ЖОҒАЛҒАН НАЙЗА

%d0%be%d0%b1%d0%b0%d0%b5%d0%b2

Есмұқан Обаев, Қазақстан Республикасының халық әртісі

ЖОҒАЛҒАН НАЙЗА

Бір қарын май

 

Гастроль, жалпы, қызық тақырып қой. Театр мен елдің арасын жалғап жататын сол бір ұзақ жолдар мен бірнеше айға созылатын сапарлардың есте қалған сәттері де, ұмытылып бара жатқан шақтары да көп екен, тіпті.

Бірін айтсаң, екіншісі оянып, кеудеңді түрте бастайды. Сондай бір кездерде ойлайсың: «Шіркін-ай, осы тақырыпты қолға алып, қыр-сырына үңіліп, зерттейтін жандар шықса ғой. Талай-талай қызықты әңгімелерді тыңдай отырып, өнердің де, елдің де өресін биіктететіндей мәнді, мағыналы ойлар түйіп, өзіндік бір қорытынды жасар еді-ау!» —  деп.

Өйткені, өнер – елдің қазынасы болса, ел – өнердің кеніші емес пе.

Осы ретте, өзім туып-өскен ауылда болған оқиғалар да есіме түсіп отыр.

Біздің жаққа – Кеген, Шырғанақ ауылдарына әртістер жиі келетін. Ол кезде әке-шешелеріміз айлық, жалақы дегеннің не екенін білмейтін. Колхоздан еңбеккүн жаздырып алады. Соған сай аздаған азық-түлік, жем-шөп беретін болуы керек. Бізді асырайтын, негізінен, қорадағы малдың еті мен сүті еді ғой. Күні бойы соған қараймыз. Жем-шөбін, суын әкеліп береміз, астын тазалаймыз.

Бірде ауылымызға әртістер келіп, өнер көрсет­кенде май зауытында істейтін әкем: «Сіздер үнемі ұзақ сапарда жүресіздер ғой, мынаны жолда талға­жау етерсіздер», — деп бір қарын май берген екен.

Соны кейін қазақ өнерінің алыбы, жарықтық Қалибек Қуанышбаев ақсақал жиі есіне алып, «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» деп риза болып отырады екен.

 

«Оу, найзам қайда менің?!»

 

Әр түрлі қызықтар болып жатушы еді. Қайсыбірін айтып тауысайын. Бірақ, тіл ұшына кеп қалған соң, қайта жұту да қиын.

Ұшы-қиырына көз жетпейтін кең даланың бір түкпіріндегі кішкентай ауылға келіп, спектакль қоймақ болып жатырмыз. Күндізгі аптап ыстық кешке қарай тандыр сияқты кеуіп қалған жердің бетіне қайта көтеріліп, қапырық буып, тынысыңды тарылтады. Бірі – бидің бөркі мен шапанын, бірі – батыр­дың дулығасы мен сауытын, бірі – сұлу қыз­дың қамзолы мен бешпетін киіп шыққан әртістеріміз бір кезде ақ тер, көк тер боп ойынды бастап кеп жіберді.

Уілдеген маса. Сахнада сүйгеніне қосыла алмай, көз жасын төгіп, ағыл-тегіл жылап отырған актрисамыздың спектакльдегі тағдырынан гөрі тап қазіргі мынау жағдайы әлдеқайда аянышты секілді.

Бір кезде «жау қайдалап» атып шыққан батыр-актеріміз әлгінде ғана бір бұрышқа сүйеп қойған найзасын таба алмай, өзімен-өзі әлек болды да қалды. Шамасы, өйтіп-бүйтіп қолдан жасай салған ашық-шашық сахнаның қуысына түсіп кетсе керек. Әлде осы ауылдың тентек балаларының бірі лып еткізіп, қағып кетті ме, кім білсін.

Жұрт алдына шығарын шығып алып, найзасын толғап тұрып айтар сөзін бастай алмай қысылған актеріміз жан-жағына көзінен от шаша қарап, қаһарланып, өз бетінше «импровизация» жасауға кірісіп кеткен.

«Оу, найзам қайда менің?! Найзам болса, ілер едім ұшына! Шыбын жанын шырқыратып, көрсетер ем көзіне! Ермеңдер оның сөзіне!» деп қояды.

Сөйтеді де, сахнаны бір айналып, көзімен бұрыш-бұрышты тінткілеп, найзасын іздеп: «Қа-ап! – дейді басын шайқап өкініп. –Ақ найзам болса қолымда, көрсетер ем айбатымды! Алар едім кегімді!».

Әне, сөйтіп, актер шеберлігінің арқасында спектакль ары қарай жалғасып кете береді.

Мұндай қызық импровизациялар, жалпы, біздің ғана емес, әлем театрларының тарихында жиі кездеседі.

 

Достық әзіл

 

Көршілес қырғыз халқының белгілі драматургы, жақында сексен жасқа толған қадірлі досымыз Бексұлтан Жәкиевпен біраз жылдардан бері тығыз шығармашылық байланыста жұмыс істеп келеміз.

Қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында оның «Жүрейік, жүрек ауыртпай» деп аталатын туындысы күні бүгінге дейін табыспен қойылуда. Міне, осы спектакльдің премьерасы Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, театр өнерінің майталманы Сәбит Оразбаевтың жетпіс бес жылдық мерейтойына орайластырылды.

Ол ауылда соқа басы сопайып, жападан-жалғыз қалғандықтан қаладағы ұлының қолына көшіп келуге мәжбүр болған Қарттың рөлін тамаша сомдады. Бақай есепке жүйрік бетпақ келін мен ез ұл өзіне білдірмей елдегі қара шаңырақты сатып жібергенін естігенде: «Ата-бабадан қалған ескі қонысты сату деген не сұмдық?!» деп күйзелетін шалдың сөзінің астарында түпсіз терең шыңырау секілді сұмдық үрей жатады.

Атақонысты, қарашаңырақты қара басының бес күндік рақаты үшін сатқан мейірімсіз жандар ертең Отанын да сатпай ма!

Міне, осындай «мазасыз» қартты келіні мен ұлы ақыр-соңында «бірер күнге курортқа барасыз» деп алдап, оны Қарттар үйіне әкеліп тапсырады.

Адамзат баласының мәңгілік проблемаларына айналған – дүниеқоңыздық, азғындық, мейірімсіздік, қатыгездік атаулыға ашынып, өз баласынан өзі түңілетін қарттың бір ғажайып толғауы бар осы спектакльде. Бұл – Сәбеңнің актерлік қана емес, жыраулық, термешілік шеберлігімен астасып жатқан дүние.

Сахнадағы кейіпкерінің ішкі мұңы, қайғысы, уайымы залда саз болып, әуен болып қалықтап, көрермен қауымның жан дүниесін ерекше тебірентетін тұс та осы.

Сәбең, әрине, сәтімен қайырады. Көңілдің жібі босап, іштегі шер тарқады-ау деген сәтте кілт тоқтайды.

Ал кейде… Актердің образға тым-тым тереңдеп еніп кететіні сонша, әлгі Қарттың көңіліндегі мұңға өз елінің, өз ұлтының мұңы да қосылғандай  ұзағырақ сілтейді.

Мұндайда Сәбең өзінің спектакльде рөл ойнап отырғанын ұмытып та кете ме дейсің. Залдағы көрермен ұйып қалады. Толғау аяқталған кезде тап бір концертте отырғандай дуылдатып қол соғады.

Бұл күні спектакль әдеттегіден кеш аяқталды.

Сондықтан да, актерлеріміздің кей-кейде бір-біріне қалжыңдап: «Бүгін үйге қай уақытта қайтатынымыз Сәбеңнің көңіл-күйіне байланысты ғой!» деп жататыны да бар.

Мен мұны сексеннің сеңгіріне шыққан Сәбеңе — қазақ өнерінің патриархына достық әзіл ретінде айтып отырмын.

Ал осыдан біраз жыл бұрын, жаңағы айтып өткен «Жүрейік, жүрек ауыртпай» спектаклінің премьерасында былай деген екенмін:

«Бүгін театр үшін сәтті күн. Алпыс жылға жуық уақыт қазақ өнеріне кірпік қақпай еңбек еткен асылдың сынығы, көсем актер, әкемтеатрдың ақсақалы Сәбит Қоңырбайұлы жетпіс бес жасқа толды. Бұл біз үшін мерейлі дата. Бәйтерегімізге ғұмыр тілейік!».

 

Гастрольдегі балалар

 

Тіршілікте жақсы сыйласқан, жақын жүріп араласқан іні досым Әшірбек Сығай 2013-14- жылдары «Хабар» телеарнасында «Жансарай» атты бағдарламаны жүргізді емес пе. Оған халыққа кеңінен танымал өнер тарландары, қоғам қайраткерлері қатысты. Тумысынан талғампаз сыншы Әшекеңнің күліп отырып-ақ тұтқиылдан қоятын сұрақтары қызық еді.

Сол бағдарламада қонақ болғанымда маған да: «Мынау жұрттың білгісі кеп отырғаны осы, зиялы қауымның көбінің балалары өз тілін білмейді, өзге тілде сайрайды, өзінің тарихын білмейді, халқының тарихын білмейді. Бұл мәселеде сіздің перзент­теріңіз қай сатыда? Қалай тәрбие бердіңіз?» деген сұрақ қойды.

Сонда мен: «Тәубе, менің де, аналарының да тәрбиесі болар, балаларымның бәрі қазақша сөйлейді. Бірақ, қазақ мектебін бітірмеді олар. Музыкалық мектептерде оқыды, біреуі пианинодан бітірді, басқа да музыкалық аспаптардан бітірді. Қазақтың тілін, әдебиетін, мәдениетін біледі, театрда өскен балалар ғой. Кішкентай кезінде көтеріп баратынбыз. Театрдың исін, шаңын жұтқан балалар қазақ болады», — деп жауап бергенмін.

Ал енді, бізбен бірге гастрольге шыққан балаларды айтсаңызшы!..

Көз алдыма әке-шешесінің қолындағы сөмкесін бірге көтерісіп, автобусқа мініп жатқан бес-алты жасөспірім бала елестейді.

«Оу, бұлар қайда барады? Сендер сахнада ойнап жүргенде кім бас-көз болады?! Бала неме… балалық жасап, бірдемеге ұрынып қалса қайтеміз?..» деген сөз тілдің ұшында тұрса да, айта алмайсың.

Өйткені, әркімнің жағдайы әр түрлі. Біреу баласын әке-шешесіне, біреу нағашысына, біреу жазғы демалыс лагеріне қалдырады, ал енді біреулерде ондай мүмкіндік жоқ. Сондықтан да, өзімен бірге алып жүреді. Түсінеміз. Бәрі де бастан өткен.

Гастрольдегі балалар сөйтіп, труппамен бірге күнде сапарға шығады. Сахнаны құрып, декорацияларды орналастырып жатқанымызда біздің жанымызда ойнап жүреді. Кешкілік көрермендермен бірге спектакль көреді. Олар көбіне бірінші қатарда отыратын кісілердің алдында етбетінен түсіп жатады. Кейбіреулері сол күйі ұйықтап қалады. Спектакль біткен соң түртінектеп іздеп, әрқайсын әр бұрыштан тауып алып, әртістерге бөлінген үйге әкетеміз.

Былай қарасаңыз, күйбеңі көп күйкі тіршілік секілді болып көрінуі де мүмкін. Бірақ, сол балалар бізбен бірге ел көрді, жер көрді. Көпшілігі ерте есейді. Өз қатар-құрбыларының алды болды. «Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың» деп баяғыда ата-бабаларымыз тегін айтпаған ғой.

 

Әңгімені әзірлеген – Нұрғали ОРАЗ.

Жалғасы бар.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *