Жолдаудың нәтижесіне ақпарат құралдары да атсалыса алады

Жанарбек ӘШІМЖАН, «Ана тілі» газетінің Бас редакторы:

Бүкіл әлеуметтік желі мен ақпарат құралдарында айтылып, тікелей эфирлерде талқыланып жатқан соңғы ақпараттың бірі – Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының халыққа Жолдауы. Шынын айту керек, бұл Жолдау халыққа әлеуметтік жағынан ықпал арттырған және нақтылы ұсыныстар беріліп, үкімет пен тиісті ведомстволарға жүктелген тапсырмалармен ерекшеленді. Маған ерекше әсер еткені, Президент «халыққа берген уәдемді орындаймын» деді. Бұл халықтың сенімін оятқан секілді. Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын іске асыруға қатысты айтылған дүние­сі, күшті Президент, ықпалды парламент, есеп беретін үкімет, міне, осы үш таған Жолдаудың сипатын ашып тұрған секілді. Президенттің науқандық жоба­лардан гөрі нақтылы іс-әрекетке көшу керек дегені көңілге қонды. Мемлекеттік деңгейдегі саяси мәселе, халықаралық байланыс­тарға қатысты шешімін күткен сауалдар көп. Бірақ әлеуметтік бағыттағы халықтың ішкі жағдайы бірінші орында тұр. Меніңше, білім мәселесіне қатысты айтқан тапсырмалар халықтың көңілінен шығады. Өйткені, таяуда ғана Тамыз конференциясында Мемлекет басшысының ең үлкен күш болып табылатын ұстаздар қауымы, олардың мәртебесі мен әлеуметтік жағдайын түзеу, білім саласында нақтылы реформаларды жүзеге асыруды сөз етті. Осы уақытқа дейін қанша министр ауысты. Олардың бастап, аяқсыз қалған реформалары жастарды да екіұдай сезімде қалдыруда. Соның бәріне жауап берілді. Халықпен тиімді кері байланыс орнату деген халықтың көкейінде жүрген үлкен сауал болатын. Қоғаммен келісімді нығайту мәселесі қозғалды. Идеологиялық салада атқарылуы тиіс шараларға тоқталды. Азаматтардың құқық­тары мен қауіпсіздігін қамтама­сыз ету де айтылды. Жас ұрпаққа жасалып жатқан түрлі зорлық-зомбылық, жастарды есірткіге тәуелді ету, адам саудасы, нәзікжандыларға қатысты түрлі проблемалар айтылып қана қойған жоқ, Парламент пен үкіметке нақтылы тапсырмалар берілді. Күн тәртібінде тұрған мәселелер де сөз болды. Зейнет­ақы жүйесін тиімді жүзеге асы­руға қатысты айтылған Президент пікірі де халықтың қолдауына ие болғанына сенімдімін.

Ең бастысы, Жолдауда айтылған дүниенің бәрі іс жүзінде орындалып, сіз бен біз ертең көзбен көріп қана қоймай, нәтижесін қолмен ұстап көретін­дей болсақ екен деген үміт сәулесі басымырақ. Осы тұрғыда біз де, ақпарат құралдары өкілдері халықты сауатты ақпаратпен қамтамасыз етер болсақ, ол да болсын азаматтық борышымызды адал атқарғанымыз болар еді.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *