ЖОЛДАУ ЕРЕКШЕ ФОРМАТТА ӨТТІ

Алматы жұртшылығы Елбасы Жолдауын қызу қабыл алды

Мәншүк БЕКБОСЫН

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақорда резиденциясында Қазақстан халқына арнаған Жолдауын Алматы жұртшылығы тікелей көрсетілім арқылы Республика сарайында тыңдап отырды. Мемлекет басшысының еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне арнаған Жолдауында айтылған мақсат-міндеттерді  қалалық әкімдік өкілдері, мәслихат депутаттары, ҚХА мүшелері, мемлекеттік қызметшілер, мұғалімдер, дәрігерлер мен студент-жастар қалт жібермей қадағалап отырды.     

Биылғы Жолдау еркін форматта өтті.  Барлық сала басшыларын Ақордаға жинаған Президент Премьер-Министрден бастап лауазымды шенеуніктерге дейін есеп алғандай болды. Мемлекеттік шенеуніктердің бірі мақтау естісе, енді бірі Президент тарапынан сынға ұшырады. Дегенмен, Жолдаудан кейін Үкімет мойнына біраз міндет алды.

 Мемлекет басшысы бұл жолғы Жолдауында  Қазақстандықтардың әл-ауқаты, ең алдымен, табыстарының тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты екенін тілге тиек етіп, келер жылдан бастап еңбекақының өсетінін айтып, халықты бір марқайтып тастады.

  • Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі еңбекақы мөлшерін 1,5 есе, 28 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырамын. Бұл әр қазақстандық үшін үлкен көмек болады. Бұл түрлі салада жұмыс істейтін, барлық меншік формасындағы кәсіпорындарда еңбек ететін 1 миллион 300 мың адамның жалақысын тікелей өсіреді. Сондай-ақ, 275 мың бюджеттік ұйым қызметкерлерінің еңбекақысы өседі. Олардың жалақысы орташа алғанда 35 пайызға көтеріледі. Бюджеттік дегеніміз – олар ұстаздар, дәрігерлер, құқық қорғау органдары, қорғаныс қызметкерлері және тағы басқа. Бұл мақсатқа 2019-2020 жылдарға жыл сайын 96 млрд. теңгеден бөлу керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы тұрғын-үй коммуналдық кешен төлемдерінің әлі күнге дейін ашықтық қағидатына сүйенбей төленіп келе жатқандығына шүйлігіп, пәтер иелері кооперативінің жұмысын бақылауға алуды тапсырды.

– Қазір бұл салада қордаланған түйіткіл көп. Әсіресе, тұрғындар тарапынан жиналатын ақшаның көбі қайда кетіп жатқаны белгісіз. Пәтер иелері кооперативінің қызметі жіті қадағаланбайды. Ал коммуналдық тариф жыл сайын өсіп жатыр, – деді ол. Сөйтіп, Нұрсұлтан Назарбаев сала жауаптыларына бұл мәселені жедел шешуді тапсырды.

Сонымен қатар,  Ақорда резиденциясында өткен жиында Елбасы отандық өнімді қолдау мәселесіне де ерекше маңыз берді.

  • Индустрияландырудың басты бағыты – экспорт. Үкімет экспортқа шыға алатын кәсіпорындарға қолдау жасауға тиіс. Әсіресе, шикізатты өңдеу саласына басымдық берген жөн. Осы саладағы саясатқа проактивті сипат беру керек. Басты мақсат – әлемдік нарықтарға шығу, – деді Елбасы. Президенттің айтуынша, отандық кәсіпорындарға халық көп тұтынатын тауарларды шығаруға көмектесу керек.
  • Мысалы, қазір осы жерде отырғандардың костюмдерін шешсе, жалаңаш қалады. «Қазақстанда жасалған» деген жазуды көрсеңдер де, шет елдің өнімін аласыңдар. Бізде көйлекті де, костюмді де шығара алады. Ондай кәсіпорындарға қолдау жасау қажет. Өз тауарымызды қолдау керек. Өзім талай рет көрсеттім ғой. Мен тек отандық костюмдерді киіп жүремін. Сапасы шетелдік өнімнен еш кем емес. Ал бағасы он есеге арзан. Шетелдік тауарларды неғұрлым аз тұтынсақ, соғұрлым тәуелсіздігіміз мықты болады, – деді Елбасы Н.Назарбаев.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы халықтың қамын ойламай жайбарақат жүрген министр­лерді де сынға алды. Үкімет мүшелерін белсенді жұмыс істеуге шақырды. Олай болмаған жағдайда жалқау министрлердің орнын тиімді шетелдік мамандармен алмастыратынын айтты.

  • Бізде «Эйр Астананы» кім басқарады? Ағылшын азаматы. Ал Назарбаев университетін ше? Оны да жапондық азамат басқарады. Сендердің қолдарыңнан іс келмесе, шетелдіктерді аламын, америкалықтардың, жапондықтардың көмегіне жүгінемін. Ал жақсы мамандарды іздеу керек. Мысалы, Сингапур өз уақытында бүкіл әлемнен зейнетке шығып кеткен мамандарды іздеп, өздеріне шақырды. Және соларды басшылық қызметке тағайындады, – деді Н.Назарбаев.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қол қусырып отыратын мемлекеттік қызметшілерді де қатаң сынға алды.

  • Өзімнің тәжірибемнен білемін. Бөлімде он адам отырса, соның ішінде үшеуі ғана аянбай еңбек етеді. Қалғандары қол қусырып отырады. Сәйкесінше, тек жұмыс істей алатындарға барлығын жүктеп қояды. Осы үшеуі барлық есепті жасап, негізгі жұмыстарды атқарады, – деді Елбасы. Осы орайда Президент жұмысына салғырт қарайтындардың орнына нақты жұмыс істейтіндерді қалдыру керектігін атап өтті.

Бұдан өзге, шетелге, әсіресе, Ресейге кетіп жатқан жастардың көптігіне  алаңдаушылық білдірген Мемлекет басшысы ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке:

  • Жарайды, солтүстік өңірлердің жағдайы белгілі. Бірақ соңғы кездері Талдықорған, Алматы облысының жастары да сол жаққа кете бастады. Неге? – деген сауал қойды.

Ерлан Сағадиев мырзаның айтуынша, жастар көрші елдерге оқуға кетсе де, көбісі елге қайтып оралады екен. Мәселен, бүгінде Ресейге оқуға  кеткен жастардың тек жеті пайызы ғана сол елде қалып қойған.

Білім министрінің жауабына қанағаттанбаған Елбасы ел ішінде оқу-білім саласына көп көңіл бөлу қажеттігін айтты.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев құқық қорғау органдарының жұмысын түбегейлі өзгертуді ұсынды. Осы орайда Президент ҚР Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовтың аталған міндетті орындай алатынына сенімді екенін мәлімдеді.

  • Ішкі істер органдарының қызметкерлері күнде қылмыспен күресіп отырады. Ал кей кезде халықты қорғаймын деп, өз өмірлерін де қауіпке тігеді. Тәуелсіздік жылдары осы жолда 770 полицей қаза тапты. Біз болсақ, қит етсе, оларды жамандаймыз. Ал қауіпті жағдайда полицияға жүгіреміз. Дегенмен, халық құқық қорғау органдарының түбегейлі өзгеруін күтіп отыр. Полиция жазалау таяқшасы емес, адамның көмекшісі болуы шарт, – деді

Н.Назарбаев.

Осы орайда Президент ҚР Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовты кәсіби полицей ретінде сыйлайтынын жеткізді.

  • Мен генерал Қасымовты ең кәсіби полицей, адал әрі тәуір адам деп санаймын. Сондықтан полицияны қалай өзгертетінімізді өзі ұсына алады. Ішкі істер органдарын жаңғырту бойынша арнайы Жол картасын қабылдау керек. Оны келесі жылы бастауымыз қажет, – деп атап көрсетті Н.Назарбаев.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев адамдарға өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру керектігін мәлімдеді.

  • Жайлылық дегеніміз – ең алдымен, тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмыс істеуге қолайлы елді-мекеннің және сапалы инфрақұрылымның болуы, – деген ол бұл жағынан Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектен үлгі алуға болады деп мақтады.

Елбасы жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы қажеттігін атап өтті.

  • Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынамын, – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Үнемі мұғалімдер қауымын басты назарда ұстайтын Ұлт көшбасшысы бұл жолы да білім саласына соны серпін мен мұғалімдер қауымына ерекше жігер берді. Қазақстандық мұғалімдердің еңсесін бір көтеріп тастады.

Президент мұғалім қосымша жұмыспен айналыспай, өзінің сабағына дайындалу керектігін айтты. Бұл ретте келесі жылы «Педагогтардың мәртебесі туралы» заң қабылданатыны белгілі болды.

  • Келесі жылы «Педагогтардың мәртебесі туралы» заң әзірлеп қабылдау қажет деп санаймын. Ол мектепке дейінгі ұйымдар қызметкерлері мен мұғалімдерді ынталандыратын шаралар қарастырып, жүктемені азайтуы тиіс. Мұғалімдерге барлығын үйіп-төгеді: сайлауды да мұғалімдер өткізеді, үгіт-насихат та солардың мойнында, бірдеңе істеу қажет болса, тағы мұғалімдер. Бұл үшін оларға ешкім ақша төлемейді. Оларды артық жұмыстан босату керек. Мұғалімдер сабаққа ғана дайындалу керек, – деді Н.Назарбаев. Сондай-ақ, Президент үш ауысымды және мектеп тапшылығын шешу үшін қосымша қаражат бөлуді тапсырды.
  • Балалар қауіпсіздігінің маңыздылығын ескере отырып, мектептер мен балабақшаларды жүз процент бейнебақылау жүйесімен жабдықтауды тапсырамын. Мектеп психологтарының жұмысын күшейтіп, басқа да шараларды қолға алу керек. Бізде мектептер тапшы, үш ауысымдық мектептер бар. Сондықтан 2019 – 2021 жылдары осы мақсатқа қосымша 50 миллиард теңге бөлуді тапсырамын,  – деді ол.

Биылғы Жолдауда елдің бірлігін нығайтатын, әлеуетін арттыратын жұмыстарды жүйелі жолға қоюдың қадамдары, әр саланың, кәсіби маманның жауапкершілігін ширата түсетін тетіктер анық көрсетілді.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *