«ЖЕР ШАРЫН ТҰҢҒЫШ ТОЛЫҚ АЙНАЛЫП ШЫҚҚАН КІМ?»

16 әңгімеден тұратын кітап

Жақында (2018) «Арман-ТВ» баспасы «Географиялық хикаяттар» деген атпен Ә.Бірмағамбетовтің мектеп оқушыларына арналған кітабын басып шығарды. Авторы жоғары оқу орындарында 60 жылға тарта уақыт дәріс жүргізген ұстаз әрі ғалым. Ол көп жылдар бойы қазақ жерінің географиялық зерттеу тарихымен айна­лысып келеді. Мектепке арналған Табиғаттану, Дүниетану және физикалық геогра­фиялық оқулықтарын жазған. Әр жылдары оның «Мектеп кітапханасы» топта­масына кіретін «Географиялық атаулар сыры», «Тайны географических названий», «Саяхаттар және географиялық ашылулар», «Ш.Уәлиханов – географ және саяхатшы», «Туған өлкені зерттеушілер» деп аталатын кітаптары жарық көрген.

«Географиялық хикаяттар» оқыр­ман­дарды географиялық тұрғыдан танып-білудегі кейбір қызықты жәйт­термен таныстыратын жеке әңгіме­лерден тұрады. Саяхатшылар мен гео­граф ғалымдардың бастарынан кешкен сәттерімен таныстыру оқушылардың география пәніне деген қызығушы­лығын арттыра түсу мақсатын көздейді.

Географиялық зерттеулер тари­хында орын алған қызықты оқиғалар мен деректер 16 хикаят-әңгімелерден тұрады. Олардың ішінде екі әңгіме бірнеше жүз жылдар бойы таласқа түскен мәселелерге арналған.

Мәселен, біздің заманымызға дейін созылып келе жатқан даулы мәселенің бірі – Американың аталуы жайында. География ғылымының тарихында бұл мәселеге байланысты екі түрлі пікір айтылып келеді. Колумбты жақтау­шылар Жаңа дүниенің Америка аталуы Америго Веспучидің айлакерлік іс-әрекеттерінің нәтижесі деп есептейді. А.Веспучиді жақтаушылар Колумб өзінің ашқан жерлерін өле-өлгенше Азияның шығысы деп кетті деседі. Батыс жарты шардағы Жердің жаңа дүние бөлігі екендігін тұңғыш дәлелдеген Америго дейді. «География­дағы тарихи әділетсіздік»деп аталатын әңгімеде бұл мәселе жан-жақты талда­нып, жаңа дүниені ашқан Колумб екен­дігі айтылады. Сондай-ақ, Американың Колумбқа дейінгі ашылуы да оқырман көңілінен шығарлық.

Магелланың дүние жүзін айналу саяхатынан кейін «Жер шарын тұңғыш толық айналып шыққан кім?» деген мәселе кезінде үлкен талас тудырғаны белгілі. Бұл мәселеде де кітапта көңілге қонымды деректер келтіру арқылы ұлы саяхатшының тарихи еңбегі жан-жақты бағаланған («Дүние жүзін тұңғыш айна­лып шыққан кім?» әңгімесі). Сонымен бірге, кез-келген адам біле бермейтін теңіз қарақшысы Дрейктің Магеллан­нан кейін жер шарын екінші рет айналып шыққаны жайында тартымды түрде баяндалған. Сонымен қатар, кітапта географиялық әдебиетпен байланыстыратын екі әңгіме берілген. Әсіресе, дүниежүзілік әдебиет қазына­сына кіретін роман – «Робинзон Кру­зоның» қалай жазылғаны жайындағы әңгімеде келтірілген деректер оқырман­ды бей-жай қалдырмайды. Ол романның оқиғалары тарихта шын орын алған саяхаттар мен географиялық ашылу­ларға байланысты өрбігені жайында қызықты мәлімет алады. Ал «Картадан туған роман» әңгімесінде көркем шығармалардың жазылуында картаның атқаратын рөлі шебер баяндалған. Ағылшын жазушысы Р.Стивенсон «Қазына аралының» алғашқы басылы­мындағы кіріспеде «Мен оны карта бойынша жаздым» деп ерекше атап көрсеткен болатын.

Кітапта қазақ өлкесіне қатысы бар бір­қатар мағлұматтар қамтылған. «Соңғы жолбарыс» әңгімесінде қызыл кітапқа енген жыртқыш – жолба­рыс­тың біздің жерімізде мекендегендігі жа­йында географ ғалымдар мен саяхат­шылардың қызық деректері келтірілген.

Қазіргі кезде Алматы мен Талғардың арасындағы бұта тоғайларда «жолбарыс жүр» десе, ешкім нанбас еді. Ал ХІХ ғасырдың орта тұсында мұнда қауіпті жырт­қыштың тіршілік еткендігі жайын­да атақ­ты саяхатшы П.П.Семе­нов-Тян-Шанскийдің Тянь-Шаньға саяхаты кезін­дегі жол жазбаларында деректер келтірілген. Ал Сырдың Арал­ға құяр саға­сындағы қамыс қопалардан жолба­рыс аулағаны жайында 1848–49 жж. Арал теңізін картаға түсіріп, зерт­теу­мен айналысқан ғалым А.И.Бута­ковта жазып қалдырған. Осыған ұқсас дерек қазақтың тұңғыш ғалымы Ш.Уә­лиха­новтың «Ыстықкөл сапарының күн­делігінде» келтірілген саяхатшы Семей­ден Верныйға барар жолында Балқаш көлінің жағалауын басып өткен. Ол Лепсі өзенінің Балқашқа құяр саға­сындағы қалың қопаларда жолбарыс жүретіндігін айтқан.

«Қазақ жерінің тұңғыш картасы» атты әңгімеде туған өлкемізді геогра­фиялық картада бейнелеудің алғашқы кезеңі баяндалады. Ежелгі заманда және орта ғасырларда жеке аймақтарының Батыс Еуропа және араб карталарында қылаң бергені айтыла келіп, ХVІ-ХVІІ ғ.ғ. орыс карталарында қалай бейне­лен­гені сипат­талады. «Үлкен сызба» және С.Р.Реме­зовтың «Сусыз, жолсыз және тастақты дала сызбасында» қамтылған жерлер жан-жақты баяндалады. Оқыр­ман бұл әңгімеден қазақ жерінің гео­графиялық зерттелуінің орта ғасырлық кезеңі жайында аса құнды мағлұмат алады.

Ұлы саяхатшы және атақты географ П.П.Семенов-Тян-Шанскийдің Жетісудағы саяхаттары кезіндегі қазақ халқымен достық қарым-қатынасы «Талбұлақтағы сот» әңгімесінің арқауы болған. Әлемге әйгілі Орыс география­лық қоғамының көп жылдар бойындағы басшысы П.П.Семенов- Тян-Шанский­дің халқымыздың аяулы ұлы Шоқан Уәлихановпен тығыз достық қатынаста болып – оның географ-ғалым ретінде қалыптасуында атқарған рөлі кеңінен мәлім. Бұл әңгіме ұлы саяхатшыны көпшілік қауымға белгісіз басқа бір адами қырынан таныстырады.

К.МАМИРОВА,

 Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті география және туризм кафедрасының  менгерушісі, п.ғ.к., профессор м.а.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *