«ЖОЛДАҒЫ ҚАБЫЛДАУ»

1085акциясы кезінде көп сауал – көлік кептелісін азайтуға қатысты өрбіді

Айнабай МӘДИ

Бұл жолғы қабылдау төрт ауданды қамтып, ел-жұрттың өтінішін ерекше ескерген шара болды. Онда жол ережесі, айыппұл көлемі, бағдаршам жайы молынан қамтылды. «Жолдағы қабылдаудың» біз білген бір ерекшелігі –  заңсыз таксилерге қатысты мәселенің айрықша айтылғаны.

Таңғы сағат тоғыздан басталған шара кешкі сағат беске дейін жалғасып, «Жолда қабылдау» деп безендіріліп жазылған автобустың біреуі Бостандық ауданы аумағындағы Атакент сауда-көрме орталығына жетті. Осындай безендірілген бірнеше автобус Алатау, Жетісу мен Әуезов ауданына жол тартқанын көрдік.

МАИ қызметкерлері тұрғындардың сауалына тиісті жауап беріп, өтінішіне құлақ түрді. Инспекторлар көтерілген мәселелерді шұқшиып қағазға түсіріп жатты. Сауалдың бірнешеуі тыйым салынған жерлерде ат-көпірдей тізілген көліктер жайына ойысса, енді бір сауалдар заңсыз таксилерге тосқауыл қоюға қатысты өрбіді.

Тұрғындар көтерген мәселелер бағдаршамды да айналып өтпеді. Тимирязев пен Байзақов көшелері қиылысында бұрылатын жолақ не бағдаршам жоқтығы тілге тиек етілді. Ертелі-кеш осы жерде көлік кептелісі болатыны айтылды. «Адем» сауда орталығына кіріп-шығатын жердегі қым-қуыт кептеліс те шешімін табуы тиіс. Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері аталған өтініштерді қағазға түсіріп, бір апта ішінде нақты жауабы берілетінін ескертті.

– Әкімшілік полиция басқармасының ұйымдастыруымен Алматы қаласында ел-жұрт көп жиылатын төрт аумағында тұрғындарды қабылдап, сауаларына жауап берудеміз. Шешілетін мәселе болса, жазып алып, он күн ішінде жауап береміз, – деді Алматы қалалық Әкімшілік полиция басқармасының өкілі, полиция подполковнигі Марат Мұқанов.

Аталған шараның әр тоқсанда өтетінін ескерсек, бәрінен нәтиже қымбат. Акция мақсаты – тұрғындарға жол қозғалысы ережесін, жүргізуші мен жаяу жүргіншінің құқығын түсіндіру. Бұл жолы да алматылықтар мен қала қонақтарынан қоғамдық тәртіпке қатысты сан түрлі өтініш қаралды. Сауалдың басым бөлігі көлік кептелісін азайтуға әсерт етіп, қауіпсіздік жағдайын реттеуге сеп болары анық.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *