Жолдарың болсын, жігіттер!

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: 

Жастардың білім деңгейі бойынша еліміз Швейцария, АҚШ, Норвегия және Финляндияны басып озып, 9-орында тұр. Қазақстан «жаңа интеллектуалды держава» бола алады. Еліміздің аса ілгерінді технологиялық және цифрлы болашаққа дайындалуда екенін ескере келгенде, бізге білім саласындағы жетекші үрдістерден қалып қоймау ерекше маңызды. Қазақстан баршаға табыс пен өсіп-өркендеуді қамтамасыз ететін өзінің жастарына қажетті білім мен машықтар беруі тиіс.

Биыл – Мағжан сенген жастардың жылы. Айтулы жылдың ашылу рәсімі «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» деген атаумен Астана төрінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен салтанатты жағдайда өткені баршамызға белгілі. Оған еліміздегі жас буынның барлық санатының өкілдері қатысты. Республика бойынша жиналған ең үздік деген жалынды қыз-жігіттердің арасында ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігіне қарасты, Бағдат Телтаевтің басшылығындағы «Қазақстан жол-ғылыми зерттеу институты» АҚ-дағы «Автомобиль жолдарын жобалау және диагностикалау, паспорттау» бөлімінің жетекші инженері болып еңбек етіп жүрген Алмат ТӘКЕБАЕВ та болды.

 Нұржамал ӘЛІШЕВА

– Еліміздегі автокөлік жолдарының тұтас және тиімді инфрақұрылымын қалыптастыру «Нұрлы жол» бағдарламасының маңызды бағыты. Осы міндетті жүзеге асыруға біздің институт маман­дары үлкен үлес қосып отыр. Біздің институт автомобиль жолдарының сапасын ғылыми тұрғыда зерттеу жұмыстарымен айналысады. Салынатын жолды жобалаймыз, құжаттарын әзірлейміз. Облыстық маңызы бар жолдарға диагностика жасаймыз. Яғни, жолдардың жалпы жағдайын тексеруден өткіземіз. Ескі жолдың да, қолданысқа енді ғана берілген жаңа жолдың да қазіргі ахуалын, қандай ақаулары, кедір-бұдыры, жарық түскен жері бар ма, оған күрделі, әлде ағымдағы жөндеу жұмыстары қажет пе, қандай материалдар қолдану керек, соның бәрін кәсіби тұрғыда анықтаймыз. Мұның бәрін Дания мемлекетінен әкелінген, заманауи құрылғылармен жабдық­талған машина атқарады. Әрине, оның тізгінінде техника тілін оқи алатын жоғары білімді маманымыз отырады. Машина асфальт жолдың үстімен бір жүріп өткенде, жол туралы барлық мәліметті еш кедергісіз бірден түсіріп алып отырады. Мұндай машина ТМД елдері бойынша біздің Қазақстанда ғана бар. Сондай-ақ, жолдың паспортын да заманауи техникалармен жабдық­талған машинамен жасап береміз. Мұның бәрі жөндеу жұмыстарына кететін уақытты да, шығынды да барынша үнемдеуге мүмкіндік жасайды. Біздің іргелі ғылыми лаборатория­мыздың да материалдық-техникалық базасы қуатты, – дейді Алмат өз ісін аса сүйіспеншілікпен әңгімелеп.

***

АЛМАТ бала күнінде футболист болғысы келетін. Ержете бастаған тұста журналист боламын деді. Одан әнші болуды да армандаған. Журналист әкесі кішкентай күнінде ұлының қолына «Ұлан» газетін ұстатып қоятын. «Газет оқы, журнал оқы, кітап оқы, одан жаман болмай­сың», – деуші еді балапанының болашағын ойла­ған қамқор әке. Бертін келе әке ықпалымен әдеби, тарихи кітаптарға қызыға бастады. Иә, ой-өрісі кеңейіп, рухани дами түсті.

Әкесі: «Бір үйге бір журналист жетеді», – десе, анасы: «Техникаға да жақындығың бар ғой, балам, одан да инженер мамандығын таңдағын. Қоғамда сұранысқа ие», –деді. Сөйтіп, Алматы қаласын­дағы  М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуни­кациялар академиясының Автомобиль жолдары және аэродромдар құрылысы  факуль­тетіне түсіп, 2009 жылы ойдағыдай бітірді.  2010 жылы Л.Гончаров атындағы автомобиль жолдары академиясының магистратурасына оқуға түсіп, оны 2012 жылы Техника және техноло­гиялар магистрі болып  тәмамдады. Қазіргі маман­дығына осылай келді. Бұл жолды таңдағанына еш өкінбейді. Сүйікті ісімен айналысып жүр. Әрі жол, көпір салу – ең сауапты істердің бірі деп санайды.

– Кешегі Жастар форумында Елбасы болашақ мамандығыңды жүрек қалауымен таңдау керектігі туралы баса айтты. Өзің көңілің құлайтын іспен айналысқанда ғана жетістікке жетуге болатынын тілге тиек етті. Ол рас. Қазіргі кейбір жастар жұмысқа тұрмай жатып бірден «ақшасы қанша екен» дейді. Бірінші кезекте ақша маңызды болмауы керек. Жаныңды салып істеген жұмыс­тан береке табатының анық, сосын абырой-беделге ие болып, ақша да өзі келеді, – дейді Алмат Қанатұлы.

***

– ЕЛІМІЗДІҢ ең белсенді, жалынды жастары жиналған форумда менің де делегат болып қатысқаным мен үшін үлкен мәртебе болды. Елбасын бірінші рет көрдім. Нұрсұлтан Әбішұлы үлкен залға кіріп келгенде, өте күшті энерге­тикасын сезіндім. Жан-жағым жап-жарық болып кеткендей болды. Бойыма ерекше бір күш біт­кендей қанаттанып кеттім. «Бұл – біздің Прези­дент!» деген мақтаныш сезімі кернеді жүрегімді. Бүкіл залды бір шолып шыққан көзқарасының өзінен-ақ тегін адам еместігі білінді. Мінберге шығып сөйлеген жастарды мұқият тыңдап, ара-арасында алдындағы қағазға бірдеңелерді қысқа-қысқа ғана түртіп қойып отырды. Сосын сөз алғанда еш мүдірмегеніне, алдында ғана сөйлеген әр жастың ойларын жалғастырып, жандандырып, нақты сан, деректермен сөйлеп отырғанына тәнті болдым. Жады неткен мықты деп ойладым. Бізге бұл кісінің деңгейіне жету үшін әлі де көп еңбектену, оқу, тоқу керектігін түсіндім. Бұл форум бізге моти­вация берді, – деп ой бөліскен Алматтың Елорда төрінде өткен Жастар жылының ашылу салта­натынан ерекше шабыттанып қайтқанын сездік.

***

БІЗДІҢ кейіпкер – сегіз баланың төртіншісі. Әкесі Қанат Тәкебаев – журналист, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты, Райым­бек ауданының «Құрметті азаматы». Анасы Күлсінбүбі Қыбыраева – мұғалім, «Алтын алқа» иегері. Қазір екеуі де зейнетте.

Ата-анасы екі жақтап жұмыс істеп, ешқай­сысын тарықтырған жоқ. Көпбалалы отбасында өскендіктен жастайынан құлағына бауырмал, кішіпейіл, қайырымды, мейірімді болу сынды құндылықтарды сіңіріп өскен жігіт.

Ең алғашқы жалақысына үйге торт апарғаны есінде. Сөйтіп, отбасына кешкілік жақсы көңіл-күй сыйлап, өзінен кейінгі тәттіге құмар бауырларын қуантқысы келгені бар.

Әнші Димаш Құдайбергенов кумирі емес, бірақ осынау қалақтай ғана қазақ баласының Қазақстан деген мемлекетті, оның қара домбырасын бүкіл әлемге танытып жүргені үшін құрметтейді. Ал алдыңғы толқын ағалардан Мұхамеджан Таза­бектің «ютубтан» жастармен кездесулерін тыңдап жүретіні бар. Оның отбасылық құндылықтар туралы ой-пікірлерін бағалайды.

***

ЖАС инженер – қалада туған бала. Бірақ ауыл тірлігі де оған жат емес. Ата-әженің тәрбиесін көрді. Үлкендер жүрген жер береке деп санайды. Ол кісілер бүгінде орталарында жоқ болса да, ауыл десе жүрегі алабөтен лүпілдеп кететіні бар. Өйткені, ауыл һәм ата-әжесі оның жүрегіне қазақи құндылықтардың дәнін септі.

Үлкендерге қолғабыс етіп, картоп егетін, арамшөбін жұлатын. Өріске мал да айдады. Су таситын. Шеге де қақты. Бір сөзбен айтқанда, ауыл баласына тән барлық тірлікті істеді. Мал союды да біледі. Үйге мейман келгенде, қолға су құюға таласатын. Бата алатын. Ал бата алған баланың жаман болуға қақы жоқ.

Марқұм әжесі: «Үйге келген қонақ өзімен бірге он екі береке алып келеді. Кетерінде соның он бірін сенің үйіңе қалдырып, біреуін ғана өзі алып кетеді», – деп отыратын.

Алмат бүгінде өзі де қонақжай отағасы. Әке. Екі жастағы баласы, баяғы өзі сияқты, ата-апа­сының меншігінде. Сондықтан үлкендердің ұла­ғатымен сусындап өсіп келе жатқан бүлдіршінінің ертеңіне сенімді.

***

– МЕНІҢ байлығым – Отаным және отбасым. Туыстарым және достарым. Көршім де, әріптесім де байлығым. Барлық адаммен сыйласа білетінім де байлығым, – дейтін Алматтың әрбір сөзінен отбасын, әке-шешесін қатты қадірлейтіні білініп тұрды. Ата-анасына жиі сыйлық жасап тұрады екен. Ал анасына үш мейрамда, яғни 8 наурызда, туған күнінде және ұстаздар мерекесінде міндетті түрде гүл ұсынады.

Бұрын анасының қан қысымы көтеріліп кетіп мазасы қашқанда, «бір үйге бір медик керек осы» деп айтатыны есінде. Алматтың келіншегі – медицина маманы. Әрине, бұл кездейсоқтық қой. Дегенмен, анасына ұқсайтын, анасы сәл сырқат­танып қалса, жанынан табыла кететін жар тапқанына қуанышты.

***

ОЛ әлеуметтік желілерде бар. Күнделікті жұмыс кабинетіне кіргенде, алдымен электронды поштасын бір қарап алады. Сосын әлеуметтік желілерді шолып шығады. Қоғамда, ел ішінде, әлемде не болып жатқанын біліп отыру үшін. Бірақ әлеуметтік желіге басыбайлы кіріп кеткен жері жоқ. Уақытты қадірлей біледі.

Интернеттен кітап оқуды дұрыс көрмейді. Себебі, түрлі сәуле бөліп тұратын экран көзге әсер етеді, зияны басым. Ал кітаптың, газеттің иісін сезініп, әрбір жолын түйсініп оқу мүлдем басқа дүние деп санайды.

Айтпақшы, жас инженердің әдебиетке, көркем­сөзге жақындығының бір дәлелі, былтыр Алатау аудандық «Нұр Отан» партиясының ұйымдас­тыруымен өткен байқауда «Үздік спикер» атанды.

Ұялы телефонның бетіне, компьютерге жабы­сып алған бүгінгі ұрпақтың ертеңіне алаңдайды. Егер ғайыптан өзіне кино немесе мультфильм түсіру мүмкіндігі туып жатса, сөзсіз батырлар туралы мультиктер түсірген болар еді. Енді ғана бой, ой түзеп келе жатқан жас балаға айбынды батырлар образы сөзсіз рух, жігер беретініне сенімді.

ЕЛ МЕН ЕЛДІҢ АРАСЫН ЖАЛҒАЙТЫН ЖОЛ САЛУ ІСІНЕ ЕЛЕУЛІ ҮЛЕС ҚОСЫП ЖҮРГЕН ИНЖЕНЕР ЖІГІТКЕ ӨЗІҢНІҢ ДЕ ӘРДАЙЫМ ЖОЛЫҢ БОЛЫП ЖҮРГЕЙ ДЕГЕН ТІЛЕК АЙТАМЫЗ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *