Жемқорлық тек қана пара алып, пара беру емес…

Әрбір мемлекеттік қызметкер – мемлекеттің айнасы. Сондықтан да мемлекеттік органдарға, онда жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын талап өте жоғары. Мемлекеттік қызметкер – қоғамның көш бастаушысы, мемлекет саясатын қалыптастырушы және жүзеге асырушы.

Мемлекеттік қызметкер әр дайым өзін тәрбиелеп отыруы тиіс, білімін арттырып, рухани, экономикалық сауаттылығын жақсартып отыруы керек. Ол өзінің шыншылдығымен, қарапайымдылығымен, еңбекқорлығымен, тәрбиелілігімен ерекшеленуі керек. Өз қызметіне жүйрік болып, мемлекеттің жұмысын атқару барысында өзіне тапсырылған мемлекеттің мүлкін тек қызмет бабына ұқыптылықпен қарап пайдалануы тиіс. Жұмыстан тыс уақыттарда да көпшілік орталарда өзін-өзі ұстауы, адамдармен қарым- қатынасы белгіленген шектеулерден шықпағаны дұрыс.

Қазіргі заманда мемлекеттік қызметтерде  жемқорлық белең алуда. Жемқорлықтың етек алып шарықтауы бүткіл мемлекетке, оның өркендеп дамуына ел болашағына қандай зиян екенін елестету өте қорқынышты. Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, пәленбай жыл, ғасырлар бойы әлемді билеген қаншама алып мемлекеттердің  осы жемқорлықтың салдарыннан талан-таражға түсіп жоқ болғанын, құлдырағанын көруге болады. Жемқорлық тек қана пара алып, пара беру емес, ол үлкен мемлекеттік қызметтерге, лауазымды орындарға таласу, сол лауазымды, басшылық орындарды туыстық қарым-қатынас бойынша немесе сыбайластық, таныс-тамырлық жолмен сату. Бұл пара алудан да қауіпті. Өйткені, білдей бір мемлекеттің маңызды лауазымды орындарына ақыл-ой, білім дәрежесіне қарамай кез-келген адамды отырғызудың сол мемлекеттің өркендеп, дамуына қаншалықты кері әсерін тигізері айдан анық. Саяси білімі, ел басқару, басшылық ету қасиеті жоқ адамдар қолына билік тиген соң ойына келгенін істейді. Ондай басшылар алдымен барынша қаражатты өз қажеттілігіне жұмсап, ұрлап-жымқыра бастайды. Өз көзі аздап тоя бастағаннан кейін айналасындағы туысқандарын, одан қалса сыбайластарын қамти бастайды. Яғни мемлекеттің дамуына, халықтың жағдайының жақсаруына еш үлесін қоспайды, тек өз құлқын қанағаттандырады. Айналасындағы жоғары мансаптарға да жақындарын орналастырып білгендерін істейді. Мұндай көріністегі мемлекеттің қол созарлық біраз жылдардан кейінгі жағдайы мүшкіл болмақ.

Арына берік, дәтіне қатал қызметшісі жоқ мемлекеттің өмірі ұзақ болмайды. Ондай мемлекет ары кетсе табиғи шикізаттары, байлығы біткенше өмір сүрмек, одан арғы болашақ ұрпағының тағдыры не болары белгісіз. Сыбайлас жемқорлықтың ең қорқынышты көріністері, міне, осындай.

Қазақстан жемқорлықпен күресу жолында бірнеше іс-шараны қалыптастырды. «Жемқорлықпен күресу туралы», «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңдарды қабылдады. ҚР Президентінің «ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі туралы» Жарлығы,  «Бес институционалды реформаны жүзеге асыру бойынша 100 негізгі қадам», «Ұлт жоспары» қабылданды. Жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда мемлекеттік қызметкерлерге және жалпы тұрғындарға арнайы білім бағдарламалары ұсынылды. Сонымен қатар,  жемқорлықтың салдарын емес, оның алдын алуды көздейтін «2015-2025 жылдарға арналған ҚР жемқорлыққа қарсы стратегиясы» жүзеге асырылуда. Жақын уақыттарда Қазақстан жалпы кірістер мен шығыстарды жаппай декларациялауды көздеп отыр. Осы іс-шараларды әр мемлекеттік қызметкер жетік меңгеріп, қабылдай, орындай білсе, еліміздің алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттер қатарына қосылуы жүйелі әрі жылдам жүзеге асатыны сөзсіз.

А.Әділбекова,

 Алматы қаласы бойынша

Қазынашылық департаментінің

Түрксіб аудандық қазынашылық

басқармасының бас маманы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *