«ЖОҒАРҒЫ ЖАҚ», «ТӨМЕНГІ ЖАҚ» ДЕГЕН ҰҒЫМДАР БОЛМАЙДЫ

Мұрат ЖҰРЫНОВ, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері:

– «Алматы – 2050» Даму стра­тегия­сымен мен де танысып шық­тым. Алматы – көп адамға тым жақын, тым ыстық қала. Бізді кезін­де жатсынбай, жатырқамай ыстық құшағына ала білген, аялаған, өсір­ген, жетілдірген, азамат еткен, бір-бір тұлға жасаған шаһардың әрбір жетістігіне, жаңалығына елең етіп, тілекші болып отыратынымыз рас.

Стратегияда әлемнің ең озық деген 100 қаласының қатарына енетін, бәсекеге қабілетті бола алатын Алматының одан арғы даму жолы айқын көрсетіліпті. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, әсіресе, Шет аймағы жоқ қала; «Ақылды» қала; Тең мүмкіндіктер қаласы; Қауіпсіз қала; Жасыл қала; Жаһандық іскерлік орталық; Мәдени креативті қала сынды 7 тұжырымдама­сында шаһардың дамуына қатысты мәселелерді нақты, орын-орнымен атапты. Мәселен, «Қауіпсіз қала» тұжы­рымдамасында қылмыс пен техногендік қауіп деңгейі өте төмен қауіпсіз қала қалыптастыру жайы айтылған.

Бұл өте дұрыс көтеріліп отырған мәселе. Өйткені, қазіргі таңда айналамыз үрей-қорқынышқа толып барады. Жаға ұстатар, қылмыстық, оқыс оқиғалар көбеюде. Көше тұрмақ, аулада жалғыз-жарым жүру мүмкін болмай барады. Міне, осындай проблемалар ескеріліп, 2020 жылдың соңына дейін халық көп жиналатын жерлерде адамдардың түрін танитын, бейнеталдау жасай алатын, яғни интеллектуалды жүйесі бар 1000 камера орнатылатын көрінеді. Барлық көше, аулалар, саябақтар және басқа да қоғамдық орындар жарықтандырылады. Ал түрлі ғимараттар сейсмикалық төзімді құрылыс пен озық технологиялар қолданыла отырып салынады деп отыр.

Иә, сонау жастық шағымыздан көз алдымызда түрленіп келе жатқан Алма­ты одан сайын жасарып, жасыл, әдемі қалаға айналмақ. Стратегиядағы «Жасыл қала» тұжырымдамасы табиғат пен әрбір алматылықтың мақсат-мұратын біріктірмек. «Біз бірнеше жылда қаланың көгал қорын түбегейлі жаңар­тамыз, Jasyl Almaty бағдарламасы бойынша ең бірінші кезекте шет аймақ­тар қамтылатындай, жалпы 1 млн. ағаш отырғызамыз», – дейді шаһар басшысы. Алматыда заманауи саябақтар, жайлы бульварлар мен аллеялар көбейіп кеңейіп жатса, сырттан келетін туристер алдында да мақтана аламыз.

Шет аймақтар демекші, болашақта Алматыда бақуатты тұратын «жоғарғы жақ», дамымаған «төменгі жақ» деген ұғым болмайды. Бұл орайда стратегия­дағы «Шетсіз қала» тұжырымдамасы қаланың әр бұрышы орталыққа айна­лады деп отыр. Қазір қаланың орталығы мен шет аудандарының дамуында айтарлықтай алшақтық байқалатыны рас. Әлеуметтік нысандар аз, жолдары тозған, жарықсыз отырған, ауыз суы тапшы көшелер де бар. Сондықтан жоға­рыда аталған жаңа құжат арқылы ең бірінші кезекте осындай шеткі аудандардың мәселелерін шешуді көздеп отырғаны қуантады.

Иә, бәрі құптарлық. Бәрі де халық игілігі, олардың жайлы өмір сүруі үшін жасалып отырған қадамдар. Бірақ осы орайда тағы бір пікірімді айтпай кете алмаспын. Жоғарыда аталған бағдарла­ма­ларға мемлекет қазынасынан қыруар қаражат бөлінетіні анық. Сол қаржы «ұстағанның қолында, тістегеннің аузын­да» кетпес үшін біз алдымен кадр мәселесіне назар аударуымыз керек. Нақтырақ айтсам, кадр сайлануы тиіс. Еуропа мемлекеттерінде солай. Халық­тың бағалауымен сайланған кадр ертеңгі күні олардың алдында есеп беретін күнді ойлап, ойын да, бойын да таза ұстауға ұмтылып жүрері анық. Ал тағайын­далған кадр болса, ол өзін таға­йын­даған адамның алдында ғана жауап беріп құтылады. Сондықтан жоғарыда аталған мәселелерді шешуде тек халық арасынан шыққан қолы таза азаматтар атқа қонса екен деп тілейміз. Осы кадр мәселесін әкім мырза назарға алса дейміз. Сонда ғана жең ұшынан жалға­сатын жемқор­лыққа тосқауыл қоя ала­мыз. Нәтиже­сінде жолымызды да жылда-жылда жөндеп, жамап жатпас едік. Салған ғимараттарымыздың да іргесі сөгілмей, нық тұрар еді. Сондай-ақ, қолға алына­тын, атқарылып жатқан ауқымды іс-шараларды халықтың өзі де бақылап отыратындай құзірет берілгені дұрыс деп санаймын.

Ендеше, іске сәт дейміз!

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *