«Жетпей тұрғаны сіз ғана…»

Баяғыда бір өте бай да дәулетті, атақты да ықпалды кісі өзіне көзі тірісінде теңдесі жоқ мазар салдырмақшы болыпты. Ең мықты ұсталарды, ең шебер құрылысшы­ларды шақырып, «қанша ақша керек болса да тауып берем, тек мазар барша жұрт таң қалатындай ғажайып болсын» деп шарт қойыпты.

Ұсталар мен құрылысшылар дереу білектерін сыбанып жіберіп, іске кірісіп кетеді. Қажет материалдары толығымен қамтамасыз етілген соң, соншама жұмыс қолы қоя ма, күндердің күнінде әлгі дәулетті кісінің сәулетті мазары да салынып бітіпті.

Бұ дүниедегі соңғы мекенінің сонша­лық көз тартарлық көркем болып шық­қанына шаттанған бай бас ұстадан:

– Расында, толығымен бітті ме? – деп сұрайды.

– Толық бітті, тақсыр ием.

– Қысылмай сұрай бер, бәлкім, сәл жетіспей тұрған бірдемелер бар шығар?

– Жоға, – депті сонда бас ұста, – енді жетпей тұрғаны тек сіз ғана…

 

 

Қожанасыр хикаялары

«Алланың нұры»

Жауын құйып тұр екен. Қожанасыр терезеден сыртқа көз салса, көршісі жүгіре басып әпендінің үйіне келе жатыр дейді. Ол кіре бергенде Қожекең:

– Көрші-ау, далақтап жаңбырдан сонша қашқаның не? – деп дүрсе қоя беріпті. – Бұл деген аспаннан құйылып тұрған Алланың нұры емес пе? Есі бар адам бермен қарай безектей бермей, асықпай жүріп, сол нұрдың шапағатына шомылуға тырыспас па?

Мұндай әңгімеден соң анау кісі кәдімгідей ыңғайсызданып қалса керек, қайтар жолда сорғалап тұрған жаңбырдың астында үсті малмандай болып, сүмірейіп қайтыпты.

Ертесіне де жауын қатты жауыпты. Енді әлгі көршісі терезеден сыртқа қараса, Қожанасыр шапанының етегін түріп алып, аяғы әр жерге бір тиіп, зулап келеді екен.

– Әпенді-ау, біреуге ақыл үйреткенге шеберсің, өзің нағып Алланың нұрына шомылмайсың? – деп сұрапты бұл.

Сонда Қожекең:

– Мен сол Алланың нұрын аяғыммен басып кетпейін деп, әр жерден аттап басып асығып келе жатқанмын, – десе керек.

 

«Атын өзгертті, жарықтық…»

«Баяғыда біреудің аты Керкеткен екен. Сол байғұс күндердің күнінде: «Қой, бала-шаға өсіп келе жатыр… Ата сақалымыз аузымызға шықты… Болмас… Көрге кетсем де, Керкеткен болып кетпейін», – деп қой сойып, ауыл-аймағын шақырып, молдаға кітап аштырады. Атын «Бірнәстедин» етіп, ел алдында бәтуаласқан. Тістерін шұқып, үйлеріне қайтқандарға көлденеңнен кездескен көк аттылар:

– А-ал, жол болсын, қайдан келесіңдер? – десе керек.

– Уа-а, мына Керкеткен ағаңнан…

– Жайшылық па?..

– Атын өзгертті, жарықтық. «Өзім Керкеткен едім, балаларым Керкеткенов болмасын» дейді.

– Е, енді кім деп атайсыңдар?

Әлгілер әрі ойланып, бері ойланып естеріне түсіре алмапты. Дұрыстап тағы бір сұрап алайық деп, шыққан үйлеріне қайтып барса, Керкеткен де есімін ұмытып, дал болып отыр екен»…

(Қази ДАНАБАЕВТЫҢ

«Шотай, Шоңтөбе,

Балдәурен» хикаятынан).

 

Бірқақпайлар

Еңгезердей біреу кафеге кіріпті де, күйбеңдеп жүрген барменнен:

– Сіздерге мазасыз клиенттерді далаға лақтырып жіберіп, кафені мастардан тазалап отыратын «вышибала» керек емес пе? – деп сұрапты.

– Ондай іс қолыңыздан келе ме өзі? – деп қарсы сұрақ қойыпты бармен.

– Қазір көресіз, – депті шамданып қалған дәу.

Сөйтіпті де, шеткі үстелде шекесін қолымен тіреп әрең отырған қызу біреуді бір қолымен көтеріп алып, есіктен далаға бір-ақ атыпты.

– Жақсы, – депті бармен. – Бірақ қызметке алу мәселесін мен емес, қожайын шешеді.

– Ол қайда?

– Қазір үсті-басын қағып, ішке кірсін, сөйлесесіз…

 

* * *

Психиатр өз кеңсесінде іші пысып отыр екен. Келушілер жоқ, күн болса ауып барады. Кенет… кабинеттің есігі ақырын сықырлай ашылып, біреу жер бауырлап еңбектеп кіріп келе жатады. Аузында тістеп алған бірдеңелері бар. Мұндайлардың түр-түрін көрген психиатр қос алақанын соға шарт еткізіп:

– Бізге қонаққа келген бұ кім болды екен, ә? – деп әлгіні еркелете жөнеледі. – Кесапатқа ұшырап, дәрігер ағайға көрінуге келген кесіртке ме екен? Әлде ілбіп жүріп-ақ бір пәлеге іліккен тасбақа ма? Бәлкім, қолқасына қолақпандай әлдене тұрып қалып, соны алдыруға келген қолтырауын болар? Қане, орныңнан тұра ғой, қарап жіберейік!

Сөйтсе, әлгі кісі аузындағы сымдарын жерге қойып:

– Қуасыз ба, немене? Мен сіздің кабинетіңізге компьютер орнатқалы келген желілік администратормын! – депті.

 

* * *

 

«Мен, негізі, суретке түскенді аса ұната бермеймін» депті біреу өзінің 1235-фотосын әлеуметтік желіге салып отырып…

 

* * *

– Азаннан ақшамға дейін ас ішіп, аяқ босатқаннан басқа ештеңені ойламайсың! Дүниеде одан басқа қызық жоқ па сен үшін? Қарасаңшы былай, жан-жағыңа! Әне, алаулай қызарып Күн батып барады… Ғажайып романтикалық көрініс емес пе, а?

– Шынында да ғажап екен… Күн батып барады… Керемет! Демек, қазір кешкі ас ішеміз…

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *