Жиырма бір мың теңгенің жыры аяқталып, атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы енеді

Көпбалалы отбасындағы әрбір бала үшін төленетін жиырма бір мың теңгенің жыры жаңа жылдан бастап тоқтап, көпбалалы аналар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылары үшін төленетін атаулы әлеу­меттік көмектің жаңа фор­маты ендірілетін болады. Қазір қоғамда бұл мәселе кеңінен талқыланып, жұртшылық көпбалалы аналарға деген мемлекеттің қолдауын қуана қолдауда. Бүгінде халықтың әлеуметтік ахуа­лына жауапты басқармалар мен департамент қызметкерлері көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға АӘК-тің жаңа форматы туралы ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Біз осы ретте Алматы қалалық Жұмыспен қамту орталығы дирек­торының орынбасары Диляра Иманқұловадан атқарылып жатқан жұмыстары туралы айтып беруін сұраған едім.

– Әр бала үшін төленетін 21 мың теңге алу үшін адамдар көптеген жағымсыз әрекеттерге жол бергені белгілі. Бірі табысын жасырса, кейбір отбасылар сол көмекке қол жеткізу үшін жалған ажырасуларға жол берді. Ал енді жаңа жылдан бастап берілетін мемлекеттік жәрдем­ақы мен атаулы әлеуметтік көмектің жаңа әдісі қалай жүзеге асырылатын болады? Жаңа форматтағы АӘК үшін әр отбасының табысы, қорасындағы малы мен мүлкі тағы есепке алынатын бола ма?

– Өкінішке орай, сіз айтып отырған жағдай­лардың орын алғаны рас. Енді ондай әрекеттерді болдырмау үшін әрі көпбалалы аналардың қоғамымыздағы мәртебесін арттыру мақсатында Президентіміз Қ.Тоқаев өз Жолдауында атаулы әлеуметтік көмектің жаңа әдісін енгізуді және оның әділ, ашық болуын және жұмыс істейтін аналардың да әлеуметтік көмек алуға құқылы екендігін, еліміздегі демографиялық көрсеткіштердің артуына мүмкіндік беретінін әлеуметтік қолдаудың жаңа форматын ендіру қажеттілігін атап өткен болатын. Өйткені, қазіргі қолданыстағы АӘК берудің тәсілі бойынша жұмыс істейтін отбасындағы балалар жәрдемақысыз қалған болатын. Шындығында бұл әділетсіз еді. Сол себепті, 2020 жылдан бастап әрбір көпбалалы отбасына табысына қарамастан әр баласы үшін жәрдемақы тағайындалатын болады.

– Көпбалалы отбасы атану үшін бала саны қанша болу керек?

– Төрт және одан да көп баласы бар аналар көпбалалы ана мәртебесіне ие.

– Енді осы жаңа формат негізінде тағайын­далатын атаулы әлеуметтік көмек түрлеріне толық тоқталып өтсеңіз?

– Жаңа формат мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмектен тұрады. Мем­лекеттік жәрдемақы көпбалалы отбасын­дағы әр бала үшін төленсе, АӘК табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасыла­рына беріледі. Көпбалалы отбасылар үшін мемлекеттік жәрдемақы айына әр балаға 10 625 теңге төленеді. Сонда төрт балаға – 42 500 теңге, бес балаға 53 025 теңге, алты балаға 63 750 теңге, жеті балаға 73 375 теңге төленетін болады. Ал отбасында бұдан да көп бала саны болса, соған орай жәрдемақы көлемі ұлғайтыла береді. Бұл біз жоғарыда айтып өткендей, ұлтымыздың санының артуына үлес қосып жүрген аналардың мәртебесін көтеріп, елдегі бала туу деңгейін арттырады. Сонымен қатар, АӘК жаңа тәсілдеріне сәйкес көпбалалы отбасыларға кепілдендірілген жәрдемақы бере отырып, жеке санаттарға шығарылып, көпба­лалы отбасы, әлеуметтік жағынан аз қамтыл­ған деген стереотип алынып тасталатын болады.

Жаңа әдістің тағы бір бағыты – АӘК. Бұл үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтар да АӘК-ке жүгінуге құқы бар. Шартты және шартсыз негізден тұратын бұл шара аз қамтылған азаматтарды жұмысқа орналастыруға ынталандыруға бағытталған АӘК тұрақты шара емес, тек азаматтардың материалдық жағдайын ретке келтіру үшін уақытша қарастырылған шара екенін атап өткен жөн.

Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуге тиіс, бүгінде мемлекет жұмысқа орналасуға немесе шағын бизнеспен айналыссам дейтін азаматтарға барынша көмектесіп отыр. Әлеуметтік шарттың басты шарттарының бірі еңбекке қабілетті отбасы мүшелері жұмысқа орналасуы қажет. Егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі «Еңбек» мемлекеттік бағдар­ламасы шеңберінде ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан (жеңілдікті микронесиелер және бизнес ашу үшін қайтарымсыз гранттар) бас тартса, онда отбасы үшін беріліп отырған АӘК төлемі тоқтатылатын болады.

Барлық АӘК алушыларға, олардың балалары үшін заттай қолдауды қамтитын қосымша кепілді пакет ұсынылатын болады: 1-ден 6 жасқа дейінгі аз қамтылған отбасы­лардан шыққан мектепке дейінгі жастағы балаларды тамақпен, мектеп формасымен, оқу құрал-жабдықтарымен, тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету, аз қамтылған отбасылардан шыққан мектеп жасындағы балалардың қалалық көлікте жол жүру шығындарын өтеу қарастырылып отыр.

– Айтуыңызға қарағанда, әлеуметтік көмектің жаңа форматы әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандардың, әсіресе көпбалалы анала­рымыздың әлеуметтік әлеуетінің артуына көп мүмкіндік беретіні аңғарылады. Дейтұрғанмен, қазірден бастап біз мемлекеттік жәрдемақы кімдерге тиесілі, ал АӘК-ке азаматтардың қандай тобы жүгінуге құқылы, оны алудың шарттары қандай, соны қазірден түсіндіруіміз қажет сияқты, себебі ертең тағы жұртшылық арасында түсінбеушілік туындауы мүмкін ғой.

– Дұрыс айтасыз. Сондықтан біз қазір ақпараттық түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізудеміз. Алматының әр ауданында «Бақытты отбасы» орталықтары жұмыс істейді. Біз сол орталықтардың белсенділерімен және өкілдерімен кездесулер өткізіп, мемле­кеттік жәрдемақы, АӘК және әлеуметтік қолдаудың кепілдендірілген пакеті туралы ақпараттар беріп, түсініктеме жұмыстарын жүргізудеміз. Ал орталық белсенділері оны өз аудандарындағы көпбалалы аналармен АӘК-ке мұқтаж азаматтарға жеткізеді. Бұл ретте біз АӘК алу мерзімі 3 айдан, 6 және 12 айға ұзартылғанын, осы аралықта отбасындағы еңбекке қабілетті азаматтарға «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыс, өз кәсібін ашуға ұсыныс жасаған жағдайда одан бас тартып жатса, АӘК беру тоқтатылатынын тағы бір ескерткіміз келеді. Ағымдағы жылы Алматы қаласы бойынша 11 237 отбасы АӘК көмек алды.

– Жаңа формат бойынша табысты жасы­рып, аз қамтылған, асыраушысы жоқ атану үшін жалған ажырасуларға жол берілмейді дейсіз бе?

– Әлеуметтік көмек пен жәрдемақы төлеудің жаңа әдісінің ең басты ұстанымы сол, құқыққа сыйымсыз әрекеттерге жол бермей, жәрдемақыға иек артып алған азаматтарды еңбекке ынталандыру болып отыр. Ал көпба­лалы отбасындағы әр бала үшін төленетін мемлекеттік жәрдемақы жоғарыда айтып өтке­німіздей отбасының табыс көзіне қарамастан төленеді.

– Әңгімеңізге рахмет. Әр ана ұрпағын өмірге жәрдемақы алу үшін әкелмейтіні рас, дейтұр­ғанмен мемлекет тарапынан көрсетілетін мұндай қолдау аналардың, әсіресе, жас отбасы­лардың көпбалалы отбасы болуға деген ықылас-ниеттерін арттыратыны анық. Өмірге келер ұрпағымыз көп болсын! 

  • Мемлекеттік жәрдемақы 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар барлық көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленеді.
  • Мемлекеттік жәрдемақының мөлшері бала санына қарай сараланады. Яғни 4 баласы бар отбасыларға 42 500 теңге, 5 балаға – 53 125 теңге, 6 балаға – 63 750 теңге, 7 және одан да көп балаларға 74 375 теңге төленеді.
  • Орта есеппен алғанда, жәрдемақы мөлшері әр балаға 10-11 мың теңгені құрайды, бұл 2018 жылдан бастап тағайындалуы тоқтатылған осыған ұқсас жәрдемақыдан 4-7 есеге көп.
  • Қазақстанда бүгінде бала саны 7-ден асатын 3151 отбасы бар. «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған және «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналарға жеке мемлекеттік жәрдемақы төленеді, олардың орташа мөлшері 16 160 теңгені құрайды. Ағымдағы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша оны 235 мыңға жуық адам алады. Бұл мемлекеттік жәрдемақының төленуі сақтала бермек.

Әңгімелескен – Нұржамал БАЙСАҚАЛ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *