Жеті жүзден астам әзіл жиған

үш алыптың бірі академик Шора Сарыбаев жөнінде бірер сөз

Жаңылмасам, 2008 жылдың жазы болатын. Дәлірегі, шілденің шыжыған ыстығы қайтып, тамыз айының тамылжыған тамаша мезгілі басталған шақ. Мен Жазушылар Одағы жанынан шығатын «Әдебиет айдыны» деген газетте қызмет істеймін. Бас редакторымыз – Талаптан Ахметжан. Болмысы таза, иманы берік, талантты жазушы. Екеуіміз ішек-қарнымыз араласқан айнымас дос болып кетпесек те, рухымыз жақын, етене сырлас, мұңдас адамдар едік. Талаптан досты өткен шақта еске алып отыруымның себебі, бұл күнде ол да арамызда жоқ, бірер жыл бұрын өзінің мәңгілік мекеніне сапар шегіп кеткен. Жарықтықтың жатқан жері жанаттан болсын!

Талаптан екеуіміздің анда-санда Жазушылар одағына қарама-қарсы беттегі гүлзар баққа шығып, серуен құрып, әңгіме-дүкен шертіп қайтатын әдетіміз бар еді. Әдет бойынша сол күні де гүлзарда екеуден-екеу серуендеп жүрдік. Көңіліміз көтеріңкі. Бір кезде қазіргі Мәншүк пен Әлия ескерткішінің тұсынан өте бергенімізде, анадай жердегі ағаш орындықта таяғына сүйеніп, қалың ойға шомып, бір шөкім болып отырған тақиялы сары шалды байқап қалдық. Оны біз бірден таныдық. Ол анау-мынау емес, қазақ интелли­генциясының көш басында тұрған атақты Сары­баевтар әулетінің бір көрнекті өкілі, қазақ ғылымындағы халық мойындаған «үш алыптың» біреуі, бүкіл саналы ғұмырын қазақ тілі үшін күреске арнап келе жатқан әйгілі тілтанушы ғалым, академик Шора Сарыбаев еді.

«Сәлем – сөздің анасы» демекші, көзінің тірісінде-ақ аты аңызға айналған ақсақалға сәлем бермей,  көрмегенсіп өтіп кетсек, нағыз көргенсіздік сол емес пе? Адамгершілігіміз қайда, қазақтығымыз қайда?! Бұрылып барып, атамызға жарыса сәлем бердік. Жағдайын сұрадық. Ол жанары сөне бастаған көзімен көзін сығырайтыңқырап, аздаған таңданған кейіпте қарады бізге. «Бұлар қай балалар болды екен?»  дейтіндей. Сосын жұмсақ үнмен:

– Сендер мені танисыңдар ма? – деп сұрады. Академик атамыздың жоқ жерден сөз тауып, қалжыңға бұра тартатын әзілкештігіне әуелден қанық едік. Біз де мүдіргеміз жоқ.

– О не дегеніңіз, ата, сізді танымағанымыз бізге ұят қой… Сізді жалғыз біз емес, бүкіл қазақ таниды, – деп жамырай жауап бердік. Ол әлгіндегі таңданған қалпын жоғалтпаған бойда:

– Бүкіл қазақ таниды дейсіңдер ме?.. М-м… Онда айта қойың­даршы, мен кіммін өзі? – деді қулана жымиып. Жымиғаны өзіне керемет жарасады екен. Одан әлдебір тазалықтың, адалдықтың иісі бұрқырап тұрғандай.

– Біріншіден, сіз  қазақсыз, қазақ тілі, қазақ рухы, қазақ ұяты үшін күресіп жүрген күрескерсіз, – деді Талаптан.

– Екіншіден, сіз азаматсыз, азаматтығыңызға кір түсірмей келе жатқан азаматсыз, – деп қостым мен. Одан әрі сөзді тағы да Талаптан жалғады:

– Сіз үлкен ғалымсыз, академиксіз, –деді ол. Мен де қарап тұрмай:

– Сіз біздің ұстазымызсыз, – дедім. Талаптан тағы да бірдеңе демек болып аузын аша беріп еді, ақсақал өзі тоқтатты.

– Болды, болды! Бұл күнде ешкімге керегі болмай қалған шалды таниды екенсіңдер, оған көзімді  жеткіздіңдер. Бірақ…  (Ол бізге алма-кезек қарап алды). Бірақ бір  жерден қателесіп тұрған сияқтысыңдар?

Екі дос аңтарылып, бір-бірімізге қарадық. «Қай тұста қателестік екен?» дейміз ғой баяғы. Шамалауымызша,  біз қателік жібермеген сияқтымыз, ал атамыз болса «қателесіп тұрсыңдар» дейді. Не істемек керек? Әрине, абыржып қалдық. Абырой болғанда, бұл қиын тығырықтан да ақсақалдың өзі құтқарды.

– Менің мынау мыжырайған олпы-солпы пошымыма қарап, біреулер осының тұқымы татар емес пе екен дейтін көрінеді. Сол үшін аздап өкпелімін қазақтарға. Рас, қанымда татардың да қаны бар, оны жасырмаймын. Сары үрпек балапандай сарғайып кеткенім содан болса керек. Бірақ құдай-ау татардың қаны араласқан екен деп, менен тұтас татар жасауға бола ма? Қазақтардың осындай «қыра­ғылығынан» өзімнің қазақтығыма да күмәндана бастадым соңғы кезде. Сендер болсаңдар қазақ дейсіңдер?! (Ақсақал өкпелеген балаша ұрты томпайып бізге қарады).

Бізде үн жоқ. Үнсіздікті тағы да академик атамыздың өзі бұзды.

– Айтқан  жұрт айта берсін, кімнің аузына қақпақ боласың? Жүздеріңді шырамытамын, бір жерден көрген сияқтымын өздеріңді. «Қартайдық, қайғы ойладық» деп жарықтық Абай айтпақшы, бізде ес дейтін ес те қалмады, есіме түсіре алмай пұшайман болып отырғаным… Өздерің қай баласыңдар? Мен сендерді танимын ба? – деп ол тағы да қулана жымиды. Жымиғаны сондай сүйкімді, жаныңа жылу себеді.

– Біз бүкіл қазақ танитындай сіз сияқты атақты адам емеспіз, ата. Бізді бүкіл қазақ тұрмақ, әріптестеріміздің өзі әрең шырамытады, – деп таныстыра бастады Талаптан. – Мына сақалды жігіт Болат Шарахымбай деген балаңыз болады. Менің аты-жөнім Талаптан Ахметжанов. Екеуміз мына тұрған Жазушылар одағында бірге қызмет істейміз.

Әңгімеге Шора ақсақал араласты.

– Тоқта, тоқта, жаңа есіме түсіп отыр. Талаптан Ахметжанов деген жазушыны білемін. Жазған-сызғандарын оқып жүремін. Ол қазір Одақта әйдік бастық бопты деп  естідім.

Атамыздың әдемі әзіліне жамырай күліп алдық. Сосын ол назарын  маған аударды. Мен сасқалақтап қалдым.

– Мынау Шарақымбай деген баланың пәмиләсі маған көптен таныс. Ұмытпасам, бір кезде Шарақымбаев деген жур­налист бала болды. «Ана тілі» газетінде қатар істедік. Оның қазақ тілі туралы жазған бірнеше мақаласын өзім құрастырған библиографиялық еңбегіме де енгізгенмін. Кейін баспасөз бетінен көрінбей кетті. Бірер уақыттан соң Шара­қымбай деген әдебиетші баланың жазғандарын оқитын болдық. Шарақымбай деген ақынның да өлеңдерін анда-санда көзіміз шалып қалады. Сен соның қайсысы боласың? – деп сұрады.

Мен жөпелдемеде не дерімді білмей күмілжи түстім де, іле ұтымды сұраққа лайықты жауап беруге тырысып:

– Мен соның ішіндегі сіздің библиографияңызға кірген Шарақымбаевпын, ата, – дедім. Бағаналы бері әлденеге көңілі толмай, әбіржіп отырған академиктің жүзіне бірден рай кірді. Сосын өзіне-өзі риза болған кейіпте басын көтеріп, тіктеліп отырды.

– Қарап отырсам, мен сендерді шынымен де таниды екенмін, балалар. Оған көзім жетті,– деді жүзінде нұр ойнап.

Күтпеген жерден тыңдаушысы табыла кеткен абыз ақсақал әңгіме тетігін ағытты дейсің. Ол алдымен өзінің ұзақ ауырып, төсектен жаңа тұрғанын, денсаулығының сыр бере бастағанын әңгімеледі. Сосын біртіндеп өзінің коллекция жинайтынын, бірақ көп адамдардың мұны түсінбейтінін, «еріккен шалдың ермегі» деп келемеждейтінін сөз етті. Ақсақалдың айтуынша, оның сегіз коллекциясы бар екен. Біріншісі – аты әлемге мәшһүр шығыстанушы ғалым Шоқан Уәлиханов туралы коллекция топтамасы. «Керек десеңіз, Шоқанның өзі де коллекция жинаған, – деді ол, – Шоқан түрлі тастар мен хайуанаттардың макеттерін жинауды әдетке айналдырған, жеке бай кітапханасы болған. Өкі­нішке орай, қазір оның қайда екенін ешкім білмейді. Естуімізше, ол түркі теңге­лерінен тұратын топтамасын Алексеев деген тарихшыға берген көрінеді. Ол топтама бойынша ғылыми мақала жазуды жоспарлапты. Ал геологиялық топтамасын Германиядағы Дрезден мұра­жайына өткізіпті. Одан ешқандай хабарым жоқ».

Екінші топтамасы – «Қайрат» футбол командасы туралы екен. «Футбол жө­нінде 50 мақала жазған фут­болтану­шымын» деп қосып қойды ол. Үшіншісі – Халық емшілігін қамтыған коллек­циясы 800 папка болады екен. Төртіншісі – ескі ақша банкоматтар, көне теңгелер, монеталар топта­масы, яғни нумизматтықпен айналы­сады екен. Бесінші топтама­сы қазақ қыздарына арна­лыпты. Дина Нүр­пейі­сова, Бибігүл Төлеге­нова, Мән­шүк Маметова, осылай жал­ғаса береді. Алтыншысы – қазақтың мақал-мәтелдер топтамасы,15 каталог жиналыпты. Барлығы үш мың шамасында. Жетіншісі – түрлі төсбелгілер, значоктар, конверттер, күнтізбелер, маркалар топтамасы – олардың саны  4 мыңнан асыпты. Сегізіншісі – ұлы адамдар­дың арасындағы әзіл-қалжыңдарды мұқият жинастырады екен. Қазір оның саны 2 мыңға жуықтапты. «Оны жинау себебім, күлкінің денсаулыққа  көп пайдасы бар. Аузында әзіл-қалжыңы бар кісі сергек жүреді. Мысалы, орыстарда күлкінің бес-ақ түрі белгілі, ал қазақтарда күлкінің 64 түрі бар. Жымиып күлу, сықылықтап күлу, мырс етіп күлу, кеңкілдеп күлу, селкілдеп күлу болып кете береді. Ал, күлкісіне қарап адамның қандай екенін білуге болады», – дейді ол тәптіштеп түсіндіріп. Сонан соң өзі жинастырған осы әзіл-қалжыңдардың бір  бөлігін топтастырып, баспаға ұсынғанын, өкініштісі, ұсынған дүниелерінің бүгінгі өмір сүру нормаларына «томпақ» келетін тұрпайы деген біраз бөлігіне редакция жасалып барып, әлдебір кісінің көмегімен кітап етіп шығарғанын айтты. Шын мәнінде, жинаған коллекциясында әзіл-қалжыңдардың одан да көп қоры бар екенін сөз еткен академик, демеушілердің жоқтығына, барларының дүмшелігіне налыды.

– Ешкімге керегі жоқ макулатураға демеуші болып, ақша шығындағанша, ел іздеп жүріп оқитын дүниелерге демеушілік жасамай ма?! Бұдан кейін бұл байекеңдерге қалай ішің жылиды?І Мен кәсібімді бәрібір тастамаймын, жинастыра беремін. Бір күні бұл дүниелер қазақтар іздеп жүріп оқитын «бестселлерге» айналатын болады әлі. Менің  көзім оған  анық жетеді, – деді ол барынша сергек болуға тырысып. Біз не дейміз, үнсіз келісіп отыра бердік.

Қоштасар сәт  те таяды. Біз ақсақалмен бұрыннан жақын таныс-біліс адамдарша қимай қоштастық.

– Балалар, сендер жарадыңдар! Ешкімге керексіз болып сұраусыз қалған аталарыңды танып, сәлем беріп жатыр­сыңдар. Әжәйіп көңілім көтеріліп қалды. Өркендерің өссін! – деді ол біздің қолымызды кезек қысып. Талаптан екеуіміз атамыздың қолтығынан демеп, Қазыбек би көшесіне дейін жеткізіп салдық. Қоштасар сәтте үнемі осы жерде жолығысып, әңгіме-дүкен құрып тұруға уағдаластық.

 

***

Расында сол күннен бастап анда-санда болса да басымыз қосылып тұратын болды. Шора ақсақал бізге қоңырау шал­уын жиілетті. Әрине, жұмысбасты Талаптан мұндай әңгімеге уақыты бола бермейтін. Сондықтан ақсақалмен шүйір­келесуге көбіне жалғыз барып жүрдім. Жады сергек ақсақал қашан  да әдемі әзіл, жарасымды қалжыңмен қарсы алады. Әзіл демекші, осы тұста басыма келген бір ойымды ортаға сала  кетейін. Әр дәуірдің өз қаруы болады. Соның бірі – сөз қаруы. Сөз қаруы – мәдени қарудың ең бейбітшіл, демо­­кратиялық түрі. Оның ішінде ұтымды сөз, астарлы әзіл – ең қуатты қару. Өкініштісі, осы қуатты мәдени қаруды көбіне дұрыс пайдалана білмейміз. Ал Шора атамыздың өзі құралпылардан артықшылығы осы қаруды шебер пайдалана білетіндігінде еді. Ол әдемі әзіл, ұтымды сөзбен-ақ көңілі түскен адамның өмірге деген тұрпайы көзқарасын түпкілікті өзгертуге қабілетті еді. Бір күні ақсақал әдемі әзілмен қай ауылдың баласы екенімді жұқалап сұрады. Мен де үлкен кісіден қалыспай әзілге әзілмен жауап беруге тырысып:

– Өзіңіз сияқты ата  сақалы аузына түскен ақсақал таудың баласымын, ата. Мынау оңтүстіктегі Қазығұрт деген жерденмін, – дедім. Осылай дегенде кеудемді туған жеріме деген мақтаныш сезімі кернеп тұрған еді. Көпті көрген  ақсақал соны байқап қалды-ау деймін:

–Бәсе, өзім де солай топшылаған едім. Қазығұрттан болсаң, Нұқ бабаң туралы аңызды білетін боларсың? – деп сұрады. Мен білетінімді білдіріп, басымды шұлғыдым.

–Ал сол Нұқтың матростары кілең қазақ ұлтынан болғанын білесің бе?.. Білмейсің. Нұқ пайғамбар өмірде болған адам. Тегін адам пайғамбар бола ма?! Ол кемесіне матростар таңдағанда жігіттердің ең мықтыларын, ең ірілерін, ең күштілерін, ең сенімділерін таңдаған ғой. Қазіргі қазақтар сол Нұқ пайғамбардың матростарынан өрбіген ұрпақ. Сені қайдам, өзім осыған сенемін. «Аңыз түбі – ақиқат» демей ме қазақ, бүгінгі қазақтар сол матростардың ұрпағы болуы әбден мүмкін. Бірақ қазіргі қазақтар байырғы бабаларын естен шығарып алды. Бабаларын естен шығарып алған ұрпақта қайбір ес болушы еді?  Жолынан адасып қалды. Ұсақ­талып кетті, – деп бір келелі әңгіменің ұштығын шығар­ғандай болды ақсақал.

– Айтпақшы, біз Азияның жауһар қаласы делінетін Тәшкен шаһарында да біраз жылдар тұрғанбыз. Ол кезде Тәшкен әдемі шаһар еді. Көшелері, махаллалары, аспаны, гүлдері, бәрі-бәрі қазақ тілінде сөйлейтін, керек десең Тәшкен қазақша түс көретін. Кейін өзбекше гәпірәтын болды. Шыны керек, сол сарғайған күндерді сағынамын. Сағынғаннан не пайда, ол күндер енді оралмайды…

Сарыбаевтар әулеті дегенде ұлттық интеллигенцияның бірнеше буыны еске түседі. Шамғали Харесұлы Сарыбаев – алаш ардақтылары А.Байтұрсынов, І.Жансүгіров, М.Жұма­баев, Х.Досмұханбетов, тағы басқа азаматтармен медреседе бірге оқып, қызметтес болған, Тәшкендегі Қазақ Ағарту институтында (ҚазИНПРОС) бірге қызмет істеген, кейін қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ-іне ауысып, ұзақ жыл дәріс  оқыған. Үлкен атасы Харес болса, Ордада тұңғыш мектеп ашқан Жәңгір ханның аттай қалап шақыртуымен осында келіп мұғалім болған, бала оқытқан. Ал әйгілі музыка­танушы, өмір бойы әлем халықтары музыка аспаптарын жинаумен айналысып қана қоймай, жүйелеп, қалпына келтіріп, оларды халықтың рухани өміріне батыл түрде енгізе алған, қазақ этноорганология ғылымының негізін салушы аса талантты өнер иесі, белгілі коллекционер Болат Шамғалиұлы Сарыбаевтың есімін естімеген қазақ жоқ шығар. Ол біздің бүгінгі кейіпкеріміздің туған інісі. Болат ағамыз көзі тірісінде 400-ден астам түркі елдерінің сирек кездесетін көне музыка аспаптарын жинаған. Осы Бөкең жинаған көне музыка жәдігерлерінің негізінде бүгінгі күні Астанада Қазақтың Ұлт аспаптары мұражайы ашылып, жұмыс істеп жатыр. Міне, ертеректе осы көне музыка аспаптарын жинап, зерттеуге інісіне кеңес берген Шора атамыз екенін біреу білсе, біреу білмейді. Ал көзі ашық, Қазандағы қыздар гимназиясын тәмамдаған аяулы аналары алдымен күйеуімен бірге Тәшкенде бала оқытқан, кейін Алматыға қоныс аударғанда жаңадан ашылған «Қазақ әдебиеті» газетінде көп жылдар бойы корректорлық қызмет атқарыпты. Осы әулеттің кейінгі буындарына жататын Қайрат Шораұлы Сарыбаев белгілі дипломат, Қазақстанның Аустрия еліндегі өкілетті елшісі және Вена қаласындағы Халықаралық Ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі. Сондықтан да жұртшылық қазақ ұлты үшін көп еңбек сіңірген бұл зиялы әулеттке үлкен құрметпен қарайды.

 

***

Одан кейін де Шора атамызбен жолығып тұрдық. Ол әр кездескен сайын әңгіме тақырыбын өзгертіп, түрлендіріп айтуға тырысатыны байқалатын. Шамасы, жалықтырып алмайыншы дейтін болуы керек. Ал  әңгімелері шынында да қызық еді. Бірден еліктіріп әкететін. Әңгіме айту мәнері де ешкімге ұқсамайтын, әзіл-қалжыңы аралас жүретін. Бір ғажабы, қандай тақырыпта сөз қозғаса да, қамшы салдырмаушы еді, жарықтық, көсіле жөнелетін. Реті келгенде айтып өтейік, газетіміздегі «Ашық әңгіме» айдары бойынша атамызбен сұхбат жасауды жоспарлап, басшылармен келісіп те қойған болатынмын. Алайда, сол екі арада «Әдебиет айдыны» жабылып қалды да, әлгі жоспарланған сұхбат сол бойы аяқталмады. Одан тек үзік-үзік жазбалар ғана қалған. Олар жеке архивімде сақтаулы тұр. Мүмкіндік болып жатса, оны тауып, жаңғыртып, бір газетке ұсынатын боламын. Қазірше абыз ақсақалмен кездесулерден есте қалған қазақтың той мәдениетіне қатысты мына бір пікіріне құлақ түрейік:

– Бұрынғы қазақтар қандай еді? Жаны жайсаң, көңілі жомарт, ашық-жарқын болатын. Осы жайдары мінезінің арқасында кеудесіне кек сақтамайтын, түскен кірді алғаусыз көңілмен жуып-шайып жүре беретін. Мысалы, той-томалақты алайық. Қазақтың тойы мәдение­тіміздің биік шыңы, адамгершілігіміздің айнасы болатын. Қазақтың тойы қуанышқа ортақтасып келген қонақтарға марқайып көңіл көтеруге, ағайын-туғандармен емен-жарқын әңгімелесіп, таныстармен жүздесіп, тіпті кейбір жұмыстарды ақылдасып, бітіріп алуға қолайлы еді. Тойдың сәні – ән мен би, ол ақылға қонымды жеңіл әзілге жалғасса, келген қонақтың көңілі көтеріліп, демалып қалады. Солай емес пе? Ән демекші, бұрындары дастарқан басына жиналған барша қонақ әнді қосылып салушы еді. Дауысы келсін, келмесін дастарқан басында шырқалған әнге баршасы қосылатын. Қосылып ән шырқап отырғандардың жүзінен шуақ төгіліп, көзінен нұр таматын. Бір-бірін дауыс ырғағынан түсінісіп, тіпті ғашық болып отыратын. Содан ағайын арасында бір қимастық сезім пайда болушы еді. Жалпы, тойда қосылып ән салу – ауызбіршілікті білдіретін көрініс. Қазақтың ғажаптығы да осында ғой – бәрі ың-шыңсыз өзінен-өзі шешіліп кете беретін. Өкінішке орай, біз осы бір тамаша қасиетімізден айырылып қалдық. Қазіргі қазаққа не жетпейді? Кеңпейіл көңіл жетпейді.Тойға барсаң даңғырлаған музыка, екі иығын жұлып жеп билеген адамдар, тілі мен жағына сүйенген асаба, жалдап әкелген әнші-бишілер, талғам жоқ.  Тойға келген қонақтар құдды бір концертке келгендей тыңдаушы ғана болып отырады. Осы дұрыс па? Тойдың мақсаты – концерт көру емес, демалу емес пе. Біз тойдың осынау керемет маңызын ұмытып кеттік. Қазіргі қоғам тым қатыгез,   жастар жатбауыр, қаныпезер болып барады. Неге бұлай? Өйткені, қазіргі тойшыл қазақтар ата дәстүрден мақұрым. Дастарқан басында қосылып ән айтпайды, қосылып ән айтпаған соң іштегі кір кетпейді. Іштегі кір кетпесе, ол шеменге айналады. Жастардың қатыгез, жатбауыр болып бара жатқаны осыдан.

«Көңіл кірі айтса кетеді» демеуші ме еді қазақ.  Өзің айтпасаң, айтатындарға қосылмасаң, көңіл кірі қалай кетеді?  Барлық мәселе осында – тойшыл қазақтардың қосылып ән айтуында жатыр, бір-біріне ғашық болуында жатыр, ауызбіршілігінде жатыр. Сондықтан тойға барғанда «ішімдегіні тап» деп тымырайып отырмай, қосылып ән салып, жұптасып билеу керек. Қазақтың бұрынғы той мәдениетін қайта жаңғыртуымыз керек. Егер қазақтың тойы қазіргі күйінде жалғаса беретін болса,  қазақтығымызды да күн өткен сайын жоғалта беретін боламыз. Мен осыдан қорқамын, – деп еді ол.

Шындығында да, қазіргі тойлар жарыс-бәсекеге айналып, асабаның көңілге қонымсыз ырың-жырың әзілдері мен кейбір мазақ ойындары кездесіп қалатыны өтірік емес қой. Даң-дұң музыка, «жұлдыздардың» тойдағы «жеке концерт­тері» жалық­тырып бітті. Тойдан демалып емес, шаршап қайтасың. Сондықтан Шора атамыз айтқандай, алда тойды да ойлы өткізуді ойластырып, ұлттық дәстүрімізден ауытқымай, жаңа заманға лайықтап өңдеп, жөнге келтіру міндеті тұрғаны анық.

 

***

Уақыт жылап аққан су сияқты. Оған тоқтау жоқ. Ол мүмкін  де емес.  Жұмыста жүр едім. Бір кезде қалта телефоным шырылдап қоя берді. Көтерсем, Шора ақсақал екен. Көріспегелі біраз болып қалып еді.

– Айналайын, Болат, сенбісің?  Бұл Шора атаң ғой. Мен үйден шыққалы тұрмын. Өзің білетін жерге бара жатырмын. Сен де кел! Саған дайындаған бір сүрпірізім бар, – деді.

Адамның көңілі  деген қызық қой, кез-келген жылы сөзге жібиді, сөйтіп алданады. Ақсақалдың «Саған дайындаған сүрпірізім бар еді» дегеніне елең  етіп, кәдімгідей қуанып қалдым.

Ол  баяғы орнында тыпыршып күтіп отыр екен.

– Сенің атаңның атында бір керемет тылсым күш бар, – деп бастады әңгімесін ол сәлемімді алар-алмастан. – Бір естісең, жатталып қалады. Ұмытайын десең де, ұмыта алмайсың. Құдды миға шеге болып қағылып қалған сияқты. Қызық жағдай, сенің атаңды түнде түсімде көрдім… Өлең жазып жүр екенмін деймін. Таңертең тұра сала қағазға түсіріп қойдым. Соны саған оқып берсем деп едім? – деп маған қарады. Сол жылы жымиыс…

Мен неге қарсы болам, әрине, келістім. Ол қалтасына қолын салып, бір парақ қағазды суырып алды да, бүкпесін асықпай ашты. Сосын  дауысын көтеріп, мипаздай:

Шарақымбай дегенде, Шарақымбай,

Бала екен өзі бір болатындай.

Қашан көрсең жүреді қабақ бермей,

Тау қопарып, тас жарған Гераклдай, –

деп үш шумақтан тұратын арнауын оқи жөнелді. Шыны керек, ол оқуын аяқтағанда көңілім әлем-жәлем болып отырып қалдым. Біразға дейін өзіме-өзі келе алмадым. Өйткені, аты дардай академик атамыздан басқаны күтсем де, дәл мынадай сүрпрізді күткен жоқ едім. Қандай рахат сезім! Біреудің саған өлең арнағаны үлкен қуаныш,  дегенмен Шорадай ұлы адамның өлең арнағанының әсері тіпті бөлек екен. Керек десеңіз, ризашылығымды қалай жеткізерімді білмедім. Қайта-қайта «рахмет, ата, рахмет, ата!» дей беріппін.

Содан бері де көзді ашып-жұмғанша он жыл уақыт өтіп кетіпті. Алды-артына қарамай заулаған уақытқа тоқтау жоқ. Оны тоқтататын құдірет күш ешкімге берілмеген. Алайда, барлық саналы ғұмырын қазақ руханияты үшін күреске арнаған аяулы ақсақал Шора Шамғалиұлы Сарыбаев атамыздың қазақ әлемінде қалдырған ізі сайрап жатыр.

Енді қазақ ғылымында Шоратану басталады…

 

 Болат ШАРАХЫМБАЙ,

  ақын.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *