Журналистер мен блогерлер арасында байқау жарияланды

«Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының» тапсырысы бойынша «Qadam Іntech» қоғамдық қоры» журналистер мен блогерлер арасында «Жасампаз елдің жастары» байқауының басталғандығын жариялайды.   

 Әсел ДАҒЖАН

Байқаудың мақсаты – журналистік қауымдастықты жастардың өмірі мен жетістіктерін жазуға, олардың шығарма­шылық әлеуетін ашуға және ынталан­дыруға бағытталған. Байқаудың жалпы жүлделік қоры 7 000 000 (жеті миллион) тең­гені құрап отыр. Байқау 7 номинация бойынша өтпекші, яғни:

  1. Үздік телевизиялық сюжет;
  2. Мерзімді БАҚ-ғы үздік жарияланым;
  3. Үздік радиоматериал;
  4. Ақпарат агенттіктеріндегі (интернет-ресурс) үздік жарияланым;
  5. Әлеуметтік желідегі (блогерлердің материалдары) үздік жарияланым;
  6. Үздік фотоматериал;
  7. Үздік вайн.

– Елбасының жариялауымен биыл Жастар жылы болып белгіленген болатын. Оның үстіне алдағы Журналистер күні қарсаңына орайластырып байқау ұйым­дастырып отырмыз. Жастар тақырыбы өте ауқымды. Спорт саласы мен кәсіпкерлікте жетістікке жеткен немесе қоғам дамуына белсенді араласып жүрген ерекше жастар жайлы материал болса, жеткілікті. Өтініш­тер бір ай шамасында 21 маусымға дейін қабылданады, – деді Қоғамдық даму басқармасының коммуникациялық іс-тәжірибелер бөлімінің басшысы Ерлан Қоқамбаев.

Байқауға еліміздегі жастарды әлеу­меттік-экономикалық қолдауға, олардың өмірі мен жетістіктеріне арналған мате­риалдар қабылданады. Бәйгеге қатысу үшін jasampazjastar.kz сайтына онлайн тапсырыс беру қажет. Ескеріңіздер, бәйгеге 2019 жыл­ғы 1 қаңтардан 2019 жылғы 21 мау­сымға дейін жарияланған (жарияла­нымдар мен бағдарламалар циклдері, түрлі жанр­дағы очерк, сұхбат, мақала, телевизиялық және радио бағдарламалар, журналистік зерттеулер және тағы басқалар) немесе эфирге шыққан материалдар қабылданады. Өтініштер 2019 жылдың 20 маусымына дейін қабылданады.

Сыйақы мен диплом алушыларды іріктеуде байқау комиссия мынадай  критерийлерді басшылыққа алады:

  • материалдардың объективтілігі;
  • мазмұндау кәсібилігі мен шеберлігі;
  • проблеманы қою және оны жан-жақты жазу;
  • материал туғызған қоғамдық резонанс;
  • жұмыстарды шығармашылық тұрғыдан бағалау;
  • қозғалып отырған проблемалардың өзектілігі және олардың шығармашылық талдану тереңдігі.

Айта кетейік, байқаудың комиссия мүшелері кәсіби журналистер мен блогерлер. Жеңімпаздарды марапаттау күні 28 маусымға, яғни Байланыс және ақпарат өкілдерінің төл мерекесі күніне жоспар­ланып отыр.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *