Жер бетіндегі ең сұлу адам – менің Бексұлу анам!

Әр адамның тәрбиесі, мәдениеттілігі, сана-сезімінің қалыптасуы, жан-дүниесінің сұлулығы ең әуелі ана жүрегінің жылуынан бастау алады. Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер ең алдымен ана сүті арқылы тарай­­ды. Әлемдегі ең кешірімді, ең қайы­рым­ды жан – ана. Оның мейірімінде шек жоқ. Ана болу – орасан зор рухани күш пен ерен еңбек. Баласын ғана ойлайтын ана өзін ұмытып, барлық күш-жігерін перзентіне жұмсайды, сол арқылы оның жаны нұрлана, нәрлене түседі. Сондай аналардың бірі – 13 бала тәрбиелеп өсірген, ардақты да аяулы Бексұлу анамыз 80 жасқа толып отыр. 

Әр отбасы – шағын бір мектеп. Сол мектепте тәрбиеленіп өскен бізді ата-анамыз асқақ адамгершілік рухымен суарып, өнер-білім нәрімен азықтандырып, мейірім нұрын шашты. Ұрпақ тәрбиесіне үлкен мән беріп, халқымыздың салт-дәстүрін көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан Оңтүстік өңіріндегі Асық ата елді мекенінде өмір сүрген Ендібай Жан­тейұлы әкеміз ананың жылуын, мейірімін көрмей, жастайынан жетімдіктің тақсыре­тін тартып өскен екен. Атадан жалқы туып, жалғыздықтың дәмін татқан әкеміз бала­ларының көп болғанын қалапты. Сол қалауы орындалып, анамыз Бексұлумен бас қосып, 8 ұл, 5 қыз өсіріп, тәрбиеледі.

Әкеміз Ендібай – сонау соғыс жылда­ры 13 жасында тылда аянбай еңбек еткен жан. Колхозда ҚТЗ тракторын бірінші жүргізгендердің бірі. Кейін әкеміз үнемі сырттағы ауылшаруашылық жұмыстармен жүргенде, бала тәрбиесімен айналысқан анамыз еді. Бексұлу анамыз – жүзінен мейірімі төгілген, өте салмақты, келбетті, дөңгелек жүзді, қара торы сұлу адам. Ауылдың ақсақалдары мен ақ жаулықты аналары шешемізді Қыз Жібекке, әкемізді Төлегенге теңегенде марқайып, төбеміз көкке жететін. Жаһанның жартысын жау­ла­ған Шыңғысхан халқына: «Өз отбасын толық игеріп, әйел-баласына жақсы тәрбие бере білген еркекке ойланбай мемлекет басқартуға болады», –  деп өсиет қалдырған екен. Менің ойымша, әкеміз осы өсиетті орындаған секілді. «Орнында бар оңалар» демекші, өзі әкеден жалғыз қалса да, осынша ұрпақ өсіріп, артына із қалдырды.

Жаратылысынан қарапайым, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсете білген Бексұлу анамыз бұл күнде берекесі мол қара шаңырақтың ұйытқысы болып отыр. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, олардан немере және шөбере сүйіп отырған жайы бар. Бұл күнде балалары әке-шеше атына, абырой-беделіне кір келтірмей, перзенттік парыздарын адал атқарып жүр. Анамыз ешқайсымызды алаламай, бәрімізге ақылын беріп, шуағын шашып келеді. Ауыл арасында мерейі үстем, сыйлы адам. Әкеміз өмірден озса да,оның орнын жоқтатпай­тын анамыз бар. Аллаға мың шүкіршілік!

Анамыз жастайынан еңбекқор болған: киіз басу, кілем тоқу, құрақ құрау, тон, тымақ, камзол, нымша тігудің нағыз шебері. Бастапқыда мал шаруашылығымен де айналысты. Сиыр сауып, құрт қайнатып, оны базарға апарып сатып, балаларына киім-кешек әперіп, бағып-қақты. Анамның жасаған құрт-майының дәмі бүкіл ауыл тұрғындарына таныс, одан қалса алыстан іздеп келіп, үйден сатып алып кететін. Нағыз таза қоспасыз өнімнің өз іздеушілері болатын. Құдды бір экономист секілді, сол ақшаны үнемдеп жұмсап, барлық балала­ры­на жеткізіп отырды да. Тағы бір қасиеті – бағбандығы. Есік алдына бау-бақша, көкөніс егіп, балаларынан артылғанын көрші-қолаңға үлестіріп беретін. Бұдан анамыздың ақкөңіл, қолы ашық жан еке­нін көре аламыз. Ол еккен қауын-қарбыз басқалардыкінен ерекше болатын. Күтімі жақсы болса, өсімдік те өнімді мол ғып береді ғой. Апам еккен нәрсе өздігінен жемі­сін төгіп салады әйтеуір. Ол кісі тамақты да дәмді әзірлейтін. Суырыпсалма ақындығы да жоқ емес. Той-думандарда сол өнерін байқатып, жұртты таң қалдырып жатады.

Анамыз қазақ салт-дәстүрінің насихат­таушысы, жиын-тойларда жөн-жоралғы жасауда жастарға үйретуден жалыққан емес. Ауыл арасында, аудан көлемінде «анамыздың жолын берсін» деген ниетпен келіннің бетін ашу, орамал салу, нәрестені бесікке бөлеу, тұсауын кесу сияқты қуа­ныштарға арнайы шақыртылып, батасын беріп жатады. «Осындай жан-жақтылықты үйіп төгіп бір өзіне Алла-Тағаламның бере салғанын-ай!» деп кейде таң қаламын. Ойлана қарасам, бұл үлкен қажырлы­лықты, шыдамдылықты, орасан зор еңбекті талап ететін үлкен мектеп екен. Сол мектептен анамыз сүрінбей өтті. Ұл-қызы­ның осындай дәрежеге жүруі тек анамыз­дың ерең еңбегінің арқасында деп білемін.

Бексұлу апамыз бүгінде тек бала-шағасына ғана емес, ағайын-туысқа да үнемі қамқор болып жүреді.Сонау 80-жылдары, біздің бала кезімізде, тіпті көше кезіп, үй адақтап жүрген диуаналарға да тамақ беріп, төсек салып, қондырып жібе­ретін. Не деген дархандық десеңізші! Әлде ол кездегі адамдар аңғал ма еді, пейілі кең бе еді? Бейтаныс кісіні үйге кіргізбек түгілі, аулаға аттап бастырмайтын, тіпті көршісін де танудан қалған мына заманда соның өзі қазір кәдімгідей тосын жәйт.

Апамның бізге ұрысып, айқайлап, қатты сөйлегенін көрген емеспін. Барлық тірлікті өзі істеп, өзі атқарып, сонысымен бізді ұялту арқылы тәрбие берді. Апам өзі әлдене істемесе қарап отыра алмайтын адам, ол кісі қыбырлап жүрген соң, бізге құр босқа отыру қайда – біріміз ана шаруа­ны, біріміз мына шаруаны қолға алып, кірісіп кетеміз. Бізге үнемі айта­тыны– «абай бол, қара­пайым бол, мақтан­ба, еңбектен, ұлық болсаң кішік бол!». «Жас кезімде мүмкін­дігім болса, биші боп та кетер ме едім. Әттең, мектепте 5-сыныпқа дейін ғана оқыдым. Егер толық оқыға­нымда, үлкен ғалым болар ма едім» деп те қоятыны бар. Сондықтан да шығар, «оқың­дар, адам болыңдар» деп әрдайым құлағы­мызға құя берді. Өзі жете алмаған биікке балаларым жетсе екен деп армандады. Сол арманына жетті де.

Кеңес дәуірінде білімнің тегін берілуінің арқасында балаларының бәрі жоғары оқу орнын бітірді. Үш перзенті педагогика саласында еңбек етеді, оның екеуі ғылым кандидаты (профессор, доцент), үшеуі – жоғары дәрежедегі білікті дәрігер, төртеуі – экономист, екі ұлы – полиция қызметкері.

Ана мейірімі перзенттеріне жан шуағын төгеді. Әке-шешеге қызмет ету, құрметтеу – балалардың бірінші міндеті. Бексұлу анамызға арнап наурыз айында 80 жылдық мерейтойын ұрпақтары арнайы атап өтпек. Ендеше той жасағалы отырған ұрпақтары­ның ниет-тілектерін Алла-Тағалам қабыл етіп, анамызға ұзақ та өнегелі ғұмыр нәсіп етсін!

 

Гүлрайхан ЖАНТЕЕВА,

биология ғылымының кандидаты, профессор.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *