ӘЖЕНІҢ ӨСИЕТІ

44Қарт әже қаладағы баласының үйіне үш-төрт күнге қонаққа келеді. Күн ауа бастағанда келіні залдағы отырған апасы мен немересіне:

«Келіңіздер, тамақ дайын, суытпай ішіп алыңыздар!» – дейді. Бала әжесінің әлі отырғанын байқап: «Әжетайым, жүріңіз тамақ ішейік!» – дейді. Әжесі ренішті халде: «Үйдің еркегі келмей тұрып дастар­ханға отыру дұрыс емес. Қазір әкең келсін, бірге отырып ішеміз», – дейді. Келіні: «Апа, ол бұрыннан қалған әдет, қазір қарны ашқан адам дастарханға отырып, тамағын жей береді!» – десе, әжесі: «Қызым, адамдардың әдебі, ар-намысы болатындай, үйдің де әдеп-тәртібі болады», – дейді. Бұл сөз өзіне ерсі көрінген немересі мырс күліп: «Әжетайым, үйлердің әдебі қандай болады екен? Бізге айтып берсеңізші онда!» – дейді. Әженің әңгімесі былай басталды.

«Кішкентай кезімізде аналарымыздан әкелеріміздің қасында әдепті болуды үйренетін едік. Үйде әкеміз, анамыз бар кезде аяғымызды созып отырмайтын едік. Ал, үлкендер сөйлеп жатқанда сөз кезегі берілмейінше сөзге араласпайтынбыз. Үлкендер үйге кірген кезде дереу орны­мыздан тұрып, оларға орын беретінбіз. Ешқашан әкемізден бұрын дастархан басына отырмайтын едік. Әкеміз келіп, тамақты «Бисмилләһпен» бастап, «қане, тамақтан алыңдар» деген кезде ғана бастаймыз. Сосын астан кейін дастархан дұғасын кезектесіп оқимыз. Ешбір тамақ, отбасыңмен бірге отырып жегендей болмайды. Осы нәрселер дастарханның әдебі болып саналады, балам!» – деді әжесі. Сонда немересі тұрып: «Әжетай, осыншама қысымнан күйзеліске түспейтін бе едіңіздер?» – деп сұрайды. «Жоқ, бұл қысым емес, бұл бір-бірімізге деген сый-құрмет, махаббат болғандықтан, бұдан ешкім күйзеліске түспейтін. Тағамдар дәмді, ұйқымыз да тыныш еді. Сенесің бе? Мен алғаш рет «стресс» сөзін осы жерде естідім. Біздің ауылымызда ақыл-есінен айрылған бір кісі бар болатын. Барлығы оны «жынды» дейтін. Тіпті, соның өзі бақытты жан еді. Оның өміріне ризалығы соншалық, айтып түсіндіре алмаймын. Кешке дейін көшеде балалармен ойнайтын. Қарны ашқан кезде кез-келген үйдің есігін қағып, «менің қарным ашты, жейтін нәрсе беріңдерші!» дейтін. Қай үйге кірсе де, қолы бос шықпайтын. Шашы өсіп кеткенде бір шаштараз шашын алып, моншашы жуын­дырып қоятын. Жұма күндері қолынан ұстап, намазға да ертіп апаратын. Яғни, ешкім оны шеттетпейтін. Қазір болса, ешнәрсеге құрмет көрсетілмейді. Қараңдар, бұл қалада, тіпті, үйлерге де құрмет көрсетілмейді!».

 

«Үйдің әдебі – пердесінің жабылып, жабылмағанынан белгілі болатын»

 

«Кеш батқанда ешкім үйлерінің перделерін жаппайды, үйлерінің іші көрініп тұрғанынан ешкім ұялмайды. Ал, біз қа­раңғы түспей тұрып-ақ қалың перделеріміз­бен жауып, содан соң үйдің жарығын қосатын едік. Киім ауыстырар кезде, тіпті, перделер жабық болса да, ұяттылығы­мыздан жарықты сөндіріп, жерге отырып ауыстыратын едік. Сырттан қарағанда, көлеңкеміздің көрінетінін ойласақ, жүзімізден от шығардай қызарып кететін еді». Сол мезетте келіні орнынан тұрып, залдың пердесін жабады.

«Үйдің әдебі пердесінің жабылып, жа­былмағанынан белгілі болатын» деп айта­тын аталарымыз. Үйлер биік-биік дуалдар­мен қоршалған болса да, жуылған іш киім­дерін аулаға іліп қоюға үйіндегі адамдардан ұялатынбыз. Ешкім ауланың ортасына іш киімдерін жайып қоймайтын. Бір күні әлі жас кезімде іш киімімді ең бі­рінші жіпке іліп қойыппын. Кейін анам келіп:

«Қызым, бүгін әкең аулаға шығып, сенің жайылып тұрған іш киіміңді көр­генде, ұялғанымнан жерге кіріп кете жаздадым. Бұдан былай іш киімдеріңді бірінші жіпке ілме, ең соңындағы жіпке іліп, үстінен жұқа матамен жауып қой, астындағы киімің көрінбесін! Әдебімізден, ар-намысымыздан айрылсақ, иманымыз­дан да айрыламыз!» деген еді.

Мен ол кезде 12 жаста едім. Анамнан бұл сөздерді естігенде, ұялғаннан өзімді қоярға жер таппадым. Қазір ондай әдеп қалмаған сыңайлы. Кеше таза ауа жұтайын деп балконға шықсам, қарсыдағы көрші іш киімдерін балконына жайып қойыпты. Мен мұны көріп, ұялғанымнан үйге кіріп кеттім».

 

«Ішіп-жемге де ие болу керек»

 

«…Қазіргі күнде көбісі көшеде тамақтанады. «Көз ақысы» деген нәрсе бар. Адамдар базардан алған заттарын іші көрініп тұратын дорбаларға салып, үйіне алып келеді. Бұл заттарды алуға жағдайы келмейтін адамдар бар. Яки, көз ақысы өтеді, қызғаншақтық, көреалмаушылық пайда болады. Бұған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Әркімнің көзі түскен мұндай тағамдарда шипа болмайды. Пайғамбары­мыз: «Жасаған тағамдарыңның исімен көршілеріңді мазаламаңдар» деген. Қазіргі таңда адамдар тағамдардың иістерін мүңкітіп, оларды баршаға көрсету арқылы айналадағы адамдардың мазасын алады. Әрине, әлгі желінген тағамдардан өздері азапталады. Кейін «стресс» деп дәрігерлерге барады. Үйдің тағы бір әдебі бұл. Ең маңыздысы да осы болса керек. Үйдің ішінде болып жатқан ұрыс-керістер, әртүрлі жағдайлар сыртқа шықпауы тиіс. Бұл да үйдің әдептерінен болып саналады. Сондықтан, бұрын келеңсіздіктер үйдің ішінде оңай шешілетін еді. Онсыз да сүйікті пайғамбарымыз, әсіресе, ерлі-зайыпты­лардың арасында болатын ұрыс-керістерді сыртқа жаюдың үлкен күнә екендігін қаншама рет айтқан, солай емес пе, Айсұлу!» – деп келініне қарайды. Келіні ұялға­нынан: «Иә, анашым», — деп жауап берді. Немересі: «Әжетайым, қазір фэйсбук, инстаграмм деген нәрсе шыққан. Адамдар барған кафе­лерінде жеген тағам­дарын суретке түсіріп, мың­даған достарына көрсетеді!» — деді. Әжесі: «Не деген сұмдық! Адам жеген тағам­дарын көрсете ме?» – дейді. Немересі: «Әжетайым, со­сын әрбір әрекеттерін суретке түсіреді. Қыдырған жерлерін, жеген тағам­дарын, ішкен сусындарын, сатып алған киім-кешек­терін де суретке түсіріп, дос­тарымен бөліседі», – дейді.

Әжесі: «Балам, не ай­тып тұрсың? Қия­мет қайым басталды десеңші», – деп, көз жасын сүртіп, сөзін жалғастырады.

 

«Ерімізден бір қадам артта жүретін едік. Неге?»

 

«Біз күйеуіміздің жа­нында жүруге ұялатын едік. Қаншама жесір қалған әйелдер, тұрмыс құра алмаған қыздар бар. Олардың көңіл жараларына тұз баспайық деп, ерімізден бір қадам артта жүретін едік. Қазір ұрыс-керіс те, жақсы көру де адам­дардың көз алдында болуда. Әрине, құпия­лық қалмаған соң, адалдық та қалмайды. Үйдің берекесі – үлкендерге құрмет көр­сетуде. Үйдің әдебі – жабылған перделерде. Махаббаттың әдебі – жасырын болуда, көздің әдебі – көздің қабақ­тарында. Дене­нің әдебі – оранған, киінген болуында. Ал, ұят – иманнан. Мен сендерге анамның айтып берген бір ғибратты оқиғасын айтып берейін. Негізінде, бұл бір хадис құдси:

«Алла Тағала Адамды (ъәләйһиссәләм) жаратқан кезде Жәбірейіл (ъәләйһиссәләм) оған үш сыйлық алып келеді. Ілім, ұят және ақыл. Алла Тағала оған: «Ей, Адамдар! Осылардан қалағаныңды таңда!» — дейді. Адам (ъәләйһиссәләм) ақылды таң­дайды. Жәбірейіл (ъәләйһиссәләм) ұят пен ілімге орындарына қайтуын әмір етеді. Сонда ұят пен ілім былай деп жауап береді: «Біз рухтар әлемінде бірге едік. Бір-бірімізден ешқашан айрыл­маймыз. Рухтар дене­лерге кіргеннен кейін де бірге боламыз. Ақыл қайда болса, біз де сондамыз» дейді. Жәбірейіл (ъәләй­һиссәләм): «Олай болса, орын­дарыңа орналасыңдар!» деп әмір еткен кезде, ақыл миға, ілім көңілге (жүрекке), ал ұят көзге орналасады». Осы хадис құдсиде де айтыл­ғандай, ұяттың орны – көз. Сондықтан, әрі көзімізді қорғау керек, әрі көзге түсетін нәрселерді де бақылауда ұстау керек», – дейді әже. Келіні: «Дұрыс айтасыз, анашым. Біз әдебімізді жоғалт­қандықтан, қиыншы­лықтарға тап болдық», – десе, немересі қасығын жай қойып: «Мен тамақ­ты әкем келгенде ішемін, анашым!» — дейді.

Әжесі де айтқан сөздерінің балаларына әсер еткендігін көріп, Аллаға шүкіршілік етті.

Дина АҒМАНОВА.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close