«ТАЛПЫНҒАН АДАМ МАҚСАТЫНА ЖЕТЕДІ»

Н.НАЗАРБАЕВ:

Жайлылық дегеніміз – ең алдымен, тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмыс істеуге қолайлы елді-мекеннің және сапалы инфрақұрылымның болуы.

(«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауынан).

Осы бір сөзді бүгінде Елбасының Жарлығымен Алматы қаласының сегізінші ауданы болып құрылғанына төрт жыл ғана болған Наурызбай ауданының тұрғындары мақтанышпен айтады. Аумағы мен әрбір ауласы қала сәніне қарай көркейіп, көркемделген, халқының тұрмыс-тіршілігі осы төрт жыл ішінде-ақ қала өміріне бейімделген бұл ауданда көз тойып, көңіл марқайтар істер жетерлік. Біз осы ретте аудан әкімі Санжар Әділұлы ТОҒАЙ мырзамен ауданның қазіргі тыныс-тіршілігі төңірегінде әңгімелескен едік. –        Санжар Әділұлы, «табысына қарай тұрмысы» демекші, әр ауданның экономи­калық-әлеуметтік дамуы ең алдымен оның табыстарына, яғни салық түсімдеріне байла­нысты екені даусыз. Ал енді ауданның сол табыс қоржынына көз жүгіртсек, төрт жыл ішінде аудан­ның табыс тасы жыл сайын өрге дома­лап келе жатқандығын көруге болады. Осы ретте мол табыстарыңыздың сыры неде деген сауал қойғым келіп отыр.

– Сізге бұл ауданның төрт жылғы өмірбаяны мен тыныс-тіршілігі жақсы таныс шығар деген ойдамын. Білсеңіз, аудан құрылған кезде оның салық түсімі небәрі 391 миллион теңге көлемінде ғана болған еді, ал қазір ол көрсеткішіміз 124 пайызға өсіп, салық түсімдері өткен жылы 6,4 миллиардқа жетсе, осы жылдың он айында ол көрсеткіш 6,3 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл деген ең алдымен, ауданда еңбек етіп жатқан кәсіпорындар мен өнер­кәсіп өндірі­сінің артқанын, сол арқылы салық төлеу­шілердің көбейіп отырғандығын көрсетеді. Жыл басынан бері жаңадан салық төлеуші 15937 нысан тіркелген.

– Алматы қаласының жаңа эко­номика­лық аймағы болып табылатын ауданда қазіргі уақытта қандай өндіріс орындары құрылып, жұмыс істеуде?

– Дәл қазір ауданымызда 21 шағын өнеркәсіп орны жұмыс істейді. Шағын деген атаулары ғана болмаса, олар бүгінгі таңда қаламызда бой көте­ріп жат­қан жаңа құрылыс нысандарын өзіміздің отандық құрылыс материал­дарымен қамта­масыз етіп отырған бетон, құрылыс мате­риалдарын және ағаш өнімдерін өндірумен айналысады. Аудан орталығы «Шұғыла» ықшамау­данында салынып жатқан тұрғын үйлер мен басқа да құрылыс нысандардың құрылысының басым бөлігі ауданы­мызда шығарылатын құрылыс мате­риал­дарын пайда­ланып отыр. Сапасы да, бағасы да қолжетімді болғандықтан, салынып жатқан тұрғын үйлердің бағасы да халықтың қалта­сына сай деп ойлаймын. Шағын және орта кәсіп­керлік нысандарының да саны артып келеді. Олардың саны осы төрт жыл­да жеті есеге өсіп, саны 1238-ге жетті. Соның нәтижесінде ауданымызда 3376 жаңа жұмыс орны ашылды. Аудан тұр­ғындары сыртқа жұмыс іздеп шап­қы­ламай­ды, өз аудан аумағында ашы­лып жатқан кәсіпорындар мен құрылыс мекемелерінде жұмыс істеп жатыр. Жұмыс демекші, біздегі жаңадан ашы­лып жатқан мектеп, денсау­лық сақтау мекемелері мен басқа да мем­лекеттік мекемелер мен ұйымдарда қызмет етіп жүрген адамдардың негізі бөлігін ауданның өз тұрғындары құрайды. Мұның өзі халықтың тұрмыс-тіршілігі үшін ең қолайлы жағдай тудырып отыр.

– Қосымша шығындары аз дейсіз ғой…

– Солай деуге болады.

– Елбасы өзінің жуырда жариялаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының үшінші бағытын халықтың өмір сүруіне жайлы орта қалыптастыруға арнағаны белгілі. Онда ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігіне, тіршілікке және жұмыс істеуге қолайлы елді-мекен және сапалы инфрақұрылым қалыптастыру керектігін, өңірлік және қалалық инфрақұрылым жүйелерін жүйелі дамыту баса айтылған болатын. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала кетсеңіз.

– Жоғарыда айтып өткен әңгімеле­рімізде біздің осы бағытта атқарып жат­қан бірқатар жұмысымыз айтылды. Осы Жолдауында Елбасы әрбір өңір мен ірі қалалар бәсекеге қабілет­тіліктің қолда бар басымдықтарын ескеріп, өзіндік орнықты экономикалық өсу және жұмыс­пен қамту моделіне сүйе­не отырып дамуы тиіс деген бола­тын. Наурызбай ауданы міне осы талап­қа сай дамып, өркендеп келеді. Алма­ты қаласы әкімінің «Қаланың инфра­құры­лымы­ның адамдарға жайлы болу» прин­ципін де жүйелі түрде жүзеге асырып келеміз. Осы төрт жыл ішінде 144,3 шақы­­рымды құрайтын 211 көшеге асфальт төсел­се, осы ағымдағы жылы 32,7 шақы­рымды құрайтын 41 көшеге жол жөндеу жұмыс­тары жүргізілді. 70,864 шақы­рымды құрайтын жаяу жүргінші жолдары салынса, ал жыл басынан бері тағы 15,671 шақы­рымды құрайтын жаяу жүргінші жолы салын­ды. Ал келер жылы 14 шақырым жаяу жүргінші жолдарын салу жоспарлануда. 36 шақырымды құрайтын жаңа арық жүйе­лерінің құрылысы жүргізілді. «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы және бизнестің әлеумет­тік жауапкершілігі аясында 28 аулаға көріктендіру жұмыстары жүргізіліп, бала­­лар мен ересектерге арналған шағын спорттық ойын алаңдары, шағын демалыс орындары салынды. Биыл қосымша тағы алты аула көрік­тенді­рілді. Ауданымыздағы 42 көше сыртқы жарық­тандыру желілерімен жарықтан­дырылды. Қазір Наурызбай ауданының көшелері жап-жарық деуге болады. Ал келер жылы жиырмаға жуық аула көрік­тендіріліп, аудан тұрғындарының пайдаланылуына берілетін болады. Аудан тұрғындарының 95 пайызы бүгін­де көгілдір отын қолданады. Көшеле­ріміз жарық. Саябағымыз бар. Міне, осының барлығы Елбасы Жолдауын­да айтылған инфрақұрылымды жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыс­тар­дың нәтижесі.

Ауданда мүмкіндігі шек­­теулі азамат­тарға қолайлы да кедергісіз орта қалып­тастыруға да көп көңіл бөлініп келеді. Бүгінде ауданы­мызда орналасқан мем­лекеттік мекеме­лердің барлығында мүм­кіндігі шектеулі азаматтар үшін қолай­лы жағдайлар қарастырылған.

— Санжар Әділұлы, бұл аудандағы ең күрделі мәселе сумен қамтамасыз ету екенін білеміз. Су сапасы төмен деген сынды да тұр­ғындар жиі айтады. Осы мәселелердің шешімі қалай болып жатыр?

– Соншама жылғы мәселені төрт жыл ішінде шешіп тастау мүмкін де емес шығар, дегенмен, мүмкіндігінше тұрғындардың өмір тіршілігі үшін маңызды болып саналатын сумен қамта­масыз ету мәселесі біртіндеп өз шешімін тауып келеді. Аудандағы су құбы­рының жалпы ұзындығы 356 шақы­рымды құраса, оның 246 шақы­рымы орталық желілер, 110 шақырымы таратушы желілер. Бұл аталған желі­лердің пайдаланылып келе жатқанына елу жылдан асып, тозығы жеткен. Сон­дықтан су сапасы сын көтер­мейтіндігі рас. Қазіргі уақытта «Ақбұлақ» бағ­дарламасы шеңберінде Алматы қалалық Энергетика және коммуналды шаруа­шылық басқармасының тапсырмасымен аудан көлемінде бірқатар шаруа қолға алынып отыр.

– «Шұғыла» ықшамауданындағы жаңа тұрғын үйлерді, денсаулық сақтау мекеме­лері мен мектеп, балабақшаларды көргенде, ауданның болашағына сенімді жастары­мыздың осы ауданның тұрғын­дары болғысы келетіндіктеріне күмәні­міз жоқ. Болашақта жастар үшін бұл ауданда қандай нысандар бой көтеретін болады?

– Оныңыз рас, қазір «7-20-25» бағдар­ламасы арқылы және басқа да тұрғын үй бағдарламасы бойынша баспаналы болғы­сы келетін жас отбасыларының осы ауда­нымыздың орталығы болып саналатын «Шұғыла» ықшамауданында салынып жатқан тұрғын үйлерге деген сұранысы жоғары екендігін байқауға болады. Бағасы да қолжетімді. Құрылыс сапасы жоғары. Бұл да біздің ауданның тұрғын үйге деген қолжетімділікті арт­тыруға қосып отырған үлесі деп баға­лаймыз. Наурызбай ауданы болашақта жастар қаласы болатындығына сенімді­мін. Болашақта мұнда универ­ситет­тер, Жастарға арналған ойын-сауық, спорт орталықтары, мәдени мекемелер көптеп бой көтеретін болады. Абай даңғылы­мен түйісетін Наурызбай ауданының болашағы зор.

– Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында біз жас­тарды ата-баба дәстүрімен, оларды үлкенді құрметтеу рухында тәрбиелеуі­міз керек. Әр азамат өзінің туған жерін түлетуге үлес қосуы тиіс деген еді.

– «Нұр Отан» партиясының аудан­дық филиалымен бірлесе отырып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясын­да атқары­латын мәдени іс-шара­лардың жоспары жасалған болатын. Қазіргі уақытта осы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында түрлі іс-шаралар өткізіп келеміз. Жастар – біздің бола­шағымыз. Сол іс-шаралардың басым бөлігі жастарды отансүйгіштікке, ұлттық құндылықтарды бағалауға және ауданда тұратын қарттарымызды құр­мет­теп, туған жерді сүюге тәрбиелеуге бағыт­талып отыр. Туған өлкеге саяхат жасау, белгілі тұлғалармен кездесулер ұйымдас­тыру, «Жүз жаңа есім» жеңім­паздарымен кездесу, Жастар форумын өткізу игі дәстүрге айналған. Жуырда жаңа 2019 жылдың Жастар жылы деп жариялануына байланысты «Біз жастарға сенеміз» атты тақырыпта аудан жастарының форумы өткізілді. Онда жастармен ашық әңгіме өткізіп, онда еліміздің ертеңі жайында ой-пікір алмас­тық. Өздеріңіз байқап жүрген­дей, біздің ауданның қарттары өте белсенді. Үлкендердің бұл белсенділігі жастары­мызға үлкен өнеге болып отыр. Қазан айында аталып өткен Қарттар айлығы аясында өткізілген республикалық өнер байқауында біздің аудан ардагерлері төрт бірдей бас бәйгені жеңіп алды. Ал бұл дегеніңіз, аудан тұрғындарының көңіл-күйінің жақсы, мем­лекет тара­пы­нан көрсетіліп жатқан қам­қор­лықтарға риза екендіктерінің, өздерінің тұрмыстарына, өмір тіршіліктеріне деген ризашылықтарының жарқын көрінісі деуге болады». Белсенді ұзақ өмір сүру» бағдар­ламасын жүзеге асы­руда да қарттарымыз белсенділік таны­тып жүр. Аудандағы кәсіпкерлердің демеушілігімен қартта­рымыз салауатты өмір салты қағидаларын ұстанып, ден­саулықтарын жақсартып, белсенді өмір сүруге белсене кірісіп отыр. Ақсақалдар алқасының бастауыш ұйым­дары арасын­да да түрлі спорттық, мәдени шаралар ұйымдастырылып отырады. Маған ақсақалдарымыздың жастар тәрбиесіне көп көңіл бөлетіндігі ұнай­ды. Ол кісілер аудан­да орналасқан білім мекемелерінде, интер­натта тәрбие­­леніп жатқан балалар арасын­да жиі болып, ұлттық тәрбиемізді, ұлттық құнды­лықтарымызды насихаттап отырады. Ауданымызда орналасқан «Ана­лар» үйіне барып, ондағы жас ана­лармен әңгімелер өткізіп, ақыл-кеңес­терін айтып тұрады. Міне, осының бар­лығы сол рухани жаңғыру бағдарла­масы­нан бастау алып жатқаны анық. Аудан тұрғындарының денсаулығын жақсарту бағытында да атқарылып жатқан жұмыс­тар көп көңілінен шығып келеді. Ауданда бірқатар жаңа емдеу меке­мелері пайдаланылуға берілді. Аудан­ның өз жедел жәрдем стансасы бар. Алғашқы медицина­лық санитарлық көмек көрсететін қызмет­керлерді ынта­ландыру мақсатында 2019 жылдың 1 қаң­тарынан бастап медицина қызмет­керлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейту жөніндегі Елбасы­ның тапсырмасы ауданы­мызда­ғы денсаулық сақтау саласында қызмет атқарып жүрген медицина қызметкер­лері­нің еңсесін көтеріп, олардың өз қыз­метіне деген жауапкершілігін арттырып отыр. Қазір емдеу мекемелері тұрғындардың электронды денсаулық паспорттарын жасауды, медициналық қызметтің қолже­тімділігін арттыру мақса­тында саланы сан­дық техноло­гиямен қамтамасыз ету бағы­тындағы жұмыстарды жүзеге асыруда. Ертеңгі болашағымыз – балалардың ұлағат­ты тәрбие, сапалы білім алуларына да қажетті жағдайлардың барлығы жасал­ған. Ауданымыздағы 15 мектептің және 64 мектепке дейінгі тәрбие беру мекеме­лерінің қызметкерлері үшін бұл Жол­даудың маңызы тіптен зор болып отыр. Ең алдымен ұстаздар мәртебесін артты­ратын заң қабылдау жөніндегі Елбасы­ның ұсынысын қолдайды.

– Осы Жолдауында Президентіміз төмен жалақы алатын қызметкерлердің еңбекақысын көтеру керектігін де айтты. Бұл тапсырманы жүзеге асыру тетіктері де қолға алына бастаған шығар?

– Осы жақында ғана біз аудандағы барлық кәсіпорын мен өндіріс орын­дарының және жеке кәсіпкерлердің басын қосып, үлкен жиын өткіздік. Сол жиында төмен жалақы алатын қызмет­керлердің жалақысын көтеру мәселесі жан-жақты қаралды. Сол жиында кейбір өндіріс орындарының басшыла­ры бастама көтеріп, жаңа жылдан бастап жұмысшыларының жалақысын көтеруге уәде берді. Бұл мәселені назарда ұстайтын боламыз.

– Санжар Әділұлы, туған жеріңе туыңды тік дегенді қалай түсінесіз?

– Туған жер дегеніңіз – сіз бен біз өмір сүріп отырған Отанымыз, еліміз. Сон­дықтан әр адам өз саласында абы­роймен қызмет атқарып, халқы үшін пайдалы еңбек етіп, сол жүрген жерінде пайдалы бір іс пен ізін қалдырса, туған жерге ту тіккені сол болар деп түсіне­мін. Қолыңнан келсе, мүмкіндігің бо­лып жатса, туған ауылыңды түлеткенге не жетсін?! Бұл да өсіп-өніп, түлеп ұшқан туған топырағын сүйетін әр азаматтың көкейінде жүретін арманы мен мақсаты деп ойлаймын. Ал тал­пынған адамның мақсатына жететін­дігіне сенім­дімін. Ал менің қазіргі басты мақсатым – сеніп тапсырылған мінде­тімді абыроймен орындап, басқарып отырған аудан тұрғын­дары «Біз – Наурызбай ауданында тұра­мыз» деген сөзді мақтанышпен айтатын дәрежеге жеткізіп, сол мақсатқа сай қызмет ету.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен – Нұржамал БАЙСАҚАЛ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *