Жоқ емес, бар ғой…

«Қазақстан» ұлттық арнасының «Беу» бағдарламасы сөз жоқ, керек. Себебі, қазіргі рухани эпидемия ұшқындары жалынға айналмай тұрғанда соның алдын алу үшін бұдан да өткір болуы керек. Бұл хабардың кешегі Илья мен Қайрат, Ақселеу мен Жәнібек жүргізген, әлі де ел есінен кетпейтін тақырыптардың толықтырылған, кеңейтілген нұсқасы, нәзира үлгісі қазіргі тілмен айтқанда форматы мүлдем басқаша болуы қажет.

 Қали СӘРСЕНБАЙ

Өйткені, біз көрінгенге еліктеп, солықтап барамыз. Ата-бабамыздың көзіндей, даналарымыздың сөзіндей, әке-шешеміздің өзіндей болып маң­дайымыздан сипаған ұлы ән өнерінің жағдайы қазір мүшкіл. Қазақтың жөр­гектен, жатырдан, бесіктен басталған құдіретті әуеніне қазір өзбек, түрік, тіпті африко-американдық сарындар араласып, мипалауға айналды. Сондықтан бірнеше хабардың жүгін көтеретін бір хабар дүниені дүр сілкіндіріп тұратын жағдайға жетуі тиіс, ел осы өнерге қарап бой түзеуі қажет. Бұл хабар тексіздіктің түп-тамырын жұлып тастауы керек.

Ендігі айтпағым да осымен төр­кіндес оймақтай ой. Таяуда бір тойда отырмыз. Асабамыз өте асығыс сөйлейді. Әні де асығыс (жалпы, қазіргі әндерді тез айтып шығу керек), біреуден қашып жүрген тәрізді. Ән асығыс айтылған соң, сөз қайдан ұғынықты болсын. Оның үстіне оңып тұрған ән де, әуен де емес. Жұрт та әбден жалығып, етке тойып есінеп, жарылардай болып, көлден су ішкен өгіздей ыңыранып отыр. Әлгінің өзі де шаршады. Жұрттың осы жағдайын байқады ма, әлгі немеге қайдан ес кіргенін, бір кезде Шәмшінің әндерінен попури айтып еді, даусы да жарқын-жарқын шығып, ел де орнынан көтеріліп, тойға қайта жан бітті.

Айтпағым, классиканың аты классика. Шәмші де, Әбілахат та, Нұрғиса да, Әсет те әндерін халыққа арнап жазған. Оның мәңгі өлмейтіні, жасай беретіні де содан ғой. Ал енді өзін де, өзгені де шаршатқан әлгінің өзі де өзін адам сезініп қалды. Ел диланып қалды.

Бізде жоқ емес, бар ғой. Бардың бағасын, жоқтың қадірін неге білмейміз?

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *