Желтоқсандықтар 150 мың теңгеден алатын болды

Мәншүк БЕКБОСЫН

Қалалық әкімдіктің мәжіліс залында VІ сайланған Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс LVІІ сессиясы өтті. Сессияда «V сайланған Алматы қаласы мәслихатының XLІ сессиясында «Алматы қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» 2015 жылғы 23 шілдедегі № 347 шешіміне өзгерістер енгізу туралы», «VІ сайланған Алматы қаласы мәслихаты XXХVІІІ сессиясының «Алматы қаласының 2019-2021 жылдарға арналған бюджеті туралы» 2018 жылғы 13 желтоқсандағы №297 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» және «Алматы қаласы мәслихатының «Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің құрамын бекіту туралы» 2019 жылғы 18 наурыздағы №325 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» мәселелер қозғалды.

Жиында алғаш болып Қалалық әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Мұқажанова баяндама жасады. Оның ҚР Тәуелсіздігі қарсаңында 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысып, Заңда (Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңында) белгіленген тәртіпке сәйкес ақталған тұлғаларға бір жолғы әлеуметтік көмек мөлшерін 50 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейін көтеру туралы ұсынысын мәслихат бірауыздан қолдады.

Бүгінде Алматыда аталған санатта 350 тұлға бар. Қосымша бөлінетін қаражат 35 млн. теңгені құрайды. Сонымен қатар, қасында көмекшісі болмаса, жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектердің (көздері зағип және тірек-қимыл аппараты аурулары бар тұлғалар) санаторлық-курорттық емдеуге баруы қиын.

  • Қасындағы көмекшілері, күтушілері дегеніміз – көбінесе жақын туыстары. Санаторийлер күтуші адамды кіргізбейді. Күтушісіз жүре алмайтын мүгедек азаматтар тиісті қаражаттың жоқтығынан санаторий-курорттық емдеуден бас тартуға мәжбүр. Бүгінде Алматыда өзіне қарайласып жүруді қажет ететін бірінші топтағы 500 мүгедек бар. Бұл ретте күтуші адамның тамағы мен жолына 12 күнге 60 мың теңге шығады. Бұған ем-дом шарасы енбейді. Осыған қосымша 30 млн. теңге бөлуді сұраймыз, – деді Айнұр Мұқажанова.

Қалалық мәслихат депутаттары басқарма тарапынан түскен бұл ұсынысқа да қолдау білдірді.

Бұдан өзге, қалалық Стратегия және бюджет басқармасының басшысы Н.Қайыров та баяндама жасады. Ол қаланың басым инвестициялық жобалары мен іс-шараларын іске асыру үшін ішкі қайта бөлу есебінен 8,8 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлуді сұрады.

  • Білім беруге – 594,6 млн. теңге керек. Бұл – жалпы білім беретін мектеп оқытушыларының еңбекақысын төлеуге және ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін керек. Сондай-ақ, №25 мектептің ашылуы мен оны рәсімдеуге қажет. Бұдан өзге, 2,1 млрд. теңге №1 арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында ыстық тамақ беру қызметтерін төлеуге, мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды тасымалдау бойынша өтінімдер санының көбеюіне байланысты инватаксидің қызметіне, тұрақтандыру қорларын құруға қажет, – деді Н.Қайыров.

Сонымен қатар, мәдениет саласы бойынша 2,1 млрд. теңге қаражат жыл сайынғы ұлттық телевизиялық «Жыл таңдауы – 2019» марапатын табыстау іс-шарасын өткізуге, «Ел Үміті» марафонын ұйымдастырып, өткізуге, «Алматы» каналының 20 жылдығына арналған іс-шараның ұйымдастырылуына, Жастар жылы шеңберінде жыл сайынғы мерекелік концертті өткізуге, сондай-ақ «Жас Star» жастар фестивалін өткізуге қажет.   Спорт саласы бойынша 305,3 млн. теңге, оның ішінде: халықаралық және республикалық сайыстарға құрама командаларды дайындауға және қатысуға «Айсұлу» әйелдер хоккей клубына, «Алматы» әйелдер волейбол клубына, сондай-ақ, «Буревестник Алматы» ерлер волейбол клубына, аутистикалық спекторы бұзылған балаларды тау шаңғыларында сырғанау негіздеріне үйретуге қажет. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық – 1,6 млрд. теңге, оның ішінде: ЖРК құрылысы үшін Момышұлы көшесі бойымен инженерлік желілерді қайта жаңалауға, Наурызбай ауданы, «Шұғыла» ықшамауданында және Түрксіб ауданындағы «Жас қанат» ықшамауданындағы көппәтерлі тұрғын үйлер үшін жалпы ұзындығы – 3,7 шақырым болатын 10кВ электрмен жабдықтау желілерінің құрылысын аяқтауға, «Құрылысшы» ықшамауданында су құбыры және кәріз желілерінің құрылысын аяқтауға (Алатау ауданының батыс бөлігі; Көлік инфрақұрылымы – 1,4 млрд. теңге, оның ішінде: зияткерлік басқарумен жол қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйесінің құрылысына, жеңілдіктері бар жолаушылардың жолақысын өтеуге, «Ұлжан-2», «Алғабас» «АЗТМ» ықшамаудандарында, «Шаңырақ-2» ықшамауданында жолдардың құрылысына ЖСҚ әзірлеуге керек. Қаланың 8 ықшамауданындағы «Алғабас», «Ұлжан-2», «Трудовик», «Әйгерім-1, 2», «Шаңырақ-2», «Ұлжан-1», «Дархан», «Байбесіктегі» жолдардың құрылысына керек. Абаттандыру бойынша 447,5 млн.теңге – Орталық мешіттің аумағын күрделі жөндеуден өткізуге, Құлжа тас жолы бойымен, Тіксай өзенінен Халиуллин көшесіне дейін жаяу жүргіншілер аймағының ағымдағы жөндеу жұмыстарына бағытталған. Жалпы, Алматының әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық көрсеткіштері оң динамиканы көрсетіп отыр.

Айта кету керек, Алматы қаласының Қоғамдық кеңесін қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобы Қоғамдық кеңес мүшелерінің сандық құрамын 30-дан 37 адамға дейін арттыру туралы шешім қабылданды. Жұмыс тобы отырысының хаттамасына сәйкес ашық дауыс беру арқылы кеңес құрамына 10 жаңа мүше сайланды.  Олардың үшеуі шығып кеткендердің орнына және жеті мүше жаңадан құрылған орынға сайланды. Нәтижесінде Алматы қаласының қоғамдық кеңесі 37 адамнан тұратын болды. Соның ішінде мемлекеттік органдардан 3 адам және азаматтық қоғамнан 34 адам бар.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *