ЖИЫРМА МЫҢЖЫЛДЫҚТАР ҚҰПИЯСЫНА ҮҢІЛГЕН КІТАП

Оқырмандарға тағы бір кітап, өзгеше бір кітап жол тартты. Қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген еңбек «Жиырма мыңжылдықтың құпиясы: ізденістер мен ашылымдар» деп аталады. Авторы – экономист болса да шығармашылыққа жақын, қаламмен дос ғалым, экономика ғылымының докторы, профессор, «Тұран» университетінің ректоры, Қазақстан жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Рахман Алшанов.

Сиясы әлі кебе қоймаған жаңа кітаптың таныстырылымы өткен Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар көп жиналды.

Нұржамал ӘЛІШЕВА

– Біздің кітапхана қорында танымал экономист-ғалым Рахман Алшанұлы туралы 500-ден астам дерек бар екен. Соның 300-і өзінің еңбектері, қалғаны сол кісі жайлы жазылған дүниелер. Ал енді біздің дерек­қорды зерттеп көрсем, дәл бүгінгі еңбегін­дегі қозғалған тақырыптағы қазақ тіліндегі шығарма жоқтың қасы екен. Сондықтан бұл кітап біз үшін үлкен сыйлық деп білемін, – деді іс-шараның шымылдығын ашқан Ұлттық кітапхана директоры Бақытжамал Оспанова.

Бұл кітаптың ерекшелігі сонда, онда зороастрийліктердің киелі де қасиетті кітабы болып саналған «Авеста» туралы терең зерттеу жасалған.

– Осыдан  2-3 мың жыл бұрын  ерекше авестийлік  хат түрінде жазылған  бұл эпос­тық шығарма 5-6  және одан да көп мың­жыл­­дықтардағы оқиғаларды қамти­ды. «Авестада» тау қыраттары, өзендер мен көлдер, елдер (каршварлар), тұр­ғындар, алғашқы астрономдық білімдер, жұлдыз­дар, Күннің шығуы (оның арғы беті) туралы, Ай (өз жолымен жүретіні), Жер, метео­риттердің құлауы, Тиштриидің (Сириус пен Сүмбіле) айырықша рөлі жөнінде, катак­лизмдер – су тасқындары, құрғақ­шылықтар, жер сілкіністері туралы геогра­фиялық мәліметтер  бері­леді. Мен бұл тақы­рыпты осылайша кеңі­рек зерттейін, сосын кітап етіп шыға­райын деп мүлдем ойламаған едім. Аздап қызы­ғушылығым болып, қолым тигенде, мүм­кіндіктер туған кезде ғана қарап, оқып, кейбір тосын, тың деректерді өзім үшін қағазға түртіп қойып жүргенімде, қалай­ша дендеп зерттеп кеткенімді өзім де білмей қалдым. Мен бұл еңбекті алғашында орысша жазған болатынмын. Кейін замандасым, әріптесім, белгілі қалам­гер Қали Сәрсенбай неге мұны қазақша жаз­басқа деген жақсы ұсыныс тастады. Сөйтіп, орысша нұсқасын Қазақстан жоғары оқу орындары қауым­да­с­тығының бөлім меңге­рушісі экономика ғылымының кандидады, доцент Сейітжа­пар Арпабеков аударып шықты. Міне, бүгін сол кітап қолдарыңызға тиіп отыр, – деді Рахман Алшанов.

Автордың сөзіне сүйенсек, ол өз еңбе­гін­де жер бетінде 22 000 жыл бұрын болған метеориттік шабуылдар жайын­да жазады. Сондай-ақ, әлемдік деңгей­дегі ірі ғалымдар зерттеулерінің нәти­желері де сараланған. Катаклизмдер, олар­дың куәгері болатын «от шашқан айдаһар­лар» туралы аңыздар мен мифтер жан-жақты талданған. Сол отты селдер тура­лы кей тұжырымдар тың дерек­термен айшықта­лады. Рахман Алшанұлы бұл еңбегінде көбіне сол кезеңдегі табиғи апат­тардың Қазақ­стандағы жағдайына, біздің елімізбен, халықтың тұрмыс-тіршілі­гімен байла­нысты тұстарына кеңірек тоқталған көрінеді.

– Біздің елімізде, әсіресе, Арал теңізі бойында ірі оқиғалар көп болған екен. Кезінде Сібірден су тасып, Торғай арқылы қазақтың жерін 1 миллион текше метр су басқан көрі­неді. Нағыз топан су. Осындай тақырыптар бізде әлі толық ашылмай жатыр. Сондай-ақ, біздің халқымызда «Авестада» баяндалған салт-дәстүрлердің бірқатары сақталған. Мәселен, Маңғыс­тау, Атырау, Ақтөбе облыстарының қазақтарында «амал» немесе «көрісу» әдеп-ғұрыптары қазір де бар. Дәл осы дәстүр «Авестада» да келтірілген. Демек, бұл дәстүр 5-6 мың жыл ішінде аса ыжда­ғаттылықпен  сақталып келген, ұрпақ­тан-ұрпаққа жалғасқан. Яғни жергілікті тұрғындар бұл жерде мыңжылдықтар бойы тұрақты өмір сүріп жатыр деген сөз, – деген автор ағылшын, француз, неміс, орыс тілдеріне жаппай аударылып, Иран мен Үндістанда сан мәрте басылып, Тәжікстан­да ыждағаттылықпен зерде­ле­ніп жатқан «Авестаға» бүгінде  Қазақстанда да ерекше  мән беріліп, ол  зерттеле бастағанын атап өтті. Алайда, бұл зерттеулердің  қамтылу аясы әлі де жеткіліксіз дейді ол. Сондықтан «Авес­тада» айтылатын,  біздің елімізге тіке­лей қатысы бар, 5-6 мыңжылдықтар кезе­ңіндегі процестерді зерттеу үшін алдағы уақытта үлкен жұмыстар атқарылу керек деген пікірде.

Рахман Алшановтың «Жиырма мың­жыл­дықтың құпиясы: ізденістер мен ашылымдар» деп аталатын кітабының лен­тасын шығыстанушы, дінтанушы, әдебиет зерттеушісі Әбсаттар қажы Дербісәлі, фольклоршы ғалым, Ұлттық Ғылым акаде­миясының академигі, профессор Сейіт Қасқабасов және «Алматы ақшамы» газеті­нің Бас редак­торы, қалалық мәслихаттың депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері Қали Сәрсенбай үш жақтап кесіп, авторға құтты болсын айтты. Техно­логия ғылымының докторы, профессор Серғазы Жиенқұлов, ҚР Ұлттық олим­пиада комитетінің төраға­сы, педагогика ғылымының кандидаты Темірхан Досмұ­ханбетов және басқа да ғалымдар жылы лебіздерімен бөлісті.

– Кітап қолымызға енді ғана тиіп жатыр. Әлі ашып оқымаған соң пәлен деп пікір айта қою орынсыз болар. Бірақ тың кітап екені айқын. Рахмаң экономист маман ғой. «Сонда қалай, бұл кісі мына тақырыпқа қалай келген» деген сөздер айтылып қалуы мүмін. Осы орайда мен ғылым, білімде ешқандай шекара жоқ екенін айтып кеткім келеді. Жүрегің қалаған тақырыппен айналыса беруіңе болады. Ал жаныңмен істеген істе әрқа­шан нәтиже болады, – деді  Әбсаттар қажы Дербісәлі.

Ендігі сөзді оқырманның еншісіне қалдырдық.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *