ЖЕТІ ҒАСЫР БҰРЫНҒЫ ҚОЛЖАЗБАНЫҢ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРУЫ

img_0660

Алматыдағы Ұлттық кітап­ханада еліміздің  ғылым саласы­ның көрнекті өкілдері, зиялы қауым, ғылымға бет бұрған жас іздену­шілер бас қосты. Себебі, ортаға­сырлық  ғұлама  Хұсам ад-дин  ас-Сығанақидің (1314 ж.қ.б.) әлем кітапханаларынан әкелінген қолжаз­басының тұсаукесері өтті. Сөз басында бұл «ат-Тасдид фи шарх ат-Тамһид» кітабының еліміздің тарихы мен дін саласында аса маңызды да құнды еңбек екенін айта кетейік. 

«Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті тарапы­нан дайындалған тарихи туын­дының тұсаукесер тізгінін прорек­тор, профессор Шамшәдин Керім мырзаның өзі жүргізді. Себебі, ғылым әлемінің қыр-сырымен қатар, еліміздегі дін мен тарих саласының тыныс-тіршілігіне қанық ғалымның айтары да мол. Ал, әуелі болып сөз алған сонау кеңес дәуірінде еліміздегі ортаға­сырлық шығыс  жұлдыздарының бағын ашқан академик Әбсаттар қажы Дербісәлінің айтары көп. Заманымыздың заңғар ғалымы Отырар, Сығанақ даласынан түлеп ұшып, күллі ислам өрке­ниетінің дамуына үлес қосқан ата-бабаларымызға қатысты құнды деректерді ортаға салды:

– Қазақ халқы тек исламды ғана қабылдап қойған жоқ! Біздің ата-бабаларымыз ислам өрке­ниетіне, мәдениетіне, тарихына үлес қосқан. Соның бір дәлелі – әлем кітапханалары мен мұра­ғаттарындағы бабаларымыздың тарыдай шашылған қолжазба­лары. Сондықтан, Хұсам ад-дин ас-Сығанақи бабамыз бір ғана ру, аймақтың емес, ұлтымыздың, бүкіл халқымыздың мақтанышы. Сығанақ даласынан «Хидоя», «Нихояны» араб тілінде жазған ғұламалар шыққан. Міне, бүгін профессор Шамшәдин Керім бастаған ғалымдар тобы сондай қолжазбалардың алғашқы көшін халықпен табыстырып жатыр. Қарап тұрсақ, осы кезге дейін тарих пәндерінен  санаулы тұлға­лар мен ғалымдарды ғана айтып келді. Ал, бір ғана Отырар дала­сынан 30 әл-Фараби шыққан. Сығанақ, Сауран, Тараз, т.б. жер­лерден шыққан ғұламаларымыз қаншама? Сондықтан, жастарға артылар үміт зор, – деген акаде­мик жас ғылым ізденушілерге ой тастады.

Ал, «Нұр-Мүбарак»  универ­си­тетінің ректоры, профессор Жуда Басюни бұл алғашқы қолжазбаны жарыққа шығарған авторлар мен қолдаушыларға алғыс білдірді. Сондай-ақ, алдағы уақытта бұл еңбектің құндылығын арттырар зерттеулер жасауға мұрындық болып, ғалымдар тобын құруға мүдделілік танытты.

Аға буын ғалымдардың ізін өкшелеген Тәуелсіздіктің төл жемісі іспеттес жас ғалымдар – Алау Әділбаев, Қайрат Құрман­баевтар да өз пікірлерін ортаға салды. Еліміздегі ғылым дамуы­ның аяқ алысы мен бағыт-бағда­ры жайлы  сонау атеистік қоғамда халқымыздың жоғын жоқтап, тарихын түгендеп, ата-бабалары­мыздың аманатын ақтаған аға буын ғалымдарға алғыс білдірді. Сондай-ақ, Мысырдан келіп, елімізге ислам білімі жолында еңбек сіңіріп жүрген әл-азһарлық ғалымдар да ойларын ортаға салып, сәттілік тіледі.

Ал, осы Сығанақ даласынан шыққан ғұламалардың халықпен қауышуына барынша атсалысып жүрген ғалымдардың бүгінгі ұрпақтары да бата мен ақ тілектің астында қалды. Себебі, олар осын­дай тарихи туындылардың жарыққа шығуына барынша демеу жасап, ғалымдарға қолдау көрсетуде. Қызылорда облысы, Жаңақорған өңіріндегі Сығанақ даласының бүгінгі перзенттерінің бұл еңбектері, әлбетте, бір қауым­ның ғана емес, бүкіл ұлтымыздың тарихы, еліміздің елдігі үшін ора­сан үлес екенін баса айта кетейік.

Осылайша жеті ғасыр бұрын­ғы қолжазба қайта жаңғырып, көк­темнің алғашқы күнінде тұсауы кесілген Хұсам ад-дин  ас-Сығанақидің «ат-Тасдид фи шарх ат-Тамһид» атты еңбегі  ғылыми айналымға түсті. Тек ғылымға ғана емес, халқымыздың тарихы мен танымын бағалайтын оқырманға  тарту жасаған автор­лар – филология.ғ.д., профессор Шамшәдин Керім мен шәкірті докторант Серік Тәжібаев. Мұсыл­манның сенімі төңірегінде таласып жүрген кей қаракөздер үшін түйінді жауап беретін еңбек­те мәтуридилік кәлам мектебінің көрнекті өкілі Абу-л-Му‘ин ан-Насафидің (1047-1115 ж.ж.) «ат-Тамһид» атты кітабын түсіндіре отырып, ислам философиясы, сенім  ілімдерінің мәселелері  жан-жақты баяндалған.

Сондықтан, қазақ халқының тарихы мен діни сеніміне қатысты нақты жауап іздеген жандарға таптырмас құнды тарихи жаңар­ған жәдігер «Нұр-Мүбарак» уни­вер­ситетінің кітапханасы мен Ұлттық кітапхана қорына тапсы­рылды. Әлбетте, бұл – аталған қос шаңырақтың ғана емес, бүкіл қазақ руханияты қорының құн­ды­лығын байыта түскен тарихи теңдессіз туынды екені даусыз.

 

Айша КЕҢЕСБАЙ,

«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *