ЖИЫРМА ЖҰЛДЫЗДЫ КҮН: СЕРГЕКТIК

Төлеген АҚЫЛБЕКОВ, ережесiз жекпе-жектен халықаралық турнирлердiң жеңiмпазы:

Александр Емельяненкоға қарсы тұратын қазақта да батыр көп

«Құласаң, нардан құла» деген. Қазақтың алыбы Төлеген Ақылбеков осындай жолды таңдады. Тәуелсiздiктiң 20 жылдық мерейтойы қарсаңында әйгiлi орыс тарланы Александр Емельяненконы шаршы алаңға шақырып отыр. Кезiнде «Балқаштың барысы» атанған кәсiпқой боксшы Василий Жиров та темiр Тайсонды ұрыс төрiне шақырып, халықты бiр селт еткiзiп едi. Бiрақ, Жировтың бұл әңгiмесi құр дақпырт екендiгiн кейiннен бiлдiк. Ендiгi ретте, Алаштың Төлегенi төтесiнен салып, ағайынды Емельяненколардың кiшiсiне ұсыныс тастап отыр. Нақтырақ айтсақ, қазақтың қасқа ұлдарынан түзiлген «Alash Pride» командасы әлемнiң үздiктерiнен құралған құрамаға қарсы кездесу өткiзедi. Алыптар арасындағы айқас 20-желтоқсан күнi Балуан Шолақ атындағы Мәдениет және спорт сарайында өтедi. Кездесудiң iшiндегi ең маңыздысы – Төлеген Ақылбеков пен Александр Емельяненколардың арасында өтетiн төбелес. Осындай «селт еткiзер» жасаған Төлегенмен жүздесiп, аздап әңгiмелесiп едiк…

– Емельяненкомен кездесу айға шапқан арыстанның кейпi болып жүрмей ме?

– Бiрiншiден, мен Федор емес, Александр Емельяненкоға қарсы шыққалы жатырмын. Оның үстiне, жекпе-жек Алматыда өтедi. Шындығында, жеңiлмейтiн адам жоқ. Барлығымыз ет пен сүйектен жаралған соң, шалыс басу, жаңылу, қателесу болады. Шаршы алаңда бiр қимыл бәрiне төрешi. Ретi келiп жатса, қарсыласымды бiр соққымен құлататын да күшiм бар.

– Ережесiз жекпе-жектi шоу десек те болады. Александр Емельяненкомен төбелесу «Атың шықпаса жер өрте» дегендей, тек атақ шығарудың ғана амалы емес пе?

– BUSHIDO-дан әлемнiң үздiктерi Алматыға келгелi жатыр. Оның құрамында азулы А.Емельяненко да бар екен. Осыған байланысты, оған қарсылық танытуға басшылар менi таңдап алды. Мен бұған өкiнбеймiн, керiсiнше, тәжiрибелi спортшылармен күш сынасатыныма қуаныштымын.

– Егер жеңiп жатсаңыз ше?..

– Онда жеңiсiмдi Тәуелсiздiктiң 20 жылдығына арнаймын. Ұтылсам, Емельяненкодан таяқ жедiң деп менi ешкiм сөге қоймас. Ең бастысы, әр спортшы шаршы алаңға жеңу үшiн шығады. Намыс, әдiс, техника мен қара күш бiр арнада қосылса, алынбайтын қамал жоқ.

– Емельяненколардың атағы жер жарады. Осыған байланысты, тек физикалық жағынан ғана емес, психологиялық тұрғыда да үлкен дайындық керек шығар?

– Әрине, менi қазiр төрт адам қатар жаттықтырып жатыр. Бiрi күрестен, бiрi бокстан, бiрi джиу-джитсудан, ал, бiрi моральдық тұрғыдан дайындап жатыр. А.Емельяненконың барлық төбелестерiн қарап, әлсiз тұстарын қағазға түртiп алып жатырмыз. Расында, орыстың әйгiлi спортшысына арнайы дайындалып жатқаныма тура үш ай болды. Қазiр өзiмдi сенiмдi сезiнiп жүрмiн.

– Қазақстандағы ережесiз жекпе-жекке шығып жүрген спортшылардың денi тек күреспен шектеледi. Ал, бiз айтып отырған Емельяненколар «батырға оң-сол бәрiбiр» деген ұстанымға иек артады. Қажет болса, аяқпен жұмыс iстейдi, күреседi, жұдырықтасады. Ал, сiздiң бойыңызда осы айтқандардың қайсысы оң жамбасыңызға жақындау?

– Бәлкiм, сiз Федордың төбелестерiн айтып отырған боларсыз. Жақында ғана ережесiз жекпе-жектiң «соңғы императоры» атанған үлкен Емельяненконың бойында осы қасиеттердiң барлығы дерлiк бар. Ал, Александр көбiне ұстаспауға, тiк жүрiп жұдырықтасуға пейiлдi. Егер, ұстаса кететiн жағдай болса, басымдық менiң құзырымда болатындығында дау жоқ. Мен кезiнде еркiн күрестен ұлттық құрамада (жастар) өнер көрсеттiм. Халықаралық жарыстарда жүлде алдым. Кейiннен жарақат алып, спорттан қол үзiп кеттiм.

– Спорт әлемiндегi лақап атыңыз «Аттила» екен. Оған себеп не?

– Мен Еуропа елдерiнде өткен бiрнеше турнирлерге қатысып, тек жеңiспен оралдым. Ал, еуропалықтар «Аттила» деп айдар таққан Едiл патшаның батысты бағындырғанын тарихтан бiлемiз.

– Едiл патша Еуропаны бағындырғанмен, мұхит асқан жоқ. Ал, ережесiз жекпе-жектiң нағыз баһадүрлерi мұхиттың ар жағындағы Бразилия мен АҚШ-та екендiгiн жақсы бiлемiз…

– Бұл — шындық. Ережесiз жекпе-жекте Бразилия, АҚШ, Ресей спортшылары көш бастап келедi. Азия мен Еуропаны да көлеңкеде қалдыруға болмайды. Бiрақ, бiздегi Ардақ Назаров секiлдi жiгiттер Бразилияның мықтыларын талай жықты емес пе?ө Ең бастысы – қазақтың намысын бермеу.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Әңгiмелескен – Жандос БАЙДIЛДА.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *