сана, жүрегіме рух берді. Басыма бақ қондырды. Ел-жұртыма маңдай терімді сыпырып жүріп қызмет етуге мүмкіндік берді. Тағы уақыт берсе, тағы да аянбай қызмет етуге даярмын. Мені жақындарыммен, балаларыммен сынамай, жеке басыма дерт беріп, өз денеммен сынап жатқанына тағы да шексіз ризамын. Ризамын».

Абайдың жасына он жыл жетпей өмірден озған адамның мына сөзін қалай даналыққа телімейсің. Әлгінде айтқанымдай, әу баста осы сөзді алғашқы кездегі әсермен желдіртіп оқып шыққан болуым керек, қайсыбір күні санамды солқ еткізді. Мұндай сөз айтуға адамның жасы емес, басы керек. Бұл сөзді жаздырып отырған да үлкен мәдениет, ішкі рух тазалығы. Кекшіл, тексіз адамнан мұндай сөз шықпайды. Ондай адам өзін де, өзгені де жеп қояды. Осыншалықты азапты күндерді бастан кешіп жатып, бір сәтте мұқалмай достарын, ағайындарын, бауырларын, сүйген жарын, балаларын, ең бастысы, халқын қалай сүйетінін үздіксіз айтып жатуы қандай ғажап! Әншейінде жәй балтырың сыздап, басың ауырса да тыпыршып кетесің ғой. Бұл қайдан келген, толассыз құйылып жатқан, қайнары сарқылмайтын жігер, қуат, құштарлық! Рухы, ішкі қуат сезімі не деген күшті адам! Тұла бойы тұнған сүйіспеншілік екен ғой. Осының бәрін осынша жасында қайдан жиып, бір бойына қалай үйлестіре білген!

Бейсен бауырымның соңғы сөзі осы төңіректе жиған, оқып білген азды-көпті деректерді амалсыз еске салды.

Өмірден өткелі жатқан кісінің соңғы сөзі қандай болмақ? Біреулер артында қалған ұрпағына соңғы өсиетін айтуға үлгеріп кетеді, енді біреулер хатқа жазып кетеді. Солай ғой. Ал енді тағдырдың жазуы деген болады. Біреулер мұндай жағдайды ойламай-ақ өмірден озып кетеді. Бұл опасыз жалған кімнің ер-тұрманын бүтіндеп кетуіне мүмкіндік берген дейсіз?

Сонымен соңғы сөз.

Бірде төсек тартып жатқан Тургеневтен әйелі: «Нені, кімді қимай жатырсың?» деп сұрапты. Сонда Тургенев: «Бәрін қимаймын. Әсіресе, әнді қимаймын» депті. Ал енді осы Тургеневті апасы үшін дуэльге шақырған Толстойға да әйелі «Мені кешіресіз бе?» дегенінде, «Мені әлем кешіргенде, сен кешірмедің, жоқ» депті.

Жұрттың бәрі әулие емес, әрине. Егер өлетін күнін білсе, күні бұрын соңғы сөзін, өсиетін айтып, жазып кетпес пе еді?!

Десек те, айтып үлгергендер де баршылық. Мәселен, әйгілі Оскар Уайльд өзінің керемет әзіл сөзін өлер алдында айтып үлгеріпті деседі. Бір жағы аңыз делінеді. Ол өтерінен үш күн бұрын ақыл-есінен айырылып, тек бет, ерін қимылдары арқылы ғана емеурін білдірген екен. Алайда, ол соның алдында бір арзан қонақүйінде жатып, өте талғамсыз жасалған, қабырғаға жапсырылған қағаздың гүлдеріне, түсіне қарап жатып: «Не мен, не мына қағаздар…» деп жатып, теріс қарап жүріп кетіпті.

Дегенмен де, адамдар соңғы сәтінде қандай сөз айтар еді деп ойлайсыз? Калифорния университетінің түлегі Лиза Смарттың «Өткелдегі сөз» атты кітабы осы тақырыпқа жан-жақты жауап беретін тәрізді.

Баланың ең бірінші айтатын сөзі «мама» екені түсінікті. Ал өмірінің соңында аузына Алла не салатынын ешкім де, өзі де білмейді. Кітап жазу барысында Лиза ханым түрлі тәсілдермен, түрлі бағытта деректер жинайды. Священниктермен, медбикелермен кездеседі. Осындай жолмен ол 181 адамның (өзінің әкесін қоса есептегенде) 2 мыңға жуық сөзінің лингвистикалық құрылымын зерттеген.

Адамдардың соңғы сөзіне арналған «Сөздіктің» бірнеше ерекшеліктері бар. Олар жиі пайдаланатын тіркестерді, нақылдарды қолданады. Мәселен, жақынына өзінің ілтипатын және махаббат сезімін білдіреді, өтініп көмек сұрайды немесе өлімге қарсылық танытады, кейбіреулер боқтық сөздерге орын береді, не болмаса шешесін шақырады екен.

Лиза ханым, әсіресе, клиникалық өлімнен аман қалған­дармен сөйлескенде, олардың қанатты сөздерді, ғажайып метафораларды жиі қолданатынын айтады. Кейбіреулердің соңғы сөзінде көбіне қыдыруға әуестігі байқалады. Мәселен, «Менің картам қайда? Мен онымен үйге барар едім, үйімді адаспай табар едім?» деген тәрізді болып келеді екен. Біреу тез арада төлқұжатын алып, шет елге кетпекші болыпты.

Автор кітабының бір бөлігін белгілі адамдардың соңғы сөзіне арнапты. Олардың көбісі өлімді жоғары рухпен, пате­тикамен салтанатты түрде қабылдайды. Мысалы, Сталинге тұң­ғыш рет қарсы өлең жазған Мандельштамның Ахматоваға «Мен өлімге дайынмын!» дегені сияқты. Сондай-ақ, Фран­ция­ның соңғы монархы Людовик ХVІ эшафотқа көтеріліп тұрып, жазалаушыдан «Қымбаттым, Лаперуздың жоғалған экспеди­циясынан не хабар бар?» деп сұрапты. Князь М.Рома­нов аты­лар алдында етігін шешіп, оны өлтірушілерге беріп тұрып: «Сен­дер киіп жүріңдер, қанша дегенмен патша киген ғой» депті.

Уағында қорлықпен өлтіру деңгейі жоғары болған тұста ержүрек адамдардың тіпті теориялық тұрғыдан келгенде соңғы сәтінде биік сөз айтып өлуіне немесе ажалға батыл қарсы тұруына да мүмкіндік болды. Бүгінде аурухана төсегін­де таңылып ауыратын адамдарда ондай мүмкіндік бола бермейді. Сонымен қатар, «Соңғы сыйлық» атты еңбек жазған медбикелер М.Калламан мен П.Келлидің айтуынша, адам бойындағы ең соңғы өлетін сезім нүктесі ол есту мүмкіндігі екен. Сондықтан сіз адамдардың не деп жатқанын естуге мүмкіндігіңіз бар. Өміріңіздің соңғы сәтінде жақсы сөз естіп кеткіңіз келсе, тек сүйкіміңізді жоғалтпауға тырысқан жөн. Ондай адамның артында жақсы сөз қалмаса да, жақсы әсер қалады. Алайда, адамның басы Алланың добы демекші, басыңыз қай жерде қалатынын ешкім де болжап білмейді. Топырақ бұйырған жерде қалатыны хақ. Атақты Эйнштейннің соңғы рет қандай сөз айтқаны жұмбақ күйінде қалып отыр. Өйткені, оның қасында отырған американдық күтуші немісше түсінбейтін еді.

Қалай болғанда да бұл да тылсымы терең бір ғылым.

Мен оның журналист болғанына қуандым. Мына бір жазбасын оқып көрейік!

«Менің де жастықпен, мастықпен басқалар туралы ғайбат айтқан кездерім болған. Бірақ соңғы он жылда өзіме ешкімді жамандамау, жазғырмау, айыптамауды ұстаным етіп алдым. Өйткені, өзімнің де, өзгелердің де періште емес екенін түсіндім. Әркім өз түсінігі, білімі, ақылы, тәрбиесі, пайдасы тұрғысынан әрекет ететінін ұқтым». Ол кәсіби қызметінде халқына қандай адал болғанын өмірде де, өлім үстінде де дәлелдеп кетті. Мына сөзі де осы пендешілікпен ауырған біздің кейбірімізге ой салмай ма, қалай ойлайсыз? Өз кемшілігін біліп, оны түзету жолында жұмыс істеу дегенің мына делқұлы қоғамда ерлікпен бара-бар ғой.  Ісі мен сөзі үйлеспейтін, кәсібін қаскөйлікке пайдаланатын әріптестеріміз де жоқ емес, бар ғой, қазір көбейіп бара ма деп қорқамын. Журналистикадағы жауап­сыздық, сауатсыздық деген де өршіп тұр. Қазіргі журналист кім өзі? Жанын жалдап, тапсырыс орындап, біреудің сойылын соғып, түнде көлеңке іздеп күн көруші ме? Жалғаннан жамандық іздеуші ме? Біреу ақиқатын айтса, талтүсте соның соңына шам алып түсу, дерексіз, дәлелсіз сөйлеу, тұқырту, мұқату, екі ортаға от жағу – біздің қазіргі біршама журна­листер осындай тойымсыз, тажал болып бара ма? Біреуді жазғырма, жалған жазба, оның наласы біртіндеп өз басыңа көшетінін сезінетін көшелікке қашан жетесің?! Сен рухани қылмыс жасап жүргеніңді сезесің бе? Экономикалық, саяси қылмыстан гөрі оның сұрауы қиын болатынын сезсең, әлі де кеш емес. Ешкімнің сойылын соқпай-ақ бір жылы ағыспен жылы дүниелер жазып ғұмыр кешуге болмай ма? Жаның тыныш болады ғой. Ақиқатты айқайламай да айтуға болады ғой. Осындайда дедектеп дерек қуған, дікеңдеп сөйлейтін, көсемсіп кететін, біреуге тиісуді мәртебе көретін жеңіл-желпі «жүргіш журналистика» келе жатыр ма деп қорқасың.

Біз білгенде журналистика – жоғары мәдениет, саф тазалық, үлкен мектеп еді.

Қазіргі журналистикада ерекше жаратылған болмыстар неге аз? Баспасөзден Шерхан, Камал, Қалтай, Нұрмахандардың рухы неге алыстап барады?

Бір сәтті байқап қалдым. «Жетісу» арнасын басқаруға келген Бейсеннің абажадай мамық креслоны алдырып тастап, қарапайым қатқыл орындық қойғызуының өзінен парасатты пайымдаудың үлгісі ұшқындап тұрған жоқ па? Шығарма­шылық адамының өзін бастық сезінуі өліммен тең екенін айтып тұрған жоқ па? Осы адамгершілікке негізделген өмір жолымен ол бір-біртінге тұлғалық биікке көтеріліпті. Журналистикада сүйегіне сөз сіңген танымал адамдар бар, бірақ оның бәрі тұлға емес. Бұл биіктің өзі де халықтың берген бағасымен, бағамымен өлшенсе керек.

Ол адамдарды алаламайтын еді. Сондықтан өз биігінде болды. Өзіміз ұстаз санайтын, оның да ұстазы Несіп Жүніс­баев­тың бұл қайтқанда көз жасын қалай бұлағанын білесіз. Бірде «Несіп аға Қалиды оқы, Нұртөрені тыңда» дейтін» деуі де іштарлықтан ада, кісіге деген құрметінде қылау жоқты­ғынан ғой.

Біз білгенде шын журналистің «жағымпаздығының» өзінен жаңалық, жасампаздық сезіліп тұрар еді. Осынау ой кешулер үстінде бүгінгі журналистиканың «жаппарқұлдарына» осындай бір лепес айтуды да артық көрмедік.

Бұл ойды маған өмірдің өзі тоқтаусыз диктовка жасап отырды. Жазып үлгере алар түрім жоқ. Әншейінде келіп, кетіп ұстатпай жүретін сөз сиқырдың кезекке тұрғандай үйіріліп келе беруін қарашы.

Ұстазымыз Шерағаң «Ең алдымен халқыңа тигізер пайдаңды ойла, өз пайдаң соның ішінде» деуші еді. Өз пайдаң дегені өз абыройыңды айтқаны ғой. Демек, ақиқатты айтсаң ғана абыройың сенен алыстамайды дегені. Ендеше, «шамаң келсе «Шаманы» айт демекші, шындықты жазшы, жарқыным! Ең болмағанда шындықты шырылдатып, шырайын келтіріп айта алмасаң үнсіз қалсайшы. Аузыңды былғамасайшы. Бұл аз десең, Хамаң айтпақшы (Х.Ерғалиев), «шындықты айтарда бір шылым шегіп алшы».

Болмаса Бейсеннің соңғы сөзін оқышы. Мүмкін аржағыңа бір сәуле түсер. Ол еліне қызмет ету үшін ғана танымалды­лыққа ұмтылыпты. Сонсоң халқын өсірмей жатқан надандыққа қарсы майдан ашуды ойлапты. Ол мақсатына да жетті. Биліктің арнасында жүріп те жазарын жазып, айтарын айтып кетті. Журналистің, журналистиканың деңгейі қандай болу керек деген сауалға тік тұрып жауап беріп кетті. Патриотизм бәзбір алаяқтардың жамылғысы боп тұрған мына марғау күндерде ол өтірік өмір сүрмеудің, бәрінің жалған екенін бар болмы­сымен дәлелдеп, «шу, қарақұйрығым» деп кете барды. Көк жәшіктің бетінде өзі жүздеген адамның көз жасын сүртіп еді. Сол күні Жетісудың жеті өзені де көз жасын бұлап, бұлқынып аққан болар-ау.  «Абырой Алланың қасында» дейді. Сол абыройға, өз орнына барды.

Бар екенбіз ғой!..

Р.S. Рахымжан дос өмірден озғанда «Жазушының жүрегі» деп лепес жазып, қиын бір халді бастан кешкен едім. Сондай бір сәтті тағы бір мәрте бастан кешіп, жүрек шіркіннің «Журналистің жүрегіне» үңілген бір сәті еді ғой бұл.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *