ЖОЛДА КЕЗІККЕН АКТЕР

Есмұқан Обаев,

Қазақстан Республикасының халық әртісі

 

Жалғасы. Басы газетіміздің өткен сандарында.

Режиссердің айқайы

Актердің бағын ашатын –

режиссер,

Режиссердің бағын ашатын –

актер.

52Бұл ретте, өте білімді, пара­сатты, талантты режиссер Бәйтен Омаровтың шығармашылық жо­лында үзеңгілес, сапарлас, пікір­лес болған Әбілқасым Жаңбыр­баев пен Тұратай Иісованың орны ерекше десем, қателеспейтін болармын, сірә.

 

Олар бір-бірін сыйлайтын, сынайтын, бір-біріне сүйеу, тіреу бола білетін тамаша бір шығар­машылық топ еді.

Олар бір-бірінің көкейіндегі ойды айтқызбай-ақ сезетін нағыз сырлас достар еді.

Әдетте, репетиция кезінде актерлерге дауыс көтеріп, айқайға басып жататын режиссерлер аз емес. Кейбіреулердің, тіпті, «аузы­нан ақ ит кіріп, көк ит шығатын» кездер де болады. Бұл, әрине, кім-кімнің де рухани мешеулігін, парықсыздығын, надандығын көрсететін жаман әдет екендігі даусыз.

Рас, кейде режиссердің эмо­цияға берілетін, қаны басына шабатын  сәттері болмайды емес, болады. Бірақ, іштегі ой-мақсат, пайым-парасат қаншалықты биік болса, ол соншалықты төменде­мейді. Сахнадағы ситуацияға лайықты сөз тауып айта біледі.

Әмәнда сабырлы, салмақты қалпынан жаңылмайтын Бәйтен аға әлгіндей жағдайларды көргенде: «Режиссер әуелі өзінің не үшін айқайлап тұрғанын білуі керек», – деуші еді ақырын ғана.

 

Бәйтеннің батылдығы

Кеңестік идеологияның желі қай тұстан соғатынына қарай қимылдап, «от жағып, түтін түтетіп» отыратын күрделі кезеңді де бастан кештік.

Сахнада ұлт тарихын, ата-ба­ба дәстүрін, әдет-ғұрпын көрсе­тетін туындыларға тосқауыл қойылып, социалистік реализм бағытындағы шындықты ғана насихаттайтын шығармалар дә­ріп­теле бастаған шақта батылдық танытып, Семейдегі Абай атын­дағы музыкалық драма театрында М.Әуезовтің «Қарагөзін» жаңа туған айдай жарқ еткізіп сахнала­ған батыл режиссер Бәйтен Омаров болды.

Бұл қойылымда Сырым рөлін – Әбілқасым Жаңбырбаев, Қара­гөзді – Тұратай Иісова ойнады. Спектакль шымылдығы ашылған сәттегі көрініс әліге дейін көз алдымда. Кешкі мезгіл. Асан сал «Баянауыл басынан бұлт кетпес» деп шырқап келеді. Залдағы көрермен қауым ә дегеннен-ақ кең даланың саф таза ауасын жұтып отырғандай әсерге бөленеді. Асан салдың рөлінде ойнаған актер, өкінішке қарай, өмірден ерте өткен талант Болат Сыбанбаевтың даусы қандай еді десеңізші, шіркін!.. Жан дүниеңді тербеп, бірде толқытып, бірде шалқытып жіберетін-ді.

Түсіне білген жанға ән де бір спектакль. Әу деп басталып, бірте-бірте ширығып, сонсоң шешімін тауып, ой тастап барып аяқтала­тын өзіндік құрылымы болады. Бәйтен аға музыкант болғандық­тан, ән құдыретін ерекше түсінетін және оны өз спектакльдеріне таңдап, талғап, асқан бір шебер­лікпен  қолдана білетін.

Жалпы, Бәйтен Омаровтың білімділігі, талғампаздығы, шы­ғарма­шылық ізденісі туралы таңды таңға ұрып айта беруге болады. Ол үшін, әрине, мұра­ғаттағы, мұражайдағы дүниелерге үңіліп, зерттеп, зерделей білу қажет. Кім біледі, болашақта ондай азаматтар да шығып қалатын шығар ортамыздан.

 

Талап пен талғам

Белгілі бір туындыны сахна­лауға кірісетін кезде Бәйтен аға әрбір детальға мән беріп, назар аударып, үңіліп, қайта-қайта қарап отырушы еді. Айталық, сахнаға бір орындық қойылуы қажет. Суретші алдын-ала эскизін сызып, дайындаған жоба бойынша жұмысшылар оны  алып келіп, орналастырды да, кетіп қалды.

Ал енді, Бәйтен аға соған зер салып, ойланып, асықпай үңіліп қарай бастайды. Содан соң, ба­сын шайқап: «Әй, мынау бүгінгі стиль ғой. Ол заманда мұндай орындықтар болмайтын. Меніңше, олардың арқасы биік, тіп-тік болушы еді. Бұны енді ауыстыру керек қой. Әйтпесе, театрға келген көрермен: «Әй, мынау Бәйтенге не болған! Неге байқамаған?» демей ме», – деп өзімен-өзі сөйлесіп, ақылдасып жүруші еді.

 

Орысшалау боп өстік

Бәйтен ағаның тізгін тартпай қалжыңдасатын құрдасы, белгілі актер Әбілқасым Жаңбырбаевты біз Аркаша дейтінбіз. Құдай-ау… Неге өйтеміз, әу баста оны бұлай атаған кім? Ол жағын білмейміз. Мән беріп жатқан ешкім жоқ.

Жалпы, біздің толқын орыс­шалау болып өсті ғой. Осындайда есіме өзімнің шешемнің бір сөзі түсе береді…

Баяғы соғыс жылдарында ауылға бір топ орыс, украин отбасыларын көшіріп әкелген екен. Солардың бірі біздің үйді паналапты. Шешемнің маған екіқабат кезі болса керек. Бір күні аяқ астынан толғағы келіп, не істерін білмей, асып-сасып қалады емес пе. Сонда әлгі украин әйел Мария Васильевна көмектесіп, кіндігімді балтамен кесіп, шешемді босандырып алған екен.

Содан болар, кей қылықта­рым тосындау көрінген кезде шешем: «Әй, сенің мінезің кіндік шешеңе тартып кеткен!» — деп күліп отырушы еді, жарықтық.

Ал Бәйтен ағамыз, тіпті, орыс­шаға жүйрік болатын. Кей пьеса­ларды орыс тіліне аудару қажет болған кезде, түн ұйқысын төрт бөліп, өзі тәржімалап отыру­шы еді.

«Ой, аға, неге сонша әуре болдыңыз! Аудармашы мамандарға тапсыра салсаңыз болмай ма?» десек, «Жоқ. Олар сөзін ғана аударады, ал мен оның ойын  да қоса аударамын. Әрі театрдың қаржысын үнемдеймін», – дейтін.

 

Автобустағы актер

Бірде театр Аягөзде үш күн бойы спектакль қойып, түн ортасында автобуспен Семейге қайтып келе жатпай ма.

Жол ұзақ. Әртістер әбден шаршап, қалжыраған. «Бүгін қонып, ертең-ақ жүрейік», дегенде, «Жо-жоқ. Қайтайық. Үйде бала-шаға бар. Бәрі алаңдап, күтіп отырған шығар», – деп шуылдап қоймаған өздері. Әрине, оларды да түсінуге болады. Жаз бойы гастрольдік сапарларда жүреді. Содан соң ығыр болып, «Өз үйін, өлең төсегін» аңсайды…

Кенет қалғып-мүлгіп келе жатқан жұрттың көңілін елең еткізіп, автобустың арт жағынан бір ән естіледі. Апыр-ай, бұ кім болды екен? Әуені қандай жақсы. Даусы да жағымды. Бұрынғы біз білетін әнші жігіттерге ұқсамайды ғой өзі.

Автобустағылар әнге ұйып қалыпты. Әлгінде ғана қалжырап, қалғып-мүлгіп келе жатқан жандар бір серпіліп, шіркін-ай, тек үзіліп, тоқтап қалмай, тура осылай жалғаса берсе екен деп отыр.

Соны сезгендей, әнші жігіт бірінен соң бірін бастап, айна­ласындағы қошеметшіл жас­тардың көңілін қалдырмады. Өзінің де шама-шарқы, даусы, репертуары, тіпті, кең секілді. Шапқан сайын қызып, тынысы ашыла түсетін жүйрікке ұқсайды.

Аягөз бен Семейдің арасы төрт жүз шақырым. Міне, осы екі ара­лықта шаршамай, шалдық­пай, даусы қарлықпай әндетіп, жол азабын ұмыттырып келе жатқан әншіге алдыңғы жақта отырған Бәйтен аға бір кезде назар аударып:

– Әй, бұл қай бала? – деді жанындағыларға қарап ақырын ғана үн қатып.

– Білмейміз. Әлгі, басты рөлде ойнайтын Құрманғазы деген жігіттің досы көрінеді. Бізбен бірге Семейге барамын деп шығыпты.

– Шақырыңдаршы.

Аздан соң автобустың арт жағында отырғандардың жаңағы жігітке қарап: «Бар. Бөгелме. Ол кісі біздің бас режиссеріміз. Неге аңырайып тұрсың? Бастығымыз деймін!..», – деген дауыстары естіле бастады.

Аяғын зордың күшімен әрең басып, автобустан түсіріп кетпес пе  екен дегендей, көзі жыпылық­тап келген  ірі денелі, ақ көңіл, әнші жігіт:

– Ассалаумағалейкүм, – деді Бәйтен ағаға қарап қолын созып.

– Әликүмсалам. Қай бала боласың?

– Атым – Тұрсынғазы. Пәми­лем – Рахимов. Аягөздің жанын­дағы Майлин ауылынан­мын.

– Даусың жақсы екен.

– Рақмет, аға.

– Қарағым, сен біздің театрға әнші-актер болып жұмысқа келсең қайтеді?

– Оу, аға… Мен… мен театрды білмеймін ғой.

– Білмесең – білесің, үйре­несің. Музыкалық театрға сен сияқты әнші жігіттер керек-ақ.

– Ағатай, шынымды айтсам, әнші, әртіс болу арманым еді!

Әне, сөйтіп, Тұрсынғазы Се­мей театрына жұмысқа  қабыл­данды.

Кейін ол Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, ком­позитор Тұрсынғазы Рахимов болып ел есінде қалды. «Сәби болғым келеді», «Дариға, домбы­рам­ды берші маған», «Мен сені сағынғанда», «Аягөз ару» секілді көптеген әндері халық жүрегінен мәңгілікке орын алды. Біз Тұр­сынғазымен Семей театрында көп жыл бірге жұмыс істедік. Қай­сыбір жылы ол: «Мен Жүсіпбек Елебековтің шәкірті болғаныма бақыттымын. Ол кісі үнемі айта­тын, «сен сазгерлікпен айналыса­сың» деп. Ол кісінің көрегендігі ме, мен он жылдан кейін ән шығара бастадым. «Сені асырайтын қара домбыраң» дейтін екінші ұстазым Есмұқан Обаев. Ол маған талай рөл беріп, сахнада шыңдады. Сахнаға шығу үшін де шеберлік керек. Үшінші ұстазым – компози­тор Теміржан Базарбаев.1979 жылы алғашқы әнім «Сәби болғым келедіні» жазғанда ақ батасын беріп, көп тәрбиелеген тәлімгерім еді…», – деп ағынан жарылып сұхбат берді газетке.

 

Әңгімені әзірлеген – Нұрғали ОРАЗ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close