ЖОЛ АПАТЫ АЗАЙМАЙ ТҰР

Қала әкімдігінің баспасөз орталығында Қоғамдық кеңестің төрағасы Рахман Алшанов, Алматы ПД жергілікті полиция қызметінің бастығы Төрехан Исиннің қатысуымен баспасөз брифингі өтті. Полиция департаментінің мәліметі бойынша соңғы жеті айда Алматы қаласының аумағында жол-көлік оқиғаларында (ЖКО) қаза болғандардың саны 73-тен 83 адамға дейін (өсім 13,7%) көбейген. Қала аумағындағы апаттық учаскелердің бірі – Алатау ауданының аумағы болып табылады. Атап айтқанда, Саин (4), Момышұлы (5), Солтүстік айналым (3), Жанқожа батыр (2) көшелері.

Мамандардың айтуынша, жол­дардағы өлім-жітімнің, жол-көлік оқиғасының негізгі себептері көшелердегі жарықтың дұрыс болмауы, бағдаршамдар мен жаяу жүргіншілер өтпелінің аз болуы,  сондай-ақ, қозғалыс қауіпсіздігін бақылайтын бейнекамералардың жеткіліксіздігі де себеп.

Ал Қоғамдық кеңестің төрағасы Рахман Алшановтың айтуынша,  соңғы кезде  қала тұрғындары мен автоәуесқойлар үшін мегаполистегі жылдамдық магистральдерінде (Шығыс айналма жолы, әл-Фараби даңғылы) рұқсат етілген 80 шақы­рымдық жылдамдықты қайтару мәселесі өзекті болып тұрған көрін­еді. Бақытжан Сағынтаевтың Алма­ты әкімі қызметіне кіріскен алғашқы күннен бастап осы тақырыпқа  қатысты 800-ден астам өтініш түсіпті.

Талдау нәтижелері көрсеткендей, рұқсат етілген жылдамдықты саға­тына 60 шақырымға дейін төмендету қаладағы жол-көлік оқиғаларына еш әсерін тигізбеген.

– ШАЖ және әл-Фараби даң­ғы­лына жылдамдық режимін қай­тару­ды Алматы қаласының Қоғам­дық кеңесі де ұсынған болатын. Енді міне, қоғам тарапынан түскен көп өті­нішті назарға ала отырып, қала әкім­дігі ШАЖ және әл-Фараби даңғы­лына рұқсат етілген сағатына 80 шақырым жылдамдықты қайтару жөнінде шешім қабылдап отыр. Бұл – бірыңғай айналма жолына енетін көшелерге қатысты оң шара болып табылады, – деді Р.Алшанов.

Айта кету керек, әл-Фараби даңғылы, ШАЖ – қаланың негізгі транзиттік магистральдары болып табылады. Шет елдердің тәжірибесі көрсеткендей, жылдамдықты шектеу көбінесе орталық көшелерге қолда­нылады. Мысалы, Испанияның ай­налма жолдарында рұқсат етілген ең жо­ғары жылдамдық сағатына 120 шақырым, Мәскеудің МКАД-ында сағатына 100 шақырым екен.

Ескеретін жәйт, ШАЖ және әл-Фараби даңғылына рұқсат етілген сағатына 80 шақырым жылдам­дық­ты қайтару жөніндегі шешім қабыл­данғанмен, ол шара бүгін-ертең қолданысқа енгізілмейді. Полиция департаменті дайындық әрі ұйым­дастыру жұмыстарын жүргіз­еді.

 Н.АСЫЛ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *