ЖЕЛТОҚСАНШЫ ТҰРҒЫНЖАН

Тергеу абақтысындағы жігіттердің бір-екеуі болмаса, басқаларының онымен шаруасы жоқ. Әркімнің өз қайғысы жетерлік. Жаңағы екеуі Тұрғынды өздерінше мақтап, бағалап жатты. Сұр камера ішіндегі үнсіздік пен тыныштықты анда-санда бұзып тұратын да екеу. Тәптіштей бергендеріне қарағанда, тыңшы ма дерсің. Өздеріне сенімді түрде, топ бастап жүрген жігіттерді сөзге тартуы күмән тудырады. Анда-санда, басқалар тәрізді, қарауылдың қадағалауында сұрақханаға барады, бірақ мұздап, дірілдеп қайтпайды, аш та емес. Екінші күні кешке қарай біраз адамдар босатылды. Бақыты бар екен, камера ішін сиреткендердің қатарында Тұрғынжан Аутов та болды.

Бұл кезде ол Алматыдағы трамвай-троллейбус басқармасында үйренуші еді. Қарындасы Тұрсынқыз болса, Абай мен Байзақов көшелерінің қиылысындағы жатақханада тұратын. Өнер адамдарының жатақханасына Ұйғыр театрында істеген­діктен орналасқан. Бөлмесіндегі қыздар гастрольдік сапарларға кеткенде, Тұрғын қарындасының қасына барып қонатын. Бұл жолы да сондай оймен келген. Екінші­ден, суық тигізіп алғандықтан, қарындасы­ның күтіміне зәру еді. Әлі есінде, «Қазақтар шығыңдар!» деген дауысты ести сала, ол екеуі жалғыз қалсын ба, сырттағы топ ішіне сүңгіп кетті. Тұрсынқыз да достары­мен қосылып, көпшіліктің ішінде көзден таса болды. Қазақстанның бірінші хатшысы Д.Қонаевтың орнынан босатылып, ол орынға Г.Колбинның таққа отыруына қарсы болған жастар Абай даңғылымен Республика сарайына қарай бет алды. Ұрандатып жүрген жастардың қатарына сол кездегі КазПИ-дің студенттері қосыл­ды. Олар орталық әмбебап дүкені мен Аэровокзал жақты айналып жаңа алаңға тартты. Тұрғынның ойынша, бейбіт шерудің ушығып кетуіне көпқабатты үйлердің балкондарынан гүл ыдыстырының атылуы да себеп болды. Жоғарыдан тасталған заттар­дан бірнеше қыз-жігіттің денесі жарақат алғанын өз көзімен көрді. Жатақханаға кештетіп оралған жігіттер қатарында Тұрғынның ойында ештеңе болған жоқ. Бірнеше жүздеген, тіпті мың­даған жастар өздерін келесі күні қандай азап күтіп тұрғандарын қайдан білсін? Алаңға бара жатқан жеке-дара жігіттердің жолын кескен топтар оларды ұрып-соққандығы жасырын емес. Осындай бір төбелестің арасына түсіп қалған Тұрғын оңдырмай таяқ жеді, темірдің соққысынан белін көтере алмай қалды. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, алаңда әндетіп шерулеткен қазақ жастарынан қалыспай бара жатқан Тұрғынжан да қол-аяғы қайырылып, тергеу абақтысына тасталды.

Тұрғынжан екеуіміз бала кезімізден таныспыз. Кіндік қанымыз тамған жер – Ұйғыр ауданының Сұңқар ауылы. Біздің ауылдан ерте көшіп кетіпті. Жазғы демалыстарды жиі-жиі туғандарына келіп тұратын. 1986 жылы Алматыға жаңа келгенімізде де араласып тұрдық. Ол сол кездегі КазПИ-ге құжат тапсырып, екінші емтиханнан құлады. Троллейбус жүргізу­шілері курсында оқып жүргенінде қатты тұмауратып, курс шебері сабақтан босатқан еді. Абырой болғанда, Желтоқсан көтерілісінен кейінгі қудалау, оқудан шығару шараларынан Тұрғынжанды ұстазы қорғап қалды. Тергеу изоляторында жатқан қалың қазақтың арасында бірен-саран түрік, татар жігіттерінің және өзі сияқты ұйғырлардың да болғанын еске алады. «Целинный» кинотеатрының қасындағы абақтыдан қалай шыққанын да ұмытқан жоқ. «Мені кабинетіне шақырт­қан офицер: «Екінші көзіме көрінсең, түрмеде шірисің. Жердің түбінен болса да тауып аламын», — деп шығарып жіберді. Ешкімге тіс жармауымды тапсырды», – деп отыз үш жыл бұрынғы сырды жайып салды.

Тәуелсіздік күні Тұрғынжан да доста­рымен бірге желтоқсаншы ел патриотта­рына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қоюды әдетке айналдырған. Мектептерде ұйымдастырылатын кездесулерде жас ұрпақты Отанын сүюге, еліне адал қызмет ететін азамат болып өсуге шақырудан жалықпайды.

Тұрғын Аутов отыз үш жылдан бері троллейбус жүргізушісі болып істейді. Бүгінде ұжымдағы тәжірибелі ардагер мамандардың бірі. Көп жылдық еңбегі елеусіз қалған емес. Осы жылы троллейбус паркінің 75 жылдық мерейтойы қарса­ңында «Алматыэлекротранс» ЖШС бас директоры Г.Тәжиев өз Алғыс хатын тап­сырды. Қазақстан Республикасы Кәсіп­одақтар федерациясының Құрмет грамота­сын «ұйымның нығаюына қосқан жеке үлесі мен жетістіктері үшін» алды. Тұрғын­жан Арупұлы үшін бұлардан да ерекше құжат бар. Ол ел Президенті Қ.Тоқаевтың алғысы. Еңбексүйгіштігі, қоғамдық жұмыстырға белсене араласуы, әріптестері арасындағы беделі тұралы айта келе, «…жұмыс беруші мен жұмысшы арасын­дағы әріптестіктің сақталуына, жалпы еңбекшілердің мүдделері мен құқықтарын қорғау саласына сіңірген еңбегіңіз үшін Сізге алғысымды білдіріп, қызметіңізге табыс, отбасыңызға құт-береке тілеймін» деп жазыпты Президент.

Біз де ел азаматы, ұлт мақтанышы болған Тұрғынжан Аутовқа өмірінің ұзақ болуын тілейміз.

 

Мінәмжан АСИМОВ,

журналист.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *