ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТКІЗЕР ЖЕТІ ЖОБА

Алматы әлемдегі ең дамыған және өмір сүруге қолайлы 100 қаланың қатарына енетін болады. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жастармен кездесуінде айтты

Кеше қала әкімі Бақытжан Сағынтаев әл-Фараби атындағы іргелі Қазақ ұлттық универ­ситетінде болып, ІT-технопарк ғимаратының, «Керемет», «Жасыл техноло­гиялар» және «Жағдаяттық басқару» орталықтарының тыныс-тіршілігімен танысты.

ҚазҰУ-дың Философия-экономикалық факульте­тінің кешегі түлегі Бақытжан Сағын­таев Алматы жаста­рымен жүздесіп, өзі білім алған қара шаңыраққа келгендегі әсерімен бөлісті.

– Шынымды айтсам, басқа әлемге кіріп кеткендей болдым. Шыққың келмей қалады екен. Жан-жағың зәулім оқу корпустары, жасыл желектер. Біз отырған аудито­риялар мен қазіргі сендер білім алып жатқан аудито­риялар мүлдем бөлек. Ондағы техникалар деген заманауи. Қалағаныңның бәрін табасың. Қандай бақыттысыңдар! – деген шаһар бас­шысы бір кафедраға кіріп келгенде, кезінде өзіне сабақ берген ұстазын көріп, қуанғанын да жасырмады.

– Жастық – ол өткірлік, ашықтық, еркіндік, тазалық, сұлулық. Ал Алматы –  ол сендер! – деп, баяндамасын бастаған Бақытжан Сағын­таев Алматы әлемдегі ең дамыған және өмір сүруге қолайлы 100 қаланың қатарына енетінін мәлімдеді.

Шаһар басшысы Елбасы тапсырмасымен әзірленген «Алматы – 2050» даму стратегиясын ұсынды. Бұл бастама 7 бағыт бойынша жүзеге асырылатын болады. Және әкім ұсынған осынау стратегиялық маңызы бар құжат бүгіннен бастап қоғам талқылауына берілді.

Қаланы қарқынды дамытудың бірден-бір қоз­ғаушы күші – ол креативті студенттер екенін айтқан қала басшы­сы мен жастар арасындағы диалог өте шынайы, әрі еркін көрініс тапты.

 

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Диплом сандық түбінде жатпауы керек

Зәмзәгүл ХАМЗА,

Журналистика факультетінің 3-курс студенті:

– Бақытжан Әбдірұлы, біздің киелі шаңыраққа қош келдіңіз! Сіздің былтырғы жылдары жастарға арналған мамандықтар туралы айтқан пікірлеріңіз әлі есімде, тың ойларыңыз ерекше ұнаған. Менің сұрайын дегенім, сіздіңше, он жылдан кейін ең көп сұранысқа ие болатын қай мамандықтар деп ойлайсыз? Сондай-ақ, Алматыны дамыту үшін жоғары оқу орындары мен колледждерге қандай мамандықтарды ұсынған болар едіңіз?

Бақытжан САҒЫНТАЕВ:

– Иә, мамандық таңдау адам өміріндегі өте маңызды қадам. Ол – бағдаршам. Үлкен жолға сапар шеккелі тұрған сәтте сен өзіңе не керектіні, жаныңның қалауы не екендігін дұрыс таңдай білсең, онда ары қарайғы өмірің де сәтті болады деген сөз. Шыны керек, қазір ақпараттық технология көз ілеспес жылдамдықпен өте қарқынды дамып жатыр. Сондықтан он жылдан кейін қай мамандыққа сұраныс көп болатынын, бізді не күтіп тұрғанын да дөп басып айту қиын. Өйткені, дәл қазір пайдаланып отырған дүниелеріміз ертең өзектілігін жойып алуы да мүмкін. Сондықтан мен айтар едім, бүгін алып жатқан мамандығыңмен шектеліп қалмау керек. Ол оқуың базалық білім болып тұрсын, сол арқылы қайта даярлау курстарынан да өтуге болады. Бұл тұрғыда тек жоғары оқу орнын бітіруді мақсат етпеу керек, колледждерде де білім алып, өзіңді дамыта беруге болады.

Тақырыпқа орай Премьер-Министр кезімдегі бір оқиғаны ғана айтып берейін. Жаңадан бой көтеріп жатқан жергілікті бір іргелі зауыттың тыныс-тіршілігімен танысу үшін сонда бардым. Зауыттың іргесін көтеріп жатқан кәсіпкер менен: «Сырттан жұмыс күшін әкелсем деймін, сол үшін маған Үкімет тарапынан квота алуға көмек­тессеңіз», – деді.  Мен «Неге сырттан әкелгелі жа­тыр­сыз, жұмыс күшін өзіміздің елден неге алмайсыз?» деймін ғой. «Біздің елде зауыт ісіне қажетті мамандар жоқ», – деп жауап берді кәсіпкер. Сонда сол өңірдің әкімі өзінде бой көтергелі жатқан зауытқа қандай мамандар керек екендігін білуі керек еді, сосын ол туралы жергілікті колледжге барып, онда әлгі зауытқа қажет­ті мамандар дайындала ма екен, соны зерттеп, колледж басшыларымен диалог орна­туы тиіс еді. Екі жақтың тарапынан да ондай сұрақтар қойылмаған. Сонда екеуінің арасында байланыс жоқ деген сөз. Міне, осындай келеңсіздіктердің нәтиже­сінде алған мамандығына сұра­ныс жоқ кей жастар дипломы бола тұра жұмыс таппай бос сенделіп қалады.

Біздің Алматы өнеркәсіптік емес, индустриалды аймақ. Сондықтан бізге дәл қазіргі уақытта көбіне қаржы­гер­лер, қызмет көрсету саласының маман­дары қажет. Біз қазір түрлі саланы қам­титын жаңа техно­логия мен креативті экономиканы қолға алып жатырмыз. Мәдени және креативті экономика – елдің әл-ауқатын жақсарта­тын қозғау­шы күш. Өздерің байқап жүр­сеңдер, ІT-технологияның, мәдени, рухани ошақ­тардың бәрі біздің шаһарда шоғыр­ланған. Мұның бәрі бір сөзбен айтқанда, алып индустрия. Жаңа өздеріңе Алматы қаласын қалай дамыту керектігі жөнінде баяндама оқыдым. Онда бірнеше нақты стратегиялар көрсетілген. Сол бағыт­тармен кейін асықпай өздерің тағы бір қарап, оқып, зерделеп алсаңдар жақсы болады. Ол стратегиялар сендердің бола­шақтарың үшін бағдаршам болады деп білемін.

 

Креативті экономика дегеніміз не?

СТУДЕНТ:

– Сізбен жақын танысып, жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Баяндама­ңызға үлкен рахмет, болашақ маман ретінде біраз жайға қанық болған­дай­мыз. Жаңа сіз жаңа университет құры­лады дедіңіз. Ол қандай университет, оның көздейтіні, мақсаты не, сол туралы тарқатып айтып берсеңіз?

Бақытжан САҒЫНТАЕВ:

– Жақында Нұр-Сұлтан қаласында ІT университетінің ашылғанын біле­сіздер. Мұндай университет бізге де керек. Мұның бәрі әлгінде ғана айтыл­ған креативті эконо­микамен тығыз байланысты. Мысалы, Оңтүстік Корея 2012 жылы креативті эконо­миканы дамы­тамыз деген арнайы үлкен бағдар­лама қабылдаған. Бұл бағдар­ла­маның артықшылығы – ол  бір саламен ғана шектелмейді, оған түрлі сала кіреді. Мысалы, миллиардтаған аудитория жинап, алып индустрияға айналған кей-поп қайдан шықты? Оңтүстік Кореяның атағын бүкіл жаһанға әйгілеген, аспан­датқан сол кей-поп. Міне, елді алға дамыту үшін қажетті креативті эконо­мика деген осы. Біз осы салада жұмыс істеуіміз керек. Күштің бәрін соған жұмсауымыз қажет. ІT-техно­логиямен тек бір университет қана айна­лыс­пауы керек, мысалы, жоғары оқу орнында осы мақсатта жұмыс істейтін жаңа кафед­ралар, жаңа факультеттер, жаңа мамандықтар ашуымыз қажет. Кезінде көп оқу орны жаппай заңгер, кеден қызметкерлерін дайындап кетті. Өйт­кені, сол тұста соған сұраныс көп бол­ған. Ал қазіргі сұраныс мүлдем бөлек. Қазір креативті көзқарастар құпта­латын уақыт.

 

«Шетсіз қала» нені көздейді?

СТУДЕНТ:

– Алматыны дамыту туралы страте­гия­ларыңызбен бөлістіңіз. Біз де соған атсалысқымыз келеді, бізде де жақсы ойлар бар. Смарт-сити жобаларына хака­тонсыз қалай қатысуымызға болады?

Бақытжан САҒЫНТАЕВ:

– Біздің есік сендерге кез-келген уақытта ашық. Осында Алматы қалалық Цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев әріптесім отыр, сол азаматпен  қазір кездесіп, сөйлесіп, теле­фон нөмірлерімен алмасуға болады. Бізге жастардың әр ойы маңызды. Жас­тарымыз да өзін қоршаған ортаға бей-жай қарамай, алматылықтардың өмірін жақсартуға өзіндік үлестерін қосамыз деп жатса, неге қуанбасқа. Көп дүние, жақсы ойлар осын­дай сендер сияқты белсенді, ойлы жастар­дан, университет қабырғаларынан құрала­ды. Біз өздерің­мен жұмыс істеуге, мүм­кіндіктеріңді пайдалануға әркез дайынбыз.

Назерке ЕРЛАН, Журналистика факуль­тетінің студенті:

– Бақытжан Әбдірұлы, сіз жаңа «Шет­сіз қала» жобасы туралы айтып қал­дыңыз, осы тақырып мені қызық­тырды. Бұл жоба­ны қалай дамытуды көздеп отырсыздар?

Бақытжан САҒЫНТАЕВ:

– Болашақ журналистің осындай маңызды тақырыптардың бірін тез қағып алғаны, сергектігі үшін қуаныш­тымын. Бұл өте маңызды мәселе. Мен бұл жобаны қарапайым тілмен былайша түсіндірейін. Мысалы, құрбың немесе досың Алматы шетінде орналасқан Наурызбай не Алатау ауданында тұра­ды дейік. Бәлкім, жатақ­ханасы, әлде туысы немесе ата-анасы сол жерде. Сабақтан тыс уақытта кешке бір жерге барғың келді дейік. Қайда барасың? Әрине, қаланың орталығына барғың келеді. Мысалы, жігіт өзінің сүйіктісін киноға шақырады. Таксиге не автобусқа ақшасы болмауы мүмкін. Киноға барған соң поп­корн немесе өзге де тәтті тағам­дар сатып алғың келеді. Бірақ бәріне қаражат таппауың мүмкін ғой. Сосын кинодан соң үйге қайтуың керек, ол да мәселе. Ал осы демалыс, серуеннің бәрін сол өзің тұрған ауданда да істеуге болады ғой. Ол үшін, әрине, кинотеатр болуы керек. Сондай-ақ, Жастар ре­сурс­тық орталығы, Оқушылар сарайы, мектеп, кітапхана, емхана, ашық және жабық спорт алаңдары дейсіз бе, қала орталығында не бар, соның бәрі сол ауданда болуы тиіс. Яғни ауданның бәрі Алматы болуы керек. Әйтпесе үлкен бір іс-шаралар өтетін болса, бәрі айналып келіп «Ескі алаңда» ұйымдастырыла береді. Міне, біздің мақсат осы – Алма­тыға қарасты ауданның бәрі заманауи тұрғыда дамуы тиіс, шаһардың шеті болмауы керек.

Биыл ашық аспан аясында көше кино­театрын жасап көрдік. Керемет! Өздерің секілді қол ұстасқан жастар өте көп келді. Жұлдызы қалың айлы түнде бұл көрініс талай жастың сезімдерін нығайтқаны, бақыт­ты еткені анық. Тіпті, ашық аспан аясын­дағы кинотеатрға апалардың да келгенін көрдік. Демек, зейнет жасындағы кісілер де бос уақы­тын жақсы өткізгісі ке­ле­­ді. Енді мұндай кинотеатр барлық ауданда болсын деп шешіп, қазір оған қажетті құрал-жабдықтарды түгел сатып алдық.

Барлық ауданда заманауи үлгідегі кітапханалар болса дейміз. Онда өздерің сияқты жастар тек үн-түнсіз кітап оқуға ғана келмей, бір-бірімен шәй, кофе үстінде әңгімелесіп, диалог орнатып, пікір алмасса дейміз. Әрине, бұл жұмыс­тарда алматы­лық­тардың бәрінен қолдау күтеміз.

3-курс СТУДЕНТІ:

– Біздің студент-жастардың да қала­ны дамыту тұрғысында стартап-жоба­­лары бар. Әкімдік осы жобалар­дың арасынан үздігін анықтап, оның жүзеге асырылуына қолдау көрсетіп отыратын тетіктер ойлап тапса, ол да бізге алдағы істерге шабыт берер еді деп ойлаймын.

 

Жастар да қаланы дамыту жобаларына қатысқысы келеді

 Бақытжан САҒЫНТАЕВ:

– Бұл ұсынысыңды ескереміз. Алдағы уақытта өзімізде талқылауға болатын мәселе деп санаймын. Бұл да әлгінде айтылған креативті экономика аясында қаралатын шығар деп ойлай­мын.

Қазақ ұлттық медицина университе­тінің СТУДЕНТІ:

– Қазіргі таңда жастар арасындағы суицид мәселесі алаңдатарлық жағдай. Мектеп бағдарламасына жоғары сынып оқушыларына мотивация беретін сабақ­тар, пәндер енгізу, фильмдер көрсетілуі керек деп ойлаймын. Оған кез-келген мамандық иелері қатыстырылса, олар өмірлік ұстанымдары әлі қалыптасып үлгермеген жеткіншектерге дәрістер оқыса жақсы ғой.

Бақытжан САҒЫНТАЕВ:

– Мұндай бағдарламаларды енгізу, әрине, Білім және ғылым министрлі­гінің құзы­рындағы дүние. Дегенмен, бұл ұсы­нысты өзіміздің Білім басқарма­сында жан-жақты талқылап, тиімді тұстарын ұсынып көруге болады. Әрине, мұндай сабақтар еш артық емес. Қыркүйекте біз жастарға арнап оқу курстарын жүргізгенбіз. Онда «мектеп бітірген соң қайда баруына болады, қай мамандықты таңдаған тиімді, бизнеспен айналысқысы келетін жастар істі неден бастауына болады?» деген сынды сауал­дарға біз елге танымал кәсіпкерлермен бірге жауап іздедік. Мұндай кездесу­лерді алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз.

***

Кездесу соңында ҚазҰУ-дың Жас­тар ұйымдары комитетінің жетекшісі Нұрсұл­тан Бекқайыров Бақытжан Сағын­таевқа универ­ситеттің логотипі бедерленген спорт­тық кеудеше сыйла­ды. Жастар аудитория­сына бейім­деліп алған Бақытжан Әбдірұлы «мына сый­лықтарыңызды баға­надан бер­мейсіздер ме» деп қыз-жігіттерді бір күлді­ріп, дереу қызметтік костюмін, галстугын шешіп, кеудешені киіп алды. Жастар әкім­нің үстіне қона кет­кен киімнің жарасым­дылығына лебіздерін білдіріп, ду қол соқты.

Жастар қала әкімін ортаға алып суретке түсті. Ал Бақытжан Сағынтаев өз кезегінде фото­граф­тарды күтіп тұрмай, ұялы теле­фонды өзі ұстап тұрып жас­тармен селфи жасады. Бәрі жара­­сымды. Өйткені, жастыққа осындай шынайылық тән.

Жастарымызға сәттілік, жарқын болашақ тілейміз.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *