Жемқорлардың байлығын кедейлерге бөліп береді

– Мексика билігі жемқорлардан тәркіленген заттарды аукционға шыға­рып сатып жатыр. Ал қаражаттарды кедейлерге және әлеуметтік бағдарла­маларға бөліп беруде. Ал бізде болса жем­қор соңғы операциясын өте сәтті өткізіп, ақшасын шет елге аударып жіберген соң артынан іздеу жарияла­нады, – деп жазады жазушы Юрий Поляков («АиФ», №23, 2019).

Ал енді бізге Мексиканың тәсілін неге қолдануға болмайды, – дейді қалам­гер. – Бізде мынадай бір ұстаным бар. Байлар байи берсін, ал кедейлерге біз өзіміз көмектесеміз дейді. Бұл түбі­рімен қате пікір. Әлеуметтік әділет­сіздіктің түп тамыры қайда жатыр? Ол үшін заңға жемқорлардың дүние мүлкін тәркілейтін бап қосу керек және оны пайдаланудың тетіктерін анық көрсету қажет. Одан түскен қыруар қаржыны арнайы әлеуметтік әділеттілік қорын ашып, соған аудару керек. Өз кезегінде бұл қаржы мәдениетке, білімге, денсау­лыққа, зейнетақыны көтеруге, көпба­лалы, жалғызбасты аналарды қолдауға жұмсалуы керек.

Менің бұл ойым біреулерге утопия көрінуі мүмкін. Сонда осындай қадам­дарға барып отырған басқа елдер ақымақ па?

Р.S. Айтса айтқандай ғой. Бізде де қанша жемқорлар миллион, миллиард­тармен ұсталып жатыр. Солардан түскен ақшаны біздегі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларының жағдайын жақсартуға жұмсалуға болмай ма? Сонда бұл мәселе күн тәртібінен түсіп қалмаса да, көп мүмкіндіктерге жол ашқан болар ма еді?!

 

20 еуро айыппұл төлейсіз

Туалетіміз қашан түзеледі, қашан тазарады? Қазір обалы нешік, облыстарға шығатын жолдар жақсы салынып жатыр. Мәселен, Алматы–Ташкент трассасын айтуға болады. Ал енді қараңыз. Сол жол­дың бойында арнайы салынған әжетха­налар бар. Оған кіріп дәрет сындыру мүм­кін емес. Жұрт сол баяғы дала кезіп кетеді. Неге бұлай? Ол үшін осы мәселеге орай дүние­жүзілік әжетхана күнін атап өтетін Еуропадағы жағдайды шолып шығайық­шы. Ең алдымен сол Еуропаңызға таяу Балтық жағалауы елдерін алсақ, олардың жол бойындағы дәретханала­рының алып бара жатқан ештеңесі жоқ. Ал орманға кіруге тыйым салынған.

Ал енді Алманияның жолдарын ала­йық. Оларда 10 шақырым сайын әжетхана орналасқан. Кірсең шыққың келмейді. Пайдалануға ыңғайлы. «Темір үйлердің» унитаз, есіктері, қол жуғыш­тары бәрі темірден жасалған. Ал үйдің өзі кірпіштен тұрғызылған. Ішетін су, қол жуатын су бөлек, қағаз сүлгілер, туалет қағазы, т.б. керектің бәрі бар. Әйелдерге, ерлерге және мүгедектерге арналған үш бөлімше бар. Ал Польшада болса жанармай стансаларын­дағы әжетханаларды түнде жауып тастайды. Саяхаттап жүргендерге жол бойындағы «темір үйлерде» қажетін өтеуге тура келеді.

Әлгінде айтқанымыздай, Алманияда (Гер­мания) әр 10–15 шақырым сайын жанар­май бекеті, орман автотұрақтары бар. Бар қажет заттармен жабдықталған, әжетханалар кірсе шыққысыз. Арнайы орындар оны сағат сайын тазалап отырады. Ал орманға қарай жүгірсеңіз, 20 еуро айыппұл төлейсіз.

Р.S. Осындай күнге біз қашан жетер екенбіз.

 

«Тамада» деп тақылдай бермеңіз

Әр елдің өз тілі, сөз қолданысы бар. Мәселен, кейбір орысқа, басқа халықтарға тән, ортақ қолда­нылатын сөздердің мағынасы басқа елдерде мүлде басқаша, ыңғайсыз жағдайда қалдыратын көрінеді.

«Кант» деген сөзде не ныспы бар. Оны бәріміз әлемге әйгілі неміс философының аты деп білеміз. Ұлыбритания, Үндістан, Пәкістан, Австралияда бұл сөзді айта көрмеңіз, ұятқа қаласыз. Бұл сөз әйелдің жыныс мүшесін білдіретін көрінеді. Ал «кефир» сөзін Түркияның дүкендерін аралай қалсаңыз, байқап қолданыңыз. Бұл сенімсіз деген мағына береді. Ал «сок» дегеніңіз ұрысқанмен бірдей. Сондай-ақ, орыс тіліндегі «невестка» сөзі Польшада «проститутка» деп қабылданады, ал «спичка» сөзі поляктарда да әйелдің жыныс орнын білдіреді. Айта берсең қызық, болгарларда «курица» сөзін айтпай-ақ, маған тауық етінен жасалған тағам ұнайды дегеніңіз дұрыс. Себебі, бұл сөз еркектің жыныс органы болып табылады екен.

Сонымен қатар, «тамада» деп тақылдай берме­геніңіз де жөн. Қытайда бұл сөзді үзіп, жұлқып айтса­ңыз, шешеден сілтеп жіберген болып шығасыз.

 

Жуковты жұлып тастады

Украина ұлтшылдары Харьков­тегі Жеңіс маршалы Георгий Жу­ков­тың ескерткішін сүріп тастады.

«АнтиРесей» геосаяси жоба­сының мақсаты Ресейге байла­нысты кез-келген нәрсені тамыры­нан үзу болып табылады. Ұлтшыл­дардың айтуынша бәрі де Петр Порошенконың кезіндегідей бола­ды және одан да масқара болуы мүмкін екен.

Ұлтшылдықтың шегі болмайды. 1-ші Украина майданына, Киев және Одесса әскери округіне қол­бас­шылық етіп, Украинаны азат еткен қолбасшыға мынадай «құр­мет» көрсеткен соң басқасына не қайыр?!

 Р.S.  Бұл жарандар сол Поро­шен­коның өзін де аяйын деп отырған жоқ-ау. Оған қатысты қазір бес қыл­мыстық іс қозғалған. Оның ішінде қылмыстық жолмен тапқан 300 млн. доллары, заңсыз басып алған телеарнасы, жоғары лауа­зымды қызметке тағайын­даудағы әділетсіздіктер, т.б. бар. Әрине, бұл ұзаққа созылатын про­цесс. Мау­сымның басында оны тергеу изоля­торына қамауы әбден мүмкін. Сондай-ақ, БАҚ-та бұрын­ғы пре­мьер-министр А.Яценюктің отбасы­мен елден қашып кеткені жөнінде жазылған. Сонымен қатар, П.Поро­шенко да Лондонға ем алуға кетуі әбден мүмкін.

 

Қ.ИМАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *