«ӘЖЕМ СОЛДАТТАРҒА ШИНЕЛЬ ТІККЕН»

Әсел ДАҒЖАН

Медеу ауданындағы «Самал-1» ықшамауданының №21 үйінің алдына «1 мамыр» тігін фабрикасының қызметшісі, Социалистік Еңбек Ері Джанетова Күлпаранға ескерткіш тақта орнатылды.

Өткен ғасырдың жеңіл өнеркәсіп саласының озық еңбеккерлерінің бірі – Күлпаран апайымыз бұл үйде 1988–2010 жылдары тұрған.

Алматы қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес орнатылған ескерткіш тақтаның салтанатты ашылу рәсіміне Медеу ауданы ардагерлер Кеңесінің төрағасы, запастағы полковник Ким Серікбаев, Күлпаран Джанетованың еңбек жолындағы әріптестері, ардагерлер, балалары мен немерелері және аудандағы оқу орындарының оқушылары қатысты. Салтанатты шарада сөз алған Күлпаран апайымыздың шөбересі:

  • Менің әжем еңбек жолын Ұлы Отан соғысының алдында Алматының «1 мамыр» атындағы тігін фабрикасында тігіншінің шәкірті ретінде бастаған. Ол кезде барлық зауыттар мен фабрикалар еңбегін «Барлығы Жеңіс үшін» деген ұранға арнаған. Менің әжем де солдаттар үшін гимнастерка мен шинель тіккен, қатарынан үш ауысымда жұмыс істеген. Тылдағы майданға көмек беруге қосқан үлесі үшін әжеме «Тыл еңбеккері» деген жоғары атақ берілген, – деген №60 гимназияның 6 «д» сынып оқушысы Әлмир Боғданов өзінің апасымен мақтанатынын ерекше ықыласпен жеткізді.

Еліміздің қалыптасу және даму жолында сіңірген еңбегі үшін Күлпаран апайымыз Еңбек Қызыл Ту орденімен де марапатталған. Социалистік Еңбек Ері атағы да берілген.

Тектінің ұрпағы екенін дәлелдегендей болған бала Әлмирге жиылған жұрт сүйсіне қол шапалақтап, әжесіндей биікке жетуді тілеп жатты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *