«Жібек жолындағы» Наурыз-думан

Рая ЕСКЕНДІР

 

Алматы қаласының тұрғын­дары мен қала қонақтары Ұлыс­тың ұлы күні әз-Наурызды ерекше дүрілдетіп атап өтті. Табиғат-ана да барынша жылуын шашып, құшағын ашып, төңіректі  нұрымен жылытты. «Ата-анадай елжірер күннің көзі» деп Абай бабамыз суреттеген сәттің куәсі болдық. Бұл күні қала тұрғындары мен қонақтары қайта жаңарған Жібек жолы мен Панфилов көше­лері бойындағы көктем мерекесіне келіп, түрлі іс-шараларды тама­шалады.

Әсіресе, жәй күндері де кісі аяғы бір босамайтын атақты «Арбат­тағы» мерекені көрген де, көрме­ген де арманда дерсіз. Саусағынан өнер тамған хас шебердің маңайы толған халық. Көз ілеспес жыл­дам­­дықпен қыш, зергерлік бұйым­дармен жұмыс істеп отырған шеберлердің шапшаң­дығына таңдай қағып, өз кезе­гінде үйренуге талпынып та қалып жатқандар бар. «Арбат» – тұнып тұрған өнер. Мұнда күнде келсеңіз де жағалай отырған суретшілерді көресіз. Наурыз күні де бұл өнер салтанат құрып, суретшілердің пленэрі өтті. Орталық байланыс бөлімшенің сахнасында авторлық әндер бай­қауы өтіп, балақайлардың ойын­дары, ән мен күй, би, т.б. өнер түрлерінен сайыстар қызып жатты.

«Жібек жолы»  ежелден сән-салтанатымен, көш-керуе­німен ерекшеленгені белгілі. Мереке күні театрландырылған көш керуен өтіп, қазақтың батырлары жүріп өтті. Дәл осы күні бастау алған ең ұзын «Құрақ көрпе» де келушілерді тәнті етті. Медеу ауданындағы «Ардагерлер» әже­лер ансамблі де «құрақ көрпеге» өз үлестерін қосып, едәуір өндіріп тастады. Алматы қалалық Орта­лықтандырылған кітапхана жүйе­сінің директоры Роза Қасым­бекқызы бастаған кітапхана­шылар бұл күні мере­кенің көрігін қыздырды.

Ал мына жиырма төрт қанатты аппақ киіз үй төңірегі тіпті қызыққа толы. Ұлттық ойын түрлері бойынша түрлі сайыстар өтіп, бала біткен асықтың қызы­ғына батқан. Қалалық Кәсіп­одақтар орталығы аумақтың кәсіподақтар бірлестігі төрайы­мының орынбасары Данагүл Айнақұлова «ұлыс күні қазан толса, ақ мол болар, ұлы кісіден бата алса, олжалы болар» деп сөз алып, барша қонақтарды Наурыз мерекесімен құттықтады.

Көңілді ән тербеген Арбат­тағы жұрт  «Қара жорға» биіне басты. Ұлттық киім киген қыз-келіншек, ақ жаулықты әжелер мерекенің көркін кіргізіп, нағыз ұлттық өнегенің үлгісін танытты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *