ЖИЫРМА БІРІНДЕ АҚҚАН ЖҰЛДЫЗ

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

7Әдебиетшілер үйінде Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен 21 жыл ғұмыр кешіп, өмірден ерте кеткен арқалы ақын Артығали Ыбыраевты еске алуға арналған «Намыстың жебесі» атты шығармашылық кеш болып өтті. Артығали ақын осындай қысқа ғұмырында аз жазса да, саз жазды. Көк жүзінде жасындай ағып өткен қыршын ғұмыр қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасын қалдырып, аңызға айналып үлгерді. Әрбір шумағы төгілген тіркеске, ауқымды тақырыпқа арқау болған сөз зергерінің өлеңдерін оқырман ауыздан-ауызға таратып, айтып келеді. «Адамдар сияр табытқа, Ақындар бірақ, сыймайды» деп жырлаған Артығали ақын кешегі кеңестік кезеңнің үстемдігіне қарсы тұрып, ұлтымыздың намысын жыртамын деп жүріп, қоғамда «артық» адам болып, ішқұсалықтан өмірден өткен еді.   

Артығали Ыбыраевтың еске алу кешін «Қазақстан» ұлттық арнасының атқарушы продюссері Дәурен Дариябек жүргізіп, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Маралтай Ыбыраев кіріспе сөз сөйледі. Артығали Ыбыраевтың қатарластары, көзкөрген замандастары, жырына іңкәр оқырмандары естелік айтып, ақын рухын көтерген әсерлі кеш болды.

– Бүгінгі Асанәлі Әшімұлы мен Ілия Жақановтарды айтпағанда, кешегі Тынышбай Рахимов, Амангелді Сембин, Кәрібай Ахметбековтер өмірге келген Сарысу топырағынан  Артығалидың шығуы заңдылық. Бірақ, Артығалидың тағдыры, жөні мүлдем бөлек болды. Артығали уақыт өткен сайын аңызға айналып бара жатқан тұлға. Ол шын мәнінде текті тентек болды. Шабыт қысқан арқалы ақын мына жарық дүниеге сыймай кетті. Артығали сондай шын талантқа тән жаратылыспен ғұмыр кешті. Мектепте оқып жүрген кезінде-ақ оның даңқы мен дақпырты талай жерге жетіп жатты. Таразда жүріп, қайтыс болған Артығали тегіннен-тегін кетпесе керек. Оның түбіне жеткен – ұлттық намыс пен ұлттық мүдде болды. Ол кезде де талай төбелестер болған, бірақ, Артығали қатысқан төбелес ұлттық мүддеге негізделген төбелес болды деп ойлаймын. Ойын ашық айтатын, бойында намысы бар жан көп жәйтке шыдай алмаса керек, – деді өз сөзінде Қали Сәрсенбай.

 

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,

«Жұлдыз» журналының бас редакторы, ақын:

– Артығалимен Қазақ университетінде бірге оқып, бірге жүрдік. Менің Арты­ғалиды білуім одан да ерте басталған еді. Біз мектептің тоғызыншы сыныбында оқып жүргенде қазіргі «Жас Алаш» («Лениншіл жас») газетіне өлеңдеріміз шықты. Жоғары сынып оқушыларының «Өркен» атты бетінде әуелі Артығали Ыбыраевтың бір топ өлеңі жарық көрді. Сол «Өркен» бетін ұйымдас­тырған – қазіргі кезде үлкен жазушы Қәдірбек Сегізбаев ағамыз екенін кейін білдік. Өзімнің де өлең жазып жүрген кезімде Артығалидың жырлары  маған үлкен әсер етті. Өлеңдерімді Артығали сияқты «Лениншіл жасқа» жарияласам деген арман оянды. Сол жылы тоғызыншы сынып оқушысы Ерлан Бағаевтың өлеңдері жарық көрді. Үшінші болып, менің өлеңдерім жарияланды. Университетке түсіп, оқып жүрген кезімізде Артығалидың істі болып, оқудан шығып кеткені туралы естідік. Ол — ұлтын сүйген жүректен шыққан намыс пен бұлқыныстың көрінісі екен. Сол жылы Мәскеудің орталық газетінде Марченко деген сыншының Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын сынаған мақаласы жарық көрді. Университет жастары ол мақаланы жатақханада, кафеде отырып талқылады. Біздің ұлттық мәдениетімізді менсінбеушілік, тілімізді кемсітушілік сияқты болып көрінді. Жалындаған жас жүректің ыза-кегін тежей алмаған Артығали артық әрекетке барып, бір жылға сотталды. Біз екінші курста оқып жүргенде оның қайтадан оқуға қабылданғанын естідік. Оқыту­шыларымыз журнал бойынша түгендегенде Ыбыраев жоқ болып шығады. Өзімен бірге оқыған қаршығадай денелі Танабай Нарманов деген ақын досына барып жүрді. Сол Танабай мені Артығалимен таныстырды. Ол да мені сыртымнан жақсы танитын болып шықты. Кейіннен соңымнан жатақханаға талай іздеп келіп, өлеңдерімізді оқып, сырласқан кезіміз көп болды. Сыншы Сағат Әшімбаев Арты­ғалидың өлеңдерін жинатып, жас ақындардың жыр жинағына шығартты. Ақын талантын таныған Сағат ағамыз Артығалидың «Қаршыға» атты өлеңін ақындар бас қосқан жерде оқып беріп: «Міне өлеңді осылай жазу керек!» дейтін. Танабай екеуінің жыр кітабын Иманғали Тасмағам­бетов шығарып берген «Отырар кітапханасы» сериясы бойынша жүз кітапқа қосқан мен едім. Олардың барлығы ертеде жазған өлеңдері болып келеді. Бәлкім, оқырманға белгісіз өлеңдері әлі де бар шығар деген ой келеді.

 

Аманхан ӘЛІМҰЛЫ,

«Ақиқат» журналының бас редакторы, ақын:

– Алматыға келгенде Танабай ақынмен бірге жүріп, Артығалимен таныстым. Оларды жақсы көргенім — екеуі де дайын ақын болып келді. Алла тағаланың  берген дарынымен ақын болды. Екеуінің мінез-жаратылысы екі түрлі еді. Танабай көп сөйлемейтін, салмақты, момындау, ал, Артығали намысқой, ойын бірден айтып салатын. «Ақиқат» журналына Айдын Байыс деген жігітке тапсырыспен мақала жаздырдым. Өлең де адамның жаратылысы сияқты, жиырма жасында жазса, сол кездегідей, қырқында да сол деңгейде болады. Қырық жасында жиырмадағы өлеңді жазған ақын емес. Артығали 18 бен 21 жасында жазатынының бәрін берді. Артығалидың «Қаршығасы» мен Лермонтовтың «Тұтқынын» салыстырып, екеуінің тағдыры бір екенін байқадым.

 

Бақыт БЕДЕЛХАН,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын:

– Артығали ағаның суретіне қарасам, менен жиырма жас кіші екен. Өлеңдерінің құдыретіне қарасам, жиырма жас үлкен екен. Өлеңдеріне бас иген ақын інілерінің бірімін. Біздің жақта Мекебаев деген ақын ағамыз болды. Өзін ақын деп есептемейді. Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің үстінен 21 том қылмыстық іс қозғалып, осы жаста қыршынынан қиылды. Сол ақын ағамыздың: «Жиырма бір жас, құлындайын кісінеп, миымда жүр. Жиырма бірді қыршы­нынан қиғандардың, Ұрпа­ғына жиырма бір бұйыр­мағыр» деген жыр жолдары Қайрат пен  Артығали ағамызға арналғандай болып көрінеді.

 

Заманбек ӘБДЕШОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, курстасы:

– Артығалидың көзін көрген, бірге оқыған бір топ азамат осы кешке қатысып отыр. 1970 жылы Қазақ университетінің журна­листика факультетіне оқуға түстік. Елу қыз-жігіттің бәрі шетінен талантты жастар еді. Алғашқы жылы Шелек ауданына темекі жинауға алып барды. Артығалидың шашы мен қасы мойылдай қара, әдемі, бірақ, мінезі тіктеу жігіт болды. Жұ­мыстан келісімен қолы­мызды жумастан, жарысып өлең оқитынбыз. Мария Абдурах­манова мен Жолдығали Бақытовтар сол кезде өлеңді өндіріп жазды. Бірақ, Артығалидың өлең жазғанын байқамаппын. Аман Жанпейіс, Танабай Нарманов, Нарша Қашағанов, Айтуған Шайымов деген талантты жігіттер қатар оқыды. Артығалидың сабақ үлгерімі жақсы болғанмен, қалыпқа, ноқтаға сыймаған азамат еді. Артығалидың сотына барып, курстастары ретінде қорғаған болдық. Ауылдан келген әкесінің көзінен жас ағып, жылағанын да көрдік. Кейіннен жазасын өтеп келгенде жатақ­ханада жолығып қалып, оқуын жалғастыратын болғанын айтқанда қуанып қалып едім. Бірақ, өкінішке орай, оның ғұмыры тым қысқа болды.

Ақын Артығали Ыбыраевты еске алу кешінде өзге де қаламгерлер сөз алып, оның қысқа ғұмырынан естелік айтып, жырының қуаттылығы туралы әсерлі сөз қозғады. Аудармашы Қайрат Бақбергенов Артығали Ыбыраевтың орыс тіліне аударылған бір топ өлеңі «Қазақ поэзиясының антологиясына» енетінін жеткізді. Ақынның өлеңдеріне жазылған әндерді Жамбыл облыстық филармониясының әншілері Гүлшат Дінәсілова мен Қаракөз Сағынтай орындады. Сәуле Жанпейісова  ақын ағасын еске алу кешіне ән шашуын тарту етті. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының оқытушысы Дариға Тұран­құлованың шәкірттері Артығали Ыбыраевтың өлеңдерін оқып, театрлан­дырылған көрініс қойды. Ақынның інісі Рысқали Ыбыраев пен бөлесі Қалия Сейітхалыққызы шығармашылық кешке қатысып, ақын рухын көтерген жұртшылыққа ризашылық сезімін білдірді.

 

 

Артығали ЫБЫРАЕВ

Қаршыға

Шүйкімдей дене шүмектей терге малшына,

Шулы өзеннің үстінен өтті таң шыға.

Қара жер шетін таба алмай, талып келеді

Қара жердің бетін көрместей болған қаршыға.

 

Қанатын құстар қақпайды әсте бекерге,

Аңсары құштар ауды ғой басқа мекенге.

Дегбірін алды көк аспан тұтас қалпымен,

Дөңгелек дүние таусылмайды-ақ екен де.

 

Таулардан өтті шыңдарын биік табалап,

Баулардан кетті қарағай бойын жағалап.

Қара жер қалпы…

Құлай ма соған қанатын босқа сабалап?

 

Аспанда, бәлкім, бір бейне болып қалады,

Жүрегін, мүмкін, жұлдызға соғып жарады?

Арманы үшін азапқа түскен осы құс

Саған да ұқсап, маған да ұқсап барады…

 

Сәуір

Сәуірде жаңбыр жауады оңай,

Дәуірге майса ауады маңай.

Өрісі көкте көгенсіз еді,

Қара жер бұлтты сауады қалай?

 

Көкжиек — көйлек сөгіліп оқтын,

Сыбыры шықты шөбі ірі оттың.

Ебіл де дебіл еріксіз шақта

Менің де келді төгіліп өткім.

 

Ауаның лебі ауыса берген,

Даланың исі қауыша желмен.

Бозторғай жерден пыр етіп ұшса,

Жусанның исі жарыса ерген.

 

Жазықта бұғып жатыр үн күшті,

Жазықсыз қинап осы бір тұсты.

Ашуын бассын дегені ме екен,

Ақырғы тамшы ақырын түсті.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close