Жемқорлар көрпелеріне қарай көсілмейді, көкелеріне қарап есіреді

Ғазизбек Тәшімбай қазақ баспасөзінің белгілі тұлғаларының бірі еді. Өмірден озғанынша қаламы қолынан түспей, қоғамдағы түрлі дертті мәселелерді қалам ұшымен түйреп, шығармашылық белсенділігін бір сәтке төмендеткен жоқ. Сонымен қатар, бұл кісі «Алматы ақшамының» да тұрақты авторы болды. Үлкен жасқа келсе де құлжаның асығындай алшы түсіп, жүзі күлім қағып редакцияға кіріп келе жататын еді. Редакцияның тартпасында қалып қойған мына бір шағын шашылып түскен тіркестерін, аманатқа қиянат болмасын деп оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Асыққаннан жол сұрама, ашыққаннан ақыл сұрама.

 ***

Еркіндігі жоқ елдің болашағы бұлыңғыр, келешегі күңгірт.

 ***

Өз тілінде сөйлей алмаған ел тәуелсіз бола алмайды.

 ***

Жаман ат шапқан сайын қалтырайды, асыл зат сүрткен сайын жалтырайды.

 ***

Жемқорлар көрпелеріне қарай көсілмейді, көкелеріне қарап есіреді.

 ***

Күншілдің күні күмілжумен өтеді, құлдың күні кіжінумен өтеді.

 ***

Кім айтты Пәленшеев жақсы ақын деп,

Қызметке қойған оны мақтасын деп.

Өзі бір түп жеміс тал екпесе де,

Күнелтеді біреудің бақшасын жеп.

 ***

 «Соң күлген оң күледі» деген сөз рас болса, жұрттың бәрі кезекке тұрар еді.

 ***

Өзінің тарихын жаза алмаған ел өзгенің тарихымен өмір сүретін болады.

 ***

Біреулерге бәрінен мансап қайғы, күні-түні соны ойлап жан сақтайды.

 ***

Алып та, батыр да, ақын да анадан туады, ал ұры-қарылар мен қанішер баукеспелер кімнен туады екен осы?

 ***

Өз жағдайын жасап алған жандардың бүгінде Құдаймен де ісі болмай тұр.

 ***

Біз қазір жақсы түс көрсек те жұбанатын болғанбыз.

 ***

Кейде қар, кейде жаңбыр жауып, кейде жел, кейде дауыл тұрып, кейде жаймашуақ жаз, кейде қақаған қыс кезектесіп тұратын жыл мезгілдері сияқты Табиғат-Ананың тосын мінезі арқалы ақындарға ғана жарасады. 

 ***

Дүниедегі ең бақытты әйел – бала көтерген әйел, өйткені ол Ана деген ардақты атқа ие болған жан.

 ***

«Тауықтың түсіне тары кіреді», ал саудагердің түсіне бәрі кіреді.

 ***

Өмір адамға бір-ақ рет берілетіндіктен өмір үшін күрес – Ұлы күрес.

 ***

 «Үй болғасын ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды» деп жатамыз ғой, ал ол жиі сылдырай берсе күндердің күнінде сынып тынуы мүмкін екенін де ойланған  жөн болар.

 ***

Адамдар махаббатпен табысады, заңмен ажырасады.

 ***

Ұрыс-керіс әдетте болмашы нәрседен басталады да, үлкен дау-дамаймен аяқталады.

 ***

Біреулер Табиғат-Ананы қорғайды, ал браконьер­лер оны қорлайды. «Бір анадан ала да туады, қара да туады» деген осы болар, сірә.

 Ғазизбек ТӘШІМБАЙ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *